«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Қазақ шежіресі: Сақ өркениеті

9127
Қазақ шежіресі: Сақ өркениеті
«Сақ» және «скиф» атаулары туралы. Осы екі атауда да орыстық және советтік тарихнамадан келе жатқан қателік бар. Терминде қателік болған соң арғы жағы белгілі.

Сақ өркениеті туралы жазу көптен бері ойда жүрген шаруа еді. Мырзакелді Кемел ағамның «Тұран тарихының өзегі – Алматыдағы Сақ қорғандарында» атты мақалаға пікіріңді білдірші дегені себеп болды. Мына адами құндылықтар шыр айналған заманда халқымыздың қарияларына тән тектілігін сақтаған, айналайын, асыл ағаларым менің! Өздеріңмен тілдессем бір ауыз аталы сөз естісе бір қойын сойып тастауға дайын тұратын әкем есіме түседі. Бағып жүрген қойымыз ғылым болғандықтан, әрбіреуіне бір-екі мақала жазып қызмет еткім-ақ келеді. «Қазақтың ауызша тарихын» маған Ақселеу ағам соңғы сөзін жазғызып аманат етіп кетті. Өткен жылы Әнес Сарай ағам арнайы қолқалап «Бес Мейрам» кітабына пікір жазғызды. Биыл Өмірзақ Озғанбай ағамның «Тарихи тұлғалар тағылымы» кітабына алғы сөз жаздым. Енді Ғарифолла Есім ағамның Шыңғыс хан туралы жаз деген ұсынысын орындау міндеті тұр. Аман болыңыздар, мың жасаңыздар ағаларым, сіздердің тапсырмаларыңызды орындау маған абырой!

Сақ мәселесін Қазақстан тарихына қатысы бар адам айналып өте алмайды, мен де оқулықтарды жазған кезде азды-көпті деректер негізінде шолып өтіп жүрген тақырып. Бірақ қанша жазсам да жас оқырманға дүдәмал дүниелерді беруге болмайтындықтан қалыптасқан бағдарламалар негізінде жазушы едім. Мырза ағамның ұсынысын пайдаланып осы жолы тың деректер мен пікірлерді мүмкіндігі келгенше көбірек ұсынуға күш саламын.

«Сақ» және «скиф» атаулары туралы

Осы екі атауда да орыстық және советтік тарихнамадан келе жатқан қателік бар. Терминде қателік болған соң арғы жағы белгілі. Біз қазіргі жыл санауымызға, яғни Иса пайғамбар туғанға дейінгі бірінші мыңжылдықта Жетісу мен Түркістаннан Қаратеңіз бойына, Алтай тауларынан Хорезмге дейінгі территорияны «сақ» атауына ие болған көптеген тайпалар мекендеді деп жазамыз. Шын мәнінде ирандық жазбаларда «сақ» емес «саһа». «Тарих атасы» Геродот (б.з.б. V ғ) оларды «скуз» деп атайды. Семит деректерінде бұл халық «ишгузай» және «ишкуз» түрінде кездеседі. Біз орыс транскрипциясының жетегімен әлі «скиф» деп жүрміз, мәселе көне грек әліпбиіндегі «ө» әрпінің қалай оқылатынына байланысты. 

«Саһа» атауын сақтап қалған жалғыз халық қиыр солтүстікте мекен ететін якуттар. Ендеше бұл атаудың мағынасын да ең алдымен сол тілден іздеген дұрыс. Әрине, өзге тілдерде де, соның ішінде қазақ тілінде бұл сөз кездеседі. Мысалы -асықтың сақасы (Алтын сақа), немесе «сақа адам» түрінде. Тарихи лингвистикамен ж»не этимологиямын айналысатын ғалымдар үшін ойланатын мәселелер бар.

Біз үшін маңыздысы «скуз» (ишкуз). Бұл атау тарихи әдебиеттерде «ерте темір ғасыры», «ерте көшпелілер дәуірі» деп аталып жүрген біздің жыл санауымызға дейінгі бірініші мың жылдықты тікелей оғыздармен байланыструға мүмкіндік береді. Бірақ бұл ортағасырлық оғыздар емес, байырғы (прото) оғыздар, яғни Оғыз қаған заманы. Соныменен біздің «скиф» деп жүргеніміз қазақтың ауызша дәстүрінің бас кейіпкерлерінің бірі Оғыз хан соңынан еріп әлемді билеп жүрген кезі болып шығады. 

