«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Қазақ өнерінің қырмызы- Гүлдер ансамблі

7732
Қазақ өнерінің қырмызы- Гүлдер ансамблі
«Гүлдер» ансамблінің қыздарына қарап әр қазақтың қызы бой түзейді

Дәл осы күні 1969 жылы Қазақстанның халық артисі Гүлжихан Ғалиеваның ұйымдастыруымен «Гүлдер» - республикалық мемлекеттік эстрадалық жастар ансамблі құрылды. Сонау 60-шы жылдардың соңында қазақ эстрадасында тұсауын кескен «Дос-Мұқасан» ансамблі жігіт атаулыға шаш қою мен серілік дәуреннің мектебі болса, «Гүлдер» ансамблінің қыздарына қарап әр қазақтың қызы бой түзеді. Жарты ғасырға жуық тарихы бар ұжым нәзік жандылардан құрылған қазақ өнерінің гүлжауһары іспетті. 

Қазақ эстрадасының бетке ұстарына айналған «Гүлдер» ансамблі ешкімге еліктеген жоқ. Бүгінде ол - өзіндік қолтаңбасы бар, ұлттық бояу-бедері қалыптасқан шоғырлы жұздызды ұжым. Шетелдерде өнер көрсетіп, талайлардың таңдайын қақтырған ұлттық ансамбль болашақта биік белестерді бағындырып, қазақтың салт-дәстүрін дәріптей бермек. 

Ансамбльдің құрылуын өз көзімен көргендер ол туралы немерелеріне жүздері нұрлана әңгімелейді. Ал жастар, әсіресе атақ пен даңқты армандайтын буын би ансамблінің таңғажайып жетістігінің тарихын аузының суы құрып тыңдайды. 

68b8fc5ecea9bea7b2b2bb866b1d2ec8.jpg

"Гүлдер" ансамблінің бұрымды бишілері

Енді тарихын баяндайық. Ұжым 47 жыл бұрын құрылды. Сол уақыттан бері оның құрамы сан өзгерді, алайда оны жоғары кәсібилігі ерекшелеп, шоқтығы әрдайым биік болды. Сонымен, «Гүлдер» ансамблінің мектебінен ҚазКСР халық әртісі, әнші Сара Тыныштығұлова, аса танымал әнші, халықтың сүйіктісі, алтын дауыстың иегері, халық әртісі Роза Рымбаева, Қазақстан Республикасының халық әртістері Нағима Есқалиева, Қанат және Айткүл Құдайбергеновтер, Меңтай Өтепбергенов, Бақтияр Тайлақбаев, танымал әртістер әрі тамаша әншілер Сембек Жұмағалиев, Айжан Нұрмағамбетова, Жеңіс Ысқақова, Бақыт Шадаева және т.б. өтті. Барлығы өздерінің өнер жолдарын осы ұжымнан бастап, осы жерден тәлім-тәрбие алды. 

60a8650368ce55dea980ed32e8f08b66.jpg

"Гүлдер" би ансамблі қазақ циркінің ашылуында өнер көрсетуде (1972 ж)

«Гүлдердің» арқасында Қазақстанның өнері туралы айтыла бастады... Сондай құрметпен айтты. Ансамбльге мүше-қыздарды байқамау мүмкін емес еді. Қайыңдай тербелген қазақ қыздарының өнерін бүкіл әлем таныды. Ансамбль Еуропаға, Азия мен Америкаға қазақ өнерін паш етті. Алайда олардың өнерін нақ сүйетін халық әрине Отанымызда еді. Бүгінде «Гүлдер» ансамблі Қазақстанның қалыптасу тарихының бір бөлігіне айналды. Сондай-ақ кезінде билеп, сүйікті ансамбльдің музыкасымен өмір сүріп, ғашық болған ата-аналарымыздың дәуірі солармен байланысты... 

Дәулет ІЗТІЛЕУ

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)