Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Шыны бақ» көрмесі

2777
«Шыны бақ» көрмесі  - e-history.kz
Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде чех көркем шынысының «Шыны бақ» атты бірегей көрмесі өтті. Көрмеге қойылған бұйымдардың авторы – чехтың белгілі шыны жасаушысы Иржи Пачинек.

Иржи Пачинектың аты Чех Республикасынан да тыс жерлерге танымал. Оның көркем шыныдан жасаған бұйымдары халықаралық деңгейдегі ірі қонақүйлерде өзінің лайықты орнын алған. Өз шедеврлерін Иржи Паченек дәстүрлі чех тәсілімен Цвиковтағы Линдаве мен Кунратиценің шыны зауыттарында жасайды. Шыны зауытында әр елден келген жас шыны жасаушыларды осы өнерге үйрететін 12 шебер жұмыс істейді, жастардың ішінде қазақстандық студенттер де бар.

Шыны технологиясы натрий-калий кристалдарын, яғни мөлдір шыныны ерітуге негізделген. Шыны пеш Цельсий бойынша 1900 градусқа дейінгі температураны көтере алуы керек. Иржи Пачинек пен оның командасы дәстүрді сақтай отырып, технологияны үнемі жетілдіріп отырады. Чехтардың шыны жасау дәстүрі сонау ортағасырлардан бастау алады. Шыны өнеркәсібі XIII ғасырдан бастап дами бастаған, шикізат жақын орналасқандықтан, әсіресе, Йизер мен Лижицкий таулары аудандарында дамыған.

Ең үздік шыныдан берік деп чех хрусталін атайды. Шыны бедерлеудегі чех мектебінің шеберлігі керемет «шілтерлі өрнекті» көрсетеді. Чехтің бай бедерлі бұйымдары - Чехияның визиттік карточкасы. Қолдың шеберлігі мен жұмысқа деген сүйіспеншілікті ешбір станок алмастыра алмайды. Бұны Нұр-Сұлтанда өткен көрмеде Иржи Паченек тағы да бір рет дәлелдеді. Оның жұмысының нәтижесінде шыққан мінсіз бұйымдар барлық континентте таңдай қақтырады.

- Сәлеметсіз бе, Паченек мырза. Сіз чех шыны жасаушыларының ежелгі дәстүрін жалғастырып келесіз. Бұл әулетіңіздің ісі ме?

– Мен туа бітті шыны жасаушы емеспін, әулетімізде шыны жасаушылар болған емес. Бала кезімде спортпен айналыстым. Мен Литомержицеде тудым, бұл қалашықта шыны жасау дәстүрі жоқ. Бірақ әр апта теледидардан «Шыны жасаушы Якоб» сериалын көрсететін, соны қызыға көретін едім. Маған осы фильмнің кейіпкері қатты ұнайтын, содан міндетті түрде шыны жасаушы боламын деп шештім. Ол кезде жасым 14-те болатын.

– Бұл ғажайып өнерді Сізге кім үйретті?

– Мен Жаңа Борға келген кезде, менімен мектепте бірге оқыған досым шыны жасау өнерімен айналысты, мені осы іспен таныстырған да сол. Сол жерде мен алғаш рет шыны жасаушыны көрдім, оның қолы керемет қайратты екен, бұл маған қатты ұнады. Ол шыны жасаушылар мектебінде мұғалім екен, мен сол жерге оқуға келгенде, ол маған осы өнерді үйретті.

– Ұстазыңыздың аты-жөні кім?

– Аты жөні Петр Новотный. Революциядан кейін ол өзінің шыны жасау мектебін құрып, Божек Шипоков есімді шебермен бірге жұмыс істеген. Бірде ол маған: «Сен де шыны жасаушы боласың» деді. Мен әскерден келгесін, ол мені өзінің шыны жасау зауытына жұмысқа шақырып алды. Мен бұл зауытта 16 жыл жұмыс істедім, содан соң өзімнің жеке өндірісімді аштым.

 – Сіздің шәкірттеріңіз, шыны жасаушылар мектебіңіз бар ма?

– Өз мектебім жоқ. Шәкірттерім де жоқ. Бірақ мен әлемді аралап, зауытта экскурсия өткіземін, онда өз шеберлігімді көрсетемін, өйткені бізді әлем біршама таныған. Кейбір балалар маған ұқсағылары келеді.

– Шыны жасаушы үшін не маңызды – дене күші ме әлде шыны үрлеу үшін мықты өкпе ме?

– Ең бастысы – өз ісіңді сүю. Әрине, дене күші де, өкпе де, дене қабілеті де маңызды.

– Сіздің шыныдан жасалған кезекті шедевріңіз қалай туады?

– Мысалы мен аңдарды немесе өсімдіктерді жиі көремін, соларды жасап шығарғым келеді. Немесе досым: «мынаны жасап бере аласың ба?» деп сұрауы мүмкін. Мен үшін бұл бір челлендж немесе бәйге сияқты.

– Сіздің өнер туындыларыңыз сұранысқа ие, осы өнерді бағалаушылар сатып алады. Бұйымдарыңыздың бағасы қай шамада?

– Күрделі сұрақ. Менің көрмемді жай ғана жинақтайтын клиенттерім бар. Олар кез-келген бағаны төлеуге даяр. Туындыға байланысты олардың бағасы 100 доллардан 20 мың долларға дейін деп айта аламын.

– Өз шеберханаңызды қандай қаражатқа ұстайсыз, керекті шикізатты, құралдарды қандай ақшаға сатып аласыз?

– Шеберханамызды сатудан түскен ақшаға ұстаймыз. Өз құралдарымыз бар, оларды ұқыпты, заманауи күйде ұстаймыз. Мысалы, шыны жасайтын пешті біз өзіміз жасадық, өзіміз орнаттық. Құрал-жабдықты өзің орнатқан кезде оның қалай жұмыс істейтінін, егер бірдеңесі сынып қалса, оны қалай жөндеу керектігін білесің. Біз осылай өмір сүреміз. Біздің компаниямызда 23 адам жұмыс істейді, олардың ішінде дизайнер, сәулетшілер бар. Жаңа бұйымдардың дизайнын бірге ойластырамыз, басқа шыны жасаушы компаниялармен белсенді қызмет жасаймыз.

– Сізге әрі қарай да шығармашылық табыс тілеймін!

Иржи Паченек Нұр-Сұлтанға өз сыйымен келіпті. Қазақстанның Мемлекеттік елтаңбасының рәміздері чех шеберінің шыны композициясының негізіне алыныпты. Көрме қонақтары Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа арнап сары-қызыл шыныдан жасалған бұйымды алғаш рет көрді. Керемет сұлу ертегідегідей тұлпарлар шығып келе жатқан күнді күзетіп тұр. «Қазақстанның болашағы шыныдай таза болсын»,-деп тіледі сыйлықты беріп тұрып Иржи Паченек.     

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?