Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Алтын Орданың 750 жылдығын атап өтеміз бе?

2915
Алтын Орданың 750 жылдығын атап өтеміз бе? - e-history.kz
Соңғы кезде интернет беттерінде, газет-сайттарда қазақтың ұлттық тарихына қатысты талай тың дерек, қызықты мақалалар көптеп шығып жатыр

Журналистерді, тарихшыларды, ұлт шежіресіне осыншама ынтықтырған бір фактор болса, ол – әлбетте «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласы. Президентіміз осы мақаласында талай дүниенің бізден шыққанын айтты. Сол айтылғандардың арасында «қазақтар кешегі Алтын Орданың тікелей мұрагері» деген сөзі талайды елең еткізгені рас. Себебі, жарты әлемді иелігіне қаратқан мұндай тарихи мемлекеттің мұрагері, басқа емес, қазақ дегенде кеудеңді мақтаныш кернейді. Иә, сол көшпенділердің ұлы империясының құрылғанына биыл тұп-тура 750 жыл.

Жә, осы арада сұрайықшы. Алтын Орданың мерейтойын тойлау қазаққа не береді? Маңызды ма өзі? Расымен қазақ Алтын Орданың мұрагері ме? Әлбетте! Ғалымдар Жошы ұлысына жұрт болған, тіреу болған Арғын, Қыпшақ, Керей секілді 92 ру-тайпаның 20-дан астамы қазіргі қазақ арасында әлі күнге бар дейді. Егер құжаттық дәлел сұрасаңыз, мінекейіңіз: «Қазақтар өздерін Алтын Орда татарларының ұрпақтарымыз деп санайды» деп Шоқан Уәлиханов естеліктерінде жазыпты. Сонда Алтын Орданың заңды мұрагеріміз деген ұғым бүгін пайда болған, мақтану үшін ойлап тапқан дүниеміз емес. Шоқанның тұсында-ақ аталарымыз бұл тарихи шындықты білген.

Қазақстан Президентінің резиденциясының «Ақ орда» аталуы да бекер емес. Тарихи деректер, бұл атау Алтын Орданың негізін қалаушы Бату Ханның шатырының атынан шыққан деседі. Ең соңғысы теңге сөзі де сол, Алтын Орда заманынан тамыр тартады. Жошы ұлысының күллі территориясында валюта ретінде қолданыста болған, 1-2 граммдық ақша «данга» делініпті. Содан біздің теңге мен орыстың деньгиі шыққан.

Ресейлік антрополог Л.Т. Яблонский 30 жыл бойы Алтын Орданың көшпенділерінің бассүйегін, қаңқасын зерттей келе, ортағасырлық бұл жасампаз жұрттың бет-пішініне, қазіргі халықтардың ішінде пошымы жағынан тек қазақтар қатты ұқсайды деген қорытынды жасаған. Сондай-ақ палеогенетикалық зерттемелер нәтижесі де Алтын Орда аристократтарына гендік, қандық тұрғыдан тағы да қазақтар ғана жақын деген шешім шығарыпты.

Қандай ғалым, аппараттың не түрін әкелсін, Алтын Орданы құраған халықтың тікелей ұрпағы қазақ деген қорытынды жасайтыны анық. Бұл енді мойындалған аксиома. Ал «осы ұлы империяның мұрагері болуымыз не береді, не пайдасы бар?» деген сұраққа келсе, бұл – кеше кім болғанымызды еске түсіріп, бір мақтанып алудан бөлек экономикалық пайдаға белшеден батуға болатын проект-жоба. Алтын Орда тақырыбын қайта-қайта үрлеп, дамыта түссек, әлемге әйгілей алсақ, тарихи туризм арқылы-ақ, миллиардтарды түсіруге болады. Қазақ жерінде Алтын Ордаға қатысты үш бірдей ұлы оқиға өткен мекен бар. Ол – Ұлытау, Сарайшық және Түркістан.

