Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ең алғашқы қазақша кітап

6825
Ең алғашқы қазақша кітап - e-history.kz
Қазақ тілінде кітап басып шығару ісінің 200 жылдан астам тарихы бар. Кітаптар бастапқыда арабша, аз уақыт латын қарпімен, ал 1939 жылдан бастап кирилл қарпімен шыға бастады

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында көрсетілген қазақ тілін латын графикасына көшіру бағдарламасын жүзеге асыру аясында ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында 1929-1942 жылдары латын қарпімен шығарылған кітаптардың көрмесі ашылды.

Көрмеге түрлі жанрдағы кітаптар, балалар мен көркем әдебиет және де басқа да түрлі салалық бағыттағы басылымдар қойылған. Ол уақытта балалардың оқуға деген қызығушылығын арттыру мақсатында балалар әдебиетін, ашық, қанық бояулармен шығарған.

Кітаптардан басқа көрмеге сол уақытта шыққан мерзімді басылымдар, газеттер, журналдар қойылған. Мысалы, сол кездің танымал авторлары басылып тұрған «Әдебиет майданы» журналының тігіндісі. Олардың ішінде Жамбыл Жабаев, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Мұхтар Әуезов.

Лев Толстой, А. Пушкин, Марк Твен, Жюль Верн, Лермонтов және басқа да әлемдік классика жауһарлары қазақша аударылып, латын графикасымен басылған. Көптеген шығармаларды сол кезде Кенжебаев аударған екен. Ал А.С.пушкиннің шығармаларын танымал ақын Сағи Жиенбаев аударыпты.

Қазіргі уақытта кітапхана қорында көрсетілген кезеңде латын қарпімен басылып шығарылған 1000-нан астам кітап бар. Басқа халықтікі сияқты қазақ жазуы да өз дамуында бірнеше кезеңдерді бастан өткізді. Қазақ жерінде бірнеше ғасырлар бойы араб графикасы үстемдік етті.

1912 жылы Ахмет Байтұрсынов оны жеңілдетіп, тұңғыш «төте жазу» әліпбиін жасады. Өкінішке орай, бұл нұсқа тек 1929 жылға дейін ғана қолданылды. Бірақ, Иранда, Ауғанстанда тұрып жатқан біздің қандастарымыз әлі күнге дейін Ахмет Байтұрсынов бабамыздың осы әлібиін қолданады. 1929 жылы латын графикасына көшіріле бастады. Бұл бір қиын кезең еді: сауатсыздықпен күресу, сауатсыздықты жою.

1929 жылдан бастап шала сауаты барлар мен бастауыш топтарға арналып «Әліпби» шығарыла бастады. Көрмеге 1929-1933 жылдары латын қарпімен жазылған тұңғыш кітаптар да қойылған. «Әдебиет», «Қазақ тілі», «Тіл мәселелері», «Сауат ашу методикасы» басылымдары және басқа оқу құралдары мен хрестоматиялары сауатсыздықпен күресуге бағытталды. 1936-1938 жылдары кітаптар жаппай басылып, таратылғанын көруге болады.

Кирилл қарпіне ресми өткеніне қарамастан 1942 жылдың аяғына дейін кітаптар латын қарпімен шығып тұрған. 1942 жылы латын графикасымен техникалық, жаратылыстану, гуманитарлық ғылым бойынша кітаптар шығарылғанын көрмеден көруге болады. 1929 жылдан 1942 жылға дейінгі аралықта әліпби де біраз өзгерістерге ұшыраған.

1936 жылға дейін «Физика» «П» арқылы жазылса, 1936 жылдан бастап «Ф» арқылы жазыла бастаған. ХХ ғасыр басындағы әдебиет арасында діни мазмұндағы шығармалар ерекше орын алады. Көрмеге арабшадан аударылған 1907 жылғы Қасиетті Құран, аудармалы күнтізбе қойылған. Күнтізбе 1913 жылы Қазан қаласында татарша басылып шығарылған. Діни мазмұндағы кітаптарда Құран сүрелері мен аяттары, түсіндірмелері келтіріледі, діни мерекелер аталады.

1917 жылы Петроградта «Мусульманский мир» («Мұсылман әлемі») журналы шығып тұрған, онда қазақ халқының мәдениеті туралы түрлі ақпарат басылған. Сирек кітаптар музейінде түркі халықтарының жазу тарихы бойынша бай материал жинақталған.

Көптеген ғалымдардың пікірі бойынша, «Сейпіл Мәлік» қазақ тілінде тұңғыш басылған кітап.  Ол 1807 жылы қазақ тіліне аударылып, Қазанда басылып шыққан. Қазақ кітаптарының шежіресі өз бастауын «Сейпіл Мәліктен» бастайды.

Алайда, белгілі зерттеуші Тұрсын Жұртбай бүгін тағы бір кітапты ашты. Ол 1806 жылы, бір жыл бұрын шыққан. Бұл – XVIII ғасырдағы өзбек ақыны Сопы Аллаярдың қазақ тіліне аударылған жыр жинағы. Кезінде  Абай Сопы Аллаярдың жырларынан дәйексөздер келтірген. Кітаптың түпнұсқасы Уфада, Башқұртстан ұлттық кітапханасында сақтаулы.

Кітапхана басшылығы  Башқұртстан ұлттық кітапханасына барып, басылымның факсимильдік көшірмесін алуға келісім жүргізуді жоспарлап отыр. Қазақстанның кітап ісін зерттеумен белгілі зерттеушілер айналысуда. Бұл – бізде жас ғылым. Кезінде бұл аз зерттелген немесе жасырын қалған ғылым болды. Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана осы мәселені жан-жақты зерттей бастадық. Қазір бұның бәрі де жас ұрпаққа қолжетімді.

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?