Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ақпан – Қазан арасы

2522
Ақпан – Қазан арасы - e-history.kz
В.И. Ленин де К.Маркс пен Ф.Энгельс ойларының ізімен пролетариат диктатурасын орнатуды мақсат тұтып, әлеуметтік-экономикалық, әрі мәдени-дүниетанымдық тәжірибе жасады. Тәжірибе сәтсіз аяқталды

«Революцию не делают в белых перчатках» (В.И. Ленин).

«Революции не делаются в белых перчатках...» Что ж возмущаться, что контрреволюции делаются в ежовых рукавицах» (И. Бунин).

«Когда-то господа сажали сюда мужиков, теперь мужики сажают сюда господ. Это ерунда называется революцией» (Виктор Гюго. «Девяносто третий год»).

«...Нет-с, нет-с, не поможет, какой бы он ни был: белый, красный и даже коричневый! Террор совершенно парализует нервную систему» (профессор Ф.Ф. Преображенский (М.А. Булгаков «Собачье сердце»).

«Помню, в первые дни революции проходил я мимо худой, согнутой солдатской фигуры, греющейся у разложенного перед Зимним костра. Меня окликнули. Это был Блок. Мы дошли до Детского подъезда. Спрашиваю: «Нравится?» – «Хорошо», – сказал Блок, а потом прибавил: «У меня в деревне библиотеку сожгли». Вот это «хорошо» и это «библиотеку сожгли» было два ощущения революции, фантастически связанные в его поэме «Двенадцать». Одни прочли в этой поэме сатиру на революцию, другие – славу ей». (В. Маяковский, 1921 год).

Осыдан жүз жыл бұрын Ресей империясы қатарынан екі революцияны басынан кешірді. Біріншісі тарихта Ақпан революциясы немесе Ақпан буржуазиялық демократиялық революциясы деген атпен тарихта қалса, екіншісі Қазан революциясы деген атауға ие болып, кейде оған «Ұлы» деген эпитет те қолданылып жатады. Тарихнамада Ақпан революциясы Қазан революциясына дайындық, плацдарм ретінде қарастырылып, оның көлеңкесінде қалып, көп айтыла бермейді. Ал Қазан революциясы айналасында даулы әңгімелер мен тұжырымдар толастамай, ескі мифтер жаңа мифтермен астасып, қабылдау, түсіну, түйсіну, ой-електен өткізу үшін күрделене, қиындау түсуде.

Көпшілік оқырмандар мен революция тарихымен қызығушылардың жекелеген бір бөлігі үшін дүниежүзі тарихының дамуына терең ізін салып, артынша ірі геосаяси әрі тектоникалық өзгерістерге алып келген құбылыс революция емес, төңкеріс ретінде қабылданады. Қос революцияның жақтаушылары күні бүгінге дейін жетіліп артылады және тиісінше, олар дүниетанымдық ұстанымдары бойынша бір-біріне оппозияда: біреулері Ақпан революциясын («февралистер») елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен жаңаруына тежеу болған монархияны құлатып, парламентаризмге жол ашқан Ресей тарихының ең жұлдызды сәті деп, либералды құндылықтарды ұстанса, екіншілері Қазан төңкерісі – қазіргі заман тарихы кезеңінің бастауы, кейінгі КСРО-ның барлық әскери-саяси, ғылыми-мәдени саладағы тарихи жетістіктерінің негізі болды деп есептейді. Бұл баяғы батысшылдар мен славянофилдер арасындағы дәстүрлі даудың бір көрінісі болып табылады.

Ақпан революциясының жанашырлары Ресейдің өркениетті Еуропаға кіріге алмай, оның табалдырығында қалып қоюын, орыс мәдениеті мен экономикасында провинциализмнің тереңнен бойлауын, осы Қазан революциясынан, большевиктерден көреді. Бұл жерде айыптаушылардың сөздерінде әділдік бар деп айтуға болады. Шынында да, Н. Бердяев айтқандай, сәтті революция ешқашанда болмайды, кез келген революция сәтсіз болады, Қазан революциясы да қантөгіске толы болды. Миллиондаған адамдар революция құрбаны болып, азап шекті. Елде террор орнап, адам өмірі мен бостандығы өз құндылығынан айырылды.

