Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Алаш идеясы – тығырықтан шығу жолы

3135
Алаш идеясы – тығырықтан шығу жолы - e-history.kz
Бүгінгі таңда күллі қазақтың арманы мен мұңын біріктіріп, басын қосатын жалғыз ғана жол бар. Ол – біртұтас Алаш идеясы. Одан басқа ештеңенің керегі жоқ

30 жылда жете алмаған жетістігіміз бен белесімізді тек Алаш рухымен табысу арқылы ғана бағындыра аламыз. Өйткені біздің Тәуелсіздігіміздің өзі Алаш арыстарының арқасында келген дүние. Қалай дейсіз ғой?

1920 жылдың 26 тамызында Қазақ автономиясын құру және оның жер көлемін белгілеу жө­нінде декрет дүниеге келді. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Әлімхан Ермекұлы бастаған арыстар осы сәтті барынша пайдаланып бақты. Өйткені,  Сібір ревкомы дайындап қойған құжатта Шы­ғыс Қазақстан, Семей, Ақ­мола, Қызылжар, Көкшетау өңірлері жоқ еді. Ол аздай Қазақ автономиясына берілуі тиіс аумақтар тізімінде қазіргі Орал, Атырау, Маңғыстау облыстары да болмапты. Арнайы комиссияның есебінше бұл өңірлердің барлығы Ресейдің құрамына кетуі керек болған. Осының алдын алуға тырысқан Алаш арыстары барын салды.

Әлімхан Ермекұлы қазақ жерінің шекарасы жайында баяндама жасады. Ол баяндамасында Астрахан, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Сырдария, Закаспий, Самарқан, Ферғана облысы мен губернияла­рын қамтитын, жалпы көлемі 3 467 922 шаршы шақырым жерді Қазақ Республикасының құра­мына қосу туралы талап қояды. Бас-аяғы бірнеше күнге созылған тартыстың соңы жеңіспен аяқталады. Қанша жерден бұлтарып баққан комиссияның ақыры келіспеске амалы қалмайды. Болмаған соң «бұл ұсыныс Лениннің алдында қорғалуы тиіс деген» шешіммен сол күнгі отырысты аяқтауға мәжбүр болады.

Лениннің өзі төраға­лық еткен мә­жілісте Әлімхан Ермекұлы «көтеріліп басылған жанартаудай» жасын ойнатады. Ақыры күн көсемнің өзін иландырып қазіргі қазақ шекарасынан кемінде 30 пайызға үлкен (Астрахан, Закаспий, Самарқан, Ферғана облысы мен губернияла­ры бар еді) аймақты бекіттіріп алады. Бұл тамыз айының 24-сі болатын.  Екі күннен кейін яғни 26 тамыз күні жалпы отырыста бекітілген территорияны қазақ автономиясының территориясы етіп бекіткен бұйрық баспасөз бетінде жарияланды.

Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш арыстары мұнымен тынбай Алаш арыстары «арнайы қаулыңызбен Қазақстанның мемлекеттік шекарасы бекітілді. Жақында автономиялы мемлекет болып жарияланады. Одақтас республикалардың кез-келгені қалаған уақытында мемлекет ретінде бөлініп кетуге құқылы» деп Ленинге қол қойғызып алады. Белгілі ғалым Тұрсын Жұртбай ағамыздың айтуынша, осы құжаттың арқасында ғана біз жеке ел болып Тәуелсіздік алып отырмыз. «Барлығы да Алаш арыстарының Лениннің өзіне күш көрсеткендей болдырып отырып қол қойдырып бекіттірген құжатының арқасы. Бұл құжат болмаса Тәуелсіздік алмас едік. Осы идеяны орыс, украин, беларусь секілді мемлекеттер қолдаған. Сол статьяны пайдалана отырып біз 1991 жылы тәуелсіздік алдық. Өкініштісі сол, бұл оқиға ескерусіз қалып отыр», – дейді Тұрсын Жұртбай.

Оқи отырыңыз: Жер қорыған қызғыш құс

Алаш партиясы тарих сахнасына 1917 жылы шілде-тамыз айларының өліара уақытында келіп қосылды. 1917 жылғы 21-26 шілдеде Орынбор қаласында алғашқы жалпы қазақ құрылтайын өткізді. Діни басқарма мемлекеттік құрылымнан тыс мекеме деп танылды. Өзінің идеясын бекітіп, жеке ел болуға қадам басты.

