Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Мұстафа Парижге массондықтардың атынан барды ма?

2953
Мұстафа Парижге массондықтардың атынан барды ма? - e-history.kz
Мұстафа Шоқай Сыр елі Қызылорда облысының Шиелі ауданында 1890 жылы дүниеге келген. Өмірінің жартысынынан астамын шет елде өткізген М. Шоқай туралы бірнеше қызықты деген деректерді сіздерге ұсынамыз

Бала Мұстафаға әріп тануды 5 жасына толмай жатып анасы үйреткен. Ал бес жасында қазақтың төл домбырасын да ойнай білген. М. Шоқай музыка тыңдағанды жақсы көрген.

Жергілікті ауыл молдасынан білім алған М. Шоқай 1902 жылы 12 жасында Ташкент қаласындағы ерлер гимназиясына оқуға түседі. Одан соң, 1912 жылы Санкт-Петербург қаласындағы Императорлық университетін бітіреді. Заң факультетінде оқыған. Университет кезінде өзінің белсенділігін көрсетіп, демократиялық көтерілістерге қатысып тұрған. Ізденімпаз жас Мұстафа ағылшын, француз, өзбек тілдерін жақсы білген.

1912 жылы университетті үздік бітіріп шыққан М. Шоқайды үлкен саясатқа Ә.Бөкейхан тартқаны барлығымызға мәлім. Алаш көшбасшысы – Әлихан Бөкейхан Мұстафа Шоқайдың бойынан төзім мен білімді байқап, Ресей Мемлекеттік думасы Мұсылман фракциясының хатшысы ретінде жұмысқа тартқан.

Алаш ардақтылары Ә. Бөкейхан пен Мұстафа Шоқайдың жұмыстары Ақпан төңкерісінен кейін де жалғасын тапты. 1916 жылы дүрбелең кезінде Түркістан және жалпы қазақ жеріндегі бассыздықтарды әшкерелеп, Мемлекеттік Думаға арнайы құжатты мәліметтер ұсынады. Сөйтіп, осыған байланысты комиссия құруға себепші болады.

1917 жылы төңкерістер тұсында мықты Түркістан мемлекетін құру идеясын ұстанады. Ташкентте «Бірлік туы» газетін ашады. Орынбордағы Алаш қайраткерлерімен тығыз байланыс ұстайды.

1917 жылдың 26 қарашасында Қоқанда Түркістан мұсылмандарының өлкелік IV Төтенше съезі өтті. Съез қорытындысы бойынша Түркістан Автономиясын құру туралы қаулыны жариялады.

Түркістан Автономиясы Уақытша үкіметінің құрамы 12 адамнан: 8 жергілікті халық өкілінен, 4 басқа ұлт өкілінен жасақталды. Түркістан автономиясының Премьер-министрі жəне Ішкі істер министрі болып М. Тынышпаев, Сыртқы істер министрі болып М. Шоқай сайланды. Кейін М. Шоқай Премьер-министр болды. Съездің өткізілген орны жəне автономияның əкімшілік орталығы Қоқан қаласында орналасқандықтан, оны Қоқан автономиясы деп те атады. Бұл, шын мəнісінде, Түркістан Республикасы еді.

Бірақ, 1918 жылғы 18-23 қаңтарда өткен Түркістан Кеңестерінің IV съезі Қоқан автономиясы үкіметін, заңнан тыс деп жариялап, оның басшыларын тұтқындау жəне автономияны тарату жөнінде қаулы қабылдады. Мұның аяғы қанды қырғынға ұласты.

Большевиктер Премьер-министр М. Шоқайға Совет үкіметін мойындау, қаруларын тапсыру жəне милиция органдарын тарату туралы ультиматум қойды. Бірақ олардың бұл талаптарын орындаудан Түркістан үкіметі бас тартты. Қоқан автономиясын жою үшін бұл аймаққа 1918 жылы ақпан айының 5-нен 6-на қараған түні 11 эшелон кавалерия, артиллерия жəне жаяу əскер бөлімдері жеткізілді. Ал 6-7 ақпанда Қоқан автономиясын большевиктер əскери күшпен талқандады. Автономия жетекшілері бас сауғалауға мəжбүр болды, «Шуро-и-Ислам» ұйымы ыдырап кетті. Сөйтіп, Түркістан автономиясы жойылды

Қоқандағы большевиктер қуғынынан Мұстафа Шоқай шетелге кетуге мəжбүр болды.

Осындай қиындыққа қарамастан Алаш арыстары жоспарлары мен елдегі хабар туралы хат алмасудың жолдарын тауып отырған. Мысалы, темір шымылдық жылдары (1920-1930) кейбір деректерде жазылғандай Ә. Бөкейхан сол кездерде Франция астанасы Париж қаласында тұратын М. Шоқайға жазған хаттарын Парижге жол жүріп бара жатқан қазақ әншісі, Еуропа жерінде өзінің қоңыр даусымен таңғалдырған Әміре Қашаубаевтың ұлтарағының астына салып жіберген екен. Жауапты да сол жолмен алған екен.

Ендігі сұрақ, неге М. Шоқай шығыс елдері емес, Франция астанасы Париж қаласына барып тұрақтады? Әлихан Бөкейханның қызы Елизаветаның айтуынша шамамен 1930 жылдары француздың «Фигаро» газетімен құпия байланысып, сол газетте бүркеніш атпен мақалаларын жариялап отырған.

Негізі М. Шоқай ең алдымен Түркия еліне барған болатын. Ол жерде ғұмыры қысқалау болған Үлкен Түркістан идеясын қайта жаңғыруға қолдау табуы мүмкін еді. Бірақ, ол Түркия елінде қалмай, Ә. Бөкейхан байланыс орнатқан Парижге барып тұрақтады. Осы жай және Әлихан Бөкейханның француздық «Фигаро» газетімен байланыста болуы қалай болғанда да оның орыс масондарының қатарындағы қызметімен байланысты сияқты. Ұстаз Әлиханның Парижде жүрген шәкіртімен және «Фигаро» газетімен осы елшілік арқылы астыртын байланысып тұру да ғажап емес.⠀

ХХ ғасырдың басында қайта көтерілген орыс масондарының Санкт-Петербордағы «Темірқазық» және Мәскеудегі «Қайта өрлеу» ұйымдары француздық «Ұлы Шығыс» масондық ложасының филиалы болғанын естеріңізге саламын. Айта кететін жайт, Әлихан Бөкейханның 1922 жылы Мәскеуге кісенделіп жеткізіліп, КСРО халықтарының орталық баспасының Қазақ секциясында қызмет етіп жүріп, 1923 жылы ол «Темірқазық» атты қазақша журнал шығара бастады.

Бұл айғақтың барлығы шындыққа жанасады ма, жоқ па, бұл уақыттың межесінде. Бәлкім барлық шындықтың ашылуына ондаған жыл кетеді. М. Шоқай шет елдер жүріп «Жаңа Түркістан», «Жас Түркістан» журналдарын шығарып, советтің озбыр саясаты туралы зерттеулер жазады. Елінің ертеңін ойлаған ер, Алаш ардақтысы 1941 жылы 27 желтоқсанда Берлинде жұмбақ жағдайда қайтыс болады.

Көре отырыңыздар: #Qyzyqtyderek Мұстафа Шоқай / ФРАНЦИЯ / Алаш / Әлім Алмат

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?