Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қыпшақ тілінің құдіреті

3319
Қыпшақ тілінің құдіреті  - e-history.kz
Қазіргі таңда ағылшын тілі халықаралық тіл болса, XVI-XVII ғасырларда Шығыс елдеріне барғысы келетін еуропалықтар қыпшақ тілін білуге міндетті болған

VIII ғасырда алуан тілді авторлардың шығармаларында Шығыс Еуропаның славян халықтары половецтер немесе печенегтер, Батыс Еуропаның латын тілді халықтары құмандар. Шығыста – қыпшақтар, кейінірек араб елдерінде мәмлүктер деп атаған тайпа пайда болды. Алғашқы рет қыпшақ этонимі Селенгадағы 759 жылы жазылған таста кездеседі. Негізінен қыпшақ тайпаларының 5 тобы бар. Соның бірі Қазақстан-Орал бойы қыпшақтары бұған сақ және Еділ-Жайық тобы да кіреді.

Л.Гумилевтің ХІ ғасырда түркілердің аса ірі этнос ретінде тарих санынан шығып қалғандығы жөніндегі тұжырымы белгілі. Дәл осы кезде олардың орнын қыпшақтар басады.

Ол алғаш парсы ақыны Насир-и Хұсраудың дастанында (1030 ж.) аталады. Орыс жылнамаларында “Қыпшақ даласы” деп шығыста Еділге, батыста Днепрге дейін созылып жатқан жерлерді атаған. Іс жүзінде қыпшақтар қонысы Карпат тауларының орманды бөктерлеріне дейін жеткені тарихи деректерден мәлім.

Енді қыпшақ тілінің үстем болғандығының дәлелін келтірсек: 

Дешті Қыпшақ Еуропадағы теңіз жолдарынан тәуелсіз болған алғашқы ел болды. Оның өз заңдары мен ережелері, түркі тілі үстемдік етті. Византия мен Скифияда іс-қағаз бес ғасырға жуық осы тілде жүргізілді.

Егер қазірде ағылшын тілі халықаралық тіл болса, XVI-XVII ғасырларда Шығыс елдеріне барғысы келетін еуропалықтар мемлекетаралық тіл рөлін атқарған қыпшақ тілін білуге міндетті болған.

Түркі тілдерінің негізгі бөлігінің түп тамыры – қыпшақ тілінде осыдан 700 жыл бұрын Алтай мен Дунай арасын мекендеген халықтың бәрі сөйлеген. Тіпті сұлтан Бейбарыс билеген тұста бұл тіл Мысырда да қолданыста болғаны тағы бір дәлел.

Алтын Орда дәуірлеп тұрған кезде қыпшақ тілін білмеген адамның күн көруі қиын болған. Осы жөнінде бір жазба ескерткіштің қолтаңбасына көз жүгіртсек Кефеде тұратын бір саудагер баласына үлкен ісін мирас ете отырып, Ұлы Жібек жолында қалай саудамен айналысу керектігін үйрете келе, ұлына былай деп жазады: «Жібек жолына керуеніңмен аттанбас бұрын алдымен сақалыңды өсіріп, шашыңды тақырлап алып, қызметші және екі күң жалдап және қыпшақ тілін үйренуге тиістісің». Қыпшақ тілінің маңызы осыдан-ақ аңғарылмай ма?

Қыпшақ тіліндегі ең алғашқы кітап 1588 жылы Львовта шыққан, ол кәдімгі адамдарға арналған дұғалар. Давид патша орта ғасырда грузиндер мен армяндарды билеп тұрған тұста 40 мың қыпшақты жалдамалы жауынгер ретінде алдырған, ол әскерлер Кавказда тұрақтап қалған. Бұдан түйетін ой тау халықтары арасында, әсіресе әзірбайжан халқында қыпшақ диалектісі бар.

Тағы бір дәлел Мәмлүктер билік басына келгеннен кейін, 1517 жылдан бастап 1811 жылға дейін Мысырда қыпшақ тілі араб тілімен тең қолданылған.

Қыпшақтар орта ғасырларда Иран, Ауғанстан, Үндістан, халықтарымен тығыз рухани-мәдени-экономикалық қарым-қатынаста болған. Олар Мысырда ғана емес, аты аталған елдерде де тұрып, олардың саяси өміріне белсене араласқан. Бәлкім, ұзақ жылдар бойы Үндістанға билік жүргізген Захир-ад-Дин Бабыр "Қыпшақ бекінісі", "Қыпшақ асуы", "Қыпшақ қыраты" деген атауларды бекерге қолданбаған болар.  

Даңқы алысқа кеткен қыпшақтардың бірі Балх қаласында 1695 жылы туған Қожамқұл бек Балхи (Қыпшақ хан) болып табылады. Ол "Тарих-и-Қыпшақ" (Қыпшақтар тарихы) кітабының авторы ретінде мәлім. Бұл еңбектің құндылығы онда XV-XVI ғ.ғ. қазақ тайпалары туралы, Әмір Темір, Ұлы Моғолдар,Шайбанидтар және т.б. ұрім-бұтағы турасында мәліметтер келтірілуінде жатыр. Аталған шығарманың қолжазбасының әртүрлі нұсқалары бүгінде Лондонда,Парижде,Ташкентте және Санкт-Петербургтің Шығыстану институтының қолжазбалары қорында сақтаулы.

Қыпшақ тілінің келесі құдіреті «Кодекс Куманикус» XIII-XIV ғ.ғ. дүниеге келген алғаш жазба. Ол 164 беттен тұратын қыпшақтар халқының сөздігі. Осыған байланысты бір дерекпен бөліссек 1362 жылдың тамызында Қайта өрлеу дәуірінің атақты ақыны Франческо Петрарка Венециядағы Әулие Марктың храмына көп кітап сыйға тартады. Олардың ішінде VIII-IX ғ.ғ. қолжазбасы да болған. Мұқабасында латынша «Codex Cumanicus» (Кодекс Куманикус) деген жазу бар, бірақ авторы көрсетілмеген.Мамандардың пікірінше, бұл кітап Қара теңіз маңындағы қыпшақтардың қаламынан туындаған.

Тарихи деректерге сүйенсек, «қыпшақ» және «қазақ» деген ұғымдардың қатар шыққанын байқаймыз. Әрине «қазақ» сөзіне қатысты сан қилы пікірлер бар, дегенменде Дешті Қыпшақтың Алтайдан Дунайға дейінгі алып жатқан кең байтақ қазақ жері екендігіне ешкімнің күмәні жоқ.

Дәулет ІЗТІЛЕУ 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)
 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?