Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қамағ моңғолдар хақында не білеміз?

2370
Қамағ моңғолдар хақында не білеміз? - e-history.kz
Тарихи деректерде қамағ моңғолдардың 40 тан аса ру- тайпаларының аты аталады. Бұл рулардың талайы Ергенеқоңнан шыққан рулар, оларды кейде дарлекиндер деп те атайды.

Екінші тобы нирундар Алан құбаның нұрдан жаралған балалары. Рашид ад-Диннің айтуынша Алан құбадан тарайтын рулардың жалпы саны (1310 жылы) миллионнан асып кетті десе, Әбілғазының айтуынша Иесукейдің тұсында моғолдар қырық мың түтін екен. 

Көне деректерде Арық бөке мен Құбылай арасында қырғын соғыс басталып, Арық бөке сол ұрыста жеңіледі. Онан кейін Қайду жүз мың моңғол әскерін жасақтап Құбылай ұрпақтарымен отыз жылдай соғысады. Осы соғыста Қайдуды жақтаған моғол рулары батысқа беттейді. Қайду өлген соң юаньдықтар Моңғолияны түгел басып алады да моңғолдар Алтай ауа көшеді. Сөйтіп олардың Баркөлден Түркістанға дейінгі аумақта құрған мемлекеті моғолстан деп атанады. Кейін Батмөңке даян хан  тұтас моңғолды біріктіріп алты түмен қылады. Олар ордос бір түмен, ұраңқай бір түмен, қалқа бір түмен, түмед бір түмен, цахар бір түмен, қарчын мен басқалары бір түмен болады. Осымен бір уақытта Моғолстан моғолдарының саныда 300-400 мың болған еді.

 Моғол руларының шежіресі

«Моңғолдың құпия шежіресі» бойынша  олардың рулар шежіресі анық жазылған. Рашид ад-Дин дерегінде былай айтылады:

«Алан Қуаның ұрпақтарынан көптеген тармақтар мен рулар пайда болды. Олардың көптігі сондай (дәрежеге жетті, егер олардың адамдарын санайтын болса, жүз түменнен асады. Сондай-ақ (бұл рулардың барлығының шежіресі нақты және анық. Себебі мұғулдардың әдеті (ата салты) сондай: олар ата-бабаларының шежіресін сақтайды, әрбір туылған балаға оның шыққан тегі (шежіресі) үйретіліп, айтып жеткізіледі. Осылайша (өз руынан тараған) басқалар да ол ұлттан (бір рудан) екені де (үйретіледі). Осы тұрғыдан қарағанда олардың арасында) өзінің руы мен шежіресін білмейтін ешбір адам жок. Сондай-ақ мұғулдардан басқа ешбір халықтарда мұндай әдет (дәстүр) жоқ». (9)

Оқи отырыңыз: Қамағ моғол ұлысы

Мұндай жеті атасының атын жаттау, рулардың тұтас таралу шежіресі бүгін күндері қазақтар арасында да ең толық сақталған. Түркілердің бір бұтағы саналатын моғолдардың көптеген салт-дәстүрі қазақтарда қаз қалпында сақталған. Батырлар жыры, жоқтау, қыз ұзату, әмеңгерлік, ішіп-жем, киім-кешегіне дейін қазақтармен өте ұқсас. Бұған себеп қазіргі қазақтардың үлкен бір бөлігінің осы әлемді тітіреткен моғолдардың ұрпағы болғандығында. Ол ғана емес 40 тан аса моғол руларының 20 дан астамы әлі күнге өз атымен қазақтағы ру-тайпалар арасында отыр.

Төменде біз қазақ құрамындағы  түркінің моғол тармағынан шыққан руларды таратып жазатын боламыз.

