«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Елтаңба философиясы

1099
Елтаңба философиясы

Тәуелсіз Қазақ елінің Мемлекеттік Елтаңбасы әлемдегі ең әдемі мемлекеттік символдардың бірі. «Қазақстанның мемлекеттік Елтаңбасында саяси астар немесе күш көрсету белгілері жоқ. Онда қазақ халқының ғасырлар қойнауына кететін бай тарихы, қалыптасқан әдет-ғұрпы, төл мәдениеті және өзіне тән бостандық сүйгіштік, кеңпейілділік, қонақжайлылық қасиеттері паш етіледі. Ол – тәуелсіз елімізді мекендеген қазақ ұлты мен түрлі этнос өкілдері ынтымағының, тұтасқан рухани бірлігінің белгісі», - дейді Елтаңбаның авторы Жандарбек Мәлібеков ағамыз.

Ағамыздың айтуынша, Мемлекеттік рәміз - Елтаңбамызда қазақ халқының тарихи даму кезеңдері бейнеленген. Алғашқы даму сатысы б.з.д. V-IV ҒҒ. – сақ дәуірі, ерте орта ғасырлар, кейінгі орта ғасырлар – тайпалық бірігу, ұлт пен ұлыстар этноқұрылымдарының пайда болуы, шапқыншылықтардан қорғану, мемлекеттілік нышандарының көрініс берілсе, XVIII-XX ғасырлар - түбегейлі мемлекеттіліктің қалыптасу кезеңдері көрсетілген. Яғни Тәуелсіз Қазақстан Елтаңбасы осы кезендерді рәміздік тұрғыда сипаттаумен бірге «Мәңгілік ел» рухына ие болуды көздейтін кең өрісті, кайта өрлеуді, қуатты даму серпілісін геральдикалық тәсілдер арқылы бейнеленген.

Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков 2017 жылы Қазақстан Елтаңбасы атты өзінің кітабын шығарған болатын. Еңбектің «Елтаңба философиясы» деп аталатын бөлімінде басты мемлекеттік символымыздың әрбір детальдарына айрықша тоқталып өтеді. Автордың жазуынша, Елтаңба жасау барысында дала философиясын бойға сіңірген дархан қазақтың көшпелі мінезі, айрықша танымына баса назар аударылған. «Дала өмірінде, қазақ философиясында Ай, Күн, Жер, Жұлдыз әлемінің табиғи құбылыстарына ерекше мән беріледі. Бүкіл тіршілігі сол құбылыстармен байланысты болғандықтан, Ұлы Дала халқы табиғат ілімін жетік меңгерген. Уақыт, мерзім өлшемдерін жұлдыздар қозғалысы арқылы біліп отырған. Айдың туу, орналасу сипатынан оның шаруаға жайлы-жайсыздығын аңғарады. Күн райын желдің бағыты, түрлі табиғи белгі-нышандар арқылы болжайды. Шаруашылығын соған қарай икемдейді», - дейді ол.

Шаңырақ

 Әлемдік геральдика тарихында шаңырақ тұңғыш рет мемлекеттік рәмізде қолданылып отыр. Ол ел тұтастығын, ошақ, отбасы бірлігін білдіреді. Қазақ халқы шаңырақтың биіктігін, керегенің кендігін, босағаның беріктігін батамен де, түрлі бейнемен де рәміз деңгейіне көтере алған. Шаңырақ, кереге, босаға ұғымы - елдіктің символы. Шаңырақ бейнесі - Қазақстанды мекендейтін барша этносқа тән ортақ отбасының, ортақ үйдің нышаны. Шаңырақ - қоғам үшін басты біріктіруші ұғым.

Шеңбер - шексіз өмір мен тіршіліктің белгісі. Қазақта «Ер - шаңырақ, ел - уық» деген нақыл кездеседі. Ер - көшбасшылықтың, батылдықтың, мінездің баламасы.

