Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Алаш идеясы және Оспан батыр бастаған Өр Алтай күресі

1844
Өр Алтайдағы Оспан батыр Сіләмұлының ат жалын тартып мінген шағы Алаш дәуіріне тура келеді. 1899 жылы өмірге келген Оспан 1917 жылғы алашшылдар дәурендеген тұста оттай лаулаған он сегіз жаста еді.

Өр Алтай қазақтары мен Семей, Өскемен өңірінің байланысы ежелден үзіліп көрген жоқ. Арғы жағы Құнанбай қажының Өр Алтай керейлеріне барып-қайтуынан басталатын жесір дауы, жер дауы, құда-жегжаттық, нағашы-жиендік, қажылық сияқты қазақы жолдағы қарға тамырлылық үзбей жалғасты. Сол себепті де қазақ жеріндегі – Қазақстанда болып жатқан жайлар туралы Өр Алтай қазақтары толық хабардар болып отырды. Қандай қиын дәуірде болмасын шекараның екі бетіндегі туысқандар бір-бірінен хат-хабар алудың амалын жасады. Шың басында ән салған қойшылар қарсы беттегі ағайынның амандығын әндеткен өлеңімен-ақ білдіріп, өзара хал-күй сұрасып тұрды. Шекараны бұзып өтетін қашқындардың да аяғы тиылып көрмеді.

Әсіресе, 1916-1917, 1919-1920, 1926-1928, 1930-1931 – жылдар кезінде әр түрлі жағдайлармен арғы бет асқандар аз болған жоқ. Және де аталған жылдардағы ауғындықтардың көбі Алашпен байланысты еді.

Жүсіпбекқожа Шайхысламұлы мен Әсет Найманбайұлын айтпаған күннің өзінде 1929 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан жерінен Әбдікәрім болыс Ережепұлы өз балалары Қамбар, Шабдан, күйеу баласы Ғазез Қалбанов және Ысқақ Изетұлы, Тіленші, Әбдіразақ, Қабдыраш, Мәметек бидің немерелері Айдархан, Мұхтархан бастаған бір топ адаммен Қытай аумағына қарасты Алтай аймағына қашып өткен. Әбдікерім Ережепұлы болса Санкт-Петербург орман шаруашылығы инситутында оқыған, Мемлекеттік Дума делагаты, Алаш партиясының программасын жасаушылардың бірі еді. Өз кезінде Әлихан Бөкейхан, Мұстафа Шоқай, Солтанмахмұт Торайғыровтармен де жақын өткен.

1931 жылы 2 қазан күні Шәкерім қажы жазықсыз атылған соң, Зият Шәкәрімұлы, Бердеш Әзімбайұлы Тәкежанов, Мәнәкеш Әзімбайұлы, Қожақапан, Төлеуқазы қатарлылар әуелі Тарбағатайға, онан соң Алтайға қашып барған болатын.

Бұдан басқа ілгерінді-кейінді болып Алтайға жан сауғалап барған Сейітқазы Нұртаев, Кәрім Дүйсебай, Сәлім Жаназаров, Мырзахмет, Құсайын, Ахметқали Жайсаңбаев, Жұптыбай Сағындықов, Арғынбек Апашбаев, Алтайдан басқа жерлерді паналаған Райымжан Мәрсеков қатарлы асылдың қиықтары бар еді.

1933 жылы кеңестік идеяны жақтап Шынжаң билігін қолына алған Шың Шысай қазақстан жеріндегі жауыздықтардың бәрін Шынжаңда қайталады. 1937 жылы Кеңес одағынан басталған зұлмат арғы беттегі Алаш идеялы атқа мінерлердің басына бұлт үйірді. Ұстау, түрмелеу, жазалау, өлтіру сынды қанқұйлылық халықтың ғазалын қозғады. Ең алғашқылардан болып Алтай қазақтары атқа қонды. Гоминдаңшыл қара қытай және оның өкілі болып билікке келіп, Шынжаңды дара билеген Шың Шысайға қарсы қарулы соғыс қозғады. Әсіресе, Өр Алтайдың Көктоғайындағы Оспан ауылынан Ақыт қажының қолды болуы көтерліс отын тез тұтатты. Сөйтіп, Өр Алтай өре тұрып, қытай зұлматына қарумен қарсы тұрды.

Алаш идеясымен суарылған Алтай қазақтары «тірі болсақ қазымыз, өлсек шайтпыз» деп Бердәулетұлы Жәнібек батырдың ақ туын көтеріп, ел мен жеріне қатер төндірген шапқыншы күшпен аяусыз күресті.

