Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Жүз жылдық жылнама» оқырманға жол тартты

2090
«Жүз жылдық жылнама» оқырманға жол тартты  - e-history.kz
Бүгін Ұлттық академиялық кітапханада «Жүз жылдық жылнама» атты 5 томдық жинақтың тұсаукесері өтті. Іс-шара Egemen Qazaqstan газетінің 100 жылдық мерейтойы аясында өткізілді

5 томдық жинақта «Ұшқын» газетінен бастап «Социалистік Қазақстан» басылымында жарық көрген материалдар топтастырылған.

Жиынның басында сөз алған «Egemen Qazaqstan» республикалық газеті акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі кешегі өткен ҚР Президент сайлауының аман есен өтуімен құттықтап, іс-шараға келген қонақтарға алғысын білдірді.

«Баршаңызға белгілі ел газеті Егемен 100 жылға толып отыр. Осы ғасырлық тойдың қарсаңында бірқатар жобаларды жүзеге асыруды қолға алған болатынбыз. Өздеріңізге белгілі алғашқы шара Алаш арыстарының табаны тиген Семей жерінен бастау алды. Ай сайын түрлі шаралар өткізіп келеміз. Мысалы: «Жүз ағаш отырғызу», «Музейдегі түн» т.б шараларды жоғарғы деңгейде өткізіп келеміз. Бұған қолдау білдірген барша әріп тестерімізге алғысымызды білдіреміз. Сол сияқты бүгінгі шарада жоғарғы деңгейде өтетініне сенемін. Атауы айтып тұрғандай «Егемен Қазақстан» газеті тек еліміздің бас басылымы ғана емес, халықтың жүз жылда жүріп өткен жолымен ұлтымыздың жүз жылдық жылнамасы. 5 томдықта қазақ халқының басынан қандай қиындықтар өтті? Ұлттық мәселелер қалай жазылды? Алаш арыстары не жазды ? Аштық, репрессия жылдары, тың игеру кезеңі сияқты үлкен оқиғалар бір жинаққа топтастырылды», – деді «Egemen Qazaqstan» республикалық газетінің Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі.

Сондай-ақ, Д. Қыдырәлі газеттің тарихымен, оның кезінде басқарған басшылары туралы бірер сөз қозғап, келген қонақтарға газет туралы деректі фильмді ұсынды.

Бес томдық кітап Ақпарат және қоғамдық даму министрілігің қолдауымен «Фолиант» баспасында жарық көрді.

«Қадірменді қауым! Сіздерді Egemen Qazaqstan газетінің 100 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын. Шежірелі басылымның бір ғасырлық мерекесі аясында бірқатар іс-шаралар өтіп жатыр. Алдағы уақытта да Ақпарат комитеті 5 томдық кітаптың шығуына қолдау білдіреміз. Себебі, басылым тарихы – ұлтымыздың тарихы. Тағы да шын жүректен сіздерді құттықтаймын», – деді Ақпарат комитетінің төрағасы Ляззат Сүйіндік.

Бір ғасырлық тарихы бар республикалық басылым – Egemen Qazaqstan газеті алғаш рет 1919 жылы 17 желтоқсанда «Ұшқын» деген атпен оқырмандардың қолына тиген болатын. Қазіргі атауы 1993 жылы берілген. Ал 2019 жылдың наурыз айынан бастап «Егемен Қазақстан» атауы латын қарпінде Egemen Qazaqstan деп жазыла бастады.

Басылымның басында болған ұлт қайраткерлері көптеген игі істер істеп кеткен. Өткен ғасырдың қырқыншы жылдарына дейін Смағұл Сәдуақасов, Мұхтар Әуезов, Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов, Ғабит Мүсірепов сында Алаш қайраткерлері газеттің басшылық қызметін атқарған болатын.

Мақалаға қосымша фотосуреттер 

Сондай-ақ жиналған қауым газеттің бетінде жарияланған мақалалардың өзектілігін айтып, сөз сөйледі. Солардың ішінде: емле, әліппе, тілдің тазалағы, жер, дәстүр, ақындардың поэзиясын талдау сынды мәселелер сол кездің өзінде ауқымды жазыла бастағаны туралы айтты.

«Бұл жинақ – бір ғана «Егемен Қазақстан» газетінің тарихы емес, бүкіл еліміздің, бүтін дәуірдің ғасырлық тарихы. Жинақтан Сәкен Сейфулиннің кезіндегі мемлекеттік тіл үшін баспасөз бетінде қалай күрес жүргенін, 1923 жылы ұлтқа қазақ атауын қайтару үшін кімдердің басын бәйгеге тіккенін көруге болады. Әзірге 5 томы шықты, желтоқсан айына дейін тағы бес томы шығады деп отырмыз», – деді профессор Намазалы Омаш.

Кітапты шығарушылардың айтуынша 5 томдық кітаптың эклектрондық нұсқасы жасалып, оқырмандарға жақын арада жол тартады. Газеттің қадірменді оқырмандары мен газеттің өркендеуіне үлкен үлес қосқан ақсақалдары кітаптың кейбір мақалаларын талдады.

Жиынның соңында іс-шара ұйымдастырушыла алдағы күндері Egemen Qazaqstan газетінің 100 жылдық мерейтойы аясында бильярдтан турнир өткізілетінін айта кетті.

Іс-шара ардагер журналист Қорғанбек Аманжолдың еліміздің басты басылымына деген сағынышынан шыққан жыр шумағымен аяқталды.

 

«Егемен»

Өзіңсің кемелім де көрегенің,

Қаныма қағидаңды шегеледің.

Менімен қоштасуға қақылысың,

Сенімен қоштаспаймын «Егеменім»!

 

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?