Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Мәдени серуен: Көне Тараз тарихы «Тараз-2000» музейінде

4005
Мәдени серуен: Көне Тараз тарихы «Тараз-2000» музейінде - e-history.kz
Тараз қаласы туристер мен зерттеуші ғалымдар үшін әлі жұмбақ қалалардың бірі. Жылда қала маңында археологиялық қазба жұмыстары жүргізіледі

Көне Тараз қаласы тарихына арналған «Тараз-2000» музейі  2002 жылы Тараз қаласының екі мың жылдық мерейтойына орай ашылған. Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің құрамдас бөлігі.  

Тараз жерінде сан рет өткізілген археологиялық қазбалар барысында қала дамуының әр кезеңі туралы мағлұмат беретін деректер жиналып, археологиялық құнды мұралар, ескі қала орындарынан табылған жәдігерлер жинастырылып «Тараз-2000» мұражайына толықтырылды. (Музей экспонаттарының фоторепортажы)

2002 жылдан бастап мұражай коллекциясы түрлі дереккөздерден толығып отырды. Негізінен, қазақстандық ғалымдардың археологиялық экспедицияларының экспонаттары болды. Сондай-ақ қор қалалық қоғамдастықтың  белсенді мамандарының қатысуы арқасында жаңарып, зерттеуші ғылыми қызметкерлердің сараптауынан өтті. Көбіне Тараз қаласының даму тарихына қатысты коллекциялар жинастырылған. 

Тараз қаласы туристер мен зерттеуші ғалымдар үшін әлі жұмбақ қалалардың бірі. Жылда қала маңында археологиялық қазба жұмыстары жүргізіледі. Көбіне жұмыстардың басы-қасында музей қызметкерлері мен зерттеуші ғалымдар жүреді. Туристер де қаланың ескі қорымдары мен қала қалдықтарын көруге көптеп келеді. Тараз-2000 музейіде туристер мен қалаға қыдырып келетін қонақтардың келетін басты орындарының бірі»,-дейді музейдің кіші ғылыми қызметкері Жұлдыз Алманқұлова.  

Музей қызметкерінің айтуынша, Жамбыл облыстық музейінде 35000 астам құнды экспонат қоры жинақталған. «Туристер келіп қызығатын аспан астындағы құнды өркениет табыстары облыстық мұражай қорында да сақтаулы. Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану мұражайы қорында 35000 астам құнды жәдігер сақтаулы. Сол экспонаттардың көбісі облыстық музейдің құрамдас бөлігі   музейінде сақтаулы. 2002 жылы Тараз қаласының 2000 жылдық мерейтойына орай облыстық музейдің қасынан жаңадан 3 музей ашылды: «Ежелгі түрік жазбалары және ежелгі түрік тас мүсіндер мұражайы»,  «Тараз-2000 қаласы тарихының мұражайы», «Л.В. Брюммердің көркемөнер мұражайы»,-дейді Ж.Алманқұлова. 

Тараз ежелгі қалалардың қатарына жатады. Қазақстанның бұл ежелгі қаласы тарихта көптеген атпен қалған: Талас, Тараз, Яны-Тараз, Наманган-Көше, Аулие-ата, Мирзоян, Жамбыл. Қаланың 2000 жылдық тарихы тікелей осы аттармен байланысты. Музейде б.з.д. I ғасырда қалыптасқан көне Тараз қаласынан бастап, бүгінгі яғни 1997 жылы өзінің Тараз атауын алған бүгінгі қаланың бай шежірелі тарихи экспонаттармен көрсетілген.

Тарихы терең Таразда бүгінгі өркениетке жеткен ескі қақпалар, ерте кезден адамдар мекендеген қамалы бар бекіністер, ескі моншалар бүгінгі күнге дейін бұзылмай өз қалпын сақтап тұр. Тарихтан хабар беретін бұл орындар талай туристердің қызығушылығын оятып, өзіндік құпияға толы құрылыс нысанымен көздің жауын алып келеді. Археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған қыш құмыралар, темір және қола, мыстан жасалған ыдыс-аяқтар, ерте кездің діни-нанымдық заттары, шырағдандар, орта ғасырдағы сауда қаласының теңгелері барлығы дерлік Тараздың ескі тарихын жаңғыртып тұрғандай. 

Музей қорында 9-10 ғасырлардағы  – Тараз қаласының өрлеу кезеңіндегі экспонаттардың үлесі көп. Шындығында бұл кезең тарихында Тараз қаласында шыны, керамика өңдірісі ерекше қолға алынып, металдан да жоғары сапалы тұрмыстық заттар әзірленген. Музей экспозицияда әйнек, керамика мен металлдан жасалған көркемдігі жоғары бұйымдар арқылы көптеп топтастырылған. 

Тараз қаласы дамуының шарықтау шегі 10-12 ғасырларға тиесілі. Бұл уақыттарда бұл қаланың билік сахнасында Қарахандықтар әулеті билік еткен. Бұл әулеттің өкілі Туған Хане билеген кезде қаланың қуаты мен құдыреті өскені соншалықты, тіпті Самарқанға аттанған әскери жорықты қолбасшы ешбір көмекке жүгінбей жалғыз бастаған. Самарқанмен бірге 15 ай бойы Тараз қарамағында болған Қашғар да жаулап алынды. Осылайша Қарахан мемлекетінің мұрагерлері Тараздың өзіндік өркендеуіне үлестерін қосып, тарихи ескерткіштерін соқтырды.

1995 — 96 жылдары Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің сол уақыттағы басшысы К.Байбосыновтың жетекшілігімен ұлы Жібек жолы бойындағы қалалардың орындарына және сақ, үйсін қорғандарына қазба жұмыстары жүргізілді. Қорғандардан тас, қола моншақ, жебенің ұшы, ілгіштер, ерте кездің шырағдандары, тұрмыстық заттар табылды. Солардың көбісі жаңа құрылған музейдің қорын толықтырды.  

Жаңа музейдің тағы бір ерекшелігі Қарахан мемлекеті тұсында және кейінгі орта ғасырларда салынған тарихи ескерткіштердің кірпіштері мен безендірілген керамикаларының қалдықтары сақталған.  Музей қорында ескі ескерткіштердің оюлы, әшекейлі кірпіштерінің сынықтары көптеп кездесті. 

Тараз қаласындағы археологиялық қазба жұмыстары барысында  әр түрлі пішінді ас пісіретін қазандар, шыны бұйымдар, түрлі түсті моншақтар мен сырға, түркі теңгесінің табылуы үлкен олжа болды. Өйткені тарихи қаланың ерте кезден кірпіш күйдіретін, тұрмыстық заттар жасайтын, су құбырларын жасайтын өңдірістері болған. 

Тараз қаласының 2000 жылдық тарихын құнды жәдігерлермен толықтырған «Тараз-2000» музей экспонаттарының үлкен коллекциясы Францияның Париж қаласында, ЮНЕСКО штаб пәтерінде көрсетіліп, қатысушы әлеуметті үлкен таңданыста қалдырған. 

Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ

ФОТО: Автордікі

 
Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?