Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Көкпекті округының алғашқы аға сұлтаны

1852
Көкпекті округының алғашқы аға сұлтаны - e-history.kz
Қисық Тезековтың туғанына 230 жыл

...Құдайдан қорыққан Арғын осал демес,

Қарадан хан боп шыққан Қисық ерді,-

(Біржан Сара айтысынан)

«Қарадан шыққан Хан Қисық» атымен ⅩⅠⅩ ғасырдың орта тұсында есімінен жел есіп, атағы мен даңқы Жетісу, Семей өңірлеріне кеңінен танымал ірі тұлғалардың бірі Көкпекті округінің аға сұлтаны Қисық (Салмақ) Тезеков (1790-1867)  болғандығы тарихтан белгілі.

1822 жылдан басталған ел басқаруға қатысты жаңа жүйе бойынша аға сұлтандық қызметті атқару мәртебесі халық арасында аса бір зор мәртебеге саналғандығын төмендегі дереккөзден оқып-білуге болады:

 «Орта жүздің Ресей билігіне қосылуымен хандық басқару жүйесі де аяқталды. Олардың соңғысының өлімінен кейін, ондай мәртебе мәңгілікке жойылды. Хандық басқару жүйесі сүрлеуімен Ресей Орта жүзде аға сұлтандар билігін құрды. Белгілі рубасылар, тәкапбар хан тұқымдары оны биліктің жоғарғы сатысына балап , алып алуға тырысты.Хан біреу еді, ал Орта жүзде жеті аға сұлтан болды» (А.Янушкевичтің «Күнделіктер мен хаттар» еңбегінен. 44-бет)

1831 жылы Аягөз округы ашылған тұста Қ.Тезеков Шекара басшылығының рұқсатымен құрылған, негізгі құрамын ажығұл атасынан тарайтын Мырзас, Дәует ұрпақтары құраған «Кенже-Мұрын» болысын басқаруға халықтың таңдауымен сайланады. (1831ж. 17 маусым) (Тезековтың аталған болыс құрамындағылардың қыстау-жайлау жерлерін іргелес орналасқан болыстармен нақтылап, Базар өзенінің жазыққа ағып шығар тұсынан егін салу мақсатында «Ажығұл тоғанын» қаздырғандығы жайлы еңбектері Ф.Щербина мәліметінде кезігеді. «Қазақтардың жер пайдалануына қатысты мәліметтер». Петербор. 1909ж. 136-бет.)

1833 жыл 20 ақпан күнгі Аягөз сыртқы приказының Омбы облыстық басшысы В.И.де Сент-Лоранға жіберген аталған округ құрамындағы сұлтандармен елеулі қазақтардың және ауыл ақсақалдарынан кімдердің қазынадан айлық алып тұратындығыменен шендеріне, алған төсбелгілеріне қатысты тізімде:

5. Болыс басқарушысы старшын Қисық Тезеков. Сұлтан Сарт Жошиннің өтінішін қанағаттандыру бойынша 1828 жылдың 23 мамырында алтын медальмен марапатталған, оның үстіне 200 рубль және киім берілген. Қызметіне байланысты қазынадан 150 рубль алып тұрады.

6. Би Шәкі Тасыбаев. Сұлтан Сарт Жошиннің өтінішін қанағаттандыру бойынша 1828 жылдың 23 мамырында алтын медальмен марапатталған, оның үстіне 200 рубль және киім берілген. (ⅩⅤⅠ-ⅩⅩ ғасырдағы Орыс деректеріндегі Қазақстан тарихынан) 

(Осы жерде назар аударарлық жағдай, аталған тізімде көрсетілген марапаттарды алған уақыттары, би Шәкі Тасыбаевпен сәйкестігіне қарағанда, Петербургқа шекті «Қожакелдінің құн дауын» даулап барғандағы еңбектеріне байланысты марапатқа ұсынылған  болулары керек. - С.С.)