Енді бір сұрақ, «саһа» мен «оғыз» бір-бірімен байланыса ма ? Менің пікірімше тамаша байланысады, оған якут ғылымының негізін салған П.А.Ойунскийдің еңбегіндегі: «Огус буолан аан дойдога айаатаабыт ураанхай - сахалар бу бихиги бу баарбыт» («Те самые уранхаи - саха, будучи огузами, на весь мир возвестили, это мы и есть») деген ауызша дәстүр мәтіндері дәлел (Артыкбаев Ж.О. Ағам Оғус в мифологии саха: историческая ретроспектива//Северо-Восточный гуманитарный вестник, 2016, №2(15). с.17-24).

Саһа кеңістігі

Саһа елі жайлы ең ертедегі жазба мәліметтерді біз Иранның Персеполь, Бехистун тас жазуларынан аламыз. Олар саһалардың үшке бөлінетіні жайлы баяндайды – тиграхауда – жебе бас киімділер, хаомоварга – хаом сусынын қайнатушылар, тиай – парадарайя – теңізден әрілер. Бұлардың көпшілігі Қазақстан жерін мекендеп, тамаша ескерткіштер қалдырған. Сонымен қатар Қытай деректері Шығыс Түркістан, Жетісу өлкесін ғұндар мен үйсіндерге дейін «сэ» елі мекен еткенін білдіреді. Оларды оңтүстік-батысқа қарай тықсырған юечжілер еді делінеді. Осы қозғалыс сэ (сақ) тайпаларын Орта Азия жеріне, одан әрі Солтүстік Үндістан өлкесіне жетелегені белгілі. Бұл оқиғалар б.з.б. ІІІ-ІІ жүзжылдықтарда болған. 


Б.з.б. VІІІ ғасырда саһалардың батыс бөлігі, гректер «скуз» (ишкуз) атаған тайпалар Кара теңіздің солтүстік аудандарынан киммер тайпаларын ығыстырып, грек қала-полистерімен белсенді қарым-қатынасқа түсе бастады. Киммерлердің шыққан тегі де, тағдыры да белгісіз, тарихнамада гректер «киммер» деп ишкуздарға дейінгі көшпелі тайпаларды атаса керек деген пікір бар. Геродот ишкуздардың Солтүстік Кара теңіз маңы мен Алдыңғы Азияда пайда болуы жайлы: «Басында көшпелі скуздер Азияда тұрған, кейін массагеттермен соғыста жеңіліп, Аракс өзенінен өтіп, киммер жеріне өтті...»,- дейді. Атақты саяхатшы, эллин жиһангезі Аристей де скуздердің Еуропа жеріне келуі өз ара соғыстардың нәтижесі екенін айтады. 

Дәл осы уақытта Қырым мен Кавказды бағындырған саһалардың алдыңғы топтарының Ишпақай бастап Алдыңғы Азияға келгені анық. Антика тарихшыларының айтуы бойынша, олар осы жерлерге Каспийдің батыс жағалауы мен Кавказ арқылы жеткен. Көшпелілердің мықты топтары Иран, Кіші Азия арқылы Египет территориясына дейін жетті де, перғауын олардан сақтану үшін салық төлеуге мәжбүр болды. Сол кездегі ең ірі әлемдік державалардың бірі Ассирия скифтермен одақ құрғысы келді. Патша Ассархаддон скиф көсемі Партатуаға қызын әйелдікке бермекші болды. Мидиялықтар мен басқа да батыс Иран тайпалары скифтерге тәуелді болған. Геродот Ишпақай көсемнің заманында сақтардың жиырма сегіз жыл бойы Таяу Шығыста жорықта жүргенін жазады.

Бұл жерде біз Иранды билеген Ахеменид әулетінің шығу тегін еске алуымыз керек. Деректерге қарағанда атақты Кир патша жоғарыда аталған Ишпақайдың жиені болып саналады. Осыдан кейін Кир патшаның ишкуз даласына келуі себебі анықталмайды ма ?! Дала халықтарының Шығыста құрған мемлекеттері мықты болғанымен, билеуші әулеттерінің өздерінің тарихи отанымен байланыс іздеуі заңды. Б.з.б. VІ ғ. Ахеменид әулетінің патшалары үш рет өз әскерлерін оғыз даласына жорыққа бастады. Бірінші рет Кир-Яксарттың (Сырдария) бойында Күрестас қала бекінісін тұрғызды. Екінші жорығында Каспийден шығысқа қарай мекендеген массагеттерге аттанып қаза болды. 

