Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Элишка Жигова: 8 саны чехтар үшін символдық мәнге ие

2443
Элишка Жигова: 8 саны чехтар үшін символдық мәнге ие - e-history.kz
Чехия үшін 8 саны ерекше мағынаға ие. Осы жылдары орын алған оқиғалардың мемлекет үшін маңызды салдары болды

Мысалы, 1918 жылы Чехословакия республикасы құрылды, 1938 жылы Мюнхен келісіміне сәйкес Германия Чехияның Судет облысын аннексиялады, 1948 жылдың ақпанында Чехословакия билігіне коммунистер келді, 1968 жылы билік демократиялық өзгерістер енгізуге тырысты, алайда бұл қадам социалистік блоктың әскерлерімен басылды.

1993 жылдың 1 қаңтарында Қазақстан мен Чехия арасында дипломатиялық қарым-қатынастар орнатылды. 1994 жылдың желтоқсанында Қазақстандағы Чех Республикасының Елшілігі ашылды. Қазақстан Республикасындағы Чех Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Элишка Жигова бізбен кездесуге және NDH порталының сұрақтарына жауап беруге келісті.

– Биыл біздің елдеріміз дипломатиялық қарым-қатынастардың 25 жылдығын атап өтуде. Ширек ғасыр аз уақыт емес. Осы қарым-қатынастарды қалай сипаттар едіңіз?   

– Иә, осы жылдың ақпанында дипломатиялық қарым-қатынастардың жиырма бес жыл толды. Біздің арамызда үнемі адами деңгейдегі жақын байланыс болды. Қазақстан ССРО-ның бір бөлігі болды, Чехословакия социалистік блоктың бір бөлігі болды, сондықтан да біздің қарым-қатынасымыз Совет Одағы деген шаңырақтың  астында болды. Қазақстан тәуелсіздігін алған сәттен-ақ Чехия оны мойындады, сол уақыттан бастап дипломатиялық қарым-қатынастар орнап, Алматыда Чехия Елшілігі ашылды. Қарым-қатынасымыз жақсы дамуда. Біріншіден, екі ел арасында қандай да бір айтарлықтай мәселе жоқ. Екіншіден, қазақстандықтар чехтарды өте жақсы көреді. Мен осы лауазымға келген уақыт арасында Чехия Президенті ресми сапармен екі рет Қазақстанда болып қайтты, парламенттік деңгейдегі байланыс орныққан. Байланысымыз жақсы дамып, алға қарай ілгерілеуде.

– Элишка Жигова ханым, сіз 4 жыл бері Қазақстанда жұмыс істеп келесіз. Осы уақыт аралығында біздің еліміз бен халқымыз туралы қандай пікір қалыптасты?

– Иә, 14 қыркүйекте 4 жыл толады. Мен мысығыммен Қазақстанға қалай ұшып келгенім, Алматыға келіп қонғаным әлі есімде, кейін Елші болып тағайындалған соң Астанаға көшіп келдік. Қазақстан туралы көбірек білуге тырыстым, тіпті қазақ тілін де үйренбекші болдым. Маған сіздердің елдеріңіз, оның табиғаты мен адамдары және Қазақстанның қарқынды дамып жатқаны қатты ұнайды.

– Астанада өткен Халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесі екі ел арасындағы қарым-қатынасты нығайтуда қандай рөл атқарды?

– Чехия тарихта тұңғыш рет кіші немесе аралық ЭКСПО көрмесіне қатысты. Көрмеге қатысу мәселесі бойынша үкіметте үлкен пікірталас болғанын жасырмаймын. Дипломаттардың, саясаткерлердің белсенді жұмысынан кейін Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесіне чех павильоны да қатысуы керек деген шешімді қабылдадық. Бұл біздің сауда-экономикалық, мәдени байланыстарымыздың дамуына үлкен серпін берді. Біздің павильонымызда чех мейрамханасы болған, көпшілік сонда келіп, құттықтап, сыра ішті.

– Халықаралық ЭКСПО көрмесінен кейін бір жыл өтті. Бизнесті, экономикалық қатынастарды дамытуда, жаңа жобалар жасауда қандай нәтижелер бар?

– Біз зор үміт артқамыз. Біздің қызықты жобаларымыз көп болған, мысалы, қоқысты қайта өңдеу бойынша жобаны Қазақстан тарапы жоғары бағалаған еді. Алайда, әзірге ештеңе бекітілген жоқ. Біз суды тазалау бойынша қызықты экологиялық жобаны жүзеге асырғымыз келеді.

