Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ән мен жырдың генералы

2696
Ән мен жырдың генералы  - e-history.kz
Көрнекті қазақ ақыны Кенен Әзірбаев қазақ мемлекеті тарихындағы ең үрейлі әрі ең қайғылы оқиғалардың куәгері болған

Өз ғұмырында ол Түркістандағы 1916 жылғы көтерілісті бастан кешірген, большевиктер қатарында патшалық үкіметке қарсы күрескен, аштық жылдары Қырғызстанда жан сақтап, Ұлы Отан соғысы жылдарында совет халқын мадақтаған, советтік Қазақстанның көрнекті мәдениет қайраткерлерімен дос болған... Qazaqstan Tarihy порталы Кенен Әзірбаевтың өмірінің жарқын тұстарын еске алып өтуді ұсынады.

Кенен Әзірбаев1884 жылдың 4 мамырында Жетісу облысының Мәтібұлақ ауылында өмірге келген. Әкесі Әзірбай дулат тайпасының жаныс руынан тарайды. Әзірбай атақты Сарбас ақынның ұрпағы. Кененнің анасы Ұлдар да өнерден қр алақан адам болмаған. Ауыл-аймаққа белгілі әнші әрі ақын болған жан . Әзірбай мен Ұлдарда көп уақытқа дейін бала болмай, Кенен тағдырдың тартқан сыйы болған екен. Бала сегізге қараған шағында Ұлдар қайтыс болып, алпыстағы Әзірбай жалғыз қалады. Баласы мұсылманша хат танып, бастапқы білім алғаннан кейін оны ағасы Әбденбайға қалдырып, өзі ақша табуға кетеді. Ағасының отбасы Кененді салқын қабылдайды. Кенен Әбденбайдың шайпау әйелін жиі еске алып отыратын, үйден кетуіне де көбіне сол себеп болған. Ол жергілікті Әймен деген байға жалданып, соның малын бағады, еңбегіне сұйық ботқа мен шалап алып отырған. Ұйықтар алдында ол үнемі шешесі айтатын әндер мен күйлердің әуендерін есіне түсіріп жататын еді, ауылға келген ақындардың  айтысын құмарлана тыңдаушы еді.

11 жасында Кенен алғаш рет өлең жазып көреді. Алғашқы өлеңдерінің тақырыбы негізінен табиғат, жан-жануар, құстар туралы болды. Баланың қабілетіне таңдай қаққан таныс малшылар оның алғашқы тыңдаушылары болды. Солардың арқасында жұрт он үш жасар Кененнің «Бозторғай» әнін естиді. «Бозторғай» ауыр тұрмыс пен еркіндікті жырлаған өлең болды, сондықтан да ол қорланған қазақтың әнұранына айналды деуге болады. Бұдан былай малшы Кенен ақын бала деп атала бастайды. Кенен он беске толғанда әкесі Әзірбай оралады. Ол бір жылқы сатып алуға жететін ақша жинап, соған құйрығы шолақ Көкшолақ деген атты сатып алады. Сол заманда кедей үшін ат сатып алу деген ештеңеге тең келмес қуаныш еді. 16 жасында Кенен «Көкшолақ» деген өлеңін шығарады.

1904 жылы қырғыз манабы Шәбденнің құрметіне ас беріліп, оған Кенен де шақырылады. Сол жерде ол алғаш рет Жамбыл, Құлмәмбет, Қашаған мен Қалмырзаның өнерін көреді. 1910 жылы болыс, орысша білім алған Еркебай Базарұлы дарынды ақын Кененді өзіне шақыртады. Кенен бұл шақыртуды қуана қабыл алады. Еркебай болыстың қасында жүріп Кенен оның екі қарындасымен танысып, солардың бірі Мөртайға ғашық болады. Қыз да кетәрі еместігін білген соң, қызды алып қашады. Бірақ, қай бай кедей ақынға қызын беруші еді? Оның үстіне Мөртайдың атастырып қойған жері де бар. Ақыры, екі ел бүлінетін болғандықтан, қызды қайтаруға мәжбүр болады. Сөйтіп, Мөртай басқа күйеуге беріліп, Кененге үлкен айыппұл салынады.

