Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Селим Хазбиевич: Қазақстан – болашаққа беттеген ел

1684
Селим Хазбиевич: Қазақстан – болашаққа беттеген ел - e-history.kz
Қазақстан мен Польша арасындағы байланысты нығайту мақсатында дипломатиялық өкілдік ретінде Астанада Польша Республикасының Елшілігі қызмет етеді

1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін оны тәуелсіз мемлекет ретінде алғашқылардың бірі болып Польша мойындаған еді. 1992 жылғы сәуірде екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынастар орнады.

1994 жылғы наурызда Алматыда біздің елшілік ашылды. Кейін 1997-1998 жылдары ел астанасын көшірген соң, Елшілік Қазақстанның елордасында қызмет ете бастады.

NDH порталы Қазақстан Республикасындағы Польшаның Төтенше және өкілетті елшісі Селим Хазбиевичпен кездесіп, сұхбаттасты.

Бүгінгі таңда біздің экономикалық қарым-қатынастарымыз басымдылықта. Біріншіден, Қазақстан поляк экономикасын қызықтыратын – көмір, мұнай, тіпті, электрондық өнеркәсіпте қолданылатын металдарға бай ел. Екіншіден, Қазақстанда 100-ден аса польшалық кәсіпорын ашылған, олардың саны әлі де өсе береді деп ойлаймын. Былтыр екі ел арасындағы сауда-тауар айырбасы 1 млрд. 242,7 млн. евроны құрады, бұл көрсеткіш әлі де өсіп, 2 миллиардқа жетеді деп ойлаймын.

Қазақстан бізді өте қызықтырып отырған ел. Қазақстан саяси жағынан да, геосаяси жағынан да Орталық Азиядағы ең үлкен мемлекет. Геосаяси жағынан Қазақстан Орталық Азия өңіріндегі елдер ішіндегі көшбасшы деп айтуға болады. Біз Қазақстан арқылы Шығыс нарығына шығуды ойлап отырмыз. Қазақстан болашақта Оңтүстік-Шығыс Азияға шығатын польшалық хабқа айналғанын қалар едік.

Бірақ, Қазақстан үшін Польшаны да Еуропаға апарар «ашық қақпа» деп айтуға болады. Көпшілік қазақстандықтар орыс тілінде сөйлеседі, ал ол аздап поляк тіліне ұқсайды. Польшаның да коммунистік ел ретіндегі тәжірибесі бар, тәжірибеміз Совет Одағындағыдай бай емес те шығар, алайда, коммунизм кезіндегі жағдайдан хабардармыз, сондықтан Қазақстанның Батыс Еуропаның капиталистік нарығына енуіне көмектесе аламыз.

Польша Елшілігі экономикалық байланыстарды өсіру бойынша ғана жұмыс істеп қоймайды. Сонымен қатар біз саяси байланыстарды нығайту бағытында да жұмыс істейміз. Қазақстан-Польша ынтымақтастығы аясында 2018 жылғы қаңтарда Нью-Йоркте екі ел Президентінің кездесуі өтті. Енді біздің ынтымақтастығымыз Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінде дамып отыр. Польша Қазақстанның БҰҰ-дағы резолюцияларына қолдау көрсетіп отырғаны сияқты, Орталық Азияның ұлы еліне лайықты позицияға ие болуы үшін Қазақстанға басқа ұйымдарда да, мысалы ОБСЕ-де, саяси қолдау көрсете алады. Орталық Азияның басқа елдерімен салыстырғанда Қазақстанның қалай дамып жатқаны көзге көрініп тұр. Әрине, Қазақстанның елордасы – Астананың дамуы Орталық Азияның басқа мемлекеттерінің астаналарынан ерекшеленеді. Қазақстанның болашақтың елі екендігі көрініп тұр.

Прольша тарихында 123 жылға созылған ауыр кезең бар, бұл кезде ел Австрия, Пруссия және Ресей империясы сияқты үш елдің бодандығында болды. Бұл кезеңді Польша мемлекетін оккупациялау деп атайды.