– Жобалар жүзеге асады деп үміттенемін.

– Бізде инновациялық шешімдер өте көп. Мынадай бір сәт бар – германиялық сапа, бірақ чех бағасы.

– Чехия үшін «8» саны ерекше мағынаға ие. Осы жылдары орын алған оқиғалардың мемлекет үшін маңызды салдары болды. Мысалы, 1918 жылы Чехословакия республикасы құрылды, 1938 жылы Мюнхен келісіміне сәйкес Германия Чехияның Судет облысын аннексиялады, 1948 жылдың ақпанында Чехословакия билігіне коммунистер келді, 1968 жылы билік демократиялық өзгерістер енгізуге тырысты, алайда бұл қадам социалистік блоктың танктерімен басылды.

– Иә, «8» саны Чехия үшін символикалық мәнге ие, кейде жағымды, кейде жағымсыз. Австрия-Венгрия ыдырағаннан кейін Чехословакия демократиялық республикасы пайда болды, бұл ел қарқынды дамып, Еуропада екінші Швейцария деп аталды. Егер де Екінші дүниежүзілік соғыс болмағанда, бәлкім, Чехословакия биік шыңдарға жетер ме еді. 1938 жылғы Мюнхен келісімі – өте қайғылы оқиға, батыс елдері біздің шағын ғана елімізді құрбандыққа шалып жіберді, бірақ, Гитлер жалғыз Чехословакияны қанағат тұтпады.    

– Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін  Чехословакия социалистік блок елдерінің құрамына енді. Осыдан кейін біз сіздердің өнеркәсіптеріңіз, ХТТ (халық тұтынатын тауар) туралы хабардар болдық. 1968 жылы ЧКП бас хатшысы А. Дубчек Чехословакияның саясатын түбегейлі өзгертпекші болды.

– Ол кезде бұл «адам бейнелі социализм» деп аталатын. Сталиндік кезеңнің қорқыныштарынан кейін 1965 жылы өзгерістер басталды, біздің саясатшылар журналистерге сөз еркіндігін берді, экономиканы қалпына келтірді, түрмеге жабылғандарды босатты. Өндіріс пайда болды. Бірақ, советтік блок Чехословакияда болып жатқан процестерге алаңдай бастады. Брежнев бұлай болмауы керек деп шешті, өйткені, егер Чехословакия басқа елдерге осылай өмір сүруге болатынын көрсетсе, онда басқа елдер де осылай өмір сүргілері келетін болады. Чехословакияға танктер енгізілді.

– Варшава келісімі елдерінің әскерлері енгізілді. Бірақ, әскердің көпшілігі ССРО әскерлерінен тұрды.

– Иә, онда негізінен совет сарбаздары болды, аздаған поляктар, немістер, венгрлер мен болгарлар болды. Поляктар айтатын: «Бізге ұят болғаны соншалық, біз тіпті қалаға кіргіміз келген жоқ, контингент ретінде шекарада тұрдық» деп. Ал, Прагаға совет әскері кірді.

- 1918 жылы Қазақстанға чехословакиялық корпус келгені тарихтан белгілі. Легионерлердің сөйлеген сөзі контрреволюциялық төңкеріс пен Азамат соғысына түрткі болды. Бұл оқиғалар Солтүстік Қазақстанда, Петропавлда орын алды.

– Осы туралы сұрағаныңызға қуаныштымын, өйткені бұл жерде түсінбеушіліктер көп. Әрине, кеңестік кезеңде олар туралы мүлде айтуға болмайтын. Қазір Ресейде «ақ чехтар» (белочехи) деп атайды. Бұлар – Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде Австрия-Венгрия империясының құрамында соғысып, Патша әскеріне тұтқынға түскендер. 1917 жылғы революциядан кейін тұтқындар үйлеріне қайту мақсатында өзіндік контингент құрады. Оларда броньдалған пойыз болды да, олар теміржол магистралі бойынша қайтуды ұйғарады. Осылайша, олар жалғыз теміржолмен Петропавлға жетеді. Енді біз Чехия Елшілігі ретінде Петропавлда ескерткіш қойсақ па дейміз. Тамызда петропавлдық тарихшылармен семинар өтеді, біз чехтардың жендет болмағандығын, олардың бар болғаны үйлеріне қайтқысы келген қарапайым сарбаз болғандарын айтамыз.

