Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ КАЗАК ӘСКЕРЛЕРІ

8258
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ КАЗАК ӘСКЕРЛЕРІ - e-history.kz
Қазақстан аумағындағы орыс казактары бірнеше ғасырлар бойы қалыптасты және бірнеше аймақтық топтардан құралды

Топтар жекелеген казак әскерлерін құрады және ұйымдастырушылық, шаруашылық және тұрмыстық өзгешеліктері бойынша ерекшеленді. Орал, Орынбор, Сібір, Жетісу казак әскерлері Ресейдің Орта Азия мен Қазақстандағы саяси, әскери, шаруашылық-экономикалық және әлеуметтік-мәдени негіздерінің басты тірегі болды. Орал, Орынбор, Сібір және Жетісу казак әскерлері жергілікті қазақтармен тікелей араласып, олармен күрделі қарым-қатынас жүйесіне түсті. Бұл қарым-қатынастар кейде саудамен, айырбаспен, технологиялар, мәдени және шаруашылық дағдыларды ауысумен қатарласып, бейбіт және өзара тиімді сипатқа ие болды, ал кейде – жер дауы, әскери қақтығыстар, ұрлықтарға соқтыратын қырғи қабақ сипатта болды.

ЖЕТІСУ КАЗАК ӘСКЕРЛЕРІ

Жетісу казак әскерлері 1867 жылы Сібір казактарының 9 және 10 полктері округінен құрылған болатын. ХІХ ғасырдың аяғында казак әскерлерінің басқармасы орналасқан Верный қаласынан басқа Жетісу казактары 13 станцияны мекендеді: Сергиополь, Үржар, Лепсі, Сарқан, Қопал, Көксу, Қаскетті, Голубов, Надеждин, Софийск, Үлкен Алматы, Шағын Алматы және Николаев станциясында орналасты. 1867 жылы Жетісу облысы құрылған еді. Бұл облыстың әскери губернаторы сонымен бір мезгілде Жетісу казак әскерлерінің тағайындалған атаманы болып та бекітілді. Бұдан басқа, олардың 17 жаңа ауылдары болды.

1894 жылдың басында Жетісу әскерінің аумағында шамамен 32,5 мың адам болды, оның ішінде – 25 мың және 7,5 мың басқа қалалықтар. Бейбіт уақытта әскерлер саны 1 атты полкі, ал соғыс уақытында – 3 атты полкі құрады. Жетісу казактарына өзін-өзі басқарудың жетілдірілген түрі тән болды. Өзін-өзі басқарудың басты органы – сход жиын маңызды рөл атқарды. Казактардың бұл жиналысына әскери топқа жатпайтын, басқа қалалық адамдар да қатыса беретін. Жетісу казактарының айналысатын негізгі шаруашылығы егіншілік, ал қосымша шаруашылығы балық аулау және омарташылық кәсібі болды. Казактар сонымен қатар саудамен де белсенді түрде айналысты. Жетісу казактарының қолында 281 мың десятина жер болды. Ол әр адамға шаққанда 28 десятинадан келді.

ОРАЛ КАЗАК ӘСКЕРЛЕРІ

Жайық казактарының ең алғашқы елді мекендері XVI ғасырда қазіргі Қазақстан аумағының солтүстік-батыс бөлігінде (Жайық (Орал) өзенінің бойында) пайда болды. Сондықтан да оларда өзін-өзі басқарудың элементтері көп болды. Казактардың қоғамдық өмірінің аса маңызды мәселелері әскери топта ұжымдық талқыға салу арқылы шешілетін. Патша үкіметі казактардың еркіндігін шектеу саясатын ұстанды. Олардың тұрмысына бірте-бірте қатаң әскери тәртіп енгізіле бастады. Мәскеу мемлекеті Жайық казактарына оңтүстік-шығыс шекараны қорғау және әскери отарлау міндеттерін жүктеді.

Жайық казактары 1773-1775 жылдарда Пугачев бастаған шаруалар көтерілісіне қатысты. Мұның өзі патша үкіметі тарапынан Жайық казактарының өзін-өзі басқару құқығына қысым жасап, шектеулер қоюына қатысты болған еді. Соғыс аяқталған соң Жайық казак әскелері ресми түрде Орал казак әскерлері болып атауын өзгертті.

ХІХ ғасырдың екінші жартысында Орал әскерлері үш бөлімге бөлінді – Орал (орталығы – Орал қ.), Лбищендік (Либщен қ.) және Гурьевтік (Гурьев қ.). 1900 жылдың басына дейінгі деректер бойынша Орал казактарының саны отбасы мүшелерімен қоса 123 мың адамнан асатын еді. Бұдан басқа, Орал әскерлерінің жерінде казактарға жатпайтын 42,6 мың адам өмір сүрді. Жайық казактары XX ғасырдың басына дейін өздерінің дәстүрлерін, «байырғы ескі» тәртіптерін және тұрмыс-тіршілік салтын неғұрлым берік сақтады. Жайық казак әскерлерінде байырғы ескі діни наным-сенім ұзақ сақталды.

