Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қуаныш СҰЛТАНОВ: Астана – ел еркіндігінің өрісі

2057
Қуаныш СҰЛТАНОВ: Астана – ел еркіндігінің өрісі  - e-history.kz
Астана – ұлт тарихының жеңісті келбеті. Ел еркіндігінің өрісі. Астананың туын көтерген – Елбасы қазақтың тұңғыш Президенті, салтанатын жарастырған қазақ халқы

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтановтың «National Digital History of Kazakhstan» интернет порталына берген сұхбатында Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары, Баспасөз қызметі және Астананың 20 жыл бұрынғы қалпына тарихи саяхат жасайды.

– Қуаныш Сұлтанұлы, Астанаға алғаш келген кездегі  Ақмоланың ажары қандай еді? Астананың кейінгі өзгерістері,  бүгінгі Астананың болмысына қандай баға бересіз?  20 жылда не өзгерді? Қандай жетістіктерге жетті? 

 Осы әңгімені әріректен бастауға бола ма?

– Әріректен, тарихынан бастаймыз десеңіз тіптен жақсы.

 – Әріден бастағым келетін себебі, содан бұрынғы, біздің Тәуелсіздікке дейінгі өмірімізді және қоғамдық құрылымдық саяси жағдайды басымыздан өткізген ұрпақтың өкілі болғандықтан сәл ертеректен бастасақ дегенім ғой.  Кезінде сонау елуінші  жылдардың басында Мәскеуде Совет Одағы  Коммунистік партиясының пленумында арнайы тың жерлерді игеру туралы  шешім қабылданды да,  содан бермен қарай  Қазақстанға жан-жақтан бүкіл Совет Одағынан әсіресе Солтүстік, Қиыр Шығыс, Ресей, Украина, Беларуссия тағы басқа  жақтардан және әртүрлі түзету орындарынан әр алуан адамдар тоғытылды ғой.  

1958 жылы біздің бүгінгі Елбасы кешегі жасөспірім жігіт 17-18 жасында Теміртауға қалай келгені туралы әйгілі «Елбасы жолы» көркем фильмінен білесіздер. Сол тағдыр сол кезең ұрпақтарына тән.

Біз орта мектепті бітірген 1961 жылы Мәскеуден мектеп бітірушілер жоғарғы оқу орнына түсу үшін кем дегенде екі жыл өндірісте еңбек етсін, немесе әскери борышын өтеп келсін деген тапсырма болды. Бір жағынан біз оны дұрыс қабыл алып, сыныбымызбен шаруашылық бригадасын құрып, колхоз шаруашылығына кеттік. Жүгері өсірдік. Жер жырттық. Силос бастырдық. Егістіктерге жүк тиеуші болып, қи тасып төктік. Оқуға  түсу үшін екі жыл жұмыс істеу керек болды.

Сол кезде Совет Одағы Коммунистік партиясының бірінші хатшысы Н.С. Хрущевтің бұйрығымен бұрынғы Ақмолаңыз Целиноград деген атқа ие болып шыға келді. Ақмола қаласының атын ауыстыруды ешкімнен сұраған жоқ. Сол кезден бастап солтүстік облыстарда біздің қазақ жұртының үлесі азая берді. Ұзақ жылдар бойына ылғи сырттан көптеген адамдар келді. Өндіріс күштері Орталық Қазақстанға шоғырлана бастады. Көптеген одақтық мекемелер ашылды,  осы Целиноград өңірінде, Қарағандыда, Павлодарда, Петропавлда, Қостанай, Ақтөбе, Өскемендегі ірі өнеркәсіп орындары түгелдей Мәскеуге бағынатын болды. Сондай жүйе болған.

Оны айтып отырғаным, бүгінгі тәуелсіздіктің қадірін жас ұрпақтың білуі өте маңызды. Тәуелсіздіктің арқасында, тәуелсіздіктің нәтижесінде өз мемлекетіміздің басшысының ұсынысымен, өз еліміздің Президентінің жобасымен жаңа Қазақстан жаңа дәуірде өзінің астанасын таңдады.

