Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Сақтардың біз білмейтін құпиясы

3551
Сақтардың біз білмейтін құпиясы - e-history.kz
Сақтар өркениетінің жүрегі – Сарыарқа. Жәй ғана жазғы жайлауы емес. Бұл далада Сақтардың қоныстары, кенттері көптеп табылып жатыр

Осыған дейінгі жазбамызда, қола дәуірінде Ұлы Даланың климаты қоңыржай, жанға жайлы болғанын жазған едік. Қыс жылы болғандықтан далалық өлкеде қалалар бой көтеріп, дүркіреп тұрды. Ал ерте темір дәуірі басталғанда, Сарыарқаның қысы қатал бола түсті. Есесіне жазы жаңбырлы әрі шөбі шүйгін болғандықтан жайылым жерлер  көбейді. Жыл құсы сияқты ұдайы табиғаттың көктеміне ілесіп, бойлық бойымен  көшіп-қону көшпенділер өркениетін қалыптастыруға себепші болды. Осылайша, Ұлы Далада Сақтар дейтін ғаламат халық өмірге келді. САҚТАР, біздің жыл санауымызға дейінгі VII ғасырда еңсе көтеріп, біздің заманымыздың II ғасырына дейін өмір сүрді.

                          Сарыарқа Сақ өркениетінің жері

Сақтар өркениетінің жүрегі – Сарыарқа.  Жәй ғана жазғы жайлауы емес. Бұл далада Сақтардың қоныстары, кенттері көптеп табылып жатыр. Негізі, кеңес заманында, Сарыарқада сақтардың қыстақ-тұрағы болмаған дейтін тұжырым болды. Алайда, 2010 жылы Мәдени мұра бағдарлама аясында арқа жерінен, дәлірек айтсақ Қарқаралы тауларынан  алтын адам табылды. Мұның оңтүстік жерінен табылған алтын адамдардан  жасы екі  ғасырға ерте. Мәселен, Есіктегі алтын адамның киімдеріндегі әшекейлер алтын  (фольга) болса, ал Сарыарқаның алтындары құйма, ауыр бұйымдар. Арқа жерінен алтын киімді адам табылғанда, көшпенділер мұнда тек жаз жайлаған, ешқандай тұрақ тұрғызбаған деген тұжырымға күмән пайда болды.  Сақтар көшіп-қонып жүре беретін ұлт болса, осыншама алтынды қалай жасады?

Сөйтіп тәуелсіздік жылдары, ескі теориялардан бас тартқан тарихшы-ғалымдарымыз Арқа даласынан Сақтардың қала мен ауылдарын іздей бастайды. Әуелі көшпелі қазақтар қыстауды қайтіп салған, соны зерттеді. Сөйтсек бұрнағы  қазақтар отырықшы жұрт секілді қыстауды  өзен-көлдің жағасына тұрғызбайды екен. Қораны адамға ыңғайлап  емес, малдың қолайына жағатын жерлерге тұрғызады екен.  Көшпенділер  үшін қыс мезгілінде  өзен судың болуы басты шарт болмаған секілді. Малға қарды ерітіп берген. Ал, Кеңес археологтары  болса Сақтардың қоныстарын судың бойынан іздеген. Еш таппаған соң, Сарыарқада Сақтар қоныс салмаған дегендей тұжырым жасаған. Археолог Арман Бейсенов «Сарыарқадан  Сақтардың қоныстары табылады деп еш ойлаған жоқпыз.   Қазып көріп едік  қайран қалдық. Осы үн жоқ мүжіліп жатқан қоралардың арғы жағында 3 мың жылдық тарих жатыр екен. Орталық  Қазақстаннан Сақтарға тиеселі  56 қоныс табылды. Қарқаралы, Едірей таулары, Қотыр-Қызылтаудың  ықтасын жерлерінде  Сақтың қонысы өте көп» дейді. Археологтың айтуынша  сол өлкелерді тыңғылықты зерттесе, алтын киім соққан шеберлердің ұстаханасы да табылып қалуы әбден мүмкін екен.

                         Сақтардың аң стилі Иранның өнері ме?

