Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қызыл Кеніштің құпиясы қандай?

3101
Қызыл Кеніштің құпиясы қандай? - e-history.kz
Кент сарайы – Жоңғар хандығы тұсында пайда болған ескеркіш. Қызыл Кент үйіндісінің маңынан бидай тұқымы бар бірнеше қыш құмыра – будда дінінің заты табылды

Қарқаралы тарихы - тереңнен тамыр тартқан, сарқылмас сырға толы мекен. Тіпті кейбір шежіре дастандарда Қарқаралы мөлдір махабаттың өлкесі деп әспеттелсе, енді бір аңыздарда жоңғарларға мекен болған, олардың тас қамал бекінісі болған жер деп айтылады. Шыңдығында бертінгі тарихтың шежіресінде Қарқаралы жерін жоңғарлар мекендеген. Оған дәлел: Кент таулары бойында орналасқан Қызыл кенші сарайы. 

Ескі Кент қаласының орнында орналасқан сарай кішігірім жазықта, барлық жағынан жартасты таулармен қоршалған. Сарай – XVI-XVII ғасырлардан қалған архитектуралық қалдықтар жәдігері. Ол Қарағандыдан 260 шақырым жерде, Қарқаралы ауданының Кент тауының шығыс жағында, Қызылсу өзенінің бойындағы Қызылкент шатқалында орналасқан. Қызыл кеніш сарайының құрылысы осы уақытқа дейін қаз-қалпында сақталған. Өз уақытында бұл екі қабат етіп салынған, айқыш тәріздес архитектуралық ескерткіш. Құрылыс материалына, осы өңірдің қызыл тасы қашап салынған.  

Ғалымдарды қызықтырған Қызыл Кент

Қызыл кеніш сарайы 1832 жылдан белгілі. Ол туралы алғашқы деректерді А.И. Левшин, Ә.Х. Марғұлан, В. Никитин, А. Чулошников, Д. Байжұмыров, Г. Броневскийлар еңбектерінде жазған.

Қазақстанның ежелгі тарихын зерттеуші М. Чеканинский «Қазақстанды зерттеу қоғамының Семей бөлімшесінің жазбаларында жарияланған Қызылкент жұқаналары (қиратындылары)» атты мақаласында Қарқаралы ауданына қазақтарды қоныстандыру тарихы туралы бірқатар қызық ұсыныстарды хабарлайды.

Кент тауларында Кіші жүздің Жағалбайлы руының қазақтары XIV ғасырда пайда болды. Мекеннің өзіне тән мінезі, ғимарат жоспары және тапқырлықтары, М. Чеканинскийдің ойынша, Қызыл Кентке Будда храмына қарағандай қарауға мүмкіндік береді.

Совет үкіметі тұсында сарайға бірнеше мәрте зерттеу жұмыстары жүргізілді. Бұл археологиялық қазба жұмыстарының басы-қасында Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ археологтары ерекше қызмет атқарды. Кешенді зерттеуді 1987 жылы Ж. Смаилов пен А. Бейсенов басқарған археологиялық экспедиция атқарды.

Будда храмы ма, әлде «Қыз әулие» мазары ма?

Қызыл кеніш сарайы 15 гектардан астам жерді алып жатыр. Өз дәуірінде сарайда шамамен 5000-ға жуық адам мекен еткен. Қалада сауда ісі жақсы дамыған. Оған себеп археологиялық қазба жұмыстары аясында сарайдан сауда орындары, сырт мемлекеттерден келген сауда бұйымдары табылған. Бұдан бөлек бұл жерде мекендеген халықтың ғибадатханасы болған. Оны археологтар 2011 жылы ашып, Қызыл кеніш орнында үлкен қала болғандығын және үлкен топырақтың астынан Будда храмын тауып алады. Бір қызығы бұл ғибадатхана табылмай тұрып, жергілікті халық, әлгі орында Қыз әулие мазары деп, басына барып тәу етіп, қасиетті жер деп қастерлеп жүрген болса керек. Сөйтсе, Қыз әулиенің қорымы деп жүргендері топыраққа көміліп қалған Будда храмы болып шығады.

Тексеру жұмыстары барысында сарайдың негізгі бөлігі, үш қосымша бөліктері және сарай маңында орналасқан оншақты зират орындары анықталды. Ғалымдардың сөзіне сенер болсақ, қазба жұмыстары барысында табылған жәдігерлердің көпшілігі жергілікті жердің жағдайына сай келмейді. Олардағы ою-өрнектер Моңғол елінің лама храмдарындағы дүниелерді әшекейлеу үшін қолданылатын өрнектермен ұқсас. Соған байланысты зерттеушілер бұл будда дінінің лама тармағын ұстанушылардың ғибадатханасы болған деген қорытындыға келіп отыр. Оны ХVII ғасырдың 40-ыншы жылдары Хундулен-Убаши хан немесе сол ғасырдың 70-ыншы жылдары Очирту-Цецен хан тұрғызуы мүмкін. Бұл сарайдың ғұмыры ұзақ болмаған. Қазба жұмыстары барысында жануарлар сүйектерінің аз табылуы және жәдігерлердің аз болуы дәлел ретінде келтіріледі.