Ұлытауда Алтын Орданың негізін қалаушы патша Жошының моласы жатыр.  Сәл әріректе, алты алашқа қастерлі Алаша ханның зираты тұр. Қазақ шежіресінде бұл кісі «хандардың атасы» деп әспеттелуіне қарағанда, бұл күллі әлем шарқ ұрып, іздеп жүрген Шыңғыс Ханның қабірстаны болуы да бек мүмкін. Осы Ұлытауда, Орданың абыройын соңғы рет көтеріп кеткен хан Тоқтамыс пен қазақтың батырлық эпостарына арқау болған Едіге қолбасшы да мәңгі тыныштық тапқан.

Ал Сарайшық күллі Еуразияның тағдырын шешкен шаһар болған бір кездері. Орыс княздары қаласын билеуге ұлықсатты осы Алтын Орданың астанасына келіп алатын болған. Бұл қалада Сартақ, Берке, Тоқтақия, Әз-Жәнібек секілді Алтын Орданың ұлы, атақты хандары жерленген. Қасым ханның тұсында Сарайшық қазақтың астанасына айналады. Сол патшамыздың соңғы демі осы қалада таусылыпты.

Түркістан – күллі түріктің рухани астанасы, барша түріктің алтын бесігі болған қала. 1598 жылдан бермен Қазақ хандығының астанасы ретінде танымал. Міне, осы үш локацияны әлемдік деңгейде насихаттай алсақ, шіркін, хистори-туризмнің меккесіне айналар ек?!

Алтын Орданың құрылғанына осы биыл 750 жыл. Біз арман-ұсыныста жүргенде Татар тарихшылары жыл басынан бері халықаралық деңгейде конференциялар ашып, фильмдер түсіріп бастап кетті. Ал біз неге шау тартып қалдық? Неге белсенділік жоқ?

Алтын Орда тақырыбында қорғаған ғалым некен-саяқ

Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде Алтын Орда тақырыбында 4-ақ ғалым қорғапты. Неге сонша аз? Совет өкіметі тұсында бұл тақырыпқа тыйым салынған еді. Бекмаханов, Сәтбаевтардың қудалауға түскенін білеміз. Бірақ, қазір тыйым, репрессия жоқ. Бірақ ғалымдарымыз неге бұл тақырыпта ештеме қорғамайды? Біздің елде, тарихқа маманданған 4 ғылыми институт бар, бірақ бірде-біреуінде Жошы ұлысын зерттеуші жоқ. Біздің жоғары оқу орындары жыл сайын жүздеген тарихшы мен шығыстанушы шығарады, алайда олардың ешқайсысы Жошы ұлысына қатысты тақырыптарды терең зерттеуге барған емес.

Иә, Жошы ұлысының тарихы бойынша студенттік және магистрлік диссертациялар қорғайтындар бар, бірақ мұндай «мамандар» диплом алған бетте, бәрін де ұмытады. Ары қарай індете зерттемейді. «Бұл тақырыпта неге үлкен ғалым болмайсың» деп студент, тәлімгерлерге ренжуге де болмайтын шығар? Себебі, лайықты қаржыландыру жоқ.

Алтынордашы маман дайындау – университет былай тұрсын, мектеп қабырғасынан бастап кету керек, ол шығыс және еуропа тілдерін білуі керек, бүкіл тарихнаманы өзінің жанынан өткеріп, фактілерді саралап, барлық дереккөздерді зерттеуі қажет. Бұған бүкіл өмір кетеді. Өкінішке қарай, қазір басымдықтар басқа: ғалымдарымыз үш жылға грант алады, тез арада өзіне дейінгі жазғандардың зерттеулері негізінде немесе әр түрлі кітаптардан ақпарат жинап-теріп бірдеңе жазып, есепті тапсырады, содан кейін жаңа грантқа ұмтылады. Алтын Орда туралы жан-жақты, сараптамалық ғылыми дүниенің болмауының бір себебі осында жатыр!