Қазан революциясы мен Бірінші дүниежүзілік соғыс қарсаңына дейін Ресей империясы басым түрде аграрлы ел болғанымен, өнеркәсіп салалары қарқынды дамып, Ресей лайықты түрде әлемнің бесінші экономикасы ретінде саналатын. Өнеркәсіптің жекелеген салалары бойынша алдыңғы орындарды иеленіп, алдағы он жыл тұрақты өткенде, Ресей экономикасы жүлделі үштіктен табылуы әбден ықтимал еді. Осы кезеңге дейін орыс мәдениеті орыс әдебиетінің классиктері – Толстой, Достоевский, Чехов шығармалары арқылы Еуропаға жол салып, Дягилев пен Стравинский Кәрі құрлықта орыс балетінің үстемдігін орнатады. Сонымен қатар бұл уақыт суретшілер – Врубель, Коровин, Рерих, Сомов, Серов, Судейкин, М. Шагал, К. Малевич пен композиторлар – Римский-Корсаков, Чайковский, Рахманинов, Мусоргский және т.б. таланттар талғампаз еуропалық көрермендерді таңқалдырып, жүректерін жаулап, Ф. Шаляпин әлемдік жұлдызға айналған кез еді.

Бұл кезеңдегі Ресей империясын Онегиндік Ресей деп атауға болады. Ресей Еуропаға, еуропалық өмір-салтқа ұмтылса, Еуропа Ресейге қызығушылықпен, ілтипат-құрметпен қараған еді. Қазан революциясынан кейін, Еуропа мен Ресейдің арасы суып, орыс өркениеті барша әлемнен тыс шеткері қалып қояды. Күні кеше ғана басталған «күміс ғасыры» кемеліне жете алмай, мерзімсіз аяқталады. Ресей енді барша әлем үшін жабайы азиялық реңкі сақталған, мешеу өркениет мекеніне айналады. Өткен ғасырдың басында осы Қазан революциясы салдарының тікелей құрбаны болған Н. Бердяев: «Орыс революциясында жаңа антропологиялық тип жеңіске жетті. Биологиялық тұрғыда күшті, әлді адамдардың іріктеуі жүріп, олар алдыға түсті. Френч киген, тегіс қырынған, әскери типтегі, екпінді, билікке деген жігері құмартқан, өмірдің алдыңғы шебіне бұза-жара енетін, көп жағдайда озбыр әрі арсыз болатын жас адам пайда болды. Оны кез келген жерде кездестіріп, тануға болады, ол барлық жерде үстемдік етеді. Ол көлікке мініп алып жолында тұрғанның барлығын іліп-қағып жүйтіпп өтуде, ол жауапты әрі маңызды кеңестік орындарда отырыстар өткізіп, адамдарды ату жазасына кесуде. Бұл сырт келбетімен бұрынғы революционер типіне аз ұқсайтын немесе оған тіпті қарама-қайшы келетін коммунист немесе коммунизмге бейімделіп алған және кеңестік тұғырнамада тұрған жас адам. Ол  өзін «өз өмірінің қожайыны», «Ресей келешегінің құрылысшысы» деп жариялайды. Кәрі большевиктер, орыс интеллигент-революционерлері осы жаңа типтен қатты қорқады және оның бойынан коммунистік идеяның күйреуін сезеді, алайда олар онымен санасуға мәжбүр. Чекистер де осы жас адамдардың арқасында күшейіп тұр. Бұл – жаңа орыс буржуасы, өмірдің қожасы, бірақ ол әлеуметтік тап өкілі болып табылмайды. Бұл ең алдымен жаңа антропологиялық тип», – деп жазған болатын.

Бұл жерде философ адамзат баласына жасалған тәжірибенің нәтижесі жайында айтып отыр. Большевиктер революция ұрандары болған теңдік, ұлттардың өзін-өзі билеу құқығы (соңғысы тек қағаз жүзінде ғана, жалған боп шықты) ұғымдарымен қатар жаңа адам, жаңа қоғам ұғымын ту етіп көтерді. Астам адам, Сверхчеловек, Ubermesnch идеясы адамзат баласын көптен қызықтырып келе жатқан тақырып, христиандық өркениет екі мың жыл бойы кемел адам ретінде Иса пайғамбар бейнесін ұсынса, Ницше өзінің «Зәрдәшт осылай айтқан еді» атты танымал еңбегінде Ubermesnch идеясы кеңінен әрі терең талданып, кейін оны XX ғасырда гитлерлік фашистер бұрмалап, неміс ұлтын «қайта жандандырғысы» келген еді. Бұл астам адам идеясы, оны аңсау әлі тірі. Голливудтық кинофильмдердегі «Супермен», «Терминатор», «Бетмен», «Өрмекші адам», «Темір адам» және т.б. мысал бола алады. В.И. Ленин де К.Маркс пен Ф.Энгельс ойларының ізімен пролетариат диктатурасын орнатуды мақсат тұтып, әлеуметтік-экономикалық, әрі мәдени-дүниетанымдық тәжірибе жасады. Тәжірибе сәтсіз аяқталды. Ленинді М.А. Булгаковтың повесіндегі профессор Ф.Ф. Преображенскиймен, ал тәжірибеден өткен шартты «жаңа адамды» Шариковпен салыстыруға болады. Троцкий, Ленин сияқты революция көсемдері шеттерінен барлығы интеллектуалдар-оқымыстылар еді және олар осы революция жолына өздерімен рухани білімі жағынан деңгейлес адамдар, интеллигенция ереді деп күткен болатын.