1. Қият

«Моғолдың тайпалары өте көп, бірақ бұл күндері атақ даңқы мен ұлылығы ең әйгілісі, әрі басқа руларға ұйытқы болғаны қият тайпасы, Шыңғысхан осы тайпаның көсемі, бұл тайпаның таралған ұрпақтары көп». (Жуайни Жаһанды жаулап алушының тарихы )

«Иесукей құда балаңызды ертіп келгеніңіз менің осы түсімнің жоруы болғай. Сіздің қият руының киесі келіп, маған нақты түс болып көрінген шығар».(10)

Қият өте көне тайпаның аты, көне қытай деректерінде 2000 жыл бұрын қиян, онан кейін қият атымен аталғанын жоғарыда көрсеттік. Алғашында қият атауы барша моғолдардың атауы болған, Ергенеқоңнан шыққан тайпалардың көбі қияттың ұрпағы болатын. Кейінгі 40 тан аса рудыңда түпкі тегі осы қият болатын.

«Көне заманда ол руды қият деп атағанына қарамай, Дүбүн баяннан кейін онан көптеген рулар мен тармақтар және тайпалар өрбіген, әрбір тармақ белгілі бір атаумен, лақап атпен аталады, сонан кейін қият деген атау олардың есінен көтеріліп, оларға қатысты көп қолданылмайтын болды. Сонан кейін Алан құбаның алтыншы ұрпағы Қабыл ханның кезінде оның алты ұлы  барлығы батыр әрі ұлы, құрметке ие адамдар мен ханзадалар болғандықтан, қият қайтадан олардың лақап аты болды, сол уақыттан бері Қабыл ханның балалары мен олардың әулеттерін түгелдей қият деп атайтын болды». (11)

Деректе қияттың өсіп өнуіне байланысты жалпылық атауы көмескі тартқаны, кейін Қабыл хан әулетінің қият атанғаны, сонан бері ол тайпаның осы атпен аталғаны айтылады. Қият тайпасы кейін келе жыпырлай өсіп моңғол империясының көп жеріне таралады. Алтын ордадағы қияттар 92 баулы рудың бірі болады. Атақты мамай осы қият руынан болатын.

«Әзіреті Өзбек ханның тұсында халық тыныштық тапты, ол Жошы ұрпақтарын шақырып: Сіздер бір атаның ұрпағы емес пе едіңіздер? Қара адамға бағынып оған құл болғанша біреуіңіз хандыққа талассаңыздар болмай ма? Қара кісіге нөкер болуды қаласаңыздар мен сіздерді бір кісіге нөкер етіп берейін деп оларды қият Исатай бекке берді. Бердібек хан заманында аласапыран көп болды. Қият Мамай әскердің оң қанатын алды да тайпаларымен Қырымға кетті. Сол қанатты қият Жыр құтылықтың баласы теңіз бұға алып Сыр өзені бойына кетті». (12)

Қияттар Алтын орда империясының билігін әсіресе әскери билігін ұстаған. Қияттар өз ру атымен Ұлы жүздің шанышқылы руының құрамына кірген. Сондай-ақ адай, жалайыр құрамында да қияттар бар. Қияттың үлкен бір тобы өзбектер мен қарақалпақтар арасында.

2. Бөржігін

«Шыңғысхан, оның ата-бабасы мен туыстары жоғарыда айтылған атақты дәрежеге ие қият руына жататынына қарамастан, Шыңғысханның әкесі Есукей батырдың ұрпақтарының лақап аты ˮқият - бөржігін ˮ болды. Сондықтан олар әрі қият әрі бөржігін болады. Бөржігін түрік тілінде көзі көк адам дегенді білдіреді».(13)

Бөржігіндер Есукейдің ұрпақтары. Алан құбаның құрсағына нұр бітірген сары шашты, көккөз адамның белгісі он ұрпақ өткеннен кейін Есукейдің балаларынан көрініпті. Демек Шыңғысхан көк көз, сары шашты адам болғандықтан Еуропа нәсілі болды деуге келмейтін сияқты. Жошыдан тараған ұрпақ Алтын орданы биледі, Қазақ хандары сол Жошының Оқайтемір атты баласынан тарағандар. Барлық қазақ хандары мен сұлтан-төрелері бөржігін қияттар, олардың ұрпақтарының ұзын саны 100 мыңнан асады. Қазақтар Шыңғысхан ұрпағы ең көп халық санатында. Олардан басқа жалайыр құрамында бөржігін-қият руы бар. Олар ғана емес дулаттар арасында шағатай атты ру бар, олардың шағатай ұрпағы ма емес пе оны алда жүйелі зерттеу керек. Шыңғысханның өзге баласынан тараған ұрпақтары, Есукейдің өзге балалары моңғолдар, өзбектер, ұйғырлар арасына сіңіп кеткен. Қазір Шыңғысханға тіке апарып дәлелдейтін  бөржігіндердің ең кемелді хандар шежіресі қазақта ең жақсы сақталған.

