Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақстандағы әскери полигондар

2821
Қазақстандағы әскери полигондар - e-history.kz
Бөтен мемлекетке өз жерінен ойып тұрып 7 полигон берген ешбір ел жоқ. Таппайсыз ондай елді

Полигон десе, Семейдің бомба ақтарған даласы елестейді. Шүкір, ол тажал сыналған аймақты жауып, үнін өшірдік. Алайда, әлі де гүрсілдеп, даламызды жыртып-төңкеріп жатқан 7 полигон бар. Түгелдейі Ресейдің меншігінде. Глобусты шыр айналдырып қараңыз. Бөтен мемлекетке өз жерінен ойып тұрып 7 полигон берген ешбір ел жоқ. Таппайсыз ондай елді. Иә, мұны біз де біліп отырмыз. Түрлі себепті сылтау етіп, сол полигондардың территориясын азайтуға, шама келсе жойып, жабуға тырысып жатырмыз.

Бір гектар жердің құны 2 доллар

Ресей 7 полигоны үшін жылына 27 миллион доллар береді. Иә, әжептеуір ақша сияқты көрінеді. Бірақ, әлгі ақшаға екі-ақ аурухана салуға болады. Ал біз Ресейге 11 миллион гектар жерді жалға беріп отырмыз. Жер көлеміне қарай шашып жіберсең әр гектарымызды 2 доллар 33 центке берген боламыз. Ойлаңызшы?! 1 гектар жерді 670 теңгеге бір жылға кім береді?

Астананың төңірегінде 10 соттық жер алу үшін  кемі 15 мың доллар шытырлатып санайсыз. Оңтүстікте 1 гектар жерден  10 тонна көкөніс алып, жүз мың теңгеден артық пайда табасыз. Бетбақтың құмында 1 гектар жерге  бір отар қой бірнеше күн жайылады. Солтүстікте  мұншама жерден 20 центнер астық жинайсыз. Енді, есептеңіз, гектарына 2 доллар: аз ба, көп пе? Әрине аз. Өте аз. Су тегін десе болатындай.

Біздің ел – жалдау ақысы кем дегенде 5 доллар болу керек. Сосын бартер дегенге енді көнбейміз деп талап қойып жатыр. Соңғысы – өте өзекті мәселе. Кезінде 27 миллионды Мәскеу билігі ақшалай емес, әскери тауар күйінде берейік дегенге көндірген. Танкі аламыз, зеңбірек береді деп дәмеленіп ек. Жоға, ескі-құсқы БТР, есептен шығарылған С-300 зымырандарын үйіп тастады. Оны тегін бердік деп жаңалықтарында мақтанып айтарын қайтесің?!

«Полигонның жалдау ақысын көтереміз» немесе «даламызды тастап кетесің» деп шарт қойып көргенбіз. Ал Ресей 1994 жылғы келісімді бетімізге лақтырды. Ол құжаттың күші 2019 жылы жойылады. Ал оған дейін ескі-құсқы машинасын алуға мәжбүрміз. Межелі уақыт жеткенде, қазақ билігі әзірбайжандық тәсілге жүгінбек. Ресей бұл елдің Габалы дейтін өлкесінде радиолокациялық станция ұстаған. Әлгінің антеннасы Үнді мұхитынан ұшып шыққан зымыранды байқап қоятындай қуатты еді. Әзірбайжан жыл сайын жалдау ақысын көтере берді. Соңында Ресейдің қалтасы көтермей, тастап шықты.

Тәуелсіздікке төнген қауіп

Жас мемлекеттің территориясында бөгде бір елдің базасы, полигоны ең соңғысы бір полкі тұрса, ол – тәуелсіздікке үлкен қауіп. Мысалға: Үлкен көршімен ара салқындап кетсе, олар шекара бұзып, әскер кіргізіп әуреленбейді. Полигон, базадағы армиясын «қырсық» жұрттың астанасына тақай қояды. Оған да көнбесе «бағытынан жаңылды» деп бір зымыранды қалаға құлата салады.

Мұндай қауіпті біз де сезіп-біліп отырмыз. Сол себепті ғой, қит етсе, сылтау тауып полигонның аумағын азайту, сынақ алаңын жабуға тырысып жатырмыз. Бұл ісіміз нәтижесіз емес. Жоғарыда жаздық. Бұрын 9 еді. Полигонның санын 7-ге түсірдік. Алдыңғы жылдары – «Тайсойған», «Жаман-Тау» және «Сары-Шаған» полигондарынан 1,6 миллион гектар жерді жалдаудан шығарып алдық. Қалғаны енді уақыттың еншісінде. Тек асығыстық жасамау, алған беттен қайтпауымыз керек.

Бұрынғы полигонды не істейміз?

Полигонға берілген аумақ негізінен тақыр, құмдауыт төбелер боп келеді. Бірақ табиғаттың ащы әзілі бар емес пе? Беті тақыр жердің – асты шылқыған байлыққа толы болады. Кейін біліп жатырмыз ғой бұл құпияны. Айталық, Ресейдің жалдауынан босатып алған Тайсойған өлкесін ғана алайықшы. Бұрынғы полигонның аумағынан геологиялық қоры 480 миллион тонна мұнай табылып отыр.

Айтпақшы, үлкен көлемде қазба байлық таптық. «Енді бұл жер бізге керек болып тұр» деп полигонның территориясын тартып алуға болады. Солай жасап та жатырмыз. Қысқасы, бұл жол да табанды болуымыз керек.

 

Нұрбек БЕКБАУ

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?