Ата-бабамыздан қалған «қасиетті қара шаңырақ» деген ұғым бар. Кейінгі заманда «шаңырақ шаттығы» деген тіркес те жиі айтылып жүр. Шаңырақ «үй, отбасы» деген мағынаны да білдіреді. Жаңадан отбасын құрып, өмірге қол ұстасып бірге аттанған жастарды «шаңырақ құрды» деп сипаттайды. «Бұл – құрылған отбасының тұғыры берік, мәртебесі жоғары болатынына әрі тілек, әрі сенім. Бұл – тәуелсіздігімізге де тиесілі. Шаңырақ – киіз үй мен көк әлемінің арасын қосып тұратын қасиетті ұғым. Шаңырак тоғын, күлдіреуіш, кепілдік деген бөліктерден тұрады. Тоғын дегеніміз – кәдімгі шаңыраққа дөңгелек түр беретін шеңбер. Ал күлдіреуіш шаңырақтың күмбезін жасайды, кепілдік күлдіреуіш орнынан қозғалып кетпес үшін қойылады», - деп жазады Ж.Мәлібеков.

Кереге

Елтаңбадағы кереге - өз алдына дербес отау көтерген еліміздің іргесі берік болсын деген мағынаны береді. Кереге, уық, босаға, шаңырақ - қазақ таңбаларынан да көрініс тапқан. Кереге уық арқылы шаңырақты көтереді. Ол сыртқы кұбылыстардан қорғап, сақтайды. Үйдің дұрыс тігіліп, орныкты бой көтеруі де осы керегеге байланысты. «Керегең кен болсын» деген дәстүрлі тілек ұғымының ауқымы зор. Рәміздік кереге бейнесі туелсіздігіміздің өрісі кеңейіп, дүние жүзі елдерімен тең құқыктык карым-катынаста болсын деген мәнді ұқтырады яғни еліміздің өрісі кеңейе берсін мағынасында. Қазақтың киіз үйі гармониялық үйлесімін тапқан әлемде теңдесі жоқ архитектуралық туынды. Оның әр бөлшегі Елтаңбаға айрықша ерекшелік сипат береді.

Босаға

Босаға қасиеті. Елтаңбада шаңырақтың екі жағынан екі сақина аркылы түскен қос желбау көрінісі геральдика тәсілімен босағаны курайды. «Босағаң берік болсын» деген сөз – қазақтың тұмардай қасиетті тілегі. «Ақ босаға» - тазалық пен жүйеліліктің белгісі әрі ата-ананың ақ ниеті. Бұл рәміз «Тәуелсіз Қазақстанымыздың босағасы берік болсын!» деген ұғымды білдіреді. Босағаның жоғарғы жағында қазақ өрнегімен безендірілген таразы басы тепе-теңдікті, әділеттілікті меңзейді. Қазақстан Республикасы – зайырлы, құқықты мемлекет. Конституция бойынша бірінші кезекте адам құқығы, бостандығы мен теңдігі танылады. Таразы басы сипатындағы геральдика әдісі осы ұғымдарды жеткізу үшін қолданылған.

«Босағаны керме» (немесе «босағаға керілме») деген тыйым осыдан туған. Сондай-ақ, «босаға майлау» ырымы да бар. Жастар жеке отау кұрғанда немесе біреу жаңа үй алғанда жақын-жуықтары келіп, жаңа үйдің босағасына май жағады. Бұл «осы үй берекелі, майдай жұғымды болсын» деген ұғымды білдіреді. Сондықтан да қазақ халқы жаңа түскен келінге босаға аттаттырып, сәлем еткізіп, үлкендерден бата алғызған.

Босаға - киіз үй құрылымында маңдайша мен табалдырық арасын белгілі бір қашықтықта ұстап тұруға, үйге кіріп-шығу үшін есіктің екі жаққа ашылуы мен айналмалылығын қамтамасыз етуге қызмет етеді. Киіз үйдің арнайы жасалатын бұл бөлшегі керегеге бекітіледі.

Уық

Уық - кереге мен шаңырақты ұштастыратын конструкциялық элемент, яғни ол кереге мен шаңырақ ортасын қосатын негізгі бөліктің бірі. Уық сипаты «алақан», «иін», «қар», «қалам» деген атауларды қамтиды. Уықтың жоғарғы түзу жағын – «қары», шаңырақ көзіне яғни қаламдыққа сұғынатын төрт қырлы ұшын – «қалам ұш» дейді. Уықты кереге басына байланатын жағынан тесіп, бау өткізеді, оны «уық бау» (кейде «балақ бау») деп атайды. Уық иінінен ішке иіле жасалады, яғни күмбездің үлгісі осы уықтан басталады. «Шаңырақтың мықтылығы - уығынан» деген нақыл да бар.

