Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы басталды

3060
Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы басталды - e-history.kz
Бүгін Әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдық мерейтойын атап өту шаралары ресми түрде бастау алды.

 

Биыл елімізде Шығыстың ғұлама ойшылы, математик, астролог, музыка теоретигі, Аристотельден кейінгі екінші ұстаз атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің  1150 жылдық мерейтойы аталып өтіледі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы қаулы қабылдап,  мерейтойды дайындау  және өткізу жөніндегі арнайы мемлекеттік комиссия құрылған болатын. Өз кезегінде мем комиссия мерейтойды атап өтудің республикалық деңгейдегі жоспарын жасап шықты. Онда республикалық және өңірлік деңгейде өтетін 50-ден астам іс-шара көзделген. Бұлардың ішінде  халықтық барлық буынын қамтитын арнайы жобалар, ғылыми талдаулар, қоғамдық маңызды және мәдени-бұқаралық іс-шаралар бар.  

Сондай-ақ, Астанада ЮНЕСКО, ТҮРКСОЙ және ИСЕСКО аясында Әл-Фараби және әлемдік өркениет» атты халықаралық ғылыми симпозиум өткізіледі деп жоспарланып отыр. Оған отандық және шетелдік жетекші ғалымдар, жоғары оқу орындарының басшылары және тағы басқа шақырылады. Айтпақшы, Түркістан облысында арнайы арт-фестиваль ұйымдастырылып, оның аясында қолөнершілердің жәрмеңкелері, ұлттық ойындар бойынша жарыстар мен мерекелік концерттер өткізілмек. ЮНЕСКО-ның атсалысуымен гуманитарлық білім саласындағы әлемнің жетекші сарапшылары қатысатын халықаралық конференция өткізу жоспары тағы бар.

Жалпы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілетін әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдық мерейтойы Президент бекіткен арнайы Қаулыға сәйкес ресми бүгін бастады. Жоспарға сәйкес бүгін Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті базасында  «әл-Фараби» атындағы халықаралық орталық ашылуы тиіс.

Қазақ топырағынан шыққан ұлы данышпанның толық аты-жөні  - Әбу Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Тархан әл-Фараби.  Әл-Фараби бабамыз 870 жылы қазіргі Отырар деп аталатын Фараб қаласында дүниеге келіпті. Бұл қала кейіннен арабтардың ықпалымен  "Барба-Фараб" деп аталып кеткен. «Сол себепті «әлемнің екінші ұстазы» атанған ойшылды Әбу Насыр Әл-Фараби, яғни Фарабтан шыққан Әбу Насыр атанған» дейді зерттеушілер.

Тарихи деректерде Отырар қаласы IX ғасырда тарихи қатынастар мен сауда жолдарының торабындағы аса ірі мәдениет орталығы болған. Әл-Фараби дәулетті отбасынан шыққан. Әкесі әскербасы болатын.   Ештеңеден кемдік көрмей өскен айрықша дарын иесі Әбу Насыр бала күнінен ғылымға үйір болып өскен. Алғашында Бұхарада, Самарқанда білім алады, одан кейін Хамадан, Бағдат, Шам, Каир, Дамаск, Александрия, Мәдина, Мекке қалаларында зерттеумен айналысқан. Ақыры Бағдад қаласында тұрақтап қалады. Бұл жерде 20 жылдай тұрып, антикалық философиямен әлемдік мәдениетпен танысты. Содан кейін Шам жеріне (Бағдад) қоныс аударып, 950 жылы өмірден өткенше сол өлкеде қалады.  "Жалпы Әл-Фараби бір жерде тұрақтамаған. Ол үнемі бір қаладан екінші қалаға саяхат жасап, білімін шыңдаған. Ғұлама ойшыл бар өмірін ғылым мен білімге арнады. Біздегі мәліметтерге сәйкес, ол 70-ке жуық тілді меңгерген", - дейді профессор Жақыпбек Алтайұлы.