Әркім көрпені өзіне қарай тарту

«Алтын Орданың символдық мұрасы» үшін дәл қазір Еуразия кеңістігіндегі мемлекеттер арасында «саяси жарыс» жүріп жатыр. Ал Қазақстан үкіметі мен ғалымдарының осы тақырыпқа немқұрайлығы салдарынан біздер сырт қалып отырмыз. Алтын Орданың кіндігі Сарыарқада кесілгені, сол Орданың негізін құрушы Жошы хан, басқа емес Ұлытауда жатқанын дәлелдеп шығуға да болар еді. Бірақ, соны айтатын адам табылмай тұр.

«Ит жоқ та, шошқа үреді» дегендей, дәл қазір Алтын Орданы жекешелендіруге Ресей тырысып бағып отыр. «Моңғол-Татар басқыншылығы болған емес», «Бұл орыстың өзара қақтығысы, азаматтық соғысы», «Бату хан дегенің өзіміздің Владимир Мудрый» деп өтірік ақпаратты күніге газет, телеарнасында айқайлап айтып жатыр. Бір өтірікті қайталай берсе, ол шындыққа айналады деген аталы сөз бар емес пе? Тарих қазір жай ғана өткен күндер туралы естелік емес. Тарих қазір тауар. Ертең, зауалы ауыр болайын деп тұр.

Осы арада қазандық татарлардың күллі Алтын Орда абыройын өздеріне теліп алғаны орыстың жанында кешірімді көрінетін шығар? Негізі татарлар Алтын Орданы еске алу, насихаттау бойынша, бізге қарағанда көп шаруаларды атқарып жүр. Ал, бізде Алтын Ордаға қатысы бар символикалық даталарды жиі елемейді.

2013 жылы Татарстан Алтын Ордада исламды қабылдаудың 700 жылдығын тойлады. Қазақстан болса, осы датаны тойламай, өткізіп алды. 2019 жыл кіргелі Татарстан Алтын Орда тәуелсіз мемлекет ретінде құрылғанының 750-жылдығын тойлап бастады. Егер Қазақстан биыл да бұл мерейтойды «өткізіп» алса, өкінішті болады. Бұл дата елеуге тұрмайтын күн емес.

Біле білсеңіз, Жошы ұлысын жеке дара мемлекет деп жариялаған құрылтай Талас жерінде 1269 жылы өткен. Талас дегенің Қазақстан жерінде, қазіргі Жамбыл облысындағы таулы мекен.

Негізі Алтын Орда «менікі, сенікі» деп бөлуге келетін тарих емес. Бұл – біздің жалпы мұрамыз.  Ноғайлар, қазақтар, қазандық, сібірлік, қырымдық, польдік-литовтық татарлар, қарақалпақтар, өзбектер және тағы басқалары үшін Алтын Орда – ортақ тарих. Кезінде орыстарға, украиндарға және белорустарға Киевтік Русь қалай ортақ болса, бізге де Алтын Орда сондай. Алтын Орда – бұл біздің жалпы өткен-кеткеніміз және жекешелендіріп алуға немесе «ұлттандыруға» болмайды.

Ақ Орда деген мемлекет болмаған...

«Қазақтар – Алтын Орданың заңды мұрагері» деген сөз айтылса, орыс-татар ғалымдары қарсы шығады. Айтар уәжі: «Қазақ Хандығының негізі  Сарыарқадағы Ақ Ордадан басталады. Алтын Ордаға еш қатыстарың жоқ». Сол ғалымдардың дерегіне сенсек, Русь жерінен бастап Жайық өзеніне дейінгі аралық Алтын Орда, ал бергі жағы, Сарыарқа даласы Ақ Орда болыпты-мыс. Алтын Орданың жұрты «татар» аталыпты, бергі беттегілер өздерін «өзбек» десіпті.