Жаңа дәуірде жаңа өріс, жаңа өркендеу, халықтың  шоғырлануы, тұрақталуы, демографиялық ахуалды оңалдыру қажет болды.  90-ншы жылдарда күн сайын  солтүстік көршілерден мемлекетімізге оғаш әңгімелер  көп естілетін. Соның бірі 1990 жылы Солженицын деген орыс әлемінің құрметтейтін беделді жазушысы «Как обустроить Россию?» деген мақаласында Қазақстанның мемлекеттілігіне күмән келтірді. Ондай көзқарасты осы уақытқа дейін  қоректеніп жүрген әр түрлі күштер бар. Қауіпсіздік – үнемі қалғымай, қадағалап отыратын мәселе.

Солтүстік облыстарда қазақтың құрамының аздығын  пайдаланып,  неше түрлі ұйымдар шуылдап, бұл жерде біздің негізгі ұлт жоқ деген әңгімені желеу етуге өте құмар. Тың көтеруге байланысты сырттан миллионға жуық  адам келді.  Ол – бір.

Кезінде Сталин 30-ншы жылдарда Қарлаг (Қарағанды лагері) жүйесін құрды. Карлагтың өзінде миллионға тарта адам болды. Сол тұтқындарды күзеткен, тұтқындардың лагерьлік өмірлерін ұйымдастырып, бақылаған қаншама адамдар келді. Бұл – екі.

Біз тәуелсіздік алған тұста  Бас штабы Алматыда  орналасқан  Орта Азия  әскери округінің өзінде 700 мыңнан астам әскери күш тұрды. Әскери полигондарда Қазақстанға бағынбайтын  қаншама  құрылымдар болды?  Бұл – үш деңіз. Отандық өнеркәсіп орындарының 93 пайызы, мәселен Қарағандыдағы «Карагандауголь», 36 мың жұмысшысы бар Металлургтя  комбинаты, Өскемендегі титан-магний, қорғасын-мырыш,  Ақтөбе, Хромтау, химиялық зауыттардың түгелі Мәскеуге бағынады. Ол кәсіпорындарда  жұмыс істейтін мыңдаған мамандар жұмысшылар негізінен басқа ұлт өкілдері  болды. Қазақстанда қазақтардың саны  40 пайызға жетер-жетпес болды.  Міне осындай жағдайда Мемлекеттің тәуелсіздігін жариялау және ешкімді ештеңеге ұрындырмай-соғындырмай, қақтырмай-соқтырмай тәуелсіздік жариялау – Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси  көрегендігі, сезімтал саясаткерлігі, қайраткерлігі болды деп есептеймін.

Сондай-ақ Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан Компартиясы Орталық  Комитетінің өнеркәсіп хатшысы кезінде экономикалық базалық күшіміздің бәрі Қарағандыда, Целиноградта, Қостанайда, Орталық Қазақстанда шоғырланғанын жақсы білетін. Астана Қарағанды жақта болуы керек қой деген сөзді  бейресми түрде айтып жүретін. Өзі  де осы жақта еңбек етіп, өсті ғой. Сондықтан жалпы Астананы көшіру Президенттің көптен ойлап жүрген терең толғанысының нәтижесі екендігіне күмәнім жоқ.

Осындай жағдайларға қоса солтүстік өңірлерден тәуелсіздіктің алғашқы жылдары немістер, орыстар, кейде  оларға қосыла қазақтар да  көшіп жатты.

– Немістер, орыстар түсінікті.  Осындағы жергілікті қазақтар да көшті ме?