ОРЫНБОР КАЗАК ӘСКЕРЛЕРІ

Орынбор казак әскерлері 1748-1755 жылдар аралығында құрылды. Олардың Жайық казактарынан айырмашылығы — өз беттерімен келіп, стихиялық түрде құрылған жоқ, патша үкіметінің бастама көтеруі бойынша арнайы мақсатпен құрылды. Орынбор казактарының негізгі ұйытқысы Самара, Уфа, Алексеев және Есет казактары болды. Олар шекараны қорғау күзетінде қызмет етті. Бұл әскер өзінің құрамы жағынан көп ұлтты еді. Орыстардың басым болуымен қатар, оның құрамына украин, башқұрт, қалмақ, т.б. халықтардың өкілдері енді. Орынбор казак әскерлері Орынбор губерниясының оңтүстік және оңтүстік-шығыс шекараларында орналасып, осы өлкенің шамамен төрттен бір бөлігін алып жатты. Олар Жайық казак әскерлері мен Сібір казак әскерлерінің шекарасын бір-бірімен жалғастырды. Ал оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында қазақ даласымен шектесті.

1840 жылы «Орынбор казак әскерлері туралы Ереже» шықты. Ол бойынша, Орынбор казак әскерлерінің жерінде тұратын барлық шаруалар казактар тобына қабылданды. «...Ереже» құрамына Троицк және жоғарғы Орал, сондай-ақ Челябинск, Ор және Орынбор уезінің көп бөлігі енген әскерлер шекарасын белгіледі. Өзінің ұйымдасуы бойынша Орынбор казак әскерлері тұрақты әскерлерге жақын болды және жоғары Жайық шебі бойынша қызмет атқарды – Жайық қаласынан жоғары Жайық бекінісіне дейін.

1868 жылға дейін Орынбор казак әскерлері 12 полкіге және әскери аймақтарға бөлінді. Кейін әскери аймақтар бөлімдер болып өзгертілді, ал аймақтық бастықтар – бөлімдер атамандары болды. Атамандық (әскери аймақтар) үшеу болды – біріншісі - Орынборда және Орынбор уезінде, екіншісі - Ор және жоғары Орал уездерінде, үшіншісі – Троицк және Челябинск уездерінде. ХІХ ғасырдың аяғында бұл әскердің 44 станциядан тұратын 404 елдімекендері болды. Орынбор казак әскерлері өзінің ұйымдастырылуы жағынан тұрақты орыс әскеріне жақын келді. 1842 жылы Орынбор казактарының қатарына құрамында 3 мыңнан астам адамы бар Ставрополь қалмақ әскері келіп қосылды. Орынбор казак әскерлерінің орталығы Орынбор қаласында орналасты. Казактар негізінен ауылдық жерлерде қоныстанды. Қалаларда казактардың небары 2%-ы тұрды. Орынбор казактары өзінің күнделікті өмірінде қазақ халқымен ұдайы араласып тұрды. Казак әскерлерінің аумағындағы жалға алған жерлерде қазақтар көшіп-қонып жүрді. Әскер саны 1894 жылдың басында шамамен 350 мың адам, жат қалалықтар - 49 мың адам, барлығы – шамамен 400 мың адам болды. 1916 жылы Орынбор казак әскерлеріндегі халықтың саны 533 мың адамға жуықтады.

Казактар негізінен селолық жерлерде қоныстанды. Қалаларда казактардың небары 2%-ы тұрды. Әскерлердің астанасы Орынбор қаласы болды. Орынбор казактары негізінен егіншілікпен, мал өсірумен, балық аулаумен айналысты. Казак әйелдері ешкінің түбітінен түрлі орамал тоқыды. Бүкіл Ресейге және одан тыс жерлерге кеңінен танымал болған Орынбор шәлісі, орамалы, бөкебайы, бет перделері мен қолғаптары солардың қолымен тоқылатын. 1870 жылы қабылданған «Қоғамдық басқару туралы ереже» стансалық өзін-өзі басқару органын таңдау құқығын берді. Бөлім атамандарын Әскери атаманның ұсынысы бойынша әскери министр тағайындайтын болды. Бөлім басқармасының құрамына мыналар кірді: атаманның көмекшісі (штаб-офицерлерден), аға адъютант, аға адъютанттың көмекшісі, іс-қағаздарын жүргізуші, мектептерді, казактардың әскери дайындықтарын және ат қорын бақылайтын офицерлер, мал дәрігері. Стансалар басқармасы станса атаманының көмекшісінен, екі хатшыдан, станса соттарынан және құрметті станса соттарынан тұрды. Казак әскерлері барлық шаруа соғыстарына және көптеген халық көтерілістеріне белсенді қатысты. XVIII ғасырдың басынан бері казактар Ресейдің барлық соғыстарына қатысты. Олар әсіресе XVII-XVIII ғасырлар Орыс-түрік соғысында, Жеті жылдық соғыста (1756-1763), Отан соғысында (1812) және шетелдік соғыстарда (1813-1814), Кавказ соғысында (1817-1864), Қырым соғысында (1853-1856), Орыс-түрік соғысында (1877-1878) және Бірінші дүниежүзілік соғысында көзге түсті. Казак әскерлері Азаматтық соғысқа түгелдей қатысты, большевиктердің казактарды тарату ісін басынан кешірді.