Не дейсің, осы жүйеге салып, қазақтардың Алтын Ордаға қатысы жоқ. Сендер Ақ Орда дейтін мемлекеттен тамыр тартқансыңдар деп сендіргісі келеді. Енді ССРО кезіндегі тарих кітаптарымыз осылай деп тұр. Бірақ, бұл шылғи өтірік!

«Татарлар», «көшпелі өзбектер» дегенің ешқандай да екі халық емес, бір ұлттың екі түрлі атауы. Сыртқы жұрттар қойған екеуін де. Тура сақ-скиф сияқты ғой. Алтын Ордамен танысқан еуропалықтар бұл елдің жұртын «татар» десе, азиялықтар оларды «көшпелі өзбектер» деген.

Екіншіден Ақ Орда және Алтын Орда деген бұл жеке-жеке мемлекеттердің атауы емес. Бар-жоғы Жошы ұлысын басқарған хандардың шатырларының (ханская ставка) әркездегі атауы. Яғни Алтын Орда һәм Ақ Орда – резиденция, ешқандай империя емес. Ақ үй, Кремль деген сықылды...

Жақсылық Сәбитов,  тарихшы: Алтын Орда, Ақ Орда, Көк Орда деген атаулар – ешқандай да мемлекеттің аттары емес, Жошы ұлысын басқарған хандардың әр кездегі резиденцияларының түсі, атауы. Хан егер астанада болса, дипломаттарды, әмір-кінәздерді алтын киіз үйде қабылдаған. Сол резиденциясын «Алтын Орда» дескен. Ал жазғы жайлауда болса, ақ шатырда қарсы алған. Ханның бұл ставкасы «Ақ Орда» аталған.

1. Аппақ киізбен көмкерілген Ақ Орданы ең алғаш Шыңғыс хан, биліктің символы ретінде немересі Батуға берген.

2. Осы Батудың ақ шатыры, мұрагерлік бойынша Берке ханның еншісіне бұйырады. Араб деректеріне сенсек, «Ақ Ордаға» бір сәтте 500-600 адам еркін сыйған. 60 қанатты киіз үй болып тұр ғой сонда!

3. Жошы ұлысын өз алдына жеке дара мемлекет еткеннен кейін Меңгі-Темір тура атасы Шыңғыс хан секілді алтынды шатырда тұра бастайды. Ал ескі Ақ Орданы туыстарына мұраға береді. 1260-1359 жылдары Жошы ұлысының хандары осы Алтын Орданы өздерінің ресми резиденциясы еткен.

4. Ал 1359 жылы Алтын Орданы Хызыр хан жығып, бөлшектеп тастайды. Содан бастап, Жошы ұлысы хандарының ставкасы «Ақ Орда» деп атала бастайды.

5. Аппақ киізбен көмкерілген, 30 қанат Ақ Орданың соңғы иесі хан Абылай болған.

6. Қазақстан Президентінің резиденциясын «Ақ Орда» деп атауды қазақтың біртуары Ақселеу Сейдімбек ұсынған. Сөйтіп, Абылаймен бірге ұмытылып кеткен хан ордасының атауын осылайша тірілтіпті.

«Алтын Орда» резиденция атауы болса, мемлекетті қалай атаймыз?

Бату, Берке хандардың империясын қандай да бір атпен атау керек болса, «Жошы ұлысы» немесе «Ұлық ұлыс» деген дұрыс болады. Ал енді «Қазақ хандығы – Ақ Орданың мұрагері» деген сөз – «Ресей империясы – Кремльдің заңды жалғасы» деген сияқты ақымақ анықтама. Қазақ жері, Жетісуды есептемегенде, түгелдей Жошы ұлысының құрамына кірді. Алтын Орданың хандарына сүйеу болған негізгі күш, жұрт – қазіргі қазақты құрап отырған Найман, Арғын, Қыпшақ, Керей секілді тайпалар еді.

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?