Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Зерттеу тобының тарихи экспедициясы өз нәтижесін беруде

1518
Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті жасақтаған тарихи экспедиция бір аптада 40 елдімекенді аралады.

Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті жасақтаған тарихи экспедиция бір аптада 40 елдімекенді аралады.

 Ғалымдар мен студенттерден құралған топ өңірдің тарихы мен халқы туралы зерттеу жүргізді. Ел аузындағы аңыз әңгімелерді тыңдап, ауыл ақсақалдарының есінде қалған ескі өлеңдерді таспаға жазып алды. Бұлардың барлығы енді жіті зерттелетін болады. Мәштексай ауылына жақын жерде Төребай бейіті бар. Төребайдың өмірден өткендігі туралы аңызды Жаңақала ауданы ақсақалдарының барлығы біле бермейді. Ерекше технология бойынша салынған мазар бүгінгі күнге дейін сақталған. Осыдан 300 жыл бұрын атағы жерді жарған Есенгелді деген байдың жалғыз баласы қайтыс болады. Аңыз бойынша жігіттің ажалы өзінің тұлпарынан болған. Сол кезде әкесі баласының басына құрамында аттың қылы мен бие сүті қосылған кірпіштен мазар тұрғызуды тапсырған деседі. Енді көне ескерткіш қайта жөндеу көрмек. Сонымен қатар зерттеушілер аты аңызға айналған ақын әйел Білектің бірнеше шығармасын жазып алды. Бүгінде бұлар Қазақстан ғылым академиясының әдебиет институтында сақтаулы тұр.

Серікқали Шарабасов, М.Өтемісов атындағы БҚМУ профессоры, филология ғылымдарының кандидаты:

- Төребай бейіті туралы аңыз бір жақсы жазушы не ғұламалардың қолына түссе, керемет эпос немесе жақсы роман, поэманың сыралғысы болатын шамасы бар. «Халық тарих толқынында» бағдарламасы ғалымдардың үлесімен қатар халық жадысын, қолындағы дүниесін, қала берді жан дүниесін ашуды қажет етеді.

Табылған тарихи жәдігерлердің ішінде көне әшекей бұйымдар, тұрмыстық заттар, майдангерлердің хаттары, құжаттары және қолжазбалары бар. Сонымен қатар осы өңірде өмір сүрген тарихи тұлғалар туралы да деректер табылды. Мәселен, Жәңгір ханның төртінші қызының бейіті анықталды. Ал тарихта хан Жәңгірдің 3 қызы болған деп көрсетілген. Ауыл мектептерінің мұражайларында тарихи заттар сақтаулы. Университет ұстаздары құнды жәдігерлердің біразы тұрғындар қолында екендігін айтты.

Абат Қыдыршаев, «Махамбет» халықаралық ғылыми-зерттеу орталығының директоры:

- Хан ордасы төңірегінде 40 шақырым жерде Аймекен ашығы деген жер бар. Сол Аймекен ашығына қатысты халықтың жадында жатқан алуан аңыздардың желісін таптық деп айта аламын. Осыған қосымша сол өңірдегі бақсы-балгерлер, сынықшылардың, жалпы сол кісілерге қатысты ел арасында жыр қылып айтылып жүрген мәліметтерді жинақтап қайттық.

Махамбет Өтемісұлының сауыты батыр ұрпақтарының қолында екен. Қазір мұражайға өткізу үшін келіссөздер жүргізілуде. Алжиналған тарихи заттар зерттеліп жатыр. Ғалымдар мен студенттерден құралған зерттеу тобы мұнымен тоқтамақ емес.

Дерек көз: 24.kz
Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?