30-шы жылдардағы Қайта құрулар казак әскерлері үшін үлкен әлеуметтік ықпал жасады. 1920 жылы ХКК декретімен казак әскерлерінің өзін-өзі басқару жүйесі жойылды, ал БОАК қаулысы ел үшін ортақ жер және жерді пайдалану туралы ереже қабылданды. 1936 жылы КСРО ОАК казактар үшін әскерде қызмет етудегі шектеулерді алып тастады. Казактар Ұлы Отан соғысында басқа халықтармен бірге жаумен қасқайып қарсы күресті.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҚАЗІРГІ ЗАМАНДАҒЫ КАЗАКТАР

1980-шы жылдардың аяғы мен 1990-шы жылдардың басында КСРО-да, ал ол тараған соң, казак әскерлерін қайта жаңғырту процесі бастау алды. Қазақстанда казактардың тұңғыш ұйымы 1990 жылы 30 наурыз күні «Орал қаласы казактарының тарихи-мәдени ұйымы» ретінде тіркелді (өйткені атауға «әскер» деген сөзді қосуға рұқсат етілмеді). Бір мезгілде Сібір казактарының жаңғыруы да жүріп жатты. Солтүстік Қазақстанда 1989 жылы Сібір казак әскерлерінің құрамына кірген «Горькая линия» казактар одағы құрылды.

1990 жылдың желтоқсан айында Сібір казактарының Шағын ортасы бұрынғы Сібір казак әскерлерінің мұрагеріміз деп жариялап, өзінің қаулысына былай деп жазды: «казактардың тарихи жерлері біздің ата-бабаларымыз игерген Батыс Сібір және Далалық өлке аумақтары саналады», яғни барлық Солтүстік, Шығыс және Орталық Қазақстан аумақтары. Бұл құжат Ресейдің, Оралдың және Жетісу казак ұйымдарының барлығына таратылды, сондай-ақ Қазақстан Президентіне жіберілді. Бұл кезде Шығыс Қазақстанда «Казак ортасы» деген ұйым тіркелді. 1992 жылы осы ұйым базасында Шығыс Қазақстан казактарының Одағы құрылды. Оның алғашқы мақсаты казактардың салт-дәстүрлері мен ғұрыптарын жаңғырту, казактардың ұрпақтарын іздестіру және біріктіру болып табылды.

Жалпы қазіргі заманғы казак қозғалыстарының тарихын үш кезеңге бөлуге болады. Бірінші кезеңде - 1990-1995 жылдары Қазақстанда казак ұйымдарының жаңғыру процесі қарқынды жүргізілді. Келесі кезең - 1995-2005 жылдар Қазақстанда казак ұйымдарының қалыптасуы. Бұл мезгілде казак құрылымдары әртүрлі мәртебедегі қоғамдық бірлестіктер түрін жамылып ресми мемлекеттік тіркеуден өтті, Қазақстандағы және Ресей мен алыс шет елдердегі казак ұйымдарымен байланыс орната бастады. 2008-2009 жылдары бұл ұйымнан осы күнге дейін жұмыс жасайтын «Далалық өлке казактарының одағы» және «Жетісу казактарының одағы» аймақтық қоғамдық бірлестіктері шықты.

Қазіргі кезде казактардың мәдениетін, ғұрыптарын және салт-дәстүрлерін толыққанды дамыту, сондай-ақ Қазақстанда казактардың бірыңғай басқаруына көшу, билікке ену процестері жүріп жатыр. Казактардың негізгі талаптары Қазақстанның конституциялық негіздеріне қайшы келмейді. Казактар өздерінің мәдениеті мен салт-дәстүрлерін жаңғырту үшін барлық жағдайлар жасалған. Казак бірлестіктерінің Қазақстан халқы Ассамблеясының құрамына енуі Қазақстанның казак ұйымдарын ресми мойындағанын білдіреді.

Аударған: Гүлнұр СЕРІКҚЫЗЫ

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?