Кеше Астана қаласындағы Балалар жəне жасөспірімдер кітапханасында ағылшын жазушысы Жоан Роулиңнің әлемге әйгілі Хәрри Поттер кітабының қазақ тіліндегі нұсқасының таныстырылымы болып өтті.
Сатылым жағынан балалар әдебиеті жанры бойынша бұрын-соңды болмаған рекорд орнатып, ешкімге дес бермей тұрған бұл жеті томдық шығарма жинағы бүгінге дейін әлемнің сексеннен астам тіліне аударылған. Бүгінге дейін ұзын-саны жеті бөлім болып басылып шыққан роман барлығы 500 миллион данамен басылып шығыпты. Осылайша, Хәрри Поттер романының авторы Жоан Роулиңді әлемдегі алғашқы миллиардер жазушыға айналып шыға келеді. Ол қалаған «Harry Potter» брендінің құны бүгінгі таңда 12.78 миллиард долларға бағаланады. Енді міне миллиондаған баланың қолдарынан тастамай оқитын сүйікті кітабына айналып үлгерген сол шығарма қазақ тіліне аударылып отыр.
Көзілдірікті сиқыршы бала Хәрри Поттер мен оның құпияға толы тылсым әлемі туралы жеті томдық шығармалар жинағының қазақ тілінде шығару құқығы «Steppe & WORLD Publishing» баспасына тиесілі. Аталмыш баспаның негізін қалаушы әрі жоба авторы Раиса Қадырқызының айтуынша, әлемге белгілі шығарманы қазақша аудару идеясы осыдан бірнеше жыл бұрын пайда болған. «Өзім Моңғолияда туып өстім, әрі ұзақ жылдар бойы шетелде тұрдым. Сол себепті ана тілінен ажырап қалмау үшін балаларыма қазақ тіліндегі кітаптар оқытуды әдетке айналдырған болатынмын. Өзім де кітап оқығанды жақсы көремін. Алматыға жолым түскен бір сапарымда әдеттегідей кітап дүкендерін аралап, қазақ тілінде сапалы әдебиет таба алмадым. Сол жерде маған «Қазақстанның халқы өз тілінде кітап оқымай ма?» деген ой келген еді. Қай елге барсаңыз да сол халықтың тілінде шыққан кітаптарды көремін. Хәрри Поттер романын балалар Германияда - неміс, Араб мемлекеттерінде - араб, Түркияда- түрік тілінде оқиды. Сол секілді моңғол және өзбек тілдеріне де аударылып қойылған. Расын айту керек, әлемнің 80 тілінде жарық көрген шығарманың әлі күнге қазақ тіліне аударылмағанына әрі бұл істі ешкім қолға алмағанына қатты таң қалдым. Ақыры кезекті жобамыз ретінде осы «Хәрри Поттер» топтамасын қолға алып, 2017 жылдың соңына қарай аударуға кірісіп кеттік», – дейді Раиса Қадырқызы.
Алайда шығарма авторы Ж.Роулингтің рұқсатын алу оңай болмайды. Келіссөздерге бір жылдай уақыт кетеді. «Жоан Роулиңнің аударманың сапасына ерекше көңіл бөлетіні белгілі болды. "Шығарма балаға жеңіл, түсінікті тілде мағынасы өзгермей сол күйінде жетуі керек!" деген шарт қойды. Оның үстіне аудармаға рұқсат беру туралы шешімді автор мен оның агенті бірлесіп қабылдайды екен. Ебін тауып автор мен агенті екеуімен де байланысып көрдік. Олар ең алдымен біздің баспаның жұмысымен танысуға ниетте екендіктерін білдірді. Одан кейін бізбен жұмыс жасап жатқан серіктестерімізбен пікір алмасты. Ақыры аудармамыздың сапасын көріп, кәсібилігімізге көз жеткізген соң ғана келісімін берді. Бұл 2019 жылдың қаңтары болатын. Келісімшартқа сәйкес, бірден Хәрри Поттердің барлық кітабын аударуға мүмкіндік алдық. Бүгін міне соның алғашқы кітабын сіздердің назарларыңызға ұсынып отырмыз» деп атап өтті таныстырылым барысында.
