Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Иманжүсіп мұраларын қалай сақтаймыз?

2838
Иманжүсіп мұраларын қалай сақтаймыз? - e-history.kz
«Қазақстан тарихы» интернет порталы өмірі күреске толы кесек ер, тарихи тұлға Иманжүсіп Құтпанұлының музейінің хал-жайы хақында әңгімелейді

Астана қаласының іргесіне тиіп тұрған Жібек жолы ауылында Иманжүсіп Құтпанұлы атындағы мектеп жұмыс істеп тұр. Оқушылардың көптен күткен күні – 25 мамырда даңқты тұлға есімі берілген білім ордасына жолымыз түсті. Бізді бастап апарған немересі, философия ғылымдарының докторы Раушан Нұрханқызы. Бұл кісі – саналы ғұмырын атасының мұрасын жинауға, зерттеуге, насихаттауға арнап келе жатқан қажырлы қайраткер. Мектептің кіре беріс залында Иманжүсіп бабамыздың бюсті мен шағын өмірбаяны жазылған баннер қарсы алды. Екінші қабатқа көтерілгенімізде батыр тұлғаның ерлік істері мен қызметіне сүйсінген белгілі қаламгерлердің сөздері ілінген екен.

Музей шырақшысы Р. Иманжүсіп бірден өз кабинетіне бастады, онда Иманжүсіптің жеке басынан бөлек ол өмір сүрген ортаның, яғни ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың алғашқы ширегіне жататын кезеңнің тарихына қатысты қазыналы кітаптар жинақталған екен. Шамамен екі мыңға жуық. Бұл рухани байлықтың арасынан өткен жылдың соңында біздің портал ұжымы шығарған жинақты да көзіміз шалып қалды.

Музейдің өзі осы кабинеттің қарсы бетіне орналасқан екен. 60-70 шаршы метр аумақта кең бөлме, ортасында үлкендеу витриналар қойылған, қалған мұралардың барлығы қабырға бетіне орналастырылыпты. Раушан Нұрханқызы – музейді ұйымдастырушы әрі бар мұраның тарихын беске білетін шырақшысы, сондай-ақ оны екі тілде де жеткізе сөйлеп беретін гиді де. Ол кісі біздің көкейіміздегіні түсінген секілденді, бірден құнды жәдігерлер жайлы айтуды бастады. Мұражайдағы аса бағалы заттардың бірі – Иманжүсіптің бесатары. Өмірінің соңғы кезеңдерін өткізген Жамбыл облысының аумағынан табылған мылтық жайлы арнайы мақала арнаған болатынбыз.

Бұдан кейінгі тағы бір құнды мұра – Иманжүсіптей дала серісін өз көзімен көрген Жұмабай Орманбаевтың естелік кітабы. «Дала перзенттері» деген сериямен республикалық басылымдарға зерттеулер ұсынған Ж. Орманбаев Иманжсіүпке арналған кезекті материалының атауы «Аяулы аға шылауында» деп аталған. Ал қолжазба күйінде қалған естелік кітабын шығару Р. Нұрханқызының көптен ойлаған мақсаты болып тұр.

Иманжүсіптің атының жүгені Құлманбеков Мұқатай есімді азаматтың сақтап қалуына байланысты. Иманжүсіптің жанына ерген сенімді жігіттердің бірі болған ол Иманжүсіпті атқан күннің ертесінде Мұқатайдың да өмірін қиған. Ал жүгенді ол кісі баласына аманаттап, қалайда батырдың ұрпағына жеткізуді тапсырыпты. Ұзақ жылдар үйдің төбесіне көміліп жасырылған жүген қазір іріп-шірудің аз-ақ алдында тұр. Және бір құнды мұра – Иманжүсіп бабамыздың кенже ұлы Нұрханға жасатқан ер-тұрманы.

Раушан Иманжүсіптің айтуынша, қазақтың қос бірдей перзенті, дала серілері – Иманжүсіп пен Сәкен Сейфуллиннің бірге түскен суреті болған. 1927 жылы Октябрь революциясының 10 жылдық мерекесіне Шиеліде жатқан батырды Сәкен Қызылордаға шақырады. Нұрхан ақсақалдың айтуына қарағанда олар сол мереке кезінде суретке түскен. Ал Иманжүсіп Құтпанұлының өзінің фотосуреті қалай табылып, оған дейін ел аузындағы әңгімелер бойынша салынған портретінің тарихы жайлы өткенде жазған болатынбыз.

Мұражайға қойылған заттардың көбін батыр ұрпақтарының фотосуреттері көшірмелері, Балуан Шолақ, Қажымұқан секілді ұлы адамдардың тағдырына қатысты тарихи кітаптар және тұлғаның туыстары тұтынған киімдер, тұскиіздер, кілемдер, басқа да бұйымдар құрайды. Иманжүсіптің әйелі Әсемгүлдің шәлісі, 11 жасында батырды көрген, әнін естіген көнекөз қария Зүлфия апаның қамзолы, 20 ғасырдың басында қазақтар киген қасқыр ішік, түлкі тымақ, елтірі тон – осылардың барлығы да Раушан Нұрханқызының ел-елді аралап, жерді көріп жүріп жинаған, тынымсыз еңбегінің арқасында табылған құнды дүниелер.  

Музейді алғашында жабдықтау үшін 1 миллиондай теңге бөлінген. Оған осы тұрған мұраларды орналастыру, басқа жақтан алдыру секілді шаруалар атқарылған. Портреттерінің нұсқаларын жасау, бюстін мектеп залына орнату, кейбір құнды дүниелердің ақысын төлеу секілді жұмыстар тағы бар.

«Сөре, витриналар жетіспейді, стендтер мен баннерлер жасап, декорация орналастыру да қыруар қаржыны талап етеді. Қаржы бөлінеді, оны күтіп отырмыз.

Халық арасында Иманжүсіп туралы әңгіме көп. Жиналмаған заттары мол. Иманжүсіпке деген ықылас, Иманжүсіпке деген ықпал, Иманжүсіпке табыну, Иманжүсіпті аңсау – барлығы халықтың өшпес махаббаты! Тоқсаныншы жылдары Ерейментау жеріне келген Президент Нұрсұлтан Назарбаев басқа композиторлардың емес, неге тек Иманжүсіптің әнін шырқады? Өйткені, онда өшпес, қайсар рух, мұқалмас жігер мен отты намыс бар! Жігіттің жігіті айта алатын асқақтық шақырып тұрады» дейді Раушан Нұрханқызы.

Елбасы Н. Назарбаевтың бастамасымен елімізде Рухани жаңғыру бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Советтік цензураның кесірінен туған тарихтың төрінен еріксіз ысырылған төл тұлғаларымыздың есімін жаңғыртуда бұл бағдарламаның орны айрықша. Павлодарда туып, Ақмолада өсіп, Өскемен мен Жетісуға айдалған, Мойынқұм-Шу өңірінде қарсы күреске шыққан, елдің мүддесі мен халықтың азаттығы жолында басын бәйгеге тіккен ер Иманжүсіп тағдыры ұрпаққа үлгі. Арғы атасынан билік үзілмеген, өнерімен елдің көңілін жадыратқан өнерпаз адамға қашанда құрмет керек-ақ! Және бұған кіндігінен тараған ұрпақтың, туған немересінің жүгіріп жүру жеткіліксіз. Музейден қайтар жолда бізді ойлантқан дүние осы еді.

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?