Осы жайлар сөз болғанда, Оспан батырдың жан серік батырларының бірі болған Нұрғожай батыр өз естеліктерінде біраз сыр шертеді:  

«Соңғы бітімде орыстар генералдарының басын сұрады. Генерал Банкенің сүйегін бердік. Разборовтың сүйегін бермедік. Өйткені ол соғыс қылмыстысы еді. Көктоғайдағы орыс елшілеріне Ырысхан:

– Сендер 1937 жылы Мәскеуге апарып өлтірген Бөкейханның, Ахмет Байтұрсынның басын әкеліп беріңдер, – деді». Бұл сөз сонымен тынышталып қалған еді», – дейді Абдуақап Қара құрастырған «Азаттықтың өшпес рухы» кітабында.

Демек, Абылайдың Жәнібекке ұсынған ақ туын көтеріп шығып, Әлихан бастаған Алашшылдарды жоқтау – күрестің мән-маңызы жөнінде талай сырды аңғартса керек.

Оспан батырдың гоминдаңшылармен одақ құрған тұсында Шынжаңның бас әскери қолбасшысы Сұң Шиланға жазған бір хатында:

«...Сіз бұдан соң қандай ауыр-жеңіл шаруа болса алдымен қасыңдағы қажы Жәнімханға, онан соң алдыңғы ретте мәлімдеген 10 бастық бар, соларға тапсырыңыз. Мен болсам 100 дей ғана ылғи аш-арық көше алмаған үймен ғана қалдым... бірақ жалғыз қалсамда асса Жұңго (қытай елі демекші), қалса мен деп Сәбеттің (кеңес одағының демекші) әкімшілігінен жандарын ғана алып шыққан Әбдеқан, Тұрысбек бастық 142 адамды асырап бағып келемін... Батыр Оспан. 23.11.1947», – деген жолдар бар екен.

Көріп отырғанымыздай Алашшылдар тұсында да олармен еркін қарым-қатынаста болған Алтай елі 1940-жылдарға дейін бергі беттен жан сауғалап барған қазақ бауырларын қанатының астына алып отырған. Арғы жағы 1880-1890 жылдары Қазан, Уфа, Орынбор, т.б. қалалардан білім алған аса ірі зиялы қауым өкілдерінің Алтайға қашып барып, ондағы елдің рухани дүниесіне орасан зор ықпал еткенін еске алсақ, бұл үрдіс жарты ғасыр бойы жалғасып отырған. Оспан төңкерісі тұсында да оның күресі мен алдағы күндерді, империяларды танып-болжауына сондай оқыған-тоқығаны көп озық ойлы жандар ақыл көмегін аямаған. Әсіресе, Кеңес одағынан қашып барғандарды Оспан ашық және жасырын түрде бауырына тартып, қызыл империяның қыл-қыбыры мен ішек қырындысын бір кісідей біліп отырды.

Тіпті, тек қана қазақ ұлтының өкілі емес, Оспанның қол астында орыс, татар, моңғол, ұйғыр ұлтының өкілдері де қызмет еткен.

Ал енді, біреулердің Оспанды жәй, оқымаған, надан адам ретінде көрсеткісі келген көрсоқырлығын ойлаңыз. Тарихи тұлғаларға баға бергенде ең әуелі, өзіңді сол тұлғаның орнына қойып, тереңнен ой қозғау тектілігімізге саяр еді. Оспан батыр және ол жетекшілік еткен Өр Алтай қазақтарының күресі де терең зерттеуді қажет етеді. Комунистік кезеңде немесе бүгінгі қытай қоғамында жазылған дүниелерді пайдалануда «дәнін алып, қауызын тастауға» шебер болуымыз керек.

Шын мәнінде, Өр Алтай қазақтарының қанды күресі Алаш зиялылары және оның үрім-бұтақтарын құрту саясатына қарсы жүрілген тегеуірінді кек пен ұлт рухын қорғау соғысы еді. Олар осы жолда еш аянып қалмады. Кешегі күні Кенесары орыстың зеңбіректерін көре тұра оған қарсы көзсіз ерлік жасаған болса, Оспан соның Алтай топырағындағы рухы болып атқа қонды. Жер қайысқан қытай қызылының оғына кеудесін тосты. Ұрпақ алдында ұлт рухын асқақтатып иілмеген күйінде шаһид болды.

Қазақ хандарынан жалғасқан ел мен жерге деген шексіз адалдық Алашшшылдар арқылы жер бетіндегі барша қазақтың қанына жол тартты. Өр Алтай күресі де алашшыл рухтың асқақ мәртебесіндей тарих бетіне алтын әріптермен мәңгілікке таңбаланды!

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?