Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

«Сәдуақас Ғылмани және Ұлы даланың ғұламалары»

2729
«Сәдуақас Ғылмани және Ұлы даланың ғұламалары» - e-history.kz
15 ақпанда Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті және Ислам ынтымақтастығы Ұйымы (ОИС) жанындағы Ислам тарихы, өнері мен мәдениетін Зерттеу орталығы (ИРСИКА)

«Сәдуақас Ғылмани және Ұлыдаланың ғұламалары» тақырыбында халықаралық ғылыми конференциясын өткізді

Ғылыми конференцияға Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының өкілдері, Ислам ынтымақтастығы ұйымы жанындағы Ислам тарихы, өнері мен мәдениетін зерттеу орталығының (ИРСИКА) бас директоры Халит Ерен және де көптеген тарихшылар мен дінтанушылар қатысты. Конференция барысында ғалымдар «Сәдуақас Ғылмани: Заманымызда болған ғұламалардың өмір тарихтары» атты кітабын жиналған қауымға таныстырып, тұсаукесер рәсімін өткізген. Арнайы шығарылған кітаптың тұсаукесеріне Сәдуақас Ғылманидің қызы Үкіжан Сәдуақасқызы да шақырылды.

 

 

Конференцияны Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы құттықтау сөзімен бастап ашты:

 

«Саналы ғұмырын Ислам дінінің гүлденуі жолына арнаған Сәдуақас Ғылманиұлының қаламынан қасиетті қазақ топырағында алғашқы «Мәуліт жыры» туындаған болатын. Өздеріңіз білетіндей, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы жыл сайын ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.) туған айында мәуліт кешін рухани кеш деп атап өтеді. Осы шарада пайғамбардың өнегелі өмірін өлең-жырмен баяндау – рухани кештің негізгі мәні мен маңызына айналды. Халқымызда жақсы сөз бар: «Жақсының алды өлмейді, ғалымның хаты өлмейді». Сондықтан бүгінгі осы басқосуға шақырғаны үшін мен шынайы ризашылығымды білдіремін».

 

 

Сарапшы мамандар Сәдуақас Ғылманидің өмірі туралы, Ұлы даланың мұсылман мәдениеті туралы, ислам дініндегі ойшылық пен ағартушылық мәселесі туралы көзқарастарын жария етіп, қазақстандық исламтану мектебі қазақ халқының рухани жаңғырудағы рөлін анықтауға тырысты. Сондай-ақ конференция аясында Қазақстандағы ислам мәдениетінің дәстүрлі құндылықтарының жайы талқыланды.

Конференцияда Серік Қирабаев, Ғарифолла Есім, Болат Көмеков сынды белгілі ғалымдар ғылыми баяндамалар жасап, естелік әңгімелер айтты. Академик Болат Көмеков былайша еске алады:

 

«Мен – Сәдуақас Ғылманидің көзін көрген адаммын. 1971 жылы Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында жұмыс істеп жүрген кезімде маған шақыру келді. Мешіттің бір адамы әкелді. «Осындай да осындай, ол кісі сізді үйге шақырып жатыр» деді. Шақырған жерге бардым.

Сәдуақас Ғылмани жақсы, кәдімгі дәстүрмен күтіп алды: тамақ асып, шай беріп, кейін әңгімеге кірісті. Өзі туралы біраз әңгіме айтты. «Қазақстан жерінде мұқият мүфтият жоқ. Мүфтиятты басқаратын – Ташкенттегі Зияддин Бабахан. Біздің қазияттың төрағасы – мен» деп бастады ол кісі. «Зияддин Бабаханов менің шәкіртім болады» деді. «Зияддин Бабаханов жыл сайын маған сәлем беріп отырады» деді. Бір кезде ол кісі: «Менің естуімше сіз араб тілінің маманы екенсіз. Менің жасым келді, орнымды кім басады деген уайыммен жүрмін. Егерде мақұл десеңіз, Каирдегі Аль-Асхр университетіне үш жылға оқуға жіберемін» деді. Сонда мен алғыс-шүбірлігімді айтып, «ғылым жолына түстім» деген жауап қайтардым. Сәдуақас ақсақал: «Балам, саған бата берейін» деді».

 

 

Пленарлық мәжілісті Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Еуразиялық зерттеулер кафедрасының профессоры, ҚР ҰҒА академигі Көмеков Болат Ешмұхаметұлы ашып, исламның Ұлы далаға тиген ықпалы туралы айтты.

 

«Патша үкіметі, совет үкіметі мезгілінде қаншама кедергі жасап бақты, қаншама зардапқа жетіп, қиын жолдардан өттік! Соның өзіне қарамай қазақтың жерінде қандай білімді адамдар дүниеге келген. Оның себебі дәстүрде, тамырда жатыр. Ал Құран десек, ол адамға тікелей байланысты. Мұса пайғамбардың кітабы әділдікті үйретеді. Иса пайғамбардың кітабы негізінде рақымдылыққа үйретеді. Ал бірегей киелі Құран әділдікке де, рақымдылыққа да үйретеді. Сондықтан келешек исламда. Ұлы өркениетінің құндылығы ру-тайпалық жүйеде жатыр. Ру-тайпалық жүйе бір заңдылыққа келтіреді. Ел болса жер табылады. Яғни адами факторы, адамның тағдыры көшпелі қоғамда бірінші орында болған» – деді Б. Көмеков.

 

 

Басқосуға қатысқан академик-тарихшылардың айтуынша, исламдық діни жүйені зерттеудің қажеттілігі мол. Сонымен қатар, конференция аясында діни қақтығыстардың алдын алудағы дінаралық сұхбаттың рөлі ашық айтылды.

 

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?