Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақ батырларының тағдыры. Боранбай би Қалқаманұлы

4649
Қазақ батырларының тағдыры. Боранбай би Қалқаманұлы - e-history.kz
Қазақ тарихында ұлттық тұлғаға айналып, көзі тірісінде өз руының ұранына айналған жаужүрек батыр - Боранбай би Қалқаманұлы

Боранбай батыр жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық соғысты ұйымдастырушы қолбасшысы, Қаракерей Қабанбай батырдың сенімді серігі, Найман елінің қабырғалы биі.

Ұлт болашағын өз тағдырынан биік қойған, қазақ халқының тұтастығын, жерінің бүтіндігін мұрат еткен Боранбай батырдың тұлғалық деңгейі тәуелсіздік алған уақыттан бастап көтеріле бастады. Алдымен Боранбай би туралы зерделі зерттеулер жүйеленіп, туған ауылына есімі берілді. Биыл ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы аясында Боранбай би Қалқаманұлына туған ауылында ескерткіші тұрғызылды. 

Халық атын атамай Бибабам деп атап кеткен Қалқаманұлы Боранбай өзінің жаужүрек батылдығымен, әділдігімен және қайырымдылығымен ерекше көзге түскен. Зерттеушілердің шамалауынша Боранбай би 1709 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданындағы Қызылкесік ауылында туып ержеткен.

Батырдың руы-Найман ішінде Байыс, Байыстан-Сарымырза, Сарымырзадан - Жолымбай, одан Ажығұл, одан Мырзас, Мырзастан Қалқаман, Қалқаманнан Боранбай би.

Кейбір зерттеушілер еңбектерінде Қабанбай батырдың сәйгүлігі «Қубас ат» Боранбай бабамыздың жылқысынан шыққан текті жануар екені айтылады. 

Боранбай би Қалқаманұлы жас күнінен бастап жоңғар шапқыншылығына қарсы халқымыздың  жүргізген азаттық күресінің басы-қасында болады. Батырдың есімі сол кездедегі оқиғаларға арналған ерлік дастандарында жиі кездеседі.

Көзі тірісінде ұранға айналған билер Қаз дауысты Қазыбек  пен Боранбай би

Халық бағасын берген, рудың ұранына айналған Боранбай батыр жаужүректілігімен ғана емес, бір рудың қабырғалы биі болғанында ұмытпағанымыз абзал. Қазақта көзі тірісінде ұранға айналған билердің бірі Қаз дауысты Қазыбек би болса, екіншісі батыр Боранбай би.

1748 жылы Әбілхайыр ханды Барақ сұлтанның өлтіруіне байланысты құрылған Көкшетаудағы билер сотында ханның құнын жоқтап, Барақты айыптаған сөздің тізгінін Шекті Сырлыбай ұстаса, Барақты ақтайтын сөздің бұйдасын Боранбай ұстаған деген сөз бар. Билер сотына сайланған жеті бидің бірі. Боранбай би атағына жастай ие болыпты.

Ол қазақ хандығының тәуелсіздігі мен ел бірлігі жолында Абылай хан жүргізген саясатты жүзеге асыру ісіне үлкен үлес қосқан. В. В. Вельяминов-Зерновтың еңбектерінде Кіші жүздің қаза тапқан ханы Әбілқайырдың орнына таққа оның ұлы Нұралыны отырғызуға мұрындық болып, Орынборға барып айтқан сегіз бидің бірі осы Боранбай екендігі айтылады.

Кезінде Арғын - Найман арасындағы жер дауының әділ шешілуіне ықпал еткен. Боранбай биді Бұхар жырау, Көкбай ақын жақсы таныған. Оның көсемдігі мен шешендігі, батырлығы барлығын тәнті қылған. Халық жадында «Кім ұқпас Наймандағы Боранбайды, Бес байыс Боранбайлап ұрандайды...» немесе «Найманға би Боранбай билік айтып, Артына аруақты болған ұран. Тұсында Абылайдың ақылшы боп, Серік боп ордасында қызмет қылған» деген сияқты өлең-жырлар қалған. 

Боранбай биге Қазақстан халық ақыны жармалық Қалихан Алтынбаев өзінің «Соңғы айқас» атты дастанын арнаған. Бұдан би бабам Боранбай қазақ мемлекетінің тәуелсіздігі және ел бірлігі жолында Абылай жүргізген кеменгерлік саясатты белгілеу және асырау ісіне Қабанбай, Бөгенбай, Малай сарыларымен қатар сүбелі үлес қосқан ірі мемлекет қайраткері болғанына да көз жеткіземіз.

Боранбай биден қалған кесімді сөз 

Боранбайдың Мәмбет дейтін, өзі ерке өскен тентек інісі болады. Ол әрбір топ-жиын сайын ұрыс, жанжал шығарып, оның айып-бодауын ағасы төлеп жүреді еккен. Бір елдің тойына барар алдында ол інісін шақырып алып: «Сен осы жолы жанжал шығармай тыныш жүр. Мен той тарқаған соң саған ат мінгізіп, шапан жабамын» дейді. мәмбет мақұл деп ағасына уәде береді. Той жанжалсыз өтеді. Мәмбет сыйлы, сыпайы қонақ боп тыныш жүреді. Той тарқайды. Мәмбет ағасына келіп:

-   Көке, айтқаныңызды орындадым, ат, шапанымды бер! – дейді. Боранбай:

-   Мен саған ат та, шапан да бердім емес пе? – дейді.

-   Қайдағы? Қашан?

-   Сен түсін. Егер мен саған той алдында ескертпесем, сен тағы жанжал шығарып, елді дүрліктірер едің. Айып төлеп, тағы да шығынданар едің. Ат, шапаның жаныңда қалды емес пе? Бұл менің бергенім емес немене?! – депті. Сонда інісі: «Қап, мұндай айлаңды білгенде көнбес едім. Талай қызыл кеңірдектер кетті-ау бекерге!» - деп, басындағы тымағын жерге бір-ақ ұрыпты.

Халқына қорған болып, қабырғалы бір ру елді билеген Боранбай Қалқаманұлы 1807 жылы 98 жасында дүние салған. Зиратын 1980 жылы Жарма, Аякөз, Ақсуат ауданындағы ұрпақтары кірпіштен тұрғызған. 

Қазақ тарихында жаугершілік заманда қаһармандық ерлік көрсеткен, немесе осы тарихи оқиғаларды басқарған, ұйымдастырушы болған, немесе асқан ерлік көрсеткен азаматтар – халық батырлары атанған. Ұлттың тұлғалары атанған. Боранбай би Қалқаманұлы да халық батыры, ұлттың қаһарман тұлғасы. Халық жадында мәңгі сақталар ұлы есім деп білеміз.  

Алтынбек БЕКНҰР

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?