3. Дулат

Дулаттардың құпия шежіредегі таралуы былай:

Бөртешене→ Баташы→ Тамашы → Құрышар мерген →Аужан Боруынлы → Салықашау → Екенидұн → Шоң соушы → Қаршу → Бөржігетай мерген → Тұрғылжын баян → Дұбұн мерген →  Боданшар хан → Қабышы → Мәнентұдын → Қашы күлік → Қайду хан → Байсұңқар → Түмбине хан. Түмбине ханның  сегізінші ұлы Бұлчар доғылан, барша дулаттар осы Бұлчар доғылан нәсілі. Демек дулаттар Шыңғысханмен төрт атадан қосылатын туыс саналады.

«Түмбине ханның  сегізінші ұлы Бұлчар доғылан деген ұлынан тараған. Шыңғыс хан тайшығұт руымен соғысып жатқан кезде бұл ру Шыңғысханмен одақтас болып әскеріне қосылды. Алайда бұл дәуірде және қазіргі уақыт та да олардан шыққан бірде-бір әмір мәлім емес». (14)

Бірақ осы дулат тайпасының Шағатай ордасында ең жоғары орынды иелеп ˮМаңлай сүбеˮ деп аталатын қазіргі Шығыс түркістанның Қашқар, Хотан, ақсу аймақтарын 300 жылға жуық билегені белгілі, ондағы дулат бегі Ортөбе екен.

«Ол кезде әмір болатшы Ақсуда болатын, Шағатай хан өз иеліктерін бөліске салғанда Болатшының әкесі Ортөбеге  Маңлай сүбе тиген екен. Есенбұқа хан қайтыс болған соң моғол тағы хансыз қалады, ұлыс күйреп бүліншілікке түседі. Осы халді көрген әмір Болатшы хан сайлауға бел буып, елде тәртіп орнату жұмысына кіріседі». (15)

 Ең соңғы дулат әмірі Әбубәкірден жоғарыдағы үш аймақты Шағатай ұрпағы Сайт хан тартып алады. Дулаттар Моғолстан мемлекетіндегі ең белді ру болатын, осы оқиғадан кейін дулаттардың дені қазақ ордасына қосылап Ұлы жүздің ең белді руы болып көптеген әйгілі тарихи тұлғалар шыққан. 1897 жылы Ресей қазақтарында 334 мың дулат болса, 1917 жылғы Мұхаметжан Тынышбаевтің санағында 460 мыңға жетіп қазақтағы ең ірі тайпаның бірі болған.

4. Суан

Рашид ад-Дин дерегі бойынша суандар:

«Оларда нирун руларының қатарына жатады, алғашқы кезде Шыңғысхан тайшығұт руларымен соғысып, әскер жинап жатқанда, бұл ру оның туысқандары ретінде онымен одақтас болды. Алайда олардың көсемінің аты белгісіз».(16)

Қабыл ханның інісі Борун, оның ұлы Жошы, Жошының ұлы Суға, Суандар осы Суғадан тарайды, Шыңғысханмен үш атадан туысады.

Негізі суандар оншалықты саны көп тайпа болмаған. Әбілғазы дерегінде оларды суғат деп атайды, суғат суанның көпшесі. Юань империясындағы моңғол руларының қатарында суандар көрінбеуіне қарағанда олар дулаттармен бірге Шағатай ұлысында болған сияқты. Кейбір қазақ шежірелерінде суанды дулаттан таратады. Моғолстанда суандар дулаттармен бірге болса керек. Сол бетімен кейін қазақ ордасына қосылған.