Осы съезде Алаш партиясының бағдарламасы жарияланды.
Ал оның негізгі ұстанымдары мыналар еді:

Біріншіден – Ресей демократиялық феде­ра­тивтік республика болуы керек. Оның құрамындағы әрбір мемлекет тәуелсіз түрде әрекет етеді.

Екіншіден – Ресей республикасында тең құқықтық, тұлға, сөз, баспа, ұжымдар ерікті болады.

Үшіншіден – дін мемлекеттен бөлінеді. Барлық діндер тең құқылы.

Төртіншіден – билік пен сот әр халықтың ерекшеліктеріне сәйкес құрылуы қажет, би мен сот жергілікті халықтың тілін білуі шарт, т.б.

Қысқасы Алаштың негізгі идеясы мынадай бес тұжырымға негізделген еді:

Ең бірінші – Алаш ұлттық демократиялық мемлекет болуы тиіс. Ол үшін ең алдымен «жер, жер және жер» болуы тиіс. Жерсіз – отан жоқ. Әлихан Бөкейхановтың ұйғарымы бойынша, қазақтың байырғы жерін қашан қазақтың өзі ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жекеменшікке, қоныс аударушыларға берілмеуі тиіс. Жер – отан. Жерді сатқан отанды сатқанмен бірдей. Осы жердің бір қадамын басса, ең бірінші сол ұлттың өкілі басуы тиіс. Ал өзінен асып жатса – ғылым мен техниканы игерген соң қазақ өз еркімен береді.

Екінші ұстанымы – Алаштың жерінің астындағы, үстіндегі, көгіндегі барлық байлық қазақтың өзіне қызмет етуі тиіс. Яғни, Бөкейхановтың сөзімен айтсақ: Қазақтың әрбір тасы қазақтың өңіріне түйме болып тағылуы тиіс», – дейді Жұртбаев мырза. Расы керек, қазақ жерінің байлығының көп бөлігінің қызығын шетелдіктер көріп отырғаны белгілі. Байлығымыздың 70-80 пайызы өзгелердің қолында.

Үшінші ұстанымы – Ә. Бөкейханның жобасы бойынша, қазақтың жерінде өндірілген бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып тоқылып, киілуі керек. Яғни мемлекет толықтай экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізілуі тиіс болған.

«Алаш арыстарының «Төртінші ұстанымы – қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттың тілі, діні, менталитеті өзге ұлттардан қарағанда үстем болуы керек дегенге сайды. Яғни бұл идеологиялық ұстаным болатын.

Ал, бесінші – ең негізгі ұстанымы бойынша, ғылымға, соның ішінде тәуелсіз ғылымға, ұлттық дәстүрге негізделген, заңға сүйене отырып, Жапония үлгісіндегі ұлттық демократиялық мемлекет құрылуы керек еді.

«Бізде заң көп. Бірақ солардың басым бөлігі, ұлттық дәстүрімізге негізделмеген. Алаш қайраткерлерінің бұл ұстанымының дұрыстығына самурайлық дәстүрге негізделген жапон ұлтының бар-жоғы 20 жылдың ішінде бір-тұтас империяға айналып шыға келуі дәлел болса керек. Дәстүрге беріктік деп отырғаны осы», – дейді Тұрсын ағамыз.

Оқи отырыңыз: Алаш жолымен

Иә, Алаш идеясы ешқашан өшпек емес. Олар елім деп еміренді, жерім деп күңіренді. Алаш қайраткерлерінің тек жер туралы бағдарламасының өзі 70-80 беттен асатын еді. Өйткені жердің тұтастығы – жеке адамның ғана емес, үрім-бұтағының, ата-бабасының қала берді тәуелсіздіктің тірегі. Алаш арыстары осыны іштей сезіп, адам күтпеген амалдарға барды. 1905 жылғы М. Тынышбаев пен Х. Досмұхамедовтер «Ақмоланы астана жасаймыз» деген идея көтерді. Алайда солар құрған жоспарлар мен армандардың көбі сол күйінде орындалмай тұр. Басты арманы – Жапония секілді алып елге айналу еді. Өкінштісі, көбісі «Жапон тыңшысы» деген желеумен атылып кетті. Бірақ олар құрған идея өлген жоқ.

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?