Сақтардың аң стилін өнертанушылар зооморфтық  код деседі.  Бұл дегеніміз  таңбада әр хайуанның өз мағынасы бар деген сөз. Аңның  әрекет-қимылдарының өзіне бір құпия жасырған. Сақтар өздерінің аң стиліндегі оюларын оқи білген. Аң стилі ежелгі замандарда жазу орнына жүрген  десек те болады. Аң стилі бұл жүгірген аң-құсты бедерлей беру ғана емес, бұл құпияға тұнған зооморфтық код-жазулар. Сақтардың аң стилі өнері– Антикалық стиль, Өркендеу дәуіріндегі стиль, Готика стильдерінен бір мысқал кем емес, алабөтен жанр. Бір қызығы, сол көне стильде бүгінгі зергерлер жасай алмайды.  Мәселен, алтын көйлекте, көлемі бір милиметрге әрең жететін өрнектер бар. Ең қызығы, сол тарыдай ғана затқа түймелік жасаған. Микробұйымға өрнек түсіру, оған түймелікті желімдеу үшін иненің ұшындай ғана паяльник керек. Әрі ол мың градустық ыстық шашуы керек. Археолог Әбдеш Төлеубаев  «Сол заманда осындай шеберлікке  қалай қол жеткізгеніне менің миым жетпейді. Қарап отырсаңыз, мынау бір керемет технология ғой. Құмырсқаны тағалады дейтін мақал бар ғой. Мынау Сақтар сол құмырсқаның тағасына өрнек түсіре алардай, тым шебер халық болған».

Қазақстандағы бүкіл алтын адамдарды қалпына келтірген, реставратор Қырым Алтынбеков «Сақтардың бұл өнеріне таң қалмасқа шараң жоқ.  Менің өзім осыдан 3-4 мың жыл бұрынғы бұйымдарды  мың градустық грелка, компьютерлік лазерлермен әзер дегенде  қалпына келтіремін. Ол кезде мұндай технологиялар болған жоқ қой. Шеберлер осы сұлулықты жалаң қолмен жасады дегенге еш сенгім келмейді. Сақтардың аң стилі - нағыз абстаркциялық өнер. Сақтардың осыдан 3 мың жыл бұрын-ақ, өнердің шырқау шыңына жеткеніне алтын адам киімінің әрбір түймесі дәлел. Мәселен, Еуропа жұрты Пабло Пикассоны өнердің алабөтен стилін тудырды деп көкке көтеріп дәріптеп отыр. Сол Пикассо біздің ата-бабаларымыздың алтын бұйымдарын көрсе, жылар еді. Сақтар авангард, абстрацкия стилін осыдан 3-5 мың жыл бұрын ойлап тауып қойған» дейді. Ал археолог Арман Бейсеновтың айтуынша  «арыстан» мен «қабылан»  образдары   оңтүстік өлкесіне тән. Сақтар Иран  мен Таяу Шығысты жаулап алып, 25 жыл билеп тұрды емес пе?  Керісінше Иран бұйымдарындағы өрнек Сақтардың төл қолтаңбасына тән. Егер сол жақта қалыптасты десек  Иран мен Таяу Шығыста неге аң стилі жоқ? Бұдан шығатын қорытынды  – аң стилі, даланың төл туындысы деген сөз.

                                            Сақтар қай тілде сөйледі?

Тарихшылар  пікірі осы сұраққа келгенде екіге жарылады. Көпшілігі  бұл жұрт иран тілдес еді, деген пайымды ұстанады. Бірақ, сол тарап бұрын Сақ мекендеген жердің бәрінде неліктен түрік жұрағаты отырғанын еш түсіндіріп бере алмайды. Мысалға  бұрын Тыва, Қашғар, Украин жерлерінің түгелінде түрік жұрты отырған. Сонда парсы тілдестер қайда кетіп қалған? Біздің мынау Сақтың аң стильдік өнері, парсы жұртында бар ма? Жоқ! Бұл зооморфтық ою-өрнектерді алаша-кілемдерімізде көктүріктердің ұрпағы біздер ғана бедерлеп жүрміз. Сақтардың көшпелі өмірі, ат үстіндегі соғыс тактикасы, қымыз ішуі тек бізде сақталған. Ал Иранда оның еш белгісі де жоқ. Мұндай сұрақтарға келгенде Сақтарды ирантектес санайтындар жұмған ауызын ашпайды.  Суретші- рестовратор Қырым Алтынбеков  «Сақ мәдениетінің мұрагері кім деген сұрақ қойсаң, ол – қазақтар, ол – алтайлықтар. Себебі, скифтердің  шошақ бөркін, шапанын күні бүгінге дейін киіп жүрген, сол ежелгі өрнектермен  кестелеп, баптап жүрген осы халықтар. Антропологиясы өзгерсін, тілі өзгерсін, басқасы өзгерсін, бірақ Сақтан қалған мәдениеттің иесі, ол – бізбіз» дейді. Ғалымдар зерттеп-зерделей келе, сақтар мен бүгінгі қазақтың ою-өрнегі 60 пайыздай ұқсас деген қорытындыға келген. Мұндай сәйкестік, бірде-бір ұлтта жоқ. Мәселен, қазіргі қазақ өрнегі сол сақтардың аңдық стилінің жалғасы. Бұрын скифтер өсімдіктерді бейнелесе, қазіргі қазақ келіншектері  сол өсімдіктің негізгі сипаттарын өрнектеп отыр.

Оқи отырыңыз: Сақтар                                                                                         

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?