Иә, солардың кейбірі оңтүстікке, кейбірі Ресейге қарай көшті. Сонда бұл жақта онсыз да аз қазақтар қалмайтындай жағдайға келді. Соның бәрін  Президент сараптап отырды да, ақыры жоғарыдағыдай Астананы көшіру туралы шешім қабылдады. Астана туралы шешім қабылданғанда осында 260 мың тұрғынның 7-ақ  проценті қазақ болған.  Қазір  бір миллион адамның 70 проценті қазақтар. Ың-шыңсыз, Ресейдің көптеген басылымдары солтүстік жақта қазақ жоқ, негізінен орыстар деп күн сайын жазып жатқан кезеңде  демографиялық жағдай осылайша оңалды.

1997 жылы қақаған аязда  Президент бір-ақ күннің ішінде Астананы көшіріп алып келген кезде олар аң-таң болып, ошарылды да қалды. Ешкімнің намысына тимей, ешкімнің көңіліне келетін сөз айтпастан, демографияны бүйтеміз, сүйтеміз деместен, ұрандамастан, өз ұлтымыздың, мемлекетіміздің өркендеуі үшін тарихи шешім қабылданды. Ұлттың қайта түлеп-өсуі, өркендеуі осы жерден жаңа кезеңге көтерілді десек те  болады. Президентпен бірге Үкімет, Парламент, басқа да министрліктер келді.

– 1994 жылы Жоғарғы Кеңес Президент ұсынысын қабылдағанда Сіз қандай қызмет атқардыңыз? Қандай салаға жауапты болдыңыз?

– 1994 жылы 6 шілде күні Президент өз ұсынысын Жоғарғы Кеңеске дауыс беруге қойды. Ол кезде мен Жоғарғы Кеңесте едім. 1991 жылы 31 тамызда Президент жарлығымен Бұқаралық ақпарат құралдары және баспасөз министрлігі құрылды. Баспа, газеттер, телеарнаның бәрінің басын біріктіріп, бір министрлік жасап, соны маған басқартты. Екі жылдан соң 1993 жылы 18 қаңтар күні  Президент мені Премьердің орынбасары етіп бекітті. Басында идеология керегі жоқ дедік, сосын идеология керек болды. Өйткені жұртпен жұмыс істеу, сөйлесу, орыс, қазақ тілдерінде елге жағдайды, қабылданып жатқан шешімдерді түсіндіру жұмыстары көп қажет болды. Премьер-министрдің кабинеті құрылымында, облыстарда әкімшіліктерде  орынбасарлар құрып,  олардың ішкі саясат бөлімдерін  құрғызып,  елмен жұмыс жүргіздік. 1994 жылы сәуірде Жоғарғы Кеңес Төрағасының орынбасары болдым.

Астананы көшіру идеясын айтылған сәттен қолдадым, өйткені менің ол кездегі ең бірінші көзім жетіп тұрғаны демографиялық жағдай әрі Президенттің ойланып-толғанып жүргенін жанында жүріп көрдім. Осы жерден біздің негізгі ұлтымыздың көшіп жатқаны жүрекке ауыр тиді. Ал Астананың осында келуі арқылы демографиялық жағдайдың түзелетініне кәміл сендім. Бірақ экономикалық жағдайға күмәніміз болды. Қаржы қайдан келеді, тұрмысымызды қалай көтереміз деген күдік болғаны рас. Ал идеяға күмән жоқ. Алматы географиялық жағынан оңтүстік, оңтүстік-шығыс жақ қой. Қаншама жер мына жақта қалып отыр. Бұл жер – географиялық орталық. Ұлттың қамы. Осы жерде ұлтты тұрақтандыру, демографиялық ақуалды жөндеу бағытында келген.

– Қазіргі мына сол жағалауымыз сол кезде жатқан дала болды ғой, иә?