Әл-Фараби осындай үлкен ізденістерінің арқасында Аристотельден кейінгі «екінші ұстаз» атанады. Яғни философия саласы бойынша грек ойшылы Аристотельдің «Категориялар», «Герменевтика», «Риторика», «Поэтика», «Метафизика», «Аналитика» секілді  көптеген еңбектерін түсіндірген. Яғни грек тілінде ғана дамып жатқан ғылымның араб, парсы, түрік тілдерінде тәпсірін жасайды. Сонымен қатар, Аристотелдің әлеуметтік-қоғамдық идеяларын түсіндіріп қана қоймай дамыта білген адам.  «Кемеңгерлік меруерті», «Ізгі қала тұрғындарының көзқарасы», «Мәселелердің түп мазмұны», «Ғалымдардың шығуы», «Бақытқа жету», «Азаматтық саясат», «Мемлекеттік қайраткерлердің нақыл сөздері», «Музыка туралы үлкен трактат секілді  көптеген философиялық еңбектер жазды. Жалпы саны 150-ге жуық философиялық және ғылыми трактаттар жазып қалдырды. Философия мен логика, саясат пен этика, музыка мен астрономияны зерттеді. Мемлекет, ел басқару жөнінде ғажап тұжырымдар жасай алған. Дамаск қаласында жазып шыққан «Қайырымды қала тұрғындары» атты атақты шығармасында ол қала басшыларын «қайырымды» және «надан» деп екіге бөледі. Әрі қарай «қала тұрғындары қай кезде бақытты болады?» деген мәселеге үңіледі. «Ғалымның пікірінше, бұл шаһардың әкімдеріне байланысты. Егер әкім білімді, әділ, ойы таза болса, барлық қала тұрғыны бақытты болады. Ал қаланың әкімі надан болса, өтірік айтса, шаһардың адамдары бақытсыз болады. Әл-Фараби шын бақытқа жету үшін адам үнемі іздену керек дейді. Сондай-ақ адамның мінез-құлқы да жақсы болуы керек", - дейді Жақыпбек Алтайұлы.

Ғұлама ғалым адамзат тарихында алғаш рет ғылымға классификация жасап оны  теориялық ғылымдар және  практикалық ғылымдар деп екі топқа бөлген. Оның алғашқысына жаратылыстану ғылымдары мен метафизиканы енгізсе, екінші тобына этика, фиқһ, кәләм (исламдағы өзекті тақырыптарын қамтыған ғылым саласы) ғылымдарын жатқызған. Нақтысын айтқанда, әл-Фарабидің еңбектері еуропалық Ренессанстың өрлеуіне үлкен ықпал етті дейді ғалымдар.

Бір айта кетерлігі, әл-Фарабидің балалық, жастық шағы туралы тұщымды мақлұмат жоқ. Тек жасы елуден асқан шағында Бағдат шаһарына қоныс аударған кезінен бастап қана айтыла бастайды. Сондай-ақ, ұзақ жылдар бойы бабамыздың туған жері, ұлтына, тегіне қатысты қарама-қайшы пікірлер айтылып келді. Зерттеушілердің көбі Әбу насырдың тегіндегі Тархан сөзіне қарап қана түркі текті деп болжам жасап жүрді. Махмұд Қашқари өзінің «Диуани лұғат ат-түрк» атты әйгілі еңбегінде «Фараб қаласының түрікше атауы – Қарашоқы» деп жазады. Ал, арабтың Х ғасырда өмір сүрген әйгілі саяхатшы-географ ғалымы Әбу-л-Қасым ибн Хаукал өзінің «Саяхаттар мен мемлекеттер» деген еңбегінде «бұл шаһар – атақты философ әл-Фарабидің туған жері» деп көрсетеді. Бірақ соған қарамастан оны «өзбек», «тәжік» деп ұлтынан деп дәлелдемек болғандар да бар. Алайда, Әбсаттар Дербісәлі, Ғафур, жоғарыда атап өткеніміздей Жақыпбек Алтайұлы сынды ғалымдар «бабамыздың өмір сүрген заманында халықтар қазіргідей қазақ, өзбек, тәжік секілді жеке ұлт ретінде бөліне қойған жоқ, ол кісі түркі текті ойшыл болған. Яғни әл-Фараби бабамыз қазақ жерін мекендеген түрік тайпасынан шыққан. Бұл тайпа кейін қазақ халқының құрамына енді» деп өз байламдарын жасады.

