Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Жармадағы жарқын күн

1655
Жармадағы жарқын күн - e-history.kz
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында шығысқа жол тартқан Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Туған жер» автоэкспедициясы 15 маусым түс кезінде Жарма орталығы Қалбатауға аялдады

Әдебиет пен мәдениеттің алтын ордасы Қалбатауда белгілі ғалымдар мен қайраткерлерді аудан әкімі Н. Сыдықов бастаған топ жылы шыраймен қарсы алды. Арнайы жайылған астан ауыз тиген соң, Мәдениет үйіндегі салтанатты кешке жиналды. Еуразия ұлттық университетінің Дихан Қамзабекұлы, Жандарбек Мәлібекұлы, Кенжеғали Мыржықбаев, Ерлан Арын, Серікжан Қанаев, Ерлан Сайлаубай, Аманжол Әлтаев секілді белгілі ғалымдары кештің құрметті қонақтары болды.

Бұл кештің ерекшелігі, мектеп бітірушілердің алдағы өміріне ақ жол, сәтті сапар тілеу мақсатында ұйымдастырылған екен. Астанадан шыққан ел ағаларын естіген аудан басшылары ақылдаса келіп, «Алтын белгіге» үміткер оқушылардың марапатын аталған ғалымдар мен профессорларға тапсырту ойлары болған.

Алдымен шағын концерттік бағдарлама ұсынылды. Кезінде аудан ғана емес, облыс, республика, тіпті одаққа дейін аты шыққан Жарма халық театрының тарихы тереңде. Тоқсан жылдан астам уақыт бойы ел-жұртты ән-күймен тербетіп келе жатқан Жарма аудандық оркестрінің орындаулары көптің көңілінен шықты. Қазақ музыкасының не түрлі аспаптары бір демде қосылып, бірі кейде қалыс қалып, олар халық күйлері мен атақты күйшілердің шығармаларын орындады.

Кезек аудан бойынша «Алтын белгі» иегерлеріне келіп жетті. Білім теңізінде озық шыққан сұлу қыздар мен сымбатты жігіттерді құттықтау үшін сахна төріне көтерілген Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, академик Д. Қамзабекұлы жас кезіндегі білім қуған кезеңін еске түсіре отырып, түлектерді алдағы уақытта Астанадағы бас оқу орнына келуге шақырды. Проректордың айтуынша, 3 000-нан астам оқытушысы, 17 000 студенті бар Еуразия ұлттық университетінің толық құрамы Жарма ауданы халқының жартысын құрайды екен.

Бұдан кейін сахна төріне көтерілген белгілі сәулетші, ҚР Мемлекеттік Елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібекұлы ауданға жап-жаңа елтаңба нұсқасын тарту етті. Ал опера әншісі К. Мыржықбаев жас түлектердің болашағына ақ жол тілеп, марапаттарын ұсынды.

Айта кетейік, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ұйымдастырған автоэкспедицияның негізгі мақсаты – жергілікті тұрғындармен кездесіп, рухани жаңғыру бағдарламасының мән-маңызы туралы дәрістер оқып, оның қалай жүзеге асырылып жатқанын саралау. Ең бастысы, туған жерге тағзым, тарихи киелі жерлермен танысу және руханият мәселесі бойынша ел азаматтарымен жүздесу сәті Жарма өлкесінде жарқын көңіл күй ауанында өтті.

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?