1914 жылы Жетісуға Сарыарқадан келген Балуан Шолақпен танысып, соған еріп жүріп оның он екі әнін өз аузынан жаттап алып, ат үстінде отырып, домбырада ойнауда үйренеді, Солтүстік Қазақстанның ән өнерімен танысады. Кенен Түркістандағы 1916 жылғы көтерілісте маңызды рөл ойнайды. Ақын атақты Әли Нұрғожаевтың отрядында шайқасады. Қолына қару алып патшалық режимге қарсы тұрған ақын өз жырларымен көтерілісшілерді рухтандырып, бірлікке шақырды. Көтеріліс жеңіліп, оны бастағандар жазаланып, Сібірге айдалды. Кенен Әзірбаев басқа көтерілісшілермен Қырғызстанға қашып, аман қалады. Қырғыз жерінде Кенен молдадан оқуын жалғастырып, сауат ашады, сол кездегі танымал қырғыз ақындары Тоқтағұлмен және Қалмырзамен танысады. Сол кездегі оқиғалар туралы ол бірқатар өлең жазады: «16 жыл», «Әли батыр», «Қырғызбай», «Аттаныңдар!», «Қайран елім, қайда?», «Бұлбұлға» және басқалары. Олар қазақ фольклорының ән қазынасына енген.

Кенен Әзірбаев қайта құру жылдары Ораз Жандосовпен, Сәкен Сейфуллинмен және Тұрар Рысқұловпен тығыз қарым-қатынаста болған. 1919 жылы Кенен Әзірбаев Алматыға ақындардың кездесуіне шақырту алады. Онда ол Жамбыл және Үмбетәлі ақындармен бірге саяси мәселелерді көтерді жырын жазады. Сол жылы ол Қордай болысы революциялық комитетінің төрағасы лауазымына бекітіледі. Танымал өлеңдері «Шаңқ етпе», «Жас екпін», «Колхоз әні» және «Балдай бол» сол жылдары туады.

1923 жылы Әзірбаев үшін өте ауыр жыл болады. Осы жылы Базар мен Назар деген екі ұлы бір күнде шешек ауруынан қайтыс болады. Қатты қайғырған ақын атақты «Ақ ешкінің зары» деген жоқтау өлеңін шығарады, кейін ол Базар-Назар аталып кетеді.

Күштеп ұжымдастыру себебінен туындаған 1931-1933 жылдардағы аштықты Кенен Әзірбаев өз көзімен көреді. 1932 жылы әйелі Нәсиха мен қызы Ұлтайды алып Қырғызстанға беттейді. Кейін аштықтың беті қайтқан соң, елге оралады. Оралғаннан кейінгі шығарған алғашқы өлеңі - «Колхоз әні», өлең 1933 жылы Алматыдағы белсенді колхозшылардың бірінші республикалық съезінде жазылған. Бір жылдан кейін композиторлар Латиф Хамиди мен Сергей Шабельский алғаш рет Кенен әндерін музыкалық пластинкаға жазып алады, солардың бірін кейін композитор Евгений Брусиловский «Қыз Жібек» операсын дайындаған кезде қолданады. Сол жылы ақын Кенен Түрксіб теміржолының жылжымалы театрының әртісі болып қабылданады, сонда жұмыс істеп жүрген кезінде сол кездегі белгілі ақын Шашубай Қошқарбаевпен танысады.

1934 жылы ақынның отбасында қыз бала дүниеге келіп, оған тіл-көз тимесін деген ниетпен «Төрткемпірбіршал» деген есім беріледі, бұлай атауының себебі – осыған дейін өмірге келген жеті баласы бірінен кейін бірі шетіней берген екен, ал ата-анасы оны еркелетіп Төрткен деп атайды. Кенен Әзірбаев 1936 жылы Мәскеудегі қазақ өнерінің атақты онкүндігіне қатысады. Кремль сарайының үлкен сахнасында ол «Жаңа заң» өлеңін орындайды. Бір жылдан кейін ол ұстазы Жамбылмен бірге Шота Руставелидің «Жолбарыс терісін жамылған батыр» поэмасының 750 жылдығына шақырту алып, Грузияға сапар шегеді. Бұдан сәл кейін ССРО Жазушылар одағының мүшесі болып қабылданады.