– Сәкен Сейфуллин «Тар жол, тайғақ кешу» кітабында олар туралы солай жазады. Ол чех сарбаздарының киімдері де жақсы, қарулары да жақсы болғанын айтады.

– Жаңа үкімет сол кезден-ақ оларға қамқорлық көрсете бастады. Тіпті жоғары дәрежелі тұлғалар келіп, оларға рух берген. Оларды кіргізу үшін совет билігімен сөйлескен. Бірақ, азамат соғысы...

– Рудольф Маречек – өте қызықты тұлға. Верныйда ол тұңғыш коммунистік газеттің бас редакторы болған,  «Интергельпо» алғашқы ауылшаруашылық кооперативін құрған.

– Иә, ол жұмбақ тұлға болған. Рудольф большевиктердің қолына түсіп, НКВД-ға жұмыс істеген деп айтылып жүр. Ол тыңшы болған-болмағанын айта алмаймын, бірақ, олар оны пайдаланған. Совет заманындағы сондай бір Джеймс Бонд, бірақ ол да бір түсініксіз рөлін ойнаған. 1918 жылы ол қазақтар мен қырғыздарды қайтадан елдеріне қайтару миссиясымен Қытайға барған. «Интергельпо» кооперативін құрған. Ленин бүкіл әлемге «Жаңа әлем – Совет Одағын тұрғызуға келіңдер» деген кезде Маречек заманауи еуропалық ел – Чехословакияға келіп, адамдарды Қырғызияға шақырған. Жұмысшылармен және орташа шаруалармен болған кездесулерде ол: «Қырғызия деген ел бар. Сонда келіңдер, ол жерде сендерде бәрі болады, жұмыс та болады, жер де болады, бәрі де өздеріңдікі болады» деген. Олар оған сеніп, қолдарында барын сатып, 1923 жылы «Интергельпо» кооперативін құрған. 1924 жылы 14 вагоннан тұратын бірінші эшелон Қырғызияға жол тартады. Олар Бішкекке келеді, әдемі таулар мен таңырқаған қырғыздарды көреді... болды, басқа ешнәрсе жоқ! Уақыт өте келе қоныс аударған чехтер жақсы орналасып алады. Отызыншы жылдары республика бюджетінің  80%-ы «Интергельпо-дан» құралған. Бішкектегі алғашқы паркті, алғашқы театрды, алғашқы боулингті солар салған.

– Қасіретті отызыншы жылдарда Қазақстан көптеген халықтардың түрмесіне айналған. ГУЛАГ, КарЛАГ, АЛЖИР чехтар мен чех әйелдердің лагеріне айналды.

– Шынымен де. Біріншіден, АЛЖИР музейін жасап, ескерткіш тұрғызып, өткен күнді естен шығармаған Қазақстан халқына алғыс айтсам деймін. АЛЖИР-де отырған чех әйелдерін әрең таптық, қиын болды, бірақ, таптық, Долинкада да чехословактар болған. Осы жылы Спасскіде чех құрбандарына арнап ескерткіш аштық. Ескерткішті чех суретшісі жасады. Екі тастың ортасынан жөке ағашы өсіп тұр, бұл – біздің ұлттық ағашымыз. Тастарды қарағандылық суретшілер жасады, сондықтан да бұл – бірлескен жұмыс.

– Прагада Еуропадағы ең байырғы оқу орны – Карлов университеті орналасқан. Онда қазақстандық студенттер білім алуда. Чех білімі қаншалықты танымал, сұранысқа ие?

– Өте танымал. Осы күндері консулдық жедел студенттік визаға құжат тапсырушы жастарға лық толы. Бізде жақсы feedback шығады. Мен бір іс-шараға келсем мен бір жас жігіт келіп, чехша «Мен Прагада оқығам» дейді. Осындағы Елшілікте бізге чех жоғары оқу орнын тәмамдаған үш бітіруші көмектесуде. Олар қоғамға жақсы бейімделіп, жақсы лауазымдарда отыр.

– Сіздерге сәттілік тілеп, қарым-қатынасымыз әрі қарай да нығайып, берік бола түседі деп сенеміз.

– Бәріміз бірге жұмыс істейміз деп үміттенемін. Қызығушылықтарыңыз үшін рахмет және сіздердің порталдарыңызға да бар жақсылықты, сіздің өзіңізге амандық, Қазақстанда береке болсын деп тілеймін.

Көп рахмет.

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?