5. Қатаған

«Бұл ру нирууннан болып саналады, Алан Қуаның үлкен ұлынан тараған. Оның аты - Букун Қатаки (Бұқұн қатақи). (Одан тараған қатағандар) Шыңғыз сан дәуірінде оған қарсы шықты.

Осы себептен, олар әрбір ұлыста көпшілік болғанына қарамай, танымал да, атақты да емес. Ал дерліктей кұрметті болғандарының арасынан Шыңғысханның дәуірінде найман Бұйрық ханмен бірге болған әмір және қолбасшы Хакучу баһадүр болды. Және бұл дәуірде болған өзге ұлы әмірлер келесідей ретпен келеді (басқа мәлімет берілмеген)».(17)

Қатағандар моғол хандығы кезінде басқа салжығұт, дүрбен руларымен бірлікте Шыңғысхан мен және керей Тұғырыл ханмен соғысты, татарлар талқандалғаннан кейін өзге моғолдармен және найман, меркіт тайпаларымен одақтасып Бақушорық деген басшысына еріп Жамұқаны гүрхан сайлайды. Бұл 1201 жылы болатын,  одан бір жыл бұрын тағы да Шыңғысханмен соғысқан болатын. 1204 жылы Шыңғысхан найман хандығымен соғысқанда да қатағандар наймандар жағында соғысады, осы соғыстан соң Шыңғысханға түбегейлі бағынады. Кейін қатағандар моңғолдың төрт ұлысына бірдей таралады. Қазақ хандығында айырықша қуатқа жетіп Тұрсын ханның тірегі болады. 1627 жылы Тұрсын хан Есім ханнан жеңіліп қатағандарда жазаға ұшырайды. Қатағандар өз атымен шанышқылы  мен қоңрат арасында сақталған. Өзбектерде де қатағандар бар.

6. Барлас

«Шыңғысханның кезінде ол рудан Қубилай (Құбылай) ноян болатын. Оның ұлдары қазіргі уақытта кағанның қызметінде.

Бұл мемлекетте (Иранда) оның әулетінен Сайкан таркай болған еді. (Шыңғысхан) оны соңғы соғыста Жебемен бірге үлкен әскермен Таян ханның ізінен жіберді.

Және бұл рудан шыққан екі ықпалды әмір Тикудармен бірге осы мемлекетке (Иранға) келді. Олардың аты: ... және Кукучу (Көкеші) баһадүр. Көкеші баһадүр ақылдылығымен, қабілеттігімен және қызыл тілділігімен ерекшеленіп тұратын».(18)

Барластар Шыңғысханның  6-атасы Қайдың  Қашу атты баласының Барулатай атты баласынан тарайды. Барула моғолша ашқарақ деген сөз, қазақтың мал борлау деген сөзі осыдан шықса керек.  Барластар Кейін Шағатайға берілген мыңдықтар қатарынан болды. Кейінгі атақты Ақсақтемір осы барлас бектерінен шыққан, ол атақты темір империясын құрды, оның ұрпақтары  Үндістанда моғол империясын негіздеді. Қазақтың жүзге кірмейтін дүрмен атты – барлас руы бар.

«Немере ағам Сейт мұхаммед мырза Әбдірашидты аналық мейірмен тәрбиеледі һам әмір Ғури барласты оған атабек етіп бекітті... Әмір Духтой мен барлас арасында үнемі үстемдік, билік жүргізуге талас тартыс болып тұратын. Барлас тайпасының әмірі Әлімирак болатын».(19)

Әмір Ғури барлас Моғолстандағы ең белді әмірлердің бірі болған. Барластардың қазаққа қосылуы кейіннен болған сияқты.

Жоңғар заманы кезінде бірталай рулар қазаққа қосылған, мысалы шағатай, моғолтай, сунақ. Дүрмен барластарда солармен бірге қосылса керек.

7. Дүрмен

«Бұл ру – нируундардан болып саналады. (Олар) барын руына жақын, (себебі) олар бір негізден бөлініп шыққан.

