Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Ұлы Дала Елі» ұлы мұраттарға жетелейді

2292
«Ұлы Дала Елі» ұлы мұраттарға жетелейді  - e-history.kz
Астана қаласында бастауын алған Қазақ хандығының 550 жылдығы Әулиета өңірінде салтанатты түрде басталды

Елдік шараның қызу орталығына айналған Тараз қаласы құлпырып, жасыл желекке бөленіп, еңселі ескерткіштерін көбейтіп, қонақтарға құшағын жайып қарсы алды. 

Қасиетті Әулиеата жеріндегі ұлт тойының шымылдығы Қазақстан халқы ассамблеясының «Ұлы Дала Елі» республикалық тарихи-мәдени экспедицияның қорытындылау аясында өткен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциямен ашылды. 

Тараз қаласындағы білім ордасы М. Х. Дулати атындағы ТарМУ-дың мәжіліс залында өткен маңызды шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, ЖОО басшылары мен ғылыми зерттеу орталықтарының басшылары, ҚХА ғылыми-сараптамалық кеңесінің мүшелері, Қазақстан және ТМД елдерінің көрнекті тарихшылары, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, ҚХА «Ұлы Дала Елі» тарихи-мәдени экспедициясының мүшелері және де жастар қатысты. 

0eba908013f1ce58684b583a9c62efc9.JPG

Алдымен қонақтар мен тарихшы ғалымдар ТарМУ ғимараты алдындағы М.Х. Дулати баба ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоғын қою шарасын ұйымдастырды. Артынша «Ұлы Дала Елі» форумының салтанатты ашылу рәсімі болып, ғылыми-тәжірибелік конференция жұмысын бастады. Шараның бас модераторы ҚХА төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов алғашқы құттықтау сөзді Шығыс Қытай университетінің Ресейлік зерттеулер орталығы директорының орынбасары Ян Чэнге берді. ҚХР келген ғалым барша қазақстандықтарды Қазақ хандығығың 550 жылдық мерейтойымен құттықтап, қазақ тарихының тереңде жатқанын айтып өтті. 

Мемлекет тарихы институтының директоры Аяған Бүркітбай «Ұлы Дала Елі» экспедицияның басты маңызды қалаларда болған сапар барысын баяндай келе, болашақта мектеп оқушыларын тарихи-археологиялық экспедицияларға ұйымдастыру керектігін жеткізді. Сондай-ақ Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ұйымдастырылған «Хан қорық» экспедициясының маңыздылығын айқындап, ертедегі хан ордаларының орталықтарына әлі де тарихи-археологиялық экспедиция ұйымдастыруды қажет екенін баяндады. 

Конференция барысында сөз алған М.Х. Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков мыңжылдық тарихы бар Тараздың ұлт тойын өткізуде маңыздылығы жоғары екенін айтты. «Мыңжылдан астам тарихы бар ежелгі Таразда, қасиетті Әулиеата өңірінде халқымыздың өткенін ұлықтауға, өскелең ұрпақ тарихын ұмытпауға, еліміздің келбетін айқындауға бағытталған танымдық және рухани шара өткізіліп жатыр. Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы елімізде жыл бойы өткізіліп келеді. Өздеріңіз жақсы білесіздер, үкіметтің қаулысымен үлкен жалпыұлттық жоспар қабылданды. Оның бірнеше шаралары осы ТарМУ-дың бірнеше жоспарына бекітіліп, өткізіліп келеді. Ұлы тойды Тараз жерінде өткізу, әрине, біздер үшін, тараздықтар үшін үлкен құрмет, маңызды жауапкершілік деп білеміз. Бір жағынан қаламызға кешелі бері мыңдаған қонақтар әрбір өңірден, тіптен шетел асып келіп жатыр. Олардың барлығы сын көзбен қарайды. Бұл іс-шаралардың басты мақсаты азаматтардың патриоттық сезімдерін арттырып және қазақстандық мемлекеттік бағытын айқындауға зор ықпалын тигізеді», – деді М. Сарыбеков. 

b0ba37e31ffeb68464b8afd046a6f505.JPG

Конференцияның екінші бөлімінде «Ұлы Дала Елі» республикалық тарихи-мәдени экспедиция мүшелері сөз сөйлеп, Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың атына Үндеу қабылдауларын жеткізді. Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, тарих ғылымдарының докторы Әміржан Әлпейісов Солтүстік, Орталық Қазақстан облыстарының ыстық сәлемін жеткізіп, бір айға жуық экспедиция барысындағы басты оқиғаларға тоқталып өтті. «Ең алдымен Астанадан шыққан Солтүстік, Орталық Қазақстан экспедициясының қатысушысы ретінде бес облыстың Астана, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Қостанай облыстары халқы атынан Әулиеата еліне – қасиетті Тараз жерінің азаматтарына осы форумға қатысушы тойшыл, барша қазақстандықтарға жалынды сәлемдерін жолдаған. Осы орайды пайдалана отырып, «Ұлы Дала Елі» экспедициясының маңызына тоқталып өтейін дегем. Шынында да қазақ тарихы – бұл мыңжылдық тарих. Кеше ғана 11 қыркүйекте Астана қаласындағы Тәуелсіздік сарайында Елбасымыздың тарихқа тағылым жасаған, ұлағатты сөзін естіп, сол жерде мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков сияқты ағамыздың батасын алып, «Мәңгілік ел» алаңынан экспедицияға шығып едік. Шынында да, біріншіден, сол экспедицияның сапары сәтті болып, өзіміздің жүріп өткен жерлердегі қазағымыздың қасиетін, бұзылмаған әдет-ғұрпын, дәстүрін, тарихқа деген тағылымын көріп, риза болдық. Екіншіден, осы өңірдегі жастардың және облыс халқының Елбасына деген ыстық ықыласы мен ризашылығын, оның жүргізіп отырған саясатына деген оң көзқарасын байқадық». 

9cab2250c187c3fc85cde3fe8cd84309.JPG

Сондай-ақ ғылыми-тәжірибелік конференция соңында ҚХА «Экспедиция қатысушыларының жазбалары» атты күнделіктер мен бірегей мұрағаттық құжаттар салтанатты түрде табысталып, ҚХА ғылыми сараптамалық кеңесінің мүшелері «Ұлы Дала тарихы» ғылыми зерттеуінің таныстырылымын жасады. ТарМУ ғимаратында «Ұлы Дала Елі» тарихи мәдени экспедициясын қорытындылау барысында «Қазақ елі тарихы» көрмесі ашылып, әр облыс өз көрмелерін ұйымдастырды. Шара қорытындысы 9 қазанда толықтай аяқталып, экспедиция нәтижесі қатысушылардың жазбаларынан тұратын үш томдық күнделік болып басылып шығады. 

Айта кетер болсақ, Мемлекеттің «100 қадам» Ұлт жоспарының ережелерін іске асыру мақсатында Қазақстан халқы ассамблеясы серіктестерімен бірлесе отырып, «Ұлы Дала Елі» республикалық тарихи-мәдени экспедициясы ұйымдастырылған болатын. Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған маңызды шара биылғы жылдың 11 қыркүйегінде жолға шығып, Астана, Ақтөбе, Павлодар қалаларында бір мезгілде бастау алып, осылайша 9 қазанда Тараз қаласында қорытындыланады. 

Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?