1842 жылғы аталған округтағы елеулі тұлғалар тізімінде: «Қисық, Тезектің ұлы, старшын 52 жаста. Ақылды, ашушаң, өз ісіне сенімді. Бай. Мұрын болысы, Кенже атасынан. 1831 жылдың 17 маусымында халық таңдауы бойынша болыс басқарушысы қызметіне тағайындалған. 1828 жыл мамырдың 23 күні жоғарғы дәрежелі аннен лентасына тағылған алтын медальмен қоса 200 рубль ақшалай сыйлықпен, құрмет киімімен марапатталған. 1833 жыл 2 сәуір күні поручик шеніне көтерілген. Соттық тергеулерде болмаған, тілектестік пен сенімге ие. Жаздық жайлауы шығыс және оңтүстік-шығысқа қарай 150 верстай  жердегі Желдіқара, Сартау, Егіз-Қызыл тауларындағы Зергербұлақ, Бөрілі, Еспе, Балтақара, Қопа, Нарын және Жаман-Егін өзендері бойында. Қыстау жерлері Тарбағатай, Өкпеті, Қаражал қырқаларымен Талды, Базар және Сарыбұлақ өзендері маңында, приказдан шығысқа қарай 200 верстай жерде.» - деп көрсетіледі. (ⅩⅤⅠ-ⅩⅩ ғасырдағы Орыс деректеріндегі Қазақстан тарихынан )

1843 жылдың 22 қаңтарында штабс-капитан дәрежесіне көтерілген Қисық Тезековты, Батыс Сібір генерал-губернаторының құптауыменен 1844 жылы жаңадан ашылған Көкпекті округтік приказының аға сұлтандық қызметін атқаруға тағайындайды.

Көкпекті округі құрамына аталған өңірдегі он екі болыс елге, Аякөз округінен төрт мұрын болысын (Назар мұрын – басқарушысы Тана Тілемісов, Құттымбет мұрын – басқарушысы сұлтан Әбділдә Сартов, Қыдыр мұрын – басқарушысы сұлтан Қалифан Жошин, Кенже мұрын – басқарушысы Тәукебай Жапеков) біріктіріп, аға сұлтандыққа Қисық Тезеков сайланады. (ИОГҚ-ның батыс-сібір Семей бөлімінің жазбалары (Көкпекті округінің ашылуы жайында. Н.Я.Коншин ) Семей қ. 1905ж.) (Қ.Тезековтың аға сұлтандық қызметіне ауысуына байланысты Кенже-Мұрын болысын басқаруға Мырзас атасының ұрпағы Тәукебай Жапеков тағайындалады. - С.С.)

Сайлау ережесі бойынша аға сұлтандық қызмет атқару мерзімі үш жылға межеленген жүйедегі 1844 жыл 4 маусым бекітуінен кейін, 1847 жылы 20 қыркүйегінде келесі үш жылдыққа, 1850 жылы 26 қарашасында келесі үш жылдыққа сайланған. ( Тоғыз жыл Ергенектілер мен Мұрындарға аға сұлтан болған Қисық Тезеков өзінің ұзақ жылдық атқарған қызметі үшін әулеттік дворяндық (ақсүйектік)  алғандығы және 1867 жылы қайтыс болғандығы туралы жоғарыда аталған Ф.Щербина еңбегінде жазылған. 136-бет.)

Тезековтың аға сұлтандық қызметті «бекітілген ережеге» сай атқара жүріп, аталған өңірдегі орын алған түрлі жағдайлардың басы-қасында жүргендігі және қоғамдағы туындаған түрлі мәселелерді шешуге бел шеше араласқандығын мұрағат істері айқындайды.

Түпкі ойлары Зайсан көлі маңын қоныстанып жүрген, негізінен Қытай билігіне құлшылық етуді қалайтын сұлтандар мен қазақ билері қарамағындағы рулардың бетін бері қарату мақсатымен ашылған округтық жүйенің саяси астарлы ойларын толықтай іске асыруға қатысты атқарылған іс-шаралардың барлығына ат салысқандығы  жайлы істер сол кезеңге қатысты дереккөздердің барлығынан кезігеді.

