Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ашаршылық ақиқаты

1631
Ашаршылық ақиқаты - e-history.kz
Мемлекет тарихы институтының ұйымдастыруымен 31 мамыр - саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған «1932-1933 жылдардағы ашаршылық ақиқаты» атты дөңгелек үстел өтті

Шараға Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Тарих факультеті Еуразиялық зерттеулер кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.д., профессор З.О. Дүкенбаева, Мемлекет тарихы институты Деректану, тарихнама және Отан тарихы бөлімі, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму тарихы бөлімі, Еуразиялық және саяси зерттеу бөлімі, Ғылыми-ақпарат бөлімінің ғалымдары қатысты.

Дөңгелек үстелдің модераторы Институт директорының орынбасары, т.ғ.к., доцент Қашқымбаев Амангелді Нұркейұлы болды. Амангелді Нұркейұлы дөңгелек үстелді өзінің алғысөзімен ашып, Қазақ тарихында «ұлы зұлмат» атауымен қалған 1931-33 ж.ж. ашаршылықтың экономикалық және демографиялық зардаптарының өте ауырлығы, қайғы-қасірет, ашаршылықтың ақиқаты, маңыздылығы жайлы өз пікірін білдірді.

Деректану, тарихнама және Отан тарихы бөлімінің басшысы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ғани Мұқашұлы Қарасаев, «ХХ ғасырдың 30 жылдарындағы тоталитарлық Кеңес Одағындағы жеке басқа табыну және ашаршылықтың қазақ халқына әсері» ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы Кеңес Одағының барлық аймақтарында, соның ішінде Қазақстанда іске асырылған сталиндік саяси репрессия мен қолдан жасалған аштықтың халқымызға әкелген қырғыны орасан ауыр, қайғысы шексіз. Бұл күндері барлық облыстық мемлекеттік мұрағаттардағы халыққа қарсы ұйымдастырылған осы сталиндік саяси науқанды сипаттайтын құжаттардың құпиялықтары алынып, оларды зерттеуге барынша мүмкіншіліктер туып отыр.

Атап айтқанда Шығыс Қазақстан облысының оңтүстік аудандары мал шаруашылығымен айналысатын қазақтарды күшпен ұжымдастыру ісінің көлемі, қайғылы нәтижесі туралы мұрағат құжаттары молынан деректер береді. Мысалы, 1930-жылдардың басындағы негізінен көшпелі мал шаруашылығымен айналысатын Қытаймен шекаралас өңірлерге орналасқан Шығыс Қазақстан облысы оңтүстік аудандары қазақтарының малдарын күшпен мемлекет қарамағына алып, өздерін көрші мемлекетке жасырын өтіп кетулерін болдырмау мақсатында облыстың отырықшылықпен айналысатын орталық өңірлеріне көшіру қолға алынды.

Осы жылдары Шығыс Қазақстан облысының Күршім, Марқакөл, Зайсан, Тарбағатай өңірлерінен 7610 қазақ шаруашылығы малдары тартып алынып, отырықшылыққа күшпен көшірілді. Жан сақтау үшін жат жұртқа еріксізден өткен қазақтардың тағдырларының қалай болғандығын, Қытай жеріндегі жағдайын көрген адамның естеліктерінде: «1932 және 1933 жылдары Синьцзянда, Шұғышақ көшелерінде аш адамдардың үлкен тобын көруші едік ... Бұлар Шығыс Қазақстанның шекаралы аудандарынан қашып келген қазақтар еді. Олар өте көп болатын. Ал таңертең ... екі ұйғыр өлгендерді жинап, арбамен мұсылман зиратына таситын... Шәуешектен Ұласты аңғарына, одан ары Тарбағатай арқылы Хабарасуға дейінгі жол бойында жаппай қырылған қазақтардың өлігінен аяқ алып жүргісіз, олардың көпшілігінің қойнынан кеңес ақшалары шашылып жатты». Осы мерзімде Кеңес үкіметі жергілікті қазақтардан күшпен босатылған Қытаймен шекаралас Қазақстанның оңтүстік-шығыс аймағын барынша орыстармен қоныстандыруды мақсат етіп қойды. Мысалы аталған тұрғыдағы «Зайсан уездік жерге орналастыру комиссиясының 1927 жылғы 8 ақпандағы шешімімен түгел қазақтар мекендеп келген шекаралық Тарбағатай болыстығының Бозша қонысына (қоныс аударушы Василий Абрамкиннің өтініші бойынша) 41 адамнан тұратын 8 орыс шаруашылығына шабындық, т.б. қолайлы жер алынып берілді»–деген тарихи дерек осыған нақты айғақ болып табылатындығы белгілі. Мұндай жантүршігерлік деректерді көптеп келтіре беруге болады. Сондықтан да бүгінгі, 2017 жылдың 31 мамырындағы Қазақстандағы сталиндік саяси репрессия және қолдан жасалған аштық құрбандарын еске алу күнінде мұндай халқымыздың басына түскен қырғынның сабақтарын еске алып, оның нақты деректерін одан ары жариялай отыра, Мәңгілік Ел болуға бет қойған қазіргі Егемен ұрпағымыздың басында мұндай алапат енді түспесін деп тілейміз.