Алайда, зиялы қауым, соның ішінде біздің Әлекең, Ахмет, Міржақып Мағжан т.б. басқа жолды таңдады. Лениннің интеллигенцияға өшігуінің бір себебі де осыдан. Ал, осы Ленинге ергендер кімдер? Революцияға ерген адамдар әр түрлі ортадан келген, әртүрлі тағдыр иелері болды. Бірақ олардың басым бөлігін біріктірген бір ғана жайт болды, ол – олардың «енді жоғалтатын ештеңе қалған жоқ» деген ұстаным еді. Әрине, революция, марксизм теориясына сеніп, қаныққан адамдар да болды, бірақ олар өте аз болды. Қалың бұқара авантюристер мен өмірлік принциптерден ада, немесе өмірде өз орнын таба алмаған, жолы болмаған паупер-люмпендер еді.

Қазан революциясын жақтаушылар революция XX ғасырды тұтастай бойлап өтетін, жаһандық маңызы бар құбылыс деп санайды. Шынымен де, Қазан революциясының салдары халықаралық қатынастар жүйесіне терең әрі ауқымды өзгерістер әкелді: империя құлап оның орнына жаңа мемлекет орнап, кейінен  бұл мемлекет фашистік Вермахты құлатып, Шығыс Еуропа елдерінің гегемонына айналды. Әлем Батыс (капиталистік елдер) және Шығыс (социалистік елдер) болып екіге бөлінді. Марксизм теоретиктері «Қазіргі заман тарихы» атты ұғымды ойлап тауып, оны осы Қазан революциясымен тікелей байланыстырған еді, яғни Қазан Революциясымен жана заман дәуірі аяқталып, қазіргі заман, қазіргі заман тарихы орнайды.

Бірақ Қазан революциясы үшін барлығы әуелден оңай болған жоқ. Британдық жазушы, философ әрі тарихы Томас Карлейль айтпақшы, кез келген революцияны романтиктер ойластырып, фанатиктер оны іске асырады, ал оның жемістерін жексұрындар көреді. Революцияны бір арнада ұстау қиын, тіпті революцияның диірмені кешегі көшбасшы-көсемдерді үгітіп, айналдырып әкетуі де мүмкін. Ұлы француз революциясының платформасын, идеялық базисін романтиктер – ағартушылар физиократтар мен энциклопедистер мектептерінің өкілдері В Мирабо, А.Р. Тюрго, П.С. Дюпон де Немур, Д. Дидро, Ж.Ж. Руссо тобы құрса, оны фанатиктер – М. Робеспьер бастаған якобиндік клуб мүшелері қан-төгіспен іске асырған болатын. Якобиндік террор ұзаққа созылмады, ол өзінің идеялық көсемдерін жұтып, М. Робеспьер, Жорж Дантон, Камиль Демулендер және т.б. көптеген қайраткерлердің басы гильотинада алынып, домалап түсті. Ең соңында билікке, кейінен тұтас Еуропаны отқа ораған, аласа бойлы корсикандық келген болатын.

Қазан революциясы да аталмыш Карлейль триадасының сценарийі бойынша басталып, аяқталған еді. Романтиктері ретінде А.И. Герцен, Н.П. Огарев және Г.В. Плеханов болса, В.И. Ленин мен Л.Д. Троцкий сынды қайраткерлер оның көздеген мақсаттарына жету үшін ештеңеден тайынбайтын фанатиктері болды. Осы азаматтардың маңдай терінің жемісін И.В. Сталиннің көргені жөнінде айтпасақ та болады.

Бүгінгі таңда Ақпан және Қазан революцияларына қатысты даулар аяқталмағанына анық көз жеткізе аламыз. Бұл қатардағы дау емес, бұл посткеңестік адам немен өмір сүреді, неге иланады, қандай саяси-дүниетанымдық бағыт-бағдары бар екенін айғақтайтын өлшеуіш-индикатор болып табылады. Біздің бойымызда әлі хомо-советикус тірі; ол жаман да жақсы да емес, ол факт, шынайылық болатын. Себебі, бұл бірнеше ұрпақтар бойына жасалған тәжірибенің ауыр да ізі өшпес салдары еді. Бұл – бір жағынан біздің мұрамыз. Біздің жарым-жартылығымыз осыдан. Біз осылай кетеміз. Бұл үзік-үзік санадан аттап өту үшін көп уақыт керек. Жаңа ұрпақ, жаңа адам керек...

Талапкер УӘЛИЕВ, «Ақмола облысы мемлекеттік мұрағаты» КММ мұрағатшысы

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?