Шыңғсханның кезінде олар тайжуттардың руларымен бірігіп, оған Шыңғысханға) көп қарсылық көрсетті.

Олардың әмірлері арасынан кұрмет пен атақ-даңққа ие болғандарының бірі – Буладу ақа (Болат аға). Ол Құбылай қағанның қызметінде әрі чиңсаң (чинсан) Ірі бауыршы болды. Бұл мемлекетке (Иранға) елші ретінде келген. Ол – ұлы құрметке ие әрі атақты әмір. Әкесі Йурки (Жұрқы) Шыңғысханның бауыршысы болған  және бәйбішесі Бөртенің ордасында, әрі ол Шыңғысханның бір мыңдығының жүздігін басқарған. Қазіргі уақытта да Болат әмірдің балалары қағанның қызметтерінде» (20)

Дүрбендер моғол ұлысы болса да тым ертеде бөлектеніп кеткен, кейін татарлармен бірлесіп Шыңғысханмен соғысып 1205 жылы бағынған. Дүрмендердің бір тобы сол Атамекенінде қалып кейін Юань империясындағы ұлыстардың біріне айналды, кейінгі төрт ойраттың бірі дөрбеттердің тегі дүрбендермен  байланыстырады.

Дүрбендердің бір тобы Алтын орда мен Елхандар ұлысына кеткендігі кейінгі Әбілқайыр заманындағы деректерден көрінеді.

«Сол уақытта Әбілқайыр ханның билігі орныққан кездегі бектердің есімдері: Қият Исатай бек ұрпақтарынан Бұзанжар бек, қоңырат Әли бек, маңғыт едіге бектің немересе Уаққас бек. Қазақылық уақытта бірге қылыш шапқандардан: Дүрменнен Ика қожа мен Имамық, үйшіннен Шейх баһадүр.

 Сол уақытта шайқасқандардан дүрмен Яқұп бектің ұлы Сәйқал бек. Мұхаммед Шәйбани ханмен бірге Бұқарадан шығып Түркістанға келгендердің ішінде: Дүрмен Яқұп бектің ұлы Ақырзаман бек, Жұрқындардан Узра баһадүр, қоңыраттардан Мисыр әли Баһадүр, наймандардан Қажы уәли».(21)

Құпия шежіре бойынша дүрмендер былай таратылады: Баташы→ Тамашы → Құрышар мерген →Аужан боруынлы → Салы қашау → Екенидүн → Шоң соушы → Аршу → Бөржігетай мерген → Тұрғылжын Баян → Төбе соқыр, Төбе соқырдың төрт ұлы болған, олар Дүбүн баяннан айырылып бөлек кетіп Дүрбендер атанған. Қазақта дүрмендер жүзге кірмейтін ру.

8. Маңғыт

«Тумбине ханның тоғыз ұлының үлкенінің есімі Жаксу еді. Оның ұлдарынан үш тармақ тарайды: (Олардың) бірін: Нұяқын руы деп атайды.

Екіншісін: Ұрут руы (дейді).

 Үшіншісін: Маңғыт руы (деп атайды).

Оның Шыңғысханға көрсеткен қызметтерінің бірі келесі болатын: Шынгысхан Қалалжыт Алат аймағында Он ханмен соғысып жатқан кезінде оның адамдарының саны аз болатын, ал Он ханның (адамдары) көп болатын. Шыңғысхан әмірлерінен: «Не істейміз?» - деп сұрады. Ұруттар басшысы Киіктай ноян жалтақтап, атының жалын қамшысымен сипап тұрды және бір сөз айтпады.

(Сонда) құйылдар (Қойылдар) шешен: «Менің патшам әрі жекжатым, жаудың артқы жағындағы анау қырға назар салсын, оның атауы - Куйилан (Күйедан). Мен (атпен) шауып, егер Құдай-Тағала жол ашса, мен жаудың арасынан өтіп ол қырдың үстіне өз туымды тігемін. Әскер оны көрген кезде сол жаққа қарай беттейді, сөйтіп біз жауды қиратамыз. Егер Хақ Тағала жол ашпай мен өлетін болсам, Шыңғысхан менің балаларыма қамқорлық жасай алады», - деді.