Айтпақшы, кітаптың мұқабасын дайындау үшін бөлек рұқсат алуға тура келіпті. Оны да авторлық агенттік таңдаған. «Әзірге кітап мұқабасын жасауға рұқсат алған төрт баспаның ішінен Ұлыбританиядағы Bloomsbury баспасының үлгісін таңдадық. Алғашқы кітаптар осы баспаның мұқабасымен шығады. Алайда болашақта отандық иллюстратордың қолынан шыққан мұқабамен тағы бір нұсқасын шығарамыз деген жоспар бар. Сонымен қатар, аударма сапалы болуы үшін Гарри Поттерді бізден бұрын аударған неміс, моңғол, түрік тілдеріндегі нұсқасын үнемі қарап, «олар мына тұсын қалай аударыпты, мына сөздің мағынасын қалай беріпті?» деп салыстырып шықтық Гарри Поттердің британдық және америкалық жеңілдетілген нұсқасы бар екен. Біз британдық яғни автордың түпнұсқалық вариантын таңдадық» - дейді ол.
«Хәрри Поттер мен пәлсапа тас» кітабын Динара Мәзен, Саят Мұхамедияр және Нәркез Берікқазы аударды. Жобаның жауапты редакторы – Назгүл Қожабек.
Тұсаукесер барысында «Гарри" емес неге "Хәрри», «Роулинг" неге "Роулиң" деп берілген?» деген сыңайдағы әлеуметтік желілер арқылы таралып жатқан сыни-пікірлерге де жауап берілді. «Өкінішке қарай, ұзақ уақыт бойы әлемнің мәдениеті мен әдебиетіне орыстың көзімен қарап келдік. Әрине, осындай себептерге байланысты «Гарри» мен «Роулингке» үйреніп кеткен көпшіліктің біздің нұсқаны қабылдай алмай жатқанын түсінеміз. Алайда, біз тікелей ағылшын тілінен аудардық. Ағылшын тілінде «Harry» |ˈhæri| болып транскрипцияланады. Ал «ә» дыбысы ағылшын тілінде де, қазақ тілінде де бар. Сол секілді жазушының тегі «Rowling» |ˈrō-liŋ| деп оқылады, яғни «ң» дыбысымен аяқталып тұр. Бұл да қазақ тілінде бар. Сондықтан біздің нұсқада «Гарри» емес, «Хәрри», «Роулинг» емес, «Роулиң» болды. Яғни «Хәрри Поттер мен Пәлсапа тас» қатып қалған сол сеңді бұзып, ағылшын тілінен өз тілімізге тікелей аударылып отыр », – дейді кітап редакторы Назгүл Қожабек.
Қазіргі таңда екінші роман бойынша аударма жұмыстары жүріп жатыр. Ал жалпы кітаптың барлық томы алдағы бір екі жылдың көлемінде толық аударылып, оқырмандарға жол тартатын болады.
Бүгінде Хәрри Поттердің қазақ тіліндегі нұсқасы Қазақстандағы барлық кітап дүкендеріне сатылымға түсіп жатыр. Одан бөлек, арнайы онлайн дүкен іске қосылып отыр.
Раиса Қадырқызы — Steppe World & Publishing баспасының негізін қалаушы. Моңғолияда туып, көп жыл Таяу Шығыс, Ұлыбритания, Германия мен Нидерландта тұрған. Каирдағы Америка университетінде саясаттану және гуманитарлық бағыттар, Лондон университетінде шығыстану, Ерасмус университетінде қаржылық менеджмент саласы бойынша білім алған.
2016 жылы баспа ісіне ден қойып, Джулия Дональдсонның «Ақын қоян» және «Груффало», Эрик Карлдың «Қомағай жұлдызқұрт», «Анна Франктің күнделігі» кітаптарын қазақ тіліне аударған. Биыл америкалық жазушы Джеф Киннидің балаларға арналған Diary of a Wimpy kid (Әлсіз балақайдың күнделігі) атты кітабы жарық көреді. Сонымен қатар атақты британдық жазушы Роальд Дальдың Charlie and the Chocolate Factory (Чарли және шоколад фабрикасы) және Matilda (Матильда) атты шығармалары қазақ тіліне аударылады.
Фото: Бауыржан Жуасбаев