Сталиндік репрессия жылдары советтік Қазақстанның барлық шығармашыл зиялылары сияқты ұлтшыл деген айып Кенен Әзірбаевқа да тағылады. Зерттеушілер Кенен Әзірбаевтың тұтқындалуына оның Ораз Жандосовқа арнап шығарған «Оразжан» өлеңі себеп болды деп санайды. Ол Алматыдағы НКВД қабырғасында төрт ай отырып, ақыры ақталып шығады. 1939 жылы Кенен ақын ССРО Композиторлар одағының мүшелігіне қабылданады. Айта кету керек, ол сол кездегі салалық екі Одақтың мүшесі болған бірінші адам. Сол жылы Кененнің Көркемжан деген ұлы өмірге келеді. Соғыс басталардың аз алдында Кенен Әзірбаев Мәскеуге оқуға аттанады. 1940 жылы елу алты жастағы ақын советтік дирижер әрі композитор Рейнгольд Глиэр басқарған әнші-композиторлар курсына тыңдаушы болып қабылданады. Ұлы Отан соғысы басталғанда Кенен Қазақстанда болды. 1916 жылғы көтеріліс жылдарыда сияқты ол халықты партияның айналасына бірігуге шақырды, ән-жырларымен Ұлы Жеңісті жақындата түсті. Соғыс жылдары «Біздің Отан жеңеді», «Қайран, Шөкем!», «Жалғыз қайным», «Күйгенім-ай, сүйгенім-ай!», «Ел қуанышы» мен «Жеңіс жылғы шаттық ән» және тағы басқа өлеңдер шығарады. Осы еңбегі үшін «Құрмет белгісі» орденімен марапатталады. 1945 жылы ұстазы Жамбылды жоқтап, «Жамбыл жыры» деген поэмасын жазады. Сол жылы алпыс жасар Кененнің Бақытжан атты ұлы өмірге келеді, бір жылдан кейін Кавказдан жер аударылып келе жатып қаза тапқан отбасының Хамсия деген он жасар қызын алып келеді. Осылайша, дағыстан қызы Хамсия Айша Кененқызы деп аты өзгеріп, мектеп бітіріп, қазақ жігітіне тұрмысқа шығады. Айта кетерлігі, ол қыз Кенен Әзірбаевтың отбасындағы соңғы бала емес: 1948 жылы Ақтамақ, 1952 жылы Ақбілек есімді қыздары өмірге келеді.

Ақын Кенен Әзірбаев – қазақ  өнерінің көрнекті өкілі. Ол түрлі республикалық іс-шараларға қатысқан: Мәскеудің 800 жылдық мерейтойының құрметті қонағы (1947) болған, Қазақ ССР композиторларының бірінші съезін ашқан (1948), Мұхтар Әуезов ұйымдастырған Шығыс фольклорын зерттеушілердің дүниежүзілік XXV Конгрессінде өнер көрсеткен (1960). Ол «Қазақ ССР Еңбек сіңірген өнер қайраткері» (1957), «Қазақ ССР-нің Халық ақыны» (1961) атақтарымен, екі мәрте «Құрмет белгісі» орденімен, «Еңбек Қызыл Ту», «Ленин» (1974) ордендерімен марапатталған.

Халық ақыны Кенен Әзірбаев пен Сәбит Мұқанов. 1967 жыл  

Кенен Әзірбаев 92 жасында 1976 жылғы 12 сәуірде өмірден өтеді. Өзінің ұзақ ғұмырында ол қазақ ән өнерінің алтын қорынан лайықты орнын алған мол мұра қалдырды. Бауыржан Момышұлы оны «ән мен жырдың генералы» деп атаған.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?