Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Керей ханның кемеңгер саясаты

3695
Керей ханның кемеңгер саясаты - e-history.kz
Қазақ хандығының құрылу тарихына байланысты жазылған тарихи зерттеулер мен әдебиеттердің бәрінде хандықтың негізін салушылар — Керей мен Жәнібек хандар деп айтылатыны белгілі.

Керей хан — алғашқы қазақ ханының есімі жазба деректер мен тарихи зерттеулерде Гирей, Герей, Кирай, Керей түрінде кездеседі екен. Ал қазақ тілінде жазылған еңбектерде Керей есімі жиі және тұрақты қолданылады. 

«Таурих-и гузида-ий Нусратнама» (1268-1270) еңбегінің авторы айтып өткеніндей, Керей хан (туған жылы белгісіз, XV ғасырдың 70-жылдарының басында қайтыс болған) — Орыс хан немересі Болат ханның ұлы. 

Жазба деректер мен тарихи зерттеулерде алғашқы қазақ ханының есімі — «Гирей», «Герей», «Кирай», «Керей» түрінде кездеседі. Қазақ тілінде жазылған әдебиеттер мен зерттеулерде соңғы есім жиі және тұрақты пайдаланылатындықтан, тарихшылар осы есімді өз зерттеулерінде қолданады.

Бұл сөздің түп-төркініне келсек, В. Бартольд ол жөнінде былай деп жазады: «Өзінің деректерін көрсетпей, Ахмед Вефик-паша өз сөздігінде «гирей» — моңғол сөзі, моңғолша «гарай» делініп, «еңбегі сіңген», «лайықты», «құқылы» деген мағынада қолданылады».

Керей хан туралы XV ғасырдың 50-жылдарға дейінгі тарихи мәліметтерінде деректер жоқ. Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарихи Рашиди» еңбегіндегі деректерге қарағанда, XV ғасырдың 50-жылдарының аяғында Керей хан Жәнібек ханмен бірге Өзбек хандығы тайпаларының бір бөлігін басқарып, Моғолстанға қоныс аударған. Моғолстан ханы Есенбұға (1432-1464) Шу өзенінің бойынан жер бөліп берген. Бұл кітаптағы деректерге сай, Есенбұға Әбілқайыр хан билеп отырған «Көшпенді өзбектер мемлекеті» тұрғындарының біраз бөлігінің Керей мен Жәнібектің қол астына өтуіне қарсы болмады. 

6e3403400a420fe281f333d4dce51ea2.jpg

Өзіне қарсы сұлтандардан құрылған саяси топтың көрші болуы Әбілқайырдың Моғолстанға қарсы жорыққа шығуына түрткі болды. «Бахр аль-Асрар» кітабындағы мәліметтер бойынша 1468 жылы Әбілқайыр ханның кенеттен қайтыс болуына байланысты жорық тоқтатылған. «Көшпенді өзбектер мемлекетінде» хан тағы үшін күрес Әбілқайыр өлімінен кейін басталды. Керей мен Жәнібек қол астындағы тайпалар өзбек ұлысына қайта оралған соң тақ тартысының қарқыны үдей түсті. Соғыс басталды. Әбілқайыр ханның ұлы, хан тағының мұрагері Шейх-Хайдар қолбасшыларының бағынбауы салдарынан жеңіліске ұшырады. Шейх-Хайдар үзеңгілестерінің көпшілігінің көзі жойылды, тірі қалғандары жан-жаққа босып кетті. «Көшпенді өзбектер мемлекетіндегі» билік Әбілқайыр хан әулетінен Керей мен Жәнібек қолына өтті. 

Керей хан есімі тарихи деректерде соңы рет 1472-1473 жылдары Моғол ханы Жүністің ордасына Бұрыш Оғлан сұлтан шабуыл жасаған кезде айтылады. 

Тарихи материалдарда Керей ханның хандық билікті ұлы Бұрындыққа бергені туралы, Керей ханның өзбек ұлысын басқарған кезеңі, оның тағдыры, қай уақытта, қандай жағдайларда қаза болғаны туралы нақты мәліметтер көрсетілмеген. Керей хан 1472-1473 жылдардағы оқиғалардан кейін қайтыс болған деп есептеледі. 

Өкінішке орай, XV ғасырдың екінші жартысында жаңа мемлекетті құрған хандар, осы кездегі саяси алаңда жетекші рөл атқарған тұлғалар — Керей мен Жәнібек хандар туралы бірен-саран деректер ғана бар...

Мақала Б. Тоғысбаев, А. Сужиковтың «Тарихи тұлғалар» кітабының  негізінде жазылған.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?