1768 жылы поляк көтерілісшілері орыс патшасына қарсы шығып, Бар Конфедерациясын жариялады. Олар төрт жыл бойы Польшадағы орыс әскеріне қарсы күресті. Бар Конфедерациясы жеңіліп, көтерілісшілер Сібірге айдалды. Бұл айдалған поляктардың алғашқы толқыны болды. Солардың ішінде Камчаткаға айдалған Карл Любич Залесский болды. Ол қазақ даласы, бүгінгі Солтүстік Қазақстан жерімен жүріп өткен. Ол XVIII ғасырдың 70-ші жылдарында бірінші болып қазақтардың өмір сүру ахуалын, қазақ тайпаларымен болған кездесулерді, олардың салттарын сипаттап жазған. Бұны поляк әдебиетіндегі қазақтар туралы алғашқы деректер деп айтуға болады.

Қазақ даласы туралы поляк әдебиетіндегі тұңғыш дереккөз XVIII ғасырда өмір сүрген жазушы Ян Потоцкийдің очеркі болатын. Ол Каспий теңізінің солтүстік жағалауында болып, репортаж жазған. Поляк ақсүйегі Потоцкий сол кезде сәнді болған француз тілінде жазған. Саяхатшы поялк жазушыларының ішінде бірінші болып қазіргі Солтүстік-Батыс Қазақстан туралы материал жинаған. Ол XVIII ғасырдың екінші жартысында француз тілінде «Астрахань даласы мен Кавказға саяхат» очеркін жазған. ХІХ ғасырда патшалық режиммен Сібірге айдалған поляктар қазіргі Солтүстік Қазақстанның аумағына келген.

Олар қазақтың ұлттық, этникалық бірегейлігін қолдап, Адольф Янушкевич, Томаш Зан фольклор жинаған.

Бұл поляк әдебиетіндегі, Еуропа елдері әдебиетіндегі романтизм уақыты еді, поляк романтик ақын-жазушылары да саясатпен айналысқан. Өздерінің прогрессивті көзқарастары үшін жер аударылған, бұрынғыша айтқанда «солдатқа» жіберілген. Ресей билігі солдаттарды Орынбор желісіне, қазақ жүздерімен шекаралас жерлерге жіберген. Олар қазақтармен достасып кеткен оқиғалар болған. Адам Мицкевичтің жақын досы Адольф Янушкевич, Томаш Зан, Густав Зелинский ХІХ ғасырдың 30-40-шы жылдарында қазақ фольклорын жинап, қазақ салттары туралы жазған.

ХХ ғасырдың басында, 1918 жылы Польша мемлекеті құрылғаннан кейін, маршал Пилсудский қазақтың саяси миграция өкілдеріне қолдау көрсеткен. Түркістан автономиясы үкіметінің басшысы Мұстафа Шоқай бірнеше жыл Польшада тұрған. Польша үкіметі оны барынша қолдаған, тіпті Польша СІМ де саяси ғана емес, сонымен қоса материалдық қолдау да көрсеткен.  Шоқайұлы Парижде де, Варшавада да тұрған, жұмыс істеген. Варшавада бірнеше жыл бойы «Жас Түркістан» журналын шығарған. Бұл Алаш орданың саяси жұмысын Польша мемлекеті мүмкіндігінше қолдап отырған. Бұл туралы куәліктер, Польша мұрағаттарында құжаттар сақталған. Тіпті жүріп-тұруына, «Жас Түркістан» журналының шығарылуына қанша қаржы бөлінгендігі туралы чектер де сақталған. Польша мұрағатындағы барлық құжаттар өз зерттеушілерін күтуде.