Кеніштің құпиясы әлі ашылмаған

Бүгінде қаланың тек шағын бөлігі ғана зерттелген. Қазба жұмыстары уақытша тоқтатылған. Оның себебі – осы уақытқа дейін табылған жәдігерлер санының тым көп болуында. Олардың барлығын тексеріп, жазып, реттеп қою үшін біршама уақыт пен көп қажыр-қайрат керек. Сонымен қатар, табылған бұйымдарды дер кезінде зерттеп отырмаса, ертең бұдан да мол дүние табылған кезде көпшілігі аяқ асты болып, рәсуаға айналып кетуі мүмкін. Соның алдын алу мақсатында қазір қазба жұмыстары жүргізілмейді. Барлық күш-қуат табылған дүниелерді тексеруге бағытталған.

Кент сарайының ғимараты кішігірім, шаршы пішінді. Жақтардың өлшемі 10 метр. Үш жақтан жалғас салынған үйлер бар, олардың сыртқа шығатын есіктері жоқ. Терезелері қайда екені белгісіз. ХIХ ғасырдың соңында құрылыс бұзылған.

Қызыл кеніш сарайы сырттан қарағанда төмпешік болып келеді, ортасында төртбұрышты ойығы бар жер, яғни бұрынғы тастан қаланған 2 қабатты үйдің орны. Үйдің негізгі бөлмелеріне үш жағынан жапсыра салынған қосымша тағы бөлмелер бар, олар бір-бірімен ішкі есіктер арқылы жалғасады. Үйдің оңтүстігінен кіретін жағының ені 1,5 м, биіктігі 2 м. Оның жоғарғы жағында балкон тәріздес 6 діңгекпен тірелген қалқан бар. Бүкіл сарай жапсырма құрылыстарымен бірге тас тақталардан салынған. Құрылыстың ішкі және сыртқы жағы балшықпен сыланған. Қабырғалардың қалыңдығы 1,5 аршын. Сарай маңында түрлі құрылыстардың үйінділері болған.

Сарайдың қасында бірнеше қабірдің орны сақталыпты. Сыртынан қарағанда олар қазақтардікі емес. Жалпы Кент сарайы – Жоңғар хандығы тұсында пайда болған ескеркіш. Қызыл Кент үйіндісінің маңынан бидай тұқымы бар бірнеше қыш құмыра – будда дінінің заты табылды.

Қызыл кеніш аңыз-әңгімелерде

Қызыл кеніш сарайына қатысты айтылатын аңыз-әңгімелер В. Никитин, Н. Коншин сияқты зерттеушілердің жазбаларында кездеседі. Бұл аңыздардың жазбаға түсуі әр түрлі деңгейде болғанымен, оларды бәріне ортақ желі – бір. Еділ бойындағы қалмақ қонтайшысының қызы шығыстағы жоңғар ханына ұзатылыпты-мыс. Сол жылы қыс ерте түсіп, жолшыбай Кент тауына тура келеді. Арқаның алты қысында хан қызы қазақ батырымен танысып, көңіл қосады.  Аңыз-әңгімелерде қалмақ ханы Қалдан-Серен, қалмақ батырлары Айда, Тілеуке, Хан қызы – Ләуке, Елеуке болып айтыла береді.

Тағы бір аңызда:

«Бағзы заманда Әуке және Қонтажы деген екі хан өмір сүріпті. Хан болғанда жергілікті байлар болуы керек. Әр ру өз арасындағы беделдісін хан деп атай береді ғой. Әукенің Нежде деген сұлу қызы болған. Қонтажы болса соған ғашық. Көп кешікпей олар құда түсуге қам жасайды. Базарлықтарын артып алып, керуен жолға шығады. Қонтажы өте бай болған. Әуке хан онымен құда болатынына өте қуанады. Көп кешікпей Нежде өзінің туған үйінен бірінші рет алыс сапарға шықты. Бас аяғы елу түйеге жүк артылып, сексен адам керуен құрамына енді. Олармен қоса бір қазақ, бір қалмақ батырын жібереді.

Олар Кент тауының бауырына келгенде күн суытып, боран соғады. Батырлар тоңғаннан кейін бір-бірімен күресуге бел байлайды. Олар ұзақ алысып, ақырында қазақ батыры қалмақтың белін сындырады. Мұны көрген хан қызы ашуға мінеді. Бірақ ол көп кешікпей, қазақ батырына көңілін білдірді. Одан соң хан қызы бұдан әрі бармаймыз, осы жерде қыстаймыз дейді. Оның сөзін екі етпейтін керуен мүшелері сарай салу қамына кірісті. Сарай құрылысы басталып оны қызыл граниттен салған. Сондықтан, оны Қызыл Кеніш деп атау ұйғарылды».

Бұл аңыздардың астарында шындық жатқан анық. Қарқаралы жерінде бірнеше жыл мекен еткен қалмақтардың өз құдайларына арнап ғибадатхана тұрғызуы ақылға сыйымды.  Өйткені бұл жерде қалмақтардың өткен тарихының бір белгісі, қолтаңбасы іспеттес Қызыл кеніш сарайы менмұндалап тұр. 

Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111) 



 

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?