Екі елдің қыспағында қалып, кімдерге бағынарларын білмей сеңделіске түскен Сарыжомарт, Тәуке-Байжігіт руларымен арадағы жүргізілген келісімдері, 1849 жылы «қыстау жерлерінен таршылық көрген» екі жүз түтіндей Көнші-Мұрындарды арғы бетке асып бара жатқан жерлерінен тоқтатып, Тебіске өзені бойына қоныстандыруы, 1852 жылы аталған округ құрамындағы руларды барымталап жүрген Қытай жағына бағынышты Байжігіттіктермен арадағы барымта дауын шешуге басшылық еткендігі жайлы деректер жазылған. ( Н.Я.Коншиннің жоғарыда аталған еңбегінде ) (Патша үкіметіне сенімді адам болып көрінгендігімен, іс-әрекеттерінің түпкі астарында ұлттық ерекшеліктерді сақтап қалуға дінді, елді, жерді жат қолына жібермеуге жасаған ұмтылысы байқалады. Жүргізілген саяси іс-әрекеттердің басты жемісі, Қытай билігіндегілер иеленіп жүрген Зайсан көлі маңындағы көптеген жерлердің 1864 жыл қазан айындағы Ресей мен Цин патшалығы арасындағы «Тарбағатай келісімі» бойынша бетінің бері қарауына ықпалы мол болған. – С.С.  )

Округтағы оқиғалардан бөлек 1846 жылғы Лепсі өзені жағасындағы Шұбар-ағаш, Ойжайлаудағы Ұлы жүздің бес руының (Кенесары қаһарына шыдамай. – С.С.) Ресей қол астына кіруге ант қабылдау рәсіміне Сібір қырғыздары шекара басшысы генерал-майор Вишневский қарулы казак бөлімімен қатар, өзімен бірге Көкпекті округінің аға сұлтаны Қисық Тезековты және Қарқаралы округінің аға сұлтаны Құсбек Таукинді, күшік- тобықты болысын басқарушы Құнанбай Өскенбаевты (1849 жылы аға сұлтан сайланған. – С.С), Аякөз округінің аға сұлтаны Бөлен Ағадаевты ала барғандығын Янушкевич аталған еңбегінде атап өткен (109-110 бет).

Қазақы дәуірдің өзекті мәселелерінің негізгілері жер дауы, жесір дауы, барымта дауы болғандығы белгілі. Төмендегі мұрағат ісінен Қ.Тезековтың Ұлы жүз Үйсіндеріменен Орта жүз Наймандары арасында туындаған жер дауын шешуге де ықпалын тигізгендігі анық байқалады.

1848 жылы Ұлы жүз үйсіндеріне жататын -шапырашты , жалайыр, дулат т.б. болыстарының билері мен қазақтары атынан, Орта жүз құрамындағы наймандардың , садыр, матай, қаракерей тармақтарының болыстары Лепсі, Басқан, Қаратал, Көксу өзендерінің жағасындағы жайылымдар мен егістік алқаптарына үйсіндіктерді өткізбей жатқандығы жайлы аға сұлтан Сүйік Абылайхановтың бастамасымен Батыс Сібір шекара қызметін атқарушыға шағым түсіреді.