Бүгінде осы тақырыпқа қатысты түрлі ғылыми жұмыстар шығуда. Бұнымен поляк және қазақстандық ғалымдар айналысуда. Ұлттық жады институтының профессоры Павел Либера Польша мұрағаттарынан Мұстафа Шоқайдың осы уақытқа дейін белгісіз болып келген француз тілінде жазылған хаттарын тапқан. Польша Елшілігі осы хаттарды келесі жылы басып шығаруға, тіпті қазақ тіліне аударуға да тырысады. Өйткені бұл қазақ оқырманының ерекше қызығушылығын тудырары сөзсіз. Қазақстанда тарихи жадыны қалпына келтіру керек. ХХ ғасырдағы қазақ халқының тәуелсіздік үшін болған қозғалысын Польша әрқашан қолдап отырды.

Қазақстан Республикасындағы Польшаның Төтенше және Өкілетті Елшісі Селим Хазбиевич поляк-литва татарларынан тарайды. Оның үйсін руынан шыққан ата-бабасы Ұлы Литва князьдығына Тоқтамыш ханмен келіп, сол уақыттан бастап Литва жерінде қалып қойған. XVII ғасырдың аяғына дейін поляк-литва татарларының үйсін, қоңырат, жалайыр, арғын мен найман сияқты 5 тайпасы болған. Осы тайпалардан XV ғасырдың ортасында қазақ халқы құралған. Селимнің үйсін руынан шыққан бабасы Грюнвальд шайқасына қатысқан. Бұлар алғашқы қыпшақ қоныстанушылары болған, бірақ Польшада оларды татарлар деп атаған. Поляк-литва татарлары XV-ХVII ғасырлар бойы қалыптасқан. Татарлар аса көп болмаған, қазіргі Польша, Беларусия, Литва аумағында XVIIІ-XIX ғасырларда 12000 жуық адам тұрған. Алайда, Иван Грозный Қазан мен Астраханьды алғаннан кейін татарлардың Ұлы Даламен байланысы үзіліп, XVI-XVII ғасырда тілді жоғалтқан. Татарлар Осман империясы мен қырым татарларына назар салған.

XVIII ғасырдың соңында Ресей империясы Речь Посполитаяның шығыс бөлігін жаулап алады, 1773 жылы Қырымды басып алып, құрамына поляк, литва, кырым татарлары кірген Таврия мүфтиятын құрады.   

Мүфти Польшаға келмеген, бірақ барлық азаматтық актілер, неке туралы, бала туу туралы, қайтыс болу туралы құжаттар Симферопольдегі Таврия (Қырым) мүфтиятына жеткізіліп отырған.

ХІХ ғасырда поляк татарлары Қырым татарларымен ұдайы қарым-қатынаста болған.

Татарлар революцияға дейін Қазандағы медреседе оқыған. Революциядан кейін Қырым мен Қазан большевиктердің қолына өтіп, барлық байланыстарды үзген. Польшадағы татарлар өз мүфтиятын ашқан.

1410 жылғы Грюнвальд шайқасынан бастап поляк-литва әскерінде татарлардың арнайы отрядтары қызмет еткен. Ең соңғысы Польша әскері құрамындағы татарлардың кавалериялық эскадроны болған, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде 1939 жылғы 22-25 қыркүйекте осы әскер Варшаваны қорғауға қатысқан. Поляк бөлімдері Варшаваға қарай анталаған неміс әскерінің бүйірінен соққы берген. Поляк әскерінің құрамындағы татар эскадроны салт атпен емес, жаяу шайқасқан.

Поляктарды қудалау кеңес заманында да тоқтаған емес. Өткен ғасырдың 30-шы жылдарының ортасынан бастап, поляктардың жерін басып алған кеңес билігі Польша азаматтарын шет аймақтарға, оның ішінде Қазақстанға депортациялайды. Қазақстан мыңдаған поляктың туған үйіне айналды. Қазақстандық тарихшылар да осы сұрақпен айналысуда. Осы жылғы маусымда Польшаның ұлттық жады институты Қазақстан Республикасы Президентінің мұрағатымен ынтымақтастық туралы шартқа қол қойды.  Қазақстан Республикасы Президентінің мұрағатымен жасалған ынтымақтастық арқасында біздің Ұлттық жады институты Қазақстандағы, оның ішінде Солтүстік Қазақстанға жер аударылған поляктар мен олардың қоныстары туралы дереккөздерге қолжеткізді.

