Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Өзгежан Кесижи: Алаш Орда кезеңіндегі ұлтшылдық мәселесін зерттегім келді

2050
Өзгежан Кесижи: Алаш Орда кезеңіндегі ұлтшылдық мәселесін зерттегім келді - e-history.kz
Алаш Орда тақырыбында шетелде докторлық диссертация қорғаған қазақ қызы Өзгежан Кесижи порталға берген сұхбатында ұлтшылдық мәселесін әлеуметтік аспекті тұрғысынан зерттегенін айтады

– Атым – Өзгежан Кесижи, социология факультетінде диссертация жазып тапсырып қорғадым. Тақырыбым – Алаш Орда. Жұмысты бастағаныма төрт жыл болды, биыл аяқтап сүйінші сұрап отырған жайым бар. Өзім Германияның Мюнхен қаласындағы университетте бакалавриат пен магистратураны оқып тәмамдадым. Базалық білімім – саясаттану мамандығы. Ол кездегі тақырыптарым Қазақстандағы ұлт мәселесі болды, осы төңіректе біраз зерттеулер жаздым. Осы ойлардан кейін мен қазіргі Қазақстандағы ұлт мәселесін тереңірек, әсіресе тарихы тұрғысынан зерттегім келді. Алаш Орда тақырыбына мен осылай келдім.

Магистратураны бітірген соң, біраз материалдар алу үшін, өз тақырыбыма қатысты деректерді игеру мақсатында мен Қазақстанға, Астана қаласындағы Еуразия ұлттық университетіне бардым. Осы кезде ұлт мәселесі туралы зерттеулерімді ойлана келе Алаш қозғалысы тұсындағы ұлтшылдық мәселесіне тоқтап, кеңіткім келді, – деген есімі елден ерек қандасымызбен бүгін сұхбаттасудың скайп арқылы сәті түсті. Қазір Ирландияның Дублин қаласында білім алып жатқан Өзгежан – текті атаның тұқымы. Әкесі Қайым Кесижи – Еуропадағы қазақтардың басын қосып, ұлт үшін біраз жұмыстар атқарып жүрген қайраткер азамат.  

– Алаш Орда туралы диссертация жазып шыққан екенсіз. Мұны Қазақстан ғылыми ортасы, ғалымдар жоғары табыс деп есептейтіні анық. Диссертацияңыздың жаңалығы неде? Біз біле бермейтін қандай деректерге негізделді?

– Осы жайында деректерді алу үшін мен 2014 жылы Алматы қаласындағы Орталық мұрағатқа бардым. Диссертациямда тарихи жағынан емес, әлеуметтік аспекті тұрғысынан зерттеу керек болғандықтан, «Алаш қозғалысы» атты төрт томдық деректер жинағы бойынша көптеген мәліметтерді пайдалана алдым. Менің негізгі мақсатым – әлеуметтік жағынан қарастырғандықтан, тарихи-әлеуметтік жағдайды түсіндіру үшін біраз еңбек етуге тура келді. Орталық мұрағатта көп жұмыс істедім, ондағы деректерді тиімді пайдалана алдым деп ойлаймын.

Еуропада социология ғылымы саласында «ұлтшылдық» деген категория бар. Еуропалық социологтар: «Ұлттар тек қана модель болғаннан кейін, ұлт бола алады» деп есептейді. Батысты индустриалды революция келгеннен кейін ұлт болды, ұлтшылдық пайда болды. Қазақстан колониалды (бодан) ел, Ресейге қарағандықтан, олардың қозғалыстары қандай бағытта өрбіді, неліктен оларға ұлтшыл деген айыптар тағылды және оның зардаптары турасында деректер баршылық екен. Мысалы, өзге шетелдің колониалды мемлекеттерінің, әсіресе Африка елдерінің ұлттық күрестері турасында еңбектер мол, алайда біз бұл мәселе Алаш Орда қозғалыстарына қатысты айтылғанда үнсіз қаламыз. Сондықтан осы тақырыпты зерттеуге күш салдым.