Ақжан әл-Машани

Ақыры кеңес және араб ғалымдары арасындағы ұзақ уақыттарға созылған бұл дауға белгілі ғалым Ақжан әл-Машани нүкте қойды. Ғалымның табандылығы мен ғылыми ізденісінің арқасында әл-Фарабидің қазақ жерінен шыққандығын бұлтартпас айғақтармен дәлелденді. Осылайша осыдан тура елу жыл бұрын әл-Фарабидің 1100 жылдық  алғашқы мерейтойы Қазақ елінде аталып өтілді.

Жұрт арасында әл-Фараби айтыпты дейтін аңыз-әңгімелер мен ұлағатты сөздер өте көп. Белгілі зерттеуші Ақселеу Сейдімбек Әбу Насыр әл-Фарабидың нақыл сөздерін жинақтап аранйы еңбек етіп жариялағанын айта кету керек. Енді осы еңбектегі әл-Фараби айтыпты дейтін тәмсілдерге тоқталып өтелік:

Бір күні әлде кім Әбу Насыр әл-Фарабиге тамаша болып толыса піскен алманы көрсетіп, сауал қойыпты: «Осы алманың бітім-болмысындағы жақсы қасиет не? Түсі ме, шырыны ма, дәмі ме, әлде бітімі ме?» Сонда әл-Фараби: «Бәрінен де оның ұрығы тамаша. Өйткені, осы алманың өзі сол ұрықтан өсіп шыққан және одан бүкіл бақ пайда болды ғой!» – деп жауап берген екен.

* * *

Тарихшы Мұхаммед Хусайни еңбегінде Фараби өміріне қатысты мынадай бір қызық жайды баяндайды. Әл-Фараби бірде Дамаскідегі (Сирия) шығыс базарын аралап келе жатып, терлеп-тепшіп етік тазалап отырған балаға көзі түседі. – Балақан, осынша қиналып, маңдай теріңді төккенде күніне қанша дирхам (ақша) табасың? – дейді Фараби. Сонда бала: – Екі-ақ дирхам, – дейді мұңайып. Ұлы ғалым баланы аяп кетеді де, өзіне күн сайын Сайф ад-Даула жіберіп тұратын төрт дирхамды береді. Кейінірек сол бала Фарабидің ең жақсы шәкірттерінің бірі болған екен.

* * *

Әл-Фараби Бағдатқа келгенде оған Халифа Мұқтадид ибн-Муаффак әл-Биллах (892-902) былай деп сұрақ қояды:

– Осы сені оқудың түбіне жетіпті деп естідім, сонда сен көп білесің бе, әлде Аристотель көп біле ме?

Сонда әл-Фараби:

− Егер мен оның заманында өмір сүрген болсам, шүбәсіз оның үздік шәкірттерінің бірі болған болар едім, – деп жауап берген екен.

* * *

Ғылымның мәні туралы әңгіме өрбіген бір отырыста әл-Фарабиге «Данышпан кім?» деген сұрақ қойылыпты. Сонда әл-Фараби:

– «Данышпан кім?» деген сұраққа мен алдындағы өмірін ұмытпаған кісі деп жауап берер едім. Менің алдым – тұңғиық. Бүгін халифаның қадірменді қонағы ретінде төрдемін. Егер сынықтан сылтау шықса, ертең көрдемін ғой. Ғылым мен сопылық біріне бірі қарама-қарсы нәрсе. Ғылым – шындық, сопылық – сұмдық. Бұл – ақиқат, – деген екен.