Қазақстанда қазіргі уақытта поляк тілінде сөйлемесе де, өзін полякпын деп санайтын 35 мыңға жуық адам өмір сүреді. Бірақ, тарихи жады қалған, поляктық сезім сақталған. Біз оларға поляк тілін үйренуге көмектесеміз. Ата жұртына ораламын деушілерді қолдаймыз.  

Ешкім поляктардан, басқа ұлт өкілдерінен осы жерде тұрғың келе ме деп сұраған жоқ. Бұл тоталитарлық саясат, оның салдары әлі күнге дейін сақталған. Қазақтар да орыстандыру, советтендіру саясатының құрбандары.

Тәуелсіз Қазақстан бір орында тоқырап тұрған жоқ, ол алға қарай нық басып келеді, әлемдік саясатқа қатысып, әлемде болып жатқан экономикалық процестердің белсенді қатысушысына айналды.

Қазақстан осындай саяси қиыншылықтан шыға алды. Бұл қазақстандық биліктің үлкен жетістігі. Осыдан 27 жыл бұрын тарихтың сіздерге берген мүмкіндігін қолдан шығарып алмағандарыңыз өте маңызды болды.

Тәуелсіздік алғаннан кейін мыңдаған поляк өздерінің тарихи отаны – Польшаға қайтып оралды. Поляктардың бір бөлігі Сібірге, Калиниград және де Ресейдің басқа қалаларына қоныс аударды.

Польша басшылығы миграция мәселелерімен Германия сияқты жүйелі түрде айналысқан жоқ. Тек билік басына Качиньскийдің «Құқық пен әділдік» партиясы келгеннен кейін ғана осы мәселе мемлекеттік деңгейге көтерілді. Бұрынғы қазақстандық поляктардың тағдыры түрліше қалыптасты. Олардың бәрі бірдей өмірден өз орындарын тауып кеткен жоқ. Мигранттардың көпшілігі қазіргі поляк қоғамына жақсы бейімделіп кетті: поляк тілін жақсы меңгеріп, мектеп, университеттер бітірді, жұмысқа орналасты. Олардың арасында бизнесмен, жеке кәсіпкер, мемлекеттік қызметкерлер бар. Поляк қоғамында қазақтарға да орын табылды, бірақ, олар көп емес, әрине.   

Селим Хазбиевич ҚР Польша Елшілігін басқарғалы бір жылдан асты. Осы уақыт бойы ол Астанаға бейімделумен болды. Ең басты қиындық... тағам болды. Поляк асханасының өзіндік салты мен ерекшеліктері бар. Мысалы, Польшада Қазақстанда жоқ немесе өте сирек әкелінетін көкөністер бар. Біз көбінесе жеміс пен көкөніс жейміз, ал етке келсек, майсыз ет жейміз. Бесбармақты қанша құрметтесе де, оны жегеннен кейін еуропалық ағза қалпына келу үшін екі күн керек. Есесіне Елші мен оның жұбайына қымыз қатты ұнайды.

Қазақстандықтар Польша алмаларымен жақсы таныс. Жеміс пен көкөністен басқа Польша түрлі агроөнеркәсіп тауарларын, бал, тіпті Сауд Аравиясы, БАӘ сияқты мұсылман елдеріне ет те экспорттайды.