Сонымен Саһа кеңістігі дегеніміз бүкіл Еуразиялық далалық аймақ болып шығады. Оның солтүстік шекарасы Мұзды мұхитпен шектессе (Саха елі), оңстүстігі Ауғанстан, Иран, Ирак жері (Сакистан). Шығыс Қытай болса, батысы -Қырым, Кавказ, одан әрі Еуропаның орталық бөлігі. Шығыс Германиядағы «Саксония жері» саһамен байланысты болса, оның таң қалатын ештеңесі жоқ. Біз жоғарыда баяндаған Кир туралы әңгімелерді гот тарихшысы Иордан өз аталарының басынан кешкен тарих қылып баяндайды (Иордан. О происхождении и деяниях гетов. /Вступ. статья, перевод, комментарий Е.Ч.Скрижинской. - М., 1960).

Ерте көшпелілер мәдениетінің дамуында әр түрлі территориялық өзіндік ерекшеліктер байқалады, бұл сірә, нақты тарихи жағдайларға байланысты болса керек. Археологиялық қазба жұмыстары қазақ жерінде қалыптасқан мәдени жоралғылардың өзге де аймақтарға әсерін аңғаруға мүмкіндік береді. Саһа-ишкуз мәдени үлгілері Сарыарқа сияқты қордалы жұртта қалыптасып барып, кейіннен өзге өлкелерге тарай бастады деген пікірдеміз. Оның басты дәлелі Рашид-ад-дин мен Әбілғазы жазатын Қара ханның жұрты: «Алаша хан, оның баласы Моңғол, оның баласы Қара хан, оның баласы Уыз хан (Оғыз)... Қара хан әкесінен кейін бүкіл елге патшалық құрды. Жазды күні ол Ер тақ және Кер тақ деген тауларды жайлар еді, қазіргі күні бұл таулар Ұлы тау және Кіші тау атанады. Ал қыс түскен кезде Қарақұмды және Сыр өзенінің жағасын қыстар еді». 

Осы аймақты жағалай орналасқан перифериядардан біз Пазырық, Берел, Бесшатыр, Есік, Шілікті, Түгіскен, Кубан, Қырым қорғандарын көреміз. Оңтүстік Сібірлік «Қарасұқ», «Тағар» мәдениеттерінің тек Солтүстік Қытай облыстарына ғана емес, сонымен қатар Маньчжурияның далалы аймақтарына дейін, Амур және Кама жерлеріне дейін әсер еткені жөнінде мәліметтер бар. Осы дәуірде ерте көшпеліліерде қолданыста болған алтын бұйымдардың Қытай мен Жапон аралдарына жеткені жазылып жүр.

Ишкуздар қазақ этногенезінде

Ерте көшпелілердің шығу тегін және этникалық тарихын түсінуге тарихи-генеалогиялық аңыздар үлкен мүмкіндік береді. Ишкуздардың айтуынша, олар барлық халықтардан жас және шығу тегі былай: «бұрын адам аяғы баспаған олардың жерінде Тарғытай атты бірінші адам туған; Тарғытайдың ата-анасы деп Зевс пен өзен құдайының қызы Борисфенаны айтады. Сонымен, Тарғытай шыққан тегі осылай, олардың айтуынша, ал одан үш ұл туған: Липоксай, Арпоксай, кенжесі Колаксай. Олардың заманында скуз жеріне аспаннан алтын заттар түскен: соқа, мойынтұрық, айбалта және тостаған. Ағайындылардың үлкені бұл заттарды бірінші көріп, жақындап, алайын деп ұмтылғанда, алтын жалындап, оны жолатпапты. Ол кетісімен екіншісі жақындап еді, алтынмен жаңағы тағы қайталанды. Соныменен, алтын жалындап, өзіне оларды жақындатпады, бірақ үшінші бала, ең кенжесі, жақындағанда алтынның жануы тоқтап, ол алтынды өзінің үйіне алып барды. Үлкен ағалары осы таңғажайып оқиғаның мағынасын түсініп, бүкіл патшалықты кенжесіне берді. Сөйтіп, енді Липоксайдан қазір «аухат» атанып жүрген скуз руы тарады, ортаншысы Арпоксайдан «катиар» және «траспи» атанғандар. Ал кенжесі Колаксай патшадан: «паралат» аталатындар тарады». 

