Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ұлттық тарихи сананың жаңа белесі

1976
Ұлттық тарихи сананың жаңа белесі - e-history.kz
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласы қоғамның, әсіресе, зиялы қауымның қызығушылығын туғызды

Елбасы атап көрсеткендей, «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының логикалық жалғасы.

Ұлттық сананың темірқазығы – тарихи сана. Қазақ елінің тәуелсіздік таңы атқаннан бергі Елбасының ерекше назар аударып келген мәселесі – ұлттық тарихтың объективті зерделенуі, ұлттық тарихи сананың қалыптасып, нығаюы. Бұл бағытта мемлекет тарапынан жүйелі жұмыстар атқарылып келе жатқаны халыққа аян. Ұлттық тарих жылын өткізу, «Мәдени мұра» һәм «Халық тарих толқынында» мемлекеттік бағдарламаларын, «Рухани жаңғыру» жалпыұлттық бағдарламасын жүзеге асыру ісі осы жүйелі істердің айқын дәлелі.

Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» - ғалымдар үшін алдағы шығармашылық ізденістер мен зерделі зерттеулердің шамшырағы болмақ. 

Сонымен, әлем өркениетіне Ұлы Даланың қосқан үлесінің басты игіліктері қандай еді? Олар: Атқа міну мәдениеті, Ұлы Даладағы ежелгі металлургия, Аң стилі, «Алтын Адам», Түркі әлемінің бесігі, Ұлы Жібек жолы, Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны.

Бүгінгі күнге дейін біз Ұлы Дала Елі қандай жетістіктерімен, әлемге әйгілі құндылықтарымен мақтана алады деген сауалға, өкінішке орай, қазақ халқының қонақжайлық қасиеті мен кеңпейіл дархандығы туралы айтқаннан әрі аса алмағанымыз шындық. Десек те, қонақжайлық қасиет қай халықтың болсын дәстүріне тән екені де белгілі. Сол себепті, Ұлы Даланың әлем өркениетіне қосқан үлесі туралы дәйекті, ғылыми тұрғыда дәлелді рухани жетістіктері мен материалдық құндылықтарын жүйелеп беру, оны жас ұрпаққа, күллі елімізге әрі әлемге таныту, насихаттау тарихи зердеміз үшін өте маңызды іс.

Адамзат өркениетінің басты өлшемі – рухани һәм материалдық жетістіктер. Дегенмен, көшпелі халықтардың, соның ішінде қазақ халқының тарихы мен мәдениетіне қатысты ғылыми тұжырымдарға еуропацентристік көзқарас арқау болып келді. Бұл көзқарастың түпкі мәні – көшпелі халықтар өркениеттен тыс, яғни, толыққанды мемлекеттілікті, өзіндік мәдениет пен озық технологияларды қалыптастыру деңгейіне көтеріле алмаған халықтар деп бағаланды. Өкінішке қарай, мұндай көзқарас әлі де өз тұғырынан түскен жоқ, кеңінен насихатталуда. Соған сәйкес, Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында берілген салиқалы тұжырымдар Ұлы Даланың рухани және материалдық құндылықтарының үздік туындыларын, ғылыми жетістіктерін ғылыми негізде жүйелі зерделеу арқылы біржақты, дәйексіз көзқарастар мен тұжырымдарға нақты жауап беруде құндылығы зор.

Себебі, «өркениет пен мәдениеттен ада», «мемлекеттілік тарихы күмәнді» деген тұжырымның таңылуы халықтың ұлттық «Мені» мен жасампаздық рухына деген сенімсіздікті ұялатады. Сондықтанда тәуелсіздік пен мемлекеттілік жолындағы жасампаздық рухты нығайтуда ұлттық «Меннің» айшықты болуы – үлкен ментальдық мәнге һәм психологиялық пәрменге ие. Бұл көзге көрінбейтін, көпшілік жағдайда біз сезіне бермейтін нәзік құбылыс.

Сондықтан мақалада айқындалған ұлттық рух пен тарихи сананы шыңдаудың мақсат-міндеттерін іске асыру жолдарын зиялы қауымның ой-талқысына салудың, белгілі тұлғалар мен ғалым, сарапшылардың пікірлерін тыңдаудың практикалық маңызы зор.

Осындай практикалық құндылыққа ие болған шара 2019 жылы 15 қаңтарда ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының ұйымдастыруымен өткізілді.

Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» атты еңбегіндегі инновациялық тұжырымдамалар» деген тақырыпта дөңгелек үстел көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері, халық жазушысы, ақын Олжас Омарұлы Сүлейменовтың қатысуымен ұйымдастырылды.

Бұл шараға Астаналық зиялы қауым өкілдері ғана емес, сондай-ақ, Алматы мен басқа да өңірлердің ғалымдары қатысып, ойларын ортаға салды.

Дөңгелек үстел форматында өткізілген шарада Олжас Сүлейменовпен бірге белгілі қоғам қайраткері, ғалым Мырзатай Жолдасбеков, Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяған, ұлт тарихының жанашыры, меценат Сапар Ысқақов, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сарапшылық кеңесінің мүшесі Н. Калашникова және т.б. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы Даланың жеті қыры» еңбегі бойынша тұжырымдамалық ойларымен бөлісіп, нақты ұсыныстар жасады.

Елбасының ұлттық тарихи сананы жаңғыртудағы тарихи шешімдерін планетарлық ой биігінен бағамдап, саралаған Олжас Омарұлы Сүлейменов әлемдік өркениеттер көшінде Ұлы Даланың бай әрі қайталанбас материалдық һәм рухани құндылықтарын паш ету және оның жалпыадамзаттық өркениетке қосылған игіліктер ретінде танытып-зерделеуде тарихшылар мен қоғамтанушылар алдындағы кәсіби жауапкершілікті сезінуге түрткі болды.

 

Нұрбек ШАЯХМЕТОВ, ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының

бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы

 

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?