– Сол жағалау азынап тұрған қара жел, қара дала, саз болатын. Сіз оны айтасыз. Астана 1997 жылы көшіп келді ме? Нұрсұлтан Назарбаев 2002 жылы Бәйтеректі көтерді. Мен ол кезде Сенат депутаты едім. Президент Сенаттың, Мәжілістің Комитет төрағаларын, біраз депутаттарды шақырып, «Бәйтеректің» төбесіне шықтық. Жан-жағымыз, айналаның бәрі дала. Бірақ «Бәйтеректің» басында жоба тұр. Сонымен 2005 жылы Ақорда жарқ ете түсті. Ақордамен ілесе Үкімет, Парламент ғимараттары бой түзеді. 2005 жылы осы ғимаратқа ескі қаладан көшіп келдік. Соның өзінде жел азынап тұратын. «Нұрсая» тұрғын үй кешенінің бірінші қабатында бүгінгідей қаптап тұрған кафе, ресторан, магазиндердің бірі жоқ. Қысқа мерзімде Астана өзі ғана көтерілген жоқ. Астана бүкіл қазақтың жерін, мәртебесін, өнеркәсіпті, шаруашылықты, бүкіл экономикамызды көтерді. Сондықтан Астананың жетекшілік атқаратын орны ерекше. Біздің ұлтымыздың мәртебесін көтерген, солтүстік өңірлерінде тұрақтануына шешуші ықпал еткен де осы Астана.

– Аға, ақпарат саласы кез келген уақытта қоғамның қозғаушы күші ғой. Мемлекеттің имиджін көтеретін, сол елді халықаралық аренаға танытуда баспа құралдары, телеарналар жұмыс атқарады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ең алдымен қандай жұмыстан бастауды жолға қойдыңыздар?

Ең алдымен барлық бұқаралық ақпарат құралдарына мейлінше шығармашылық еркіндік бердік. Цензураны тоқтаттық. Бұрын партияда солай болатын. Сол кезде, кейінгі кезде де қаржысын біз төлейтін болдық. Мысалы, «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда» газеттері. Мен Үкімет мүшесі ретінде Қазақстанның гүлденуіне қалай жаным ашыса, жаным ауырса, БАҚ-да сендердің де солай жандарың ашуы керек. Бірдей жауап береміз. Әбіш Кекілбаевты, Нұрлан Оразалинды «Егемен Қазақстанға» басшылыққа қойдық. Сөйтіп газеттердің отаншылдық санасын көтеруге екпін бердік. Тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарының халықаралық конференциясын ЮНЕСКО-ның бағдарламасы бойынша 1992 жылы қазан айында Алматыда өткіздік. Алпыс екі мемлекеттен екі жүзден астам адам қатынасты. Ылғи тәуелсіз шығарылымдардың, баспалардың редакторлары, корреспонденттері ЮНЕСКО арқылы келді. Үкіметтің үйінде оларға Елбасы құттықтау бергенде таң қалды. Мен ол кезде министрмін. Алматыдағы ескі Үкімет үйін білесің ғой? Қазіргі отырған қала әкімшілігі емес, ол жаңа үй. Ескі Үкімет үйі бұрынғы Комсомол, қазіргі Төле би көшесінде 1952 жылы салынған үлкен классикалық ғимарат. Ол бұрынғы Орталық партия  комитеті, Жоғарғы Кеңес, Министрлер Кеңесі болған.

– КБТУ-дың ғимараты ма?

– Иә, КБТУ-дың ғимараты. Соның залы. Шетелдіктер бұл қай жер, неғылған зал деп сұрайды. Бұл Үкіметтің залы десек, Үкімет бейресми газеттерге ғимаратын беріп тұр ма деп таң қалады. Үш күн сонда конференция болды. Баспасөздің еркіндігі туралы небір сөздер айтылды. Сонда декларация қабылдадық. Бір жағынаносындай халықаралық танылым қажет болды. Екінші жағынан біздің журналистер де дүниежүзілік қоғамдастыққа кіру жолдарын көрсін дедік.

– Тәуелсіздік алған тұстағы көптеген ақпарат құралдарында негізгі, көкейкесті кез келген мәселе еркін көтеріліпті. Кез келген тақырыпта ашық жазылған. 1992 жылы «Ана тілі», «Түркістан» газеттерінің өзі қоғамда резонанс болды.