Тарғытай, гректердің жазуына қарағанда, Дарий патшадан мың жыл бұрын өмір сүрген, яғни біздің заманымызға дейінгі ХУІ ғасырларда. Мүмкін, «мың жыл» деген бұл жерде тым ерте заман деген мағынаны беретін болар. Қарап отырсаңыз ғұндар да қытайларға өздерінің патшалық тарихы мың жылдан асатынын айтқан. «Шицзы» жылнамасын құрастырған қытай тарихшылары «ғұндардың (хунну) мыңжылдық тарихы бар» деп жазады. «Олардың атасы Хяхэу – шы үйінің ұрпағы Шуньвэй... Шань – жун, хянь – юнь және хуньюй тайпалары Тхан және Юй патшалары кезінде өмір сүрген. Бірінші әулет – Яо патша – империяның билік басында б.з.б. 2357 жылы, екіншісі – б.з.б. 2255 жылы тұрды» деген де пікір бар. 

Бізге қызығы саһа-ишкуз қарияларының үштік әкімшілік -территориялық жүйені Тарғытайдың үш ұлынан алып шығуы. Бұл қазақтың Алаша хан туралы аңызын еске түсіреді және екі ортада жалғастық барын сөзсіз дәлелдейді. Бұл ежелгі аңыздар Еуразияның Ұлы даласының саяси билігінің басында тұрған этноарх Тарғытай және Алаша хандардың немесе олардың балалары мен ізбасарларының билік етуін әфсана түрінде сипаттап көшпелілердің этникалық жүйесінің үштік сипатын орнықтырды. 

Жоғарыда біз үш жүздік құрылымның түп негізі саһа-ишкуз заманында қалыптасты дедік. Ахеменид жазбаларындағы саһалардың үш үлкен тобының аталуы да осыны дәлелдейтін сияқты. Ал ерте көшпелілердің этникалық құрамы қазақ халқына қаншалықты жақын? Персеполь жазуында Ахеменидтерге тәуелді ірі халықтардың бірі деп дайлар көрсетілген. Александр Македонский кезеңінде Танаистан (Дон) келген дайлар алдымен соғысып, кейіннен Александрдың әскері құрамында Үндістанға жорыққа қатысқан. Антика деректерінде саһа-ишкуздарды батысқа ығыстыратын массагеттердің де осы жорыққа қатысы бары айтылады. Олар аттарына мыстан жасалған көбе сауыт кигізеді деп жазады Геродот. Массагеттерді қазақ жерінен батысқа дайлардың ығыстырып шығарғаны және герман тарихшылары оларды өз ата-бабасы санайтыны анық. 

Егер германдықтар массагеттерді бабамыз десе, біз неге дайларды қазақтың атасының бірі дей алмаймыз ?! Б.з.б. ІІІ ғасырда дайлар Ишкузияның батыс бөлігінде үстем тайпаға айналды. Олардың бір бұтағы Аршак бастап б.з.б. 238 жылы Иран-Түркменстан жерінде Александр мұрагерлерін ауыстырып жаңа империяны құрды. Енді бір қызық мәселеге келейік. Саха-якуттың Елдей батыр (Эллейада) туралы эпикалық жинағында «Эр-Соготох-Эллэй батырдың» әкесі Арсаах туралы айтылады: «его отец, как рассказывают, происходил из татар. Отца его звали Арсаах, он бежал с сыном от войны. Воевали татары и русские. Последние победили. Арсаах прибыл к верховьям нашей реки верхом на жеребце…». Бұл Арсаах б.з.б. 250‒224 жылдары Парфияны билеген әулеттің атасы болуы мүмкін бе? Біз әбден мүмкін дейміз. 

Оның дәлелі жоғарыда айтылған Елдей батыр (Эллей, Елтай, Алтай) туралы эпикалық хикаяларда. Қазақ шежіресінде Елтай батыр әңгімесі үш үлкен тайпаға қатысты қайталанады. Оның бірінішісі Адай, екіншісі -Баганалы-Балталы Найман, үшіншісі -Алтай Арғын. Бірінші жағдайда Елтай батыр келіп Байұлының қызын алады да одан Адай деген ел тарайды, екінші жағдайда Елтай батыр (Ел ата) Найманның жесірін алады да одан Бағаналы-Балталы тарайды, үшінші жағдайда Елтай батыр (Алтай батыр) Қанжығалы Пішпекбайдың қыздарын алады да «Арғын болсаң -Алтай бол» дейтін бір қауым ел тарайды. Бұл аңыздарды тереңнен тәржімелесек біз Байұлы, Найман, Қанжығалы атауларынан оғыздық (саһа, ишкуз) субстратты, ал Елтай (Элдей, Алтай) батыр атауынан ғұн заманындағы ұлы жауынгер көшті көреміз.