Қазақстанға Польша өнімдерін экспорттау түрлі қиындықтарға кезігеді. Біздің ортақ шекарамыз болмағандықтан экспорт Ресей мен Белорусь арқылы келеді. Біз қазақстандық мұнайды, көмірді алғымыз келеді, бірақ көлік, логистика жағынан қиындықтар бар. Бірақ біз осы мәселені ойластырудамыз. Польшада да көмір шығарады. Электр энергиясын шығарумен айналысатын барлық зауыттар қатты отынмен жағылады. Біз электр энергиясын Литва, Германия, Чехиядан сатып аламыз. Бірақ бұл жеткіліксіз, Польша көмірді Қазақстаннан сатып алады.

Польшаның жеке кәсіпорындары, фирмалары Қазақстанға көмір өндірісі үшін заманауи технологияларды ұсынады. Олар, неміс және басқа да өндірушілерден жоғары сапасымен, қолжетімді бағасымен ерекшеленеді.

Польшада атом энергетикасы жоқ, жаңғырмалы энергия алдағы жылдарда дамытылатын болады. Болашақ энергиясы ЭКСПО-2017 көрмесінің тақырыбы болды.

Халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесінің Польша үшін, оның ішінде атап айтқанда Польша өндірісі үшін зор маңызы болды.

Халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесі Қазақстанды Орталық Азиядағы экономикадық орталықтардың бірі ретінде көрсетті. Қазақстан бұл тек қана иен дала мен жылқы ғана емес. Болашақтың өнеркәсібі осы жерден басталады. Көптеген елдер мен делегациялар Қазақстанды экономикалық мүмкіндігі бар және осы деңгейге көтеріліп келе жатқан ел ретінде таныды. Бұл сіздер үшін өте маңызды. Көрмеден кейін экономикалық байланыстар артты, өйткені польшалық бизнес Қазақстанның үлкен мүмкіндіктері мен перспективасы барын көрді. 

Қазақстандық студенттер арасында Польша жоғары оқу орындарының танымалдығы артты. Польша ЖОО-дағы білім Батыс еуропа елдеріндегі білімнен еш кем емес. Польша дипломдары – Еуроодақ дипломдары. Польшадағы барлық университеттер шетелдіктер үшін лекцияларды ағылшынша өткізеді. Тіпті Елші мырзаның өзі Ольштындағы университеттің профессоры болған, Қазақстаннан барған студенттерге дәріс берген. Студенттер саны жыл санап артып келеді. Польша ЖОО мен училищелері Болон жүйесі бойынша оқытады, қазақстандық студенттердің қызығушылын арттыратыны да сондықтан. Польша тарапынан аздаған квота бар, 100-150 адам стипендияға оқиды. Ресми мемлекеттік стипендиялардан басқа, жеке университеттерден де гранттар бар. Университеттер автономиялы болғандықтан, университет қабырғасына қандай студенттерді қабылдайтындарын өздері шешеді.   

Дипломаттық қызметке дейін Салим Хазбиевич ғылыммен айналысқан. Оның ғылыми мүддесі саласына шығыстану, Польша мен Ресей арасындағы халықаралық қарым-қатынастар тарихы, Шығыс Еуропа, Азиядағы саяси қозғалыстар енген.

Биыл Польша тәуелсіздігінің жүз жылдығын тойлайды. Польша мемлекетінің тарихы мыңжылдан асады. Польша мемлекеті, Киев Русінен бұрын, 966 жылы құрылған. Алайда, 1795 жыл мен 1918 жыл арасындағы 123 жыл бойы Польша мемлекеті Ресей империясы, Австрия, Пруссия басқыншылары арасында бөлініске түсіп, тозығы жеткен. Біз осы уақыт арасында тәуелсіздігімізді жоғалтып алдық, алайда бұл тәуелсіздігімізді қайтару, өйткені біз бұрын Речь Посполита мемлекеті болғанбыз.

Бұл оқиғаны Астанада да тойлаймыз. Тәуелсіздігімізді қайтарып алғанымыздың жүзжылдығына арналған мерейтойлық іс-шаралар аясында 8 қазанда ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында Ұлтты жады институтымен ұйымдастырылған тарихи көрменің ашылуы болады.

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?