– «Түркістан» газеті, «Өркен – Горизонт» деген жастардың газеті болатын. Сенің аттасың марқұм Алтынбек Сәрсенбаев – сол кезде МГУ-ді жаңа бітіріп келген жас жігіт. Оның газетін қаланың әкімшілігі «сен бізді сынай бересің» деп ғимаратынан шығарып тастапты. Олар маған келді. Мен 8 бөлме бөліп,министрліктің бюджетіне кіргізіп,газетті шығарттым.

– Ал енді мемлекеттен бөліп алып, қаншама газеттердің қаржыкөздері қайдан болды?

– Біз біріншіден, негізгі газеттерге мемлекеттен қаржы бөліп отырдық. Бөлдік және өзіне еркіндік бердік. Жарнама жасайсың ба, басқа жасайсың ба, рыноктың жағдаяттарын игере беріңдер деп өздеріне еркіндік бердік. Мемлекеттік тәуелсіздігімізді күшейту мәселелерін жазыңдар. Барын бар, жоғын жоқ деп жазыңдар. Әділ сынаңдар, шын сынаңдар, өтірік сынамаңдар және адамның намысына тиетін сөз айтпа, жалған жазба, жала жаппа дедік.Мысалы, егер министрлікті сынап жатсаң, министрдің «мұрны жалпақ, құлағы қалқан» деген сияқты сөз айтпа, мұрнында, бетінде, оның сөйлеген даусында жұмысың болмасын, «министрдің шешімі дұрыс болды»,не «бұрыс болды» деп жаз деген сияқты. Жала жабады екенсің, онда сот алдында жауап бересің.Міне, осылай тәртіпке үйрету де қажет болды. Бірақ журналистер негізінен оған білімділікпен, көпшілігі түсіністікпен келді.

– Елбасы қасында көп жүрдіңіз. Президент реформасы аясында негізгі сенімді серігі ретінде әрқашан көрінесіз. Нұрсұлтан Әбішұлымен таныстығыңыз қай кезден басталды? Қай уақыттан бері қызметтес болдыңыз? Ол кісінің қандай қасиеттерін жоғары бағалайсыз?

– Нұрсұлтан Назарбаевтың атын мен 1961 жылы мектепті бітіріп жатқан кезде Назарбаевтың «комсомолец, жас металлург» деп аты шыға бастағанын айттым ғой.

1970 жылы Алматыда Қазақстан Комсомолы Орталық Комитетінің үлкенпленумы өтті. Сол пленумға келген адамдардың ішінен Теміртау қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі. Маңдайы жарқыраған келісті жігіт екен. Бәріміз сүйсініп қарап жүрдік.Аты жастардың арасында белгілі болды.

Уақыт өтті. Кейін ол кісі партия қызметіне кетті. «Елбасы жолы» деген фильмде бар ғой. Соның бәрі хронологиямен көрсетілген. Қарағанды облыстық партия комитетінің екінші хатшысы болды. Облыстағы екінші адам. Сонда Қарағандыға барып, Қарағандыда облыс комсомолының бірінші хатшысы Қайролла Қабжанов деген жігіт еді, облыстық актив өткізіп,сол активте мен облыс ұйымына Мәскеудің ЦК ВЛКСМ-ніңҚызыл туын тапсырдым. Жақсы бір көрсеткіштер үшін. Сол жолда таныстық.

1979 жылы желтоқсан айында Нұрсұлтан Әбішұлы 39 жасында АлматығаОрталықпартия комитетінің өнеркәсіп жөніндегі хатшысы болып сайланды. Бұл – Қазақстанда өнеркәсіп саласын басқаруға келген бірінші қазақ. Одан бұрын өнеркәсіпті басқа ұлт өкілдері басқаратын. Менреспублика комсомолының бірінші хатшысымын, жұмыс бабында қатынасып тұрдық.

