Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

А. Қашқымбаев: І. Есенберлин халқы мойындаған жазушы

1276
А. Қашқымбаев: І. Есенберлин халқы мойындаған жазушы - e-history.kz
10 қаңтар күні көрнекті жазушы, инженер Ілияс Есенберлинге 100 жыл толады. Атаулы күн.

Даңқты жазушының мерейтойына орай, Есенберлинтануға ден қойып, оның өмірін зерттеп жүрген, т.ғ.к., доцент Амангелді Қашқымбаевпен сұхбаттасқан болатынбыз.

— Бір сөзіңізде І. Есенберлин өмірі әлі зерттелмеген тақырып деген екенсіз. Жазушы өмірін зерттеуге не түрткі болды? 

—Қызық сұрақ. Мен жазушы өмірін зерттеу жайлы 90-шы жылдардың басында-ақ ойлана бастадым. 1993 жылы, Ақмолаға жұмысқа ауысып келдім. Сол жылы бір қызық оқиға болды. Ақмоладағы Қазақ драма театрының директоры Жақып Омаров ағамыз, Шәмшіге арналған спектакль қоямыз деп Оразбек Бодықов деген драматургты шақырды. Сол үшеуміз әңгімелесіп отырғанда, Ресей мен Қазақстан қарым-қатынасына басқаша көзқараспен қарасақ деген ой тастадым. Жақаң тұрды да: «неге олай ойлайсың» деп сұрады. Соның алдында ғана кітапханада отырып, І. Есенберлиннің «Көшпенділерін» орысша кейін қайталап, қазақша оқып едім. Мен романдағы Ресейге қосылу мәселесі жөніндегі Абылай хан мен Бұхар жыраудың өзара әңгімесін мысалға келтіріп, айтып бердім. Қысқаша айтар болсам Жақаң мен Оразбекке, үлкен мемлекеттің шағын елді отарлап, хандықтың жойылғанын жеткіздім. Есенберлин шығармасының әсерімен. Кейін тағы да ізденіп, мәліметтер жинай бастадым. Жазушы шығармашылығында маған халық пен ұлт рулардан, хандық рулардан құралады деген тұжырымдарын ЖОО сабақ бергенімде, студенттеріме түсіндіріп те жүрдім. Жазушының қазақ халқы әлдеқашан бірігіп, орталықтандырылған мемлекет құрды деген ойын шығармаларын ден қойып оқысақ, аңдамау мүмкін емес. Қазақ хандығы құрылған уақытта бүгінгі «бетке ұстар» Еуропада бір орталықтан басқарылатын мемлекет жоқ еді. Карл Маркстің неміс мемлекетіне байланысты мынадай деп айтқан сөзі бар: «1871 жылғы Седан шайқасынан кейін неміс мемлекеті біртұтас болып бірікті. Оған дейін бір жылда қанша күн болса немістерде соншама ел болып еді» — дейді. Орыстардың өзі І Петрдің тұсында ғана бір орталыққа бағынған жоқ па? Қазақ хандығы одан бір жарым ғасыр бұрын бірігіп, әлемдік қатынасқа енді еніп келе жатқанда жағдай күрт өзгерді емес пе? І. Есенберлин осы оқиғалардың бәрін толық қамтып, алты томдық трилогиясында түйінін тарқатып берді. Менің жазушы өмірбаянын зерттеуімнің басты себебі оның ой тұрғысының тереңдігінде, еңбекқорлығының ерекшелігінде. Сол 1993 жылдан бастап, деректер мен мәліметтерді жинап, екі жыл бұрын осы еңбегімді жазуға отырдым. 500-ге жуық әдебиеттерді пайдаландым. Және-де айта кетейін, бұл еңбекті мен өз қаржыма шығардым.
— Сіз жазған еңбек көркем шығарма да, монография да емес, ғылыми-танымдық шығарма болып саналады. Өзіңізді Есенберлинтанушымын деп айта аласыз ба?
— Біріншіден мен неге ғылыми еңбек ретінде жаза алмағынымды айта кетейін. Өйткені бұл еңбекте оның естеліктері мен замандастарының да айтқанын кітапқа пайдаландым. Сосын бұл еңбекте «І. Есенберлин шығармаларындағы тарих және тарихи сабақтастық» деген тарау бар. Соның ішінде, «Тарих — қосылғыштардың қосындысы емес» деген сөз бар. Бұл сөз «Көшпенділерден» емес «Мұхиттан өткен қайық» романынан алынды. «Абыройға лайықты «импрам» дейтін сөзінен алынған тарау да бар. «Импрам» (тобыр) сөзін қабылдай алмаған әріптестерім-де болды. «Бұл не сөз тағы? Тобырдың не қатысы бар?» деп өре түрегелді. І. Есенберлин «Көшпенділерде», «Мұхиттан өткен қайықта» бұл сөзді бірнеше рет қолданады. Мәселе тобырда емес, тарихты жасаушы халықта. Міне ол кісі, осыған жауап береді. Ал, Есенберлинтануға келер болсақ, бұл менің жазушыны тануда жасаған бірінші қадамым. Әлі де қаншама еңбек жазылуы мүмкін. Жаңа ойлар мен тың деректер тапсам толыға берері сөзсіз. Оның өміріне қатысты, қолыма түспей жүрген құжаттар да жетерлік. Мысалы, ол Қарсақбайда жұмыс істеп жүргенде ауатком хатшысына жазған хатын қаншама іздеп, таппай жүрмін. Ал мен жазған еңбек өзімше жазушыны тануға қосқан бір үлесім деп білемін.
— І. Есенберлин жазушы-тарихшы. Шығармаларында тарихи шындықтардан ауытқып кеткен жерлері жоқ па?
— І.Есенберлин шығармашылықтың талай сатысынан өткен адам. Бірінші мамандығы тау-кен инженері одан кейін соғысқа қатысқан, майданда жүріп саяси жетекші болып, офицер шенін алған.