Бұл кез Бағдат халифасы Мұттақидан әл-Фарабидің зәбір көріп, қуғынға түсіп, бас сауғалап жүрген кезі болса керек.

* * *

Жолы түсіп, туған жері Отырарға қайта оралған бір шақта әл-Фараби төңірегіне ел балаларын жинап, оларды оқытуды ниет етеді. Кешікпей-ақ, ғұлама жерлесінің алдын көруге жиналған шәкірттердің саны көбейе түседі. Сондай күндердің бірінде бір жас бала сабаққа келгенде, оның атын сұраса, айтпайды. Жас шәкірт екі қолын көкірегіне басып, тағзым етіп тұрып былай дейді:

– О, қадірлі ұстазым, өз есімімді өзім атай алмауыма мен жазықты емеспін. Ата-анам біле тұра маған сіз сияқты ұлы адамның атын қойыпты. Осы атым үшін талай рет опық жедім. Біреулер – қандай жақсы есім, Екінші ұстазға ұқсасаң игі десе, енді біреулер – қорашыл төбетті бөрбасар атаса да тазы болмас деп, мазақ етеді.

–  Жақсы, балам, есімің Әбу-Наср екен, одан әрі қалай еді? – деп сұрайды Фараби.

– Осыған Исмаил Хаммедұлы дегенді қоссаңыз болады. – Дұрыс, – дейді Фараби,

 – Әбу Наср Исмаил бин Хаммед. Бір Әбу-Наср оқытты, екінші Әбу-Наср оқыды, онда тұрған не бар. Бір Жауһариден (Ғаббас бин Саид әл-Жауһари Отырардан Бағдатқа барған математик, астроном, Бәйт ел-Хикметте профессор болған) оқыдым, екінші жауһариді оқыттым деп, мен де айтып жүрейін. Өмірің ұзақ болғай! Балам, Ғаббас Жауһаримен қандай жақындығың бар?

– Ол кісі бабаммен – туажат екен, әкеммен  – жүрежат, менімен – тумайжат болады. Біздің арғы бабаларымыз – аталас, тіптен, құлажат – бір ауыл екенбіз. Жазғы жайлауымыз бір, тайпамыз – қаңлы. Неге екенін білмеймін, көбінесе қыпшақ дейтінін естіп жүрмін, − депті шәкірт бала. Әл-Фарабиден оқыған осы бала кейін көрнекті ғалым болады. Бағдатта ұстаздық етіп, «Сыхақ фи-л-лұғат» деген кітап жазады. Осы еңбегі араб тілінің көптеген кейінгі сөздіктеріне негіз болады. Әбу-Наср Исмаил бин Хаммед әл-Жаһари (937-1003 жылдар шамасы) өз заманының белгілі қайраткері де болған. 

* * *

Бағдат халифасы Харун әл-Рашид ақындық өнер сайысы мен оқымыстылардың ой өрелестіруін мейлінше жақсы көрген адам екен. Көптеген ел басқарушылар ұлы халифаға еліктеп өткен. Бірде әл-Рашид сарайында әдеттегідей ой мен өнерсүйер қауымның бас қосуы болып жатады. Бұл қосу рәсімін ең құрметті орынға жайғасқан сұлтан Сейф әл-Дәулет басқарып отырса керек. Бір кезде хабаршы аяғының ұшымен басып жақындап келеді де, сарайға Мұхаммед әл-Фарабидің келіп тұрғанын хабарлайды.

– Есімі таныс қой, данышпанды кіргізіңдер! – деп әмір береді сұлтан. Әбу-Наср әл-Фараби залға тәжім етпестен кіргенде жиналған жұрт дағдарып қалады. – Келіп отыруыңызды өтінемін, – дейді сұлтан.