Нұрсұлтан Әбішұлының ерекшеліктерін сұрадың ғой. Біріншіден, табиғатынан өте талантты жаралған адам. Тұлға ретінде бұл кісі өзі қай салаға барса да соның шыңына шығар еді деп ойлаймын. Есте сақтау қабілеті ерекше. Бәрін жатқа біледі. Бір көрген адамын, тағыбасқа жағдайларды ұмытпайды. Ерекшелік пе – ерекшелік.

Жаратушы ерекше энергия, күш-қуат берген. ӘсіресеТәуелсіздік алған алғашқы жылдарда 49-50 жаста сол кезде. Өзі де, үкіметті декүні, түні демейжұмыс жасатты. Ол да бір естен кетпес керемет кез. Өзінің адамды тану, қабылдау қабілеті өте күшті. Аналитикалық қабілеті де алғыр. «Ұзын арқан, кең тұсауға» салып жүрмейді. Бірнәрсені байқады ма, іліп, қағып түседі бірден. Өте сезімтал, Алланың берген ерекше қасиеттері көп.

Парламент Тәуелсіздіктің 25 жылдығына декларация қабылдадық. Декларацияда осы Астана Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі, Президенттің атын Астана қаласына аталуы орынды дедік. Оған депутаттар түгел қол көтерді. Журналистер менен сұрайды: «Жаңа сіз декларацияны жарияладыңыз, сонда Астана қаласының аты қалай болмақ?» деп. «Нұрсұлтан Назарбаевтың атын беруге болады» дедім. Қазір де осы сөзімнен таймаймын.Неғұрлым жыл өткен сайын соған сенімім күшейіп келе жатыр.

Мұны неге айтып отырмын? Жаңа еске алған Целиноградты кезінде қай қазақтан Хрущев сұрап еді? Одан арғы заманда ХІХ ғасырда осы жерде Ақмола бекінісіне шабуыл жасаған Кенесары Қасымовқа не істемеді?! Ханның басы алынды. Сондай қорлық көрген қазақты кешегі тізесі бүгілген жағдайдан көтерген Назарбаевтың еңбегі, сол Назарбаевтың атына бір қала беру біздің тарихтың әділдігі болады және жай қала емес осы қаланы салдырған Нұрсұлтан Назарбаев. Астана қаласын салдыру арқылы бабалардан қалған асыл мұра еліміздің бүкіл Солтүстік, Орталық, қазыналы қара топырақты, қазба байлыққа толы өңірлерінде ұлт тұрақтады. Бұл – қазақтың қамы. Оның ешқандай даартықшылығы жоқ. Дүние жүзінде 80-нен астам қалаға еңбегі сіңген адамдардың аты берілген.

Астана – ұлт тарихының жеңісті келбеті. Ел еркіндігінің өрісі. Астананың туын көтерген – Елбасы қазақтың тұңғыш Президенті, салтанатын жарастырған қазақ халқы.

– Жалпы енді мынау Елбасымыздың«Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар»мақала аясында қандай жұмыстар атқарылып жатыр. Өзіңіз «Нұр Отан» партиясында да аз-кем жұмыс атқарасыз.«Мирас» қоғамдық құрылымы туралы аз-кем айтып өтсеңіз.

– Жуықта «Нұр Отан» партиясы Саяси Кеңесінің кеңейітілген отырысы өтті. Сол кеңесте Партия жетекшісі Нұрсұлтан Әбішұлы партия алдында алда тұрған міндеттерге кеңінен тоқталды. Партияжетекшісінің бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев өзіңіз айтып отырған Елбасы мақаласынан туындайтын жаңа міндеттер туралы мазмұнды баяндама жасады. Елбасы өз сөзінде цифрландыру жаңа технологияларды игеруге айрықша екпін берді. «Мирас» қоғамының кеңесі де сол міндеттердің жүзеге асуына өз үнін, үлесін қоса аларына сенімдімін.

– Сұқбатыңызға рақмет! 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?