«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Қазақтың дипломаты - Тұрар рысқұлов

3915
Қазақтың дипломаты - Тұрар рысқұлов
Биыл қазақ халқының көрнекті перзенті, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың туғанына 122 жыл толып отыр.

Тұрар Рысқұлов – терең ойлы, болашақты болжай білген әлемдік деңгейдегі реформатор тұлға. Ол – экономика, мәдениет, дипломатия, тарих, ғылым, білімнің әр саласын жете меңгерген аса талантты адам.

Тұрар Рысқұлов XX ғасырдың алғашқы  он  жылдықтарында  Қазақстан мен Түркістандағы  аса ірі  саяси  оқиғаларға  тікелей араласушы,  куәгері  ғана емес,  сол оқиғаларды  зерделі зерттеу  ой елегінен  өткізген  қоғамтанушы  ғалым,  ең алдымен  тарихшы болды. Сондықтан Т. Рысқұловты  аса белгілі  қоғам  және мемлекет  қайраткері  ретінде ғана емес,  сонымен қатар  терең  ойлы  тарихшы  ретінде  де танып,  білген жөн.

Қазакстанның көрнекті партиялық және саяси қызметкері, Шығыстағы ұлт-азаттық қозғалысының тарихшысы, Орталық Азияның тұңғыш тарихшыларының бірі, 1916 жылдың ұлт-азаттық күресіне, 1917 жылдың Қазан төңкерісіне, азаматтық соғысқа, РСФСР-де, Қазақстан мен Орталық Азияда социалистік құрылыстың қатысушы. 1917 жылдан бастап Компартия мүшесі. Қазан төңкерісінен кейін Қазақстандағы өндірістік және әлеуметтік-еңбек қарым-қатынастарының жаңа үлгісі үшін берік негіз жасау қажеттілігі туралы алғаш рет сөз қозғаған осы Рысқұлов болатын. Ол Түрік республикасын, Түрік компартиясын, түркітілдес халықтардың (Түркістан, Қазақстан, Башқұртстан, Татарстан) конфедерациясын құрды. Қазақ және Түркістан республикалары арасындағы ортаазиялық экономикалық одақтарды, Бұқар, Хиуа, Түркістан республикалары, Иран және Түркістан республикалары, Күнгей Кавказ бен Иран таулы өлкесін, Оман және Парсы шығанақтарын және Үнді мұхиты жағалауын қамти отырып ортаазиялық экономикалық одақтар құруға атсалысты.  1927 жылы Еділ-Жайық каналын салу барысында  Рысқұлов Еділ  бассейні мен Каспий, Азов теңізі акваториясы және Қара, Азов теңіздерінің өзен бассейндері арасында көліктік-экономикалық теңіз дәліздерін, сондай-ақ еуропа елдері арасында теңіз экономикалық дәліздерін ашты. Т. Рысқұловтың бастамасымен Қазақстанда Түркістан-Сібір темір жолы салынды, қуатты индустриялық орталықтар – Қарағанды көмір игеруші және металлургиялық кешендері, Шығыс және Оңтүстік Қазақстандағы түсті металлургия, Батыс Қазақстандағы мұнай газ өнеркәсібі пайда болды.

Қазақстан мен Орталық Азия аумағында бүкілодақтық маңызы бар ірі ұлттық қорықтар ұйымдастырылды. Тұрар Рысқұлов көптеген республикаларда жоғары лауазымдарда қызмет етті. 1920 жылы желтоқсанда РСФСР Ұлттар ісі жөніндегі халкомының орынбасары болып қызмет жасайды. 1924 жылы 4 ақпанда РКП(б) ОК шешіміне орай Рысқұлов Коминтерн атқару комитетінің құрамына қызметке жіберілді. Коминтерн атқару комитетінің Орталық-Шығыс бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып бекітілді. 1924 жылы жазда Коминтерн атқару комитетінің Моңғолиядағы өкілетті өкілі болып тағайындалды. 1926 жылы наурызда Рысқұлов Қазақстанға жіберіліп, Қазақ өлкелік БК(б)П комитетінің Баспа бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалды. Осы жылы 19 сәуірде Рысқұлов Қазақ өлкелік БКП (б) комитеті қаулысымен «Еңбекші қазақ» газетінің жауапты редакторы болып бекітілді. Көп ұзамай 31 мамырда Бүкілодақтық орталық атқару комитетінің қаулысымен Ресей Федерациясы Халық комиссарлары кеңесі төрағасының орынбасары болып бекітілді.

Оның бастамасымен 1920 жылы Түркістан республикасында мұсылман ұлттық армиясы құрылды. 1919–1920 жылдары ол Қытаймен шекаралық мәселелерді шешу жұмыстарына қатысты. Т.Рысқұлов Түркістандағы шаруалардың жағдайын экономикалық жағынан бағалай отырып, өлкедегі ауыл тұрғындарының шаруашылық жүргізу үшін жер үлестіріп беруді және суармалық суға қол жеткізуді талап ететіндігі жөнінде тұжырым жасайды. Оның тікелей қатысуымен Орта Азиялық ауылшаруашылық банкі құрылды. Түркістан АКСР-і, Бұхар және Хорезм халықтық кеңестік республикалары оған тепе-теңдік негізінде қатысты. Банк басқармасы – Ташкентте, оның бөлімшелері Бұхар мен Хиуада орналасты. Банктің басты міндеті – кредиттік кооперацияны ұйымдастыру мен ауыл шаруашылығын дамытуда диқандарға көмектесу болды. Несие негізінен мақта шаруашылығы мен мал өсіретін шаруашылықтарды қалпына келтіруге берілді. Рысқұлов Орталық Азия, Ресей Федерациясы және Моңғолия республикаларының экономикалық қайта құруға үлкен үлес қосты. Оның нұсқауы бойынша Моңғолия астанасы Ұлан-Батор болып аталды.  1935 жылы Рысқұлов Калининнің қабылдауында болып, 1936 жылы Қазақстан және Қырғызстан одақ республикалары болуы жөніндегі ұсыныс жасады. Тұрар Рысқұловтың орасан күш-жігері арқасында 1936 жылы Қазақстан мен қырғызстан одақтас республикалар болды. Ұлы тұлға – халықаралық деңгейдегі саясаткерді, кәсіби экономист және отан сүйгіш азаматты еске алу мақсатында Қазақстанда жыл сайын халықаралық конференциялар мен басқа да іс-шаралар өткізіледі.

Алматыда он жыл қатарынан «Рысқұлов оқулары» халықаралық ғылыми форумы өткізіледі. Қазақстандық «рысқұловтанушылар» Т. Рысқұловтың 125-жылдығы құрметіне Астанада мемориалдық ескерткіш орнату қажет деп есептейді. Ал «рысқұловтанушылардың» басты үйлестірушісі Молдияр Серікбаев ұлы тұлғаның мерейтойына арнап энциклопедия дайындауда және республикалық деңгейде халықаралық теориялық конференцияны өткізуді ұсынып отыр.

Махаббат БОЛЬШИНА

Аударма: Гүлнұр Серікқызы

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)