Еуразиялық зерттеулер кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.д., профессор Дүкенбаева Задаш Оразғалиқызы «Қазақстандағы ашаршылық қасіреті зерттелуінің кейбір қырлары» тақырыбында баяндама жасады. Ол кісі өз баяндамасында, ХХ ғасырдың 20-жылдарындағы мерзімді басылымдарда ашаршылық туралы мәліметтер жарияланғанымен, бұл туралы мәлімет бергендердің көбін кеңестік-партиялық аппараттың қызметкерлері құрады. Бүгінгі таңда Қазақстандағы ашаршылыққа қатысты мәселелерге баға беруде көптеген мәселелер кездесетінін атап кетті. Тәуелсіздік жылдарында мемлекеттік мұрағаттардың құпия қорлары ашылып, ашаршылық зардабын тартқан куәгерлердің естеліктері жарияланды. Сол зұлматтың құрбаны болған Күдері ақын Жолдыбайұлы (1870-1931) шығармасы әдеби көркем туынды ғана емес, 1930-32 жж. ашаршылықты, Торғай елінің қасіретін кейінгі ұрпаққа жеткізген тарихи дерек. Ашаршылық нәубетінің айшықты көріністері С.Елубайдың 1990-2000 жж. аралығында жазылған трилогиясы –«Ақ боз үй», «Мінәжат», «Жалған дүние», А.Мекебаевтың «Құпия қойма» (Алматы, 2008), А.Тілеулиевтің «Қарақұм» деректі хикаяты (Алматы , 2007) және т.б. әдеби шығармаларда шынайы бейнеленген. Халықтық жалпы қасіреті жадында сақталып қалған елін сүйген азаматтар Кеңестік биліктің қатаң бақылау саясатына қарамастан, тарихтың ащы шындығын болашаққа жеткізуге тырысып жатты. Өткен тарихтың ақиқатын халыққа жеткізу арқылы оның сабақтарын әрқашан есте сақтауымыз керек.

Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму тарихы бөлімінің басшысы, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Күлпаш Мырзамұратқызы Ілиясова, Бүгінгі таңда қазақ ұлтының басынан өткен осы бір зұлматты тереңірек зерттеу қолға алынып отыр. Осы тақырыпта тарихшы ғалымдардың бірнеше еңбектері жарық көрді, солардың ішінде бұл тарихты терең зерттеген Талас Омарбекұлы Омарбеков, Мәмбет Құлжабайұлы Қойгелдиев, Жұлдызбек Бекмұхамедұлы Әбілқожин т.б. Болашақта тарихшы ғалымдар қуғын-сүргін тарихы мен ашаршылық тарихын бөліп жеке дара зерттеп, еңбектер шығарса нұр болар еді.

Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму тарихы бөлімінің бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Әлима Мүсірқызы Ауанасова, «ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы Қазақстандағы ашаршылық және саяси қуғын-сүргін» тақырыбында баяндамасында, 30-жылдардағы адамдардың тағдыры, оқиғалар, фактілер қазақ ұлтын жою саясатының практикалық тұрғыда іске асыруының жан түршігерлік көрнекі дәлелі. Кеңестік билік орнау жылдарында ұлттың негізгі жетістіктері тіл мен тарихи-мәдени мұраларды сақтау қажеттілігі болды. Тарих ғылымы басқа да гуманитарлық ғылымдардай болашақ ұрпақ үшін ұлттың тарихи-мәдени мұраларын сақтауда өзінің жауапкершілік жүгін арқалауда. Сонымен бірге тарих ғылымы ұлттың біртектілігі мен бірігуін қалыптастыруға ықпал етеді. Қазіргі қоғамның рухани-адамгершілік бағдарын қалыптастырады. Бүгінгі таңда тарихшыларға біршама жағдай жасалған, яғни туған жері арқылы тоталитаризм тұрғысынан террорға, идеологиялық зорлық-зомбылыққа ұшыраған қарапайым адамның тарихи-психологиялық кескінін көрсету, 30-жылдарының айтылмай қалған толық көрінісінің орнын толықтыруға болады.

Деректану, тарихнама және Отан тарихы бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері, педагогика ғылымдарының кандидаты Сейітқали Жахияұлы Дүйсен, «Мұстафа Шоқай Түркістандағы 30-жылдардағы ашаршылық туралы» тақырыбында баяндама жасады. Мұстафа Шоқайдың Түркістандағы ашаршылықтың себептер туралы келтірген дәлелдерін толық фактілермен айтып өтті. Ашаршылықтың нағыз өршіп тұрған кезінде Түркістан өлкесінде болып қайтқан бір шетелдіктің көзімен көріп, естіп білгенін былай келтірген: «Бұл елді толық аштық жайлаған. Ашаршылыққа ұшыраған Түркістанның жергілікті халықтары. Өзбекстан мен Түрікменстанда ашаршылықтың басты себебі – дәнді дақылдар егетін жерлердің мақта егуге берілуі еді. Сонын салдарынан күріш жетпеуі қатты сезіледі. Қазақстан мен Қырғызстандағы ашаршылықтың басты себебі – жергілікті тұрғындарды күштеп отырықшыландыру, ұжымдастыру болды». КСРО адам жегіштер еліне айналуда деп атап өткен. Бұл 20-30-жылдардағы қазақ тарихының ащы болса да шындығы. Қасіретті тарихы болып табылады.

Деректану, тарихнама және Отан тарихы бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Қанат Әлібекұлы Еңсенов, «Қуғын-сүргін тарихы әлі де зерттеуді қажет етеді» тақырыбындағы баяндамасында өз туған ауылында көне көз қариялардан естіген, туған нағашы атасының естелігінде айтып кеткен деректерді келтіре отырып, біраз ақпараттар берді. Нағашы атам Солтанғазы Озғанбаев 1928 жылы тәркілеу кезінде 12 жасында Қытай асып, 1955 жылы Хрущев пен Мао Цзэдун келісімі бойынша елге қайта оралғанда жүк пойызымен Ақтөбеге қарай өткізіп жіберген. Кейін ағайын-туыстарының қолдауымен туған ауылына қайтып оралғаны жайлы деректемелер келтірген. Алдағы бес жылдықта қуғын-сүргін мен ашаршылыққа қатысты деректерді өңірлер бойынша тиянақтап зерттеп, оны қуғын-сүргінге, ашаршылыққа арнайы бөліп бес томдықтар шығаруды қолға алу қажет.

Дөңгелек үстел отырысын Институт директорының орынбасары, т.ғ.к., доцент Қашқымбаев Амангелді Нұркейұлы «Қазақ даласын жайпап өткен 1931-1933 жылдардағы апатты ашаршылық 6 миллион қазақтың 2,2 миллионының өмірін жалмап кетті. Осы бір қайғылы дерек – халықтың ғасырлар бойы ұмыта алмас қасіреті. Мұндай қасіретті тарихты, 31 мамырда ашаршылық құрбандарын əрқашан еске алып отыру – бүгінгі жəне кейінгі ұрпақтың əруақтар алдындағы басты борышы. Етек-жеңі жиналған ұлт боламыз десек, осыны ұмытпай, жадымызда ұстауымыз керек»-деп қорытынды жасады.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?