– О, ұлы әмірші, қай жерге отырайын? – дейді әл-Фараби. – Мұнда әркім өзіне лайық орынға отырады, – деп тіл қатады сұлтан. Мұхаммед әл-Фараби сұлтанға жақындап келіп, оның әрірек ығысуын өтініпті. Әміршінің сақшылары тіксініп қалады. Сұлтан қонағына орнын босатып береді де, қызметшілерін тыныштандырып, сарайдың құпия тілінде былай дейді:

– Егер бұл шынымен-ақ ұлы ғұлама болса, кешірім жасайық. Олай болмай шықса жазасын тартады. Сабыр сақтаңдар! Сонда Мұхаммед әл-Фараби жымиып күледі де:

 – Айтқаныңыз жөн, әміршім, сабырлылық әрқашан да данышпандар мен құдіреттілердің үлесіне тиген, – деп, жаңағы құпия тілде жауап қатады.

– Сіз бұл құпия сарай тілін қайдан білесіз? – деп таңырқайды сұлтан.

 – Мен жеті тіл білемін, – дейді Мұхаммед әл-Фараби. – О, сөздің қадірін білетін ұстазым, онда сөз басы сізде болсын, құлағымыз сізде! – деген екен сұлтан Сейф әл-Дәулет.

* * *

Туған жерден шалғайға жүріп,  бар өмірін ғылым-білімге сарп еткен әл-Фараби  қартайған шағында өз елінің керуен-кіре тартып жүрген адамдарын кездестіріп қатты толқиды. Ел-жұрттың хал-жағдайын тәптіштеп сұрап, көңіл орнықтырған соң, қоштасарда өзінің жан серігі – «қыпшақ» деп аталатын домбырасының бетіне: «Айналайын атам қыпшақ, Туған жерім сағындым. Өз атыңа, үрметіңе Қайда жүрсем табындым!» – деп жазып, туған жері мен еліне сәлемдеме белгі ретінде беріп жіберген екен дейді.

* * *

Бір жолы әмір сарайында әкімдер, ғалымдар мен өнерпаздар бас қосқан сыр-сұхбат кеші өтіп жатса керек. Осы кешке жұпынылау киінген әл-Фараби тап болады да, елеусіз ғана бір шеттен орын алады. Небір тапқыр сөз сайыстары болып, небір арқалы өнер түрлері дебеле қоздырған кезде жиынды басқарушы: – Қонақтың қандай өнері бар екен? – деп әл-Фарабиге тіл қатады. Сонда әл-Фараби өзі жасаған «Қыпшақ» деп аталатын домбырасын қоржынынан алып, құлағын күйлеп тарта жөнеледі. Алғашқыда ортекедей ойнақтаған ерке күй жиналған жұрттың бәрін күлдіріп, еліктіріп әкеткендей болады. Мұнан әрі домбырасын басқаша күйлеп, сұңқылдата зарлатқанда тыңдаушы қауымның әрқайсысы өз басындағы қайғы-мұңмен қауышқандай, көздеріне жас алыпты дейді. Келесі бір тыныста, қыпшақ-домбыраның құлақ күйі қоңыр сазға ауысып, жанға рахат үнмен бесіктей тербегенде тыңдаушылар маужырап, қалғи бастайды. Сол кезде «Бұл күйлерді тартқан – қыпшақ әл-Фараби­­­­­­­» деп бір парақ қағазға жазыпты да, әл-Фараби сарайдан шығып жүре берген екен дейді.

* * *

Шығыс әмірлерінің бірі әл-Фарабиді сарайына арнайы шақырып, мынандай сауал қояды: – Уа, Екінші ұстаз, менің мемлекетімнің болашағы қандай күйде болмақ? Болжалыңды естігім келеді, − дейді. Сонда әл-Фараби: – Еліңнің болашағын білгің келсе, маған жастарыңды көрсет, сонсоң айтып берейін, − деген екен.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?