«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

ТЕҢДЕСІ ЖОҚ ҚАС ШЕБЕР

1316
ТЕҢДЕСІ ЖОҚ ҚАС ШЕБЕР
Биыл 2018 жыл бар өмірін қазақ музыка аспаптарын дамытуға арнаған және осы жолда үлкен табысқа қол жеткізген теңдессіз шебер – Қамар Қасымовтың туғанына 125 жыл

Қазақ музыкалық аспабының даму жолдары, жалпы қазақ оркестрінің мерейлі белестері жайында сөз болғанда алдымен ауызға алынатыны - Қамар Касымов. Қазақтың көрнекті жазушысы Ғабит Мүсірепов: «Құрманғазы және «Отырар сазы» көне аспаптар оркестрі мен кейінгі кезде құрылып жатқан көптеген ерекше үлгідегі ансамбльдердің өнерін әр кез тамашалап көрген сайын олардың тасасында бір бейне ылғи да елестеп отырады. Ол - Қамар Қасымовтың бейнесі» - деп жазған едi.

Өмірбаяны да өзгелерге ұқсамайтын ылдиы мен  қиындығы мол соқпақты жолдармен өткен атақты шебер 1893 жылы Павлодар облысы, Баянауыл ауданы,  Торайғыр ауылында  дүниеге келді. Қамар жас күнінен өнерге ынтық болады. Домбыра жасауды да ерте қолға алады. Алғашқы домбыраларының бірін өзінiң құрдасы, туысы Сұлтанмахмұт ақынға арнаған. Қамар мен асқақ арманды ақын Сұлтанмахмұт түйдей құрдас, дос өте сыйлас болып өскен. Сұлтанмахмұт Тройцкіге оқуға баруға қаражат таппай қиналып жүргенде Қамар өзі жасаған ағаш бұйымдарын сатып және ауылдастарынан қаражат жинап, қаржылай көмек көрсетеді. Осыған ризашылығы ретінде ақын  Қамар  досына «Алғыс хат», «Досыма» атты өлең арнайды және әйгілі «Қамар сұлу» шығармасындағы басты  кейіпкер Гүләйімнің есімін өзгертіп, Қамардың атымен атаған екен.

Отыз бірінші жылдың аштығына душар болған Қасымовтар отбасынан аман қалған жалғыз Қамар арып-ашып, жадап-жүдеп, өлім халіне келген шағында «таныс біреу табылар ма екен» деген соңғы  үмітпен теміржол вокзалында теңселіп жүргенде, бағына қарай, ағайыны Ағзам Боқанов ұшыраса кетедi. Өзінiң отбасын көшіріп алуға келген Ағзам өзімен бірге Қамарды да Семейлетiп отырып, Оңтүстік Қазақстандағы Өзген каласына апарып, жұмысқа орналастырады. Кейін олар 1934 жылы Алматыға көшіп келеді.

Бұл казақ өнерiнiң жаңа өрлеу ала бастаған, өнерпаздар сайысын өткізіп, тума таланттарды iрiктеу жүрiп жатқан кез болатын. Осы сараптауда ерекше өнерімен танылған Қамар қазақ аспаптарын жасау шеберлерi қатарына қосылады. Жай ғана шебep емес, соның ұйымдастырушысы болады. Сондықтан да Қамарды «Қазақ музыкалық аспаптарының атасы» деп орынды атап жүр.

Сол кезеңдерде Темірбек Жүргенов оркестр ұйымдастыруға тікелей басшылық жасайды. Ол туралы Қамар Қасымовтың естелгінде былай деп жазылған:

...Мені Темірбек Жүргенов шақырып алды да: «Ей, шебер адамсың, басқа елдiң аспабын көріп, ұлт аспапатарын дамытудың кәсібіне түс, әр жағын өзіме қоя бер» деді. «..Жарайды!» дедiм. Бұдан кейін мамандармен сөйлесіп, орыс оркестрiнiң  аспаптар құрамын көріп, танысып, Мәскеуде iссапарда болып, біраз тәжiрибе жинақтадым. Орыс оркестрінің бұрауы біздің ұлттық оркестрімізге  халықтың саз ерекшелігін, ұлттық табиғатын бере алмайтынын білдiм. Содан барып олардың үлгiсiмен жасамау керектiгiн түсiндiм.

Бұл арада Қамардың Мәскеуде бүкіл Одақтағы барлық республикалар үшін үлгі-өнеге ретіңде көрсетілген Чайковский атындағы консерваторияның жене Андреев атыңдағы шулы оркестрдің шеберханаларында болғанын  ескерте кеткен жөн. Барлық жағынан “Ұлы орыс халқынан өнеге алыңдар” деп насихатталған кезде музыка аспаптарын жасауда да сондай үлгі ұсынғаны белгілі. Бiрақ қазақ аспаптарының көне түрiн сақтауды  мұрат тұтқан, әрi ұлттық мәртебенi бәрiнен жоғары  санаған Қамар Қасымов “Ол аспаптардың  түрi де, үнi де бiздерге жанаспайды, жараспайды” деп орыс аспаптарынан үлгi алудан  бiрден бас тартады және ойын ашық жеткізеді.

Мiне, осыдан бастап шебер өзiнше iздену жолына түседi.

Оркестр жасау үшiн әртүрлi аспаптар керек. Ал,  көне музыкалық аспаптар түрiнiң сақталғандарын қалпына келтiру, жоқтарын  қалыптастыру  Қамарға оңайға түспейдi. Бiрақ шебердің алтын қолы мен жүйрiк қиялы жеңiске жеткiзедi. Сөйтiп, Қамар жасаған сазды аспаптар негiзiнде  құрылған қазақ оркестрi Мәскеуде өткен  бiрiншi онкүндiкте тамаша өнер көрсетiп,  бүкiл Одаққа танылады.