«Қазақстан» жазуы - босағаның маңдайшасына шаңырақ желбаудан түскен желекке осылайша мемлекет аты таңбаланған. Конституция  бойынша «Қазақстан» - «Қазақ елі», «Қазақ мемлекеті», «Қазақстан Республикасы» деген ұғымды білдіреді. Жазу маңдайшаның ортасына орналасқан. Айналасы майда ойықтармен бедерленіп, қызғыш алтын түспен боялған.

Елтаңба өңі - алтын сипатты, уықтардың және шаңырақ күлдіреуіштерінің арасы көгілдір аспан түсті. Елтаңбамыздын сырт бейнесі батырлар қолданған қалқан тәріздес. Ол берік қорғаныс мәнін ұқтырады. Елтаңбаның архитектоникалық құрылымы математикалық заңдылықтармен, көркемөнер және геральдикалық бейнелеу тәсілдерінің классикалық нұсқалары бойынша жасалған.

Елтаңбадағы желбау

Бұл сақина арқылы шаңыраққа байланатын баулар. Желді күні үй шайқалмас үшін оған салмак байланады. Желбау - киіз үйдің шаңырағына тағылатын қос құр. Қатты жел соққанда үйді құлатып кетпеуі үшін желбауға ауыр заттар байланады. «Үй болған соң, белбау да керек, желбау да керек» дейді қазақ. Желбау - шаңыраққа төрт жерден байланып, керегеге асырылатын, әрқайсысында төрт шашақтан төрт қатар шашағы төгіліп тұратын әрі сәндік-жиһаздык, әрі беріктік сипаттағы өрнекті кұр. Елтаңбада желбаулар арқылы геральдикалық тәсілмен босағаны білдіреді. «Босағаң берік болсын» ұғымының мағынасын күшейту үшін маңдайшаға «Қазақстан» жазуымен айқындалады. Дауыл, боран соққанда шаңырақтың төрт жеріндегі осы желбаулардың ұшы төменде түйіп байланып, оған ауыр жүктерді асып қояды.

Елтаңбадағы басқұр - дүниенің тепе-теңдігін сипаттайтын ұғым. Таразы басы тәрізді оське симметрия жүгін сақтап тұрған геральдикалық элемент.

Жұлдыз

Елтаңба маңдайшасына бес бұрышты жұлдыз салынған. Ол – микрокосмос пен адам белгісі. Рәміздің дөңгелек сипаты - Ұлы Дала халқы айрықша қастер тұтатын өмір мен мәңгілік символы.

«Әр адамның өміріне бағдар беретін өз жұлдызы болады» дейді халық. Осындай жұлдыз мемлекетке де тән. Біз де өз мемлекетіміздің жұлдызы жарық әрі биік болатынына сенеміз. Қазақстанның әрбір азаматы сол жұлдызды бағдар етіп алуы, ел жұлдызы алға бастайтынына, жаңа жолға, болашаққа жетелейтініне үміт артуы ләзім.

Елтаңбадағы «бес бұрышты жұлдыз» әлем кеңістігіндегі даму, өсіп-өркендеу жолын анықтаған Елбасының «Мәңгілік ел» идеясымен ұштасады. 1992 жылдың 4 маусымы күні Қазақстан Республикасы Парламентінің ХІІ сессиясында сөйлеген сөзінде Президент Н.Ә.Назарбаев: «Дорогие депутаты, нельзя сравнивать пятиконечную звезду на гербе ни советской властью и не с религий. Қазақ халқы «Әр адамның өз жұлдызы болады, сондықтан халық «жұлдызың жансын!» дейді. Так что, мы молодое независимое государство, у нашего государстве есть свой путь развития» деген еді.

Қазақстан тұрғындарының жүрегі мен құшағы бес құрлықтың өкілдері үшін қашанда ашык. Бес бұрышты жұлдыз Елтаңбаның тәжi iспеттi

Қара шаңырақ

Отбасы - қазақ даласының алтын діңгегі. Казак хат шаныракты касиетті санап, қатты қадірлеген. Ел басына күн туын кара казан, сары баланың қамы үшін керегесін кессе де, шаңырағын шаппаған Қара шаңырақ – оттың, ошак - Отанның рәмізі.