Енді Қанжығалы Пішпекбайға келейік. Қазақ шежіре -аңыздарында Ішпекбай-Пішпекбай дейді: «Пішпек бай Ақкөл-Жайылмада екен. Ішпек бай, Пішпек бай деген екі ағайынды байлар екен... Алтай жігіт күнінде жүгенін беліне байлап алып, жаяу барып, Қанжығалы Пішпек байдың жылқысын баққан. Сонда Пішпек бай іңірде өз қолынан арқандаған атын түні бойы қарап, орнынан таба алмай, әуре болады екен. Таң атса, шөптің отында, судың тұнығында арқандаулы тұрғанын көреді екен. Алтай жылқының өрісінен келіп, байдың арқандаған атын бір түнде үш жылжытып арқандайды екен. Малға аса жаны ашып қарағандығы байдың көңіліне ұнап, Алтайға әбден ден қойыпты...».

Осы аңыздағы Ішпекбай саһа-ишкуздардың Мысырға қарай бағытталған, Ассирияны бағындырған 28 жылдық жорығындағы Ишпақайды еске түсіреді. Бір қарағанда ертегі сияқты көрінгенімен, бұл жерде Қанжығалының саһа-якуттың Қанғалас ұлысымен аттас екенін еске алу керек. Сонымен бірге Ішпекбай-Пішпекбайлардың атасы атақты Толыбай сыншыны да ұмытпауымыз керек. Толыбай сыншы қазақтың аңыз-жырларында Көрұғлының атасы делінеді, яғни саһа-ишкузга дейінгі Хет дәуірінде өмір сүрген тұлға (Артықбаев Ж.О. Казахское историческое сказание о Толыбай сыншы, родоначальнике племени канжыгалы (канглы, хангаласов)//Сибирский сборник: сборник статей. Отв.ред. А.И.Маслюженко, З.А.Тычинских. Вып.3, Курган, 2015. с.4-15). Біздің ойымызша Қанжығалы-Қанғалас қаңлы қауымдарының солтүстік бөлігі. Жалпы «қаңлы» атауы дала деген мағына береді, ал «жыға» билік белгісі, яғни далалық көсем әулетті қаңлылар. Олай болса «саһа», немесе «ишкуз» атанған алып конфедеративті қауымның тарихына қаңлылардың тікелей қатысы бар. Міне, жіптің бір ұшына да шықтық.

Осы оқиғалардың барлығын қазақ шежіре деректері ерте көшпелілер дәуірімен, аты аңызға айналған Оғыз хан есімімімен байланыстырады. Әбілғазы баһадурдың айтуы бойынша, Оғыз хан көптеген елдерді басып алып, «басы Сайрам, аяқ жағы Мысыр болған бүкіл аймақтарда билеушілерді тағайындап, өз жұртына оралды».

Басқа да естеліктер

Скуз-саһа дәуірі Шығыс Европа, Батыс және Орталық Азия кеңістігіне тараған жарқын мәдениетті туғызды. Бұл кезеңде Еуразия халықтарының шаруашылық- мәдени қатынастары тереңдеп, сауда айналымы күшейді. Ерте көшпелілер заманында әлемнің әр түкпіріне бағытталған әскери жорықтар кәрі құрлықты тұтастандырып, қатаң тәртіпті қалыптастырды, қолөнершілердің бөлінуі мен қалалардың көбеюіне әсер етті.

Еуразиялық далалық алқап саһа-скуз дәуірінің жәдігерліктеріне толы. Олар қалалар, үлкен қолөнер орталықтары т.б. Шірік Рабат қаласын қазу кезінде 600 метр диаметрі бар елді мекен табылды, оның жан-жағында ор қазылып, екі қатар қабырғасы болған. Үйлер бекіністің іші мен сыртында салынған. Елді мекендерден біраз қашықтықта қыш күйдіретін пештері орналасты. Бұндай отырықшы өмір салтымен қатар мал шаруашылығы да жақсы дамыған. 