1848 жылғы тамыз айының басында аталған шекара қызметін атқарушыға Ұлы жүз қазақтарымен қайтадан туындаған жер дауына байланысты найман болыстарының сұлтандары мен билерінің берген түсініктемесінде төмендегідей бөлім бар :

 “...1848 жылы шекара басшысы Вишневский мырзамен бұрынғы кеңесші Коченов Ойжайлау шатқалында болды, олардың шақыртуымен жиылған Көксу мен Қараталда көшіп жүрген жалайыр және үйсін сұлтандары мен қырғыздары (қазақтары. - С.С.) наймандармен есептесіп, мәселелерді шешті, екі жақ ымыраға келіп наймандар мен үйсіндіктерден олардың ешқайсыларының бір -біріне деген кінәраттығы жоқтығы туралы қол қойдырылды. Егер жер үйсіндіктерге тиесілі болса, онда қандай жағдаймен үндемей қалды, неге наймандарға жер дауы жайлы наразы екендіктерін жария етпеді. Осылай есептесіп және қол қою қарсаңында Қарқаралы округінің аға сұлтаны Құсбек, тобықты болысының басқарушысы Құнанбай Өскенбаев , Көкпекті округінің аға сұлтаны Қисық Тезеков болды. Бұл айтылған жерлердің бізге тиесілі екендігі оларға да мәлім”. (ҚР ОММ. 374-қор. 1-тізбе. 2097-іс)

Есімі тарихи дереккөздермен қатар ел ауызында сақталған тұлға жайлы әлі де тың деректер табыла берері сөзсіз.

Қ.Тезеков шыққан Кенже атасы шежіресінде  Көшімбайдың Тезегінен  Қалмақ, Салмақ  деген ұлдары болғандығы жазылған. Сол Салмақ деген ұлы  жастайынан ел арасында болып  жататын ірілі-ұсақты даулы мәселелерді шешуге араласып, айтар ойын мәймөңкелемей тігінен айтар өткірлігіменен өжеттігіне және айтқан бетінен қайтпайтын бірбеткейлігіменен істің шешімін қисық сөйлеп, түзу шығара білетін қабілетіне байланысты «Қисық» деген лақап ат жалғанғандығы айтылады. Ұрпақтары өсіп-өнген үлкен әулет болып саналады.

Найман руының шежіресін өлеңмен жазған Қырықмылтық Сүлеймен би Қисық шежіресін былай таратады:

Көшімбайдың баласы Тезек дейді,

Тезек ұлы Қисық хан Найман білген.

Жұмақан, Қасен, Әпсейіт, Нұрпейістер –

Төртеуі хан баласы үлгі көрген.

1851 жылғы – Көкпекті сыртқы округтық приказының аға сұлтаны штабс-капитаны Қисық Тезековтың қызметіне қатысты формулярлық есепте, жасының 61-де екендігі, мұсылмандық дін ұстанатындығы, жұбайының аты Ойбала Сапаққызы екендігі, балаларының алды Әпсейіт 01.06.1820, Жолымбет (Жұмақан болуы керек – С.С.) 01.03.1825 және Нұрпейіс 07.05.1828 жылғы туылғандығы көрсетілген. (ⅩⅤⅠ-ⅩⅩ ғасырдағы Орыс деректеріндегі Қазақстан тарихынан)

Қисықтың атамекені Тарбағатай қырқасы етегі Базар өзенінің бас жағындағы атауын аға сұлтан құрметіне байланысты алған «Қисықтың қара жалы» тауының қойнауында  «өзімен теңдес жерден қыз айттырған» Құнанбай қажының ізі жатыр. Ақылбайға Қисықтың немересі Жұмақан бидің қызы Ізіқанды әпергендігі және Абайдың «...Қисықтың ел басқару ісіндегі мол тәжірибесін, терең білімін жоғары бағалағандығы» жазылады. (Энциклопедия. Абай. 1995ж. 360-бет.)

Сүйегі, Қисықтың өсиеті  бойынша қазақи дәстүрменен  Кенже-Мұрындарының жайлау жеріне тиесілі, өзінің ұзақ жылдар басқарған Көкпекті округыменен Аякөз округы шекара қиылысы  Биесимас тауы етегіне жерленген.

(Суреттер автордың жеке қорынан)

Серікбосын Садықов

Ә.Х. Марғұлан атындағы археология  институтының ғылыми қвзметкері

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?