b54a91e4e5a0b7f08b4a1ad6357f74be.jpg

І. Есенберлин Екінші Дүниежүзілік соғысқа қатысып, Кеңес әскерінде саяси жетекші (политрук) болған

— Өзі көзі тірісінде айтқандай, өлеңдер мен дастандар жазған. Оқушы кезінде қабырға газетіне өлеңдері жарияланып тұрған екен. Соғыстан жараланып келген соң, инженер бола алмадым, денсаулығым жарамағандықтан, там-тұмдап шығармашылыққа ден қоя бастадым дейді. Ізденіп жүріп, Мәншүк Мәметоваға арналған «Айша» дастанын жазады. Әділ Майкөтөвке (Қазақстанда кеңес өкіметін орнатуға белсене қатысқан революционер), Әл-Фарабиге арналған поэмалары да жарық көреді. Киноға да сценарий жазған. Кино сценарийлерінің жалпы саны он шақты болғанымен, жазушылар одағының жиналысында Әнуар Әлімжановтың тарапынан қатты сынға ұшыраған екен. Содан соң ба, жоқ әлде тарихқа деген қызығушылық басым болды ма, 60-шы жылдардан бастап тарихи тақырыптардағы романдар жазуға бір жола отырады. Жалпы саны 17 роман, 40-тан астам өлең жазған, 7–8 дастандары бар.

Шығармаларында шындық бұрмаланбай тура жазылған. Мысал үшін, биыл Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлайын деп отырмыз. 70-ші жылдары ғылыми талас бір пікірге келмей тұрғанда Ілияс Есенберлин Қазақ хандығының құрылған уақыты деп ХV ғасырды көрсетеді. Хандықтың құрылу себептерін, оның бастапқы жағдайын, қандай хандар билегенін шебер суреттеп, жазады. Ол, «Омбыда жүргенде хандар мен Кенесары туралы мәліметтерді жинап, шығыс ғалымдарының еңбектерін көптеп, оқыдым» дейді.
— І. Есенберлин жан-жақты жазушы. Еліміздің орта ғасырдағы Қазақ хандығының тарихынан бастап, жаңа заман тарихына дейінгі аралықты қамтыған шығармалар жазып, өндірте еңбек етті. Тап тартысы жайлы жазылған «Айқас» романы үшін Мемлекеттік сыйлыққа ие болды. «Маңғыстау майданы», «Алтын аттар оянады» секілді жаңа заман тарихы жайлы шығармаларына көзқарасаңыз қандай?
— Өте орынды сұрақ. Менде бұл сұраққа жауап іздеп жүрмін. Бірақ менің ойымша Есенберлин өз заманының адамы бола білген. Дүниеге келіп, көзін ашқан кезі Кеңес өкіметінің орнауымен тұспа-тұс келді. 1915 жылы дүниеге келсе, 1923 жылдан бастап, жетімдер үйінде кеңестік дәуірдің тәрбиесін алып, өмірден өз орнын тапқан адам. Қарап отырсақ ол, өмір бойы Кеңес өкіметіне қарсы келмеген секілді. Мектепте жүргенде біз:
«Ленин біздің бабамыз,
Сталин біздің атамыз.
Қарсы келген жауларды,
Қақ жүректен атамыз» 
— деген өлеңді айтатынбыз. І. Есенберлинде сондай тәрбиемен өскен. Себебі Атбасардың көшесінде-мойны ырғайдай, биті торғайдай болып, аш-жалаңаш жүрген оны жетімдер үйіне апарып өткізген. Ол бала кезінде бұзық болып, көше бұзақыларына қосылып кетуге сәл-ақ қалған. Жетімдер үйінде жетіліп, білім алған соң Қарсақбайға барып, жұмыс істеді. Сегізжылдық мектепті бітірді. Қарсақбайға қайта келіп аудандық атқару комитетінде нұсқаушы болып еңбек етті. Бәрі орнында секілді.
Бірақ менің ойымша ол, есін білген кезден бастап, социалистік қоғам дегеніміз керемет, маған білім алып, адам болып қалыптасуыма мүмкіндік берді. Жоғары білім алдым, жазушы болып қалыптастым деген оймен жүрген секілді. Дегенмен, 1932–1933 жылдары Қарсақбайда нұсқаушы болып жүргенде, ауатком хатшысы Тилляевқа «елде ашаршылық, неге қазақтар қырылып жатыр. Қарсақбайда жұмысшылардың дені орыстар, олардың тұрмысы тәуір. Олардың отбасыларына қосымша тамақ беріліп жатыр. Сол паекты сәл ғана азайтып, аштан қырылған қазақтарға бөліп берсек» деп хат жазған екен. Бұл деректі інісі Раунақ айтқан. 