Ерте көшпелілер қысқа ыңғайлы жерлердің барлығын игерді де тұрақты қоныс салды, бір қызығы ол қоныс орындары кейінгі қазақ көшпеліліеріне де қыстау ретінде қызмет атқарды. К. Ақышевтың айтуынша, көшпелі мал шаруашылығы өмір сүрген бірнеше мыңжылдықтар бойы жақсы тұрақтар ауыстырылған жоқ. Осылайша, ерте көшпелілердің белгілі басшысы Оғыз хан өзінің туған жұрты Ер-тағ және Кер-тағ (яғни Орталық Қазақстанның Ұлытау және Кішітау аталатын жерлері) тауларына әлемнің талай мемлекеттері мен ұлыстарын алса да қайтып оралатын. 

Олардың материалдық мәдениеті жөнінде антика және парсы деректері (Персеполь, Амудария қазынасы) жақсы мағлұмат береді. Скуз-саһалар арба үстіне орнатқан киіз үйлерде (араба-тұра, күйме) өмір сүрді. «Әйелдері мен балалары тұратын» күймелерде олар далада көшіп-қонып жүрді, ал екі аяқты күйме арбаларды әскери жорықтар кезінде пайдаланды» дейді деректер. Үлкен күймелерді «тұра» деп атау осы кезеңде қалыптасқан болуы керек. Егер әңгіме скуз-саһалардың руханияты мен білімі туралы болса, оның бір жұмбағы Есік қорғанынан табылған күміс тостағандағы руникалық жазу. Ерте көшпелілер аруақтарға, отқа, жылқы мен күнге табынды. Басты құдай – Күн болды. Бұл кезеңде салынған көптеген петроглифтерде басында күн бейнесі орналасқан жан иесін бейнеленген. Геродоттың айтуы бойынша аруақтарға арналған құрбандық қорғанның маңында шалынады. Құрбандық шалушы адам құрбан малдың аяғын байлап құдайына жалбарынады. Құрбандыққа малдың әр түрі шалынған, әсіресе жылқы малы. Орталық Қазақстандағы Тасмола мұртты қорғандарында жылқы қалдықтары көптеп табылды. Бұл мәдениеттің «мұртты қорған» деген атпен белгілі болу себебі – қорғаннан шығысқа, шыққан күнге қарай екі тас мұрт шығады. 

Көп уақыт бойы батыс ғалымдары скуз-саһалардың өнер ескерткіштерін солтүстік Қара теңіз қала-полистерінің тұрғындары жасап шығарды деп ойлады. Кейін «аң стилінде» жасалған бұйымдар Қазақстанда, Оңтүстік Сібірде, Орталық Азияда және солтүстік-батыс Иранда табылды. Әр уақытта еңбек құралдары басқа аймақтарға баяу жайылады, себебі аборигендік мәдениет сырттан келген жаңалықтарды әрдайым қабылдай бермейді. Қазақстанның ежелгі металлургиясын зерттеу негізінде А.Х.Марғұлан: «Орталық Қазақстан мен Сібірде мыс индустриясының негізін қола дәуірі тайпалары салды, олардың шаруашылығында екі сала айқын көрінді: мал шаруашылығы және кен өндірісі... Қола дәуірінің соңғы ширегінде тайпалар көшіп-қонудың радиусын ұлғайтты. Бұл сақтар, массагеттер, аргипейлер, аримаспылар, исседондар және т.б. тайпалар кірген алғашқы ірі одақ болды. Сақтар әлі күнге дейін белгісіз темір рудасын балқытудың тәсілін білетін» қорытындыға келді.

Саһа-ишкуз заманы - адамзат баласы үшін өте маңызды кезең. Б.з.б. VІІІ-VІІ ғасырларға дейін әлемнің қай өлкесі болмасын өз бетінше, бейтарап дамып келсе, осы уақыттан бастап күрт өзгерістер басталғанын сезінеміз. Сондықтан Еуразиялық кәрі құрылықтың ортақ рухани жаңалықтары туған дәуірді К. Ясперс «белдік уақыт» деп те атайды. Осы әлемдік жарысқа Еуразия ішкі өлкесін мекендеген байырғы оғыз тайпалары елеулі үлес қосты. Олар Батыс пен Шығысты бір-бірімен араластырып, өркениет жетістіктерін үйлестіріп отырды. Көшпелілер Еуразиялық деңгейде рухани салт-дәстүрдің, дүниетанымының қалыптасуына тікелей ықпал етті. Мемлекеттің өзі де ол заманда көшпелілердің отырықшы елді бағындырып, басқару жүйесін жасауымен тығыз байланысты еді.

Жамбыл АРТЫҚБАЕВ, тарихшы-этнограф