Алаш кезеңіндегі әлеуметтік жағдайды ескерсек, ХХ ғасыр басында қазақ халқы сол баяғы көшпенді тұрмысынан арылмаған, ал одан шыққан зиялы тұлғалардың ескілікті тастап, оқып, жаңа ұлт болып қалыптасуды ойластырған ұлттың ұйытқы моделі болғанын жеткізу мақсатыма жатады. Сөзімнің басында айтқандай «модель болмайынша ұлт ұлт болып қалыптаспайды» деген теорияға осындай ойлар тиянақ бола алады.

Алаш Орда тарихы – әлі де құпиясы мол, жұмбағы көп тақырып. Бұл кезеңді зерттеу әдісінде қандай әдіснаманы ұстандыңыз?

– Бұл іргелі зерттеуімде әр түрлі қазақ басылымдарында жарық көрген көптеген деректерді негіз етіп алып отырдым. Мысалы, Әлихан Бөкейханның, Ахмет Байтұрсынұлының, Міржақып Дулатұлының мақалаларын, сараптамалық зерттеулерін, ақын Мағжан Жұмабайдың өлеңдерін оқу арқылы кейбір ойларымды дәлел келтіруге пайдаланып жаздым. Және бұл әдісім сәтті болды деп айта аламын. Бұдан басқа да қазіргі таңда жарық көрген ұлтшылдық туралы тақырыптарды оқып барып, түсініп жазуға құлшыныс таныттым.

– Сіз диссертацияңызда қазақ ғалымдарының еңбектеріне сүйенгеніңізді айтып отырсыз.  Біз білмейтін еуропалық қандай ғалымдар бар? Еңбектерін атап өтсеңіз...

– Біз жақта Стивен Собол деген ғалым бар, ол кісі – таза тарихшы. Алаш туралы тарих жағынан зерттеп, онысы 2003 жылы кітап етіп шығарған. Мұнда ол кісі Алаш қозғалысының мақсат мен міндетін, саяси көзқарастарын талдап жазып, соңынан қазаққа аса танымал үш қайраткердің өмірбаянын жазған. Олар: Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы және Мұхамеджан Сералы.  Меніңше, осы кітап өте жақсы жазылған.

Сосын Питуе Тиер деген ғалым диссертациясын Алаш тақырыбынан қорғаған. Алайда ол кісі осы зерттеуін кітап етіп бастырып шығармаған. Сосын ағылшын тілінде жазылған еңбектерден Гүлнәр Кендірбай бар, ол кісі тарихшы, Алаш тарихы туралы көптеген мақалалар жазған. Осы кісілердің шығармалары диссертацияма арқау болды.

– Диссертацияны жазу барысында қандай мұрағаттарға бардыңыз? Қандай құжаттарды кезіктірдіңіз?

– Сұхбаттың басында Алматыдағы Орталық мұрағатта болғанымды айттым ғой. Сол кезде мен 1905 жылы қазақтардың өзге елге бодан бола жүріп Мемлекеттік Думаға депутат болып қатысқаны туралы деректерді оқып білдім. Олар сонда өз халқының таңдауын жасау арқылы атын тарихта қалдырды.

Жердің сақталуына жаны күйген, патшалық Ресейдің үстемдігін әшкерелейтін сөздер сөйлеген қайраткерлердің жазбасымен таныстым. М. Дулатұлының «Оян, қазақ» кітабы шыққанда тұтқындалғаны, Сталиннің Алаш партиясын бақылауда ұстағаны жайындағы жазбаларды да оқи алдым. Әсіресе әрі көсемнің арнайы бұйрығымен жабылған «Ақ жол» газетіндегі ұлтшылдық тақырыбына арнайы тоқталып, зерттедім. Ол үшін Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан қуғын-сүргін музейіне барып, көру бұйырғанын айта кетейін.

– Әңгімелескеніңізге рақмет. Еңбегіңіз елене берсін.

Сұхбаттасқан Заңғар КӘРІМХАН

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111) 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?