Кейбiр деректерге қарағанда Қамар қазақ саз аспаптарының  он алты түрiн қалпына келтiрген көрiнедi. Бұл, әрине, үлкен табыс. Осы арада Қазақстан Жазушылар Одағының бiр құжатында мысалға  келтiре кеткен жөн. 1940 жылы осы басқарма: “…Қамар Қасымов жасаған музыкалық аспаптар -  қазақ халықының саз аспаптарын дамыту жөнiндегi жаңа табыс. Қ. Қасымов жолдасты қазақтың ұлт аспаптарын  дамыту жолында қажырлы еңбек сiңiрiп келе жатқанын  ескерiп, ол жасаған бас қобызға - “Қамар-қобыз” деген ат беру қажет ” - деген шешiм қабылдаған. Бұл ұсыныс мақұлданып, бас қобыз Қамар шебердiң атымен аталатын болды.

Қамар шығармашылығын зерттеушiлер ерекше атап жүрген  бiр жай - шебердiң жан-жақты таланты арқасында аспап танушы  дәрежесiне жеткендiгi. Бiртуар қолөнер шеберi қазақ ұлт аспабының ұлттық табиғатын, болмыс-бiтiмiн, сырт келебетiн, үн ерекшелiгiн бұзып алмау үшiн iздене жүрiп, аспап- танушы-органолог дәрежесiне дейiн жетеді. Мұндай ғылымнан  хабары жоқ  Қамардың жасаған саз аспаптарының  құрылысы, жасалу әдiс-тәсiлi,  дыбыс ауқымы, дыбыстық тембрi мен тербелiсi, аспаптың әр бөлшегiнiң өлшемдiк дәлдiгi оргонологиялық ережелерге сай  келгенi шет елдің аспап зерттеушiлерін  мейiлiнше сүйiндiрген. Бұл Қасымовтың аспап жасаушы ретiндегi еңбегi болса,  оның қазақ аспаптарын насхаттаушы  ретiндегi еңбегi және бiр төбе. Саз аспаптарын сұраныс дәрежесiне көтеру үшiн Қамар шебер бiраз уақыт Қарағандыдағы домбыра жасайтын Осокаровка  комбинатында болып, бұл iске  басшылық жасады. Қамар Қасымовтың аты елiмiзден сырт жерлерге де жақсы таныс. Айтулы шебер Монголияның Баянөлгейiне барып,  өзi құрған қырық адамдық ұлт аспаптар оркестрiнiң барлық  аспаптарын да өз қолымен жасайды. Сонымен қатар сол елде көптеген шәкiрттер тәрбиелеп шығарады. Бұл еңбек жайында 1961 жылы Монголия Үкiметiнiң өнер iстерi жөнiндегi  төрағасы Д. Дамдин: “…. Баянөлгейлiктердiң өнерi мен мәдениетiндегi  ерекше бетбұрыс кезең -ол қырық адамдық  ұлттық оркестрдiң құрылуы едi.  Мұны Қазақстанның  музыкалық аспаптарының айтулы шеберi  Қамар Қасымов жасаған едi” - деп жазған едi.

Алматыдағы республикалық саз аспаптары мұражайының деректерiне қарағанда атақты  шебер жасаған дүниелер шет жұртқа жақсы  мәлiм болып, талай елдер аттай қалап алған. Бұл ретте оған моңғолдықтар, қытайлықтар, үндiлiктер бiлдiрген  сұраныстарды айтсақ та жеткiлiктi.

Аспаптың әдемiлiгi мен үндiлiгi жағынан  ерекше тартымды болуы нәтижесiнде Қамар  шебердiң қолынан шыққан домбыра мен қобыз талай  әдебиет пен өнер тарландарына тарту-таралғы  ретiнде сыйлыққа берiлдi.

Құрманғазы ұлт аспаптар оркестрi  1957 жылы Қытайда концерт  көрсеткенде Қытай халқының басшысы  Мао-Цзе-Дунге  оркестр жетекшiсi, дирижер Шамғон Қажығалиев Қазақстан Үкiметi атынан Қамар Қасымов жасаған  қобызды сыйға тартады.  Қамар өрнектеп жасаған әсем музыкалық аспаптар  бүгінде Мәскеу, Санкт-Петербург, Алматы, Семей мұражайларында сақтаулы.

Ерен талант өрен өнерді осылай көрсеткен. Адал еңбек әділ баға тапты: Қамар Қазақ ССР-нiң еңбек сiңiрген өнер қайраткерi атағына ие болды. Еңбек Қызыл Ту орденiмен және медальдармен марапатталды. Шет ел ғалымдарын таңдай қақтыртып, “Қазақтың Страдивариі” атанды. 

Қ. Қасымов – түрлі халықаралық деңгейдегі көрмелерге қатысқан қазақтың тұңғыш қолөнер шебері. Ол Қазақстан  суретшілер Одағының  мүшесі ретінде де, ұлттық ою-өрнек, кескіндеме үлгілеріне, олардың қолдану аясына, ұлттық сипатына соны жаңалықтар енгізіп кетті.  Қабілет дарынын баршаға арнаған бұл қарттың өнері өзгеше туып, дара өскен өнер емес, халқының бауырында жүріп, биігін тапқан өнер. Қажымайтын шебердің бойындағы бар парасат, жігер қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарын жетілдіру, шыңдау жолына жұмсалды.

 

Ерлан Олжаұлы Рахимов

Павлодар қаласы

Майра Шамсутдинова музейінің жетекшісі