342260f05222b591b17278908017ec76.jpg

Інісі Раунақпен

Тағы бір айта кетер жайт ол, соғыстан кейін киностудияда жұмыс істеген. Бірақ сол кезде партиядан шығарып жібереді. Себеп, келіншегі Диляра тектінің тұқымы. Әкесі Хамза Жүсіпбеков заңгер, Әділет Халық комиссары қызметін атқарған. 37-ші жылы «халық жауы» деген жалған айыппен атылып кеткен. 

925419f47f1cce638a66d2bfa60d3bfd.jpg

Әйелі Дилярамен

Өзі жетім өскен Ілияс Диляраның басындағы анадай жайттан соң миы қатып, жүргенде, Ақмола жақта Хамзаның ағасы бар деп естиді. Іссапармен келгенде сол кісіні тауып, батасын алады. Кейін жанында жүрген жолдастарының бірі соны көрсетіп, орталыққа хат жазады. Сосын қудаланып, жұмыстан босап қалады да, филармонияға жұмысқа тұрады. Кейін сол жерде жүріп істі болып қалады.

4f066b28a14a14f3d876382cd1042e76.jpg

Филармониядағы әріптестерімен. Алдыңғы қатарда сол жақтан санағанда алтыншы отырған І. Есенберлин
— Қандай іс?
— Мәскеуде өткен филармонияның мәдениет күндерінде есептелген, ақшалардың орны жетпей қалады. Нақтылап айтсақ 3000 рубль. Бірінші болып басшыны кінәлаған соң, дүние-мүлкін сатып, орнын жабады. Араға аз уақыт салып, кей «азаматтар» бұл істі қайта қозғатады. І. Есенберлин Қарақұмға (Түркіменстан) сотталып кете барады. 
Сол жерде оның тау-кен инженері деген мамандығы көп көмегін тигізеді. Ол жерде кен орнындағы жарылыс жұмыстарын ұйымдастырады. Инженер ретінде ерекше жағдайға ие болып, келіп тұрған ажалдан аман қалады. Үш жылдан соң ақталып, бостандыққа шығады.

4b34d65ab8a0c5c7704f8b439fe4e011.jpg

Алматыға келіп, бір жола жазушылыққа бет бұрады. Кеңес өкіметіне көзсіз берілгенімен ол шығармаларында «бірақ" деген сөзді көп қолданады. Киностудияда жүргенінде Свердловскіден Пястолов дегенді директор етіп тағайындайды. Ол қазақтарға жақсы қарамаса керек. Сонда І. Есенберлин орталыққа «неге киностудияны басқаратын қазақ жоқ па?» деген мәнде бірнеше мәрте хат жазады. Елімізге кадрды орталықтан әкеліп қою, сол кезде-ақ болған. Ол, заманында-ақ осы мәселені көтерген. Кейін бұл мәселе ушығып, 1986 жылғы оқиғаға айналды ғой.
І. Есенберлиннің жазушы болуына түрткі болған Д. Қонаев. «Мұхиттан өткен қайық" романындағы бас кейіпкер Д.Қонаевтың прототипі. Тың игеру жылдарындағы кей бассыздықтарды жазып, ауыр нәрселерді көтерген. Қаншама Кеңес өкіметіне берілсе-де ұлт қамын ойлап, өзекті мәселелерді көрсетіп отырған. Ол өзінің орыс тілді екенін мойындай отырып, жинаған қазақ тарихына қатысты деректерін түгелге дерлік қағазға түсіріп үлгерген. І. Есенберлиннің кереметтігі көркем шығармаларын деректерге сүйене отырып, халық сүйіспеншілігіне бөленгендігінде. Басқа жазушылар «тілің орысша, түрмеге отырып келгенсің, шығармаларыңның көркемдігі төмен» деп бөлектесе-де, оны халық қолдады. Шығармалары шығысымен қолдан-қолға тигізбей оқылды. Қай кезде-де халық жаппай оқып, кезекке тұрып алған кітаптардың ғұмыры ұзақ болмақ.
— Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Олжас БЕРКІНБАЕВ

«Қазақстан тарихы» веб-порталы мақаланы дайындау барысында отбасылық суреттерімен бөлісіп, көмек көрсеткен жазушының қыздары Раушан және Дильфруза Ілиясқыздарына алғыс білдіреді.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?