Осы себепті ол жаққа (атымен шауып) кетті, (сөйтіп) оның алдында жол ашылды, содан (Шыңғысхан) керейт әскерін қиратты. Бұл (осы) тарихта толық жазылған.

Одан соң оның орнын ұлы Муңка калжа (Мөңке қалжа) басты. Шырман ноянмен (Иранға) келген Мулқар қалжа (Молқар қалжа) соның ұрпақтарынан болатын. Оның әулетінен (шыққан) көптеген адам кағанның қызметінде. Ал бұл мемлекетте Халифа мен Микритай оның перзенттерінен болатын. Абака ханның дәуірінде болған, ал одан соң Гайхату кезінде әмір əрі (оның) мүлазимі болған, Нурикай йаргучи (Нұрықай жарғышы) да осылардың әулеті болып саналады.

Маңғыт руы Оң ханмен одақтас болған Тағай кулакай есімді әмір болған, оны Тағай күхарин деп те атайды. «Күхарин» сөзінің мағынасы – ұры, өтірікші. Мұғулдар арасында біреуді осы сипатпен атаса, ол қатты ренжиді. (Тағай күхарин) осы атпен атақты болғандықтан әрдайым мұңайып жүретін»(22)

«Әбілқайыр хан елдерді жаулап алғаннан кейін ханның жанына келген әмірлерден: Қият Бұзұнжар бек, қоңырат Әли бек, маңғыт Едіге бек пен Қази бек» (23)

Маңғыттар нирун моғолдардан шыққан. Кейінгі Ноғай ордасының билігін ұстаған. Асан қайғы мен Едіге би де маңғыт болатын. Маңғыттар Бұқараны 1755-1920 жылдары биледі. 1920 жылдары Бұқарада 100 мың ( Бұқара мен Қаршыда 44 мың, Зарафшанда 20 мың, Шори тұманда 20 мың, Жизақта 2600, Хорезмде 10 мың), Хиуада 15 мың маңғыт болды. Қазақ арасында шанышқылы арасындағы бір ру, қоңырат ішінде маңғытай атымен аталады. Юань империясында бес арыс елдің бірі маңғыттар еді (қалғаны: ұрғұт, қоңырат, жалайыр, икірес). Ауғанстан өзбектерінде де көп болған. Рулары: оқ маңғыт, ош маңғыт, шала маңғыт, байғонды маңғыт, темірқожа, исабай, қаулақ, қожа, таз, қарабайыр, бақыршы, құла тамғалы, маңғыт қазақ, оқлы, шопай, қарабатыр, бесшал, шұбақшақ, ұз, ұбалай. Қазақтың сіргелісінде де қарабатыр руы, керейдің ителі тармағында бесшал руы бар.

9. Барын

Құпия шежіре бойынша Боданшардың Бұқатай атты баласының Бағарыдай деген ұлы болыпты. Барша барын руы солардан тараған деседі.

«Бұл барын руы дүрбен руына жақын және олардың негізінен бөлініп шыққан. Суқайыт руы да барын руынан тармақталып шыққан. Алғашында үш ағайынды болды. Бұл жоғарыда аталған үш тармақ солардан тарады.

Барын руына жататын ірі әмірлердің арасынан Шыңғысханның дәуірінде оң қанаттың әмірлерінен бір әмір болды, оның есімі Найака (Наяқа) ноян. (Ол) Мұкалы гойоннан бір дәрежеге төмен (еді). Ол оның сутукусуны еді, яғни шухна сияқты әрі орынбасарлыққа лайық құрметті адам. Жас кезінде оны Найа жусур (Ная жусур) деп атайтын.

«Жусур» сөзінің мағынасы – екіжүзді әрі ұятсыз деген болатын. Барын руының әдетінде дөрекі және ақымақ ойындарды ұйымдастыру бар болатын, (ол ойындар) ұяттан жұрдай болатын.

Шыңғысханның тайжуыттармен (ара да) соғыс пен қарсыластық туындаған кезде оның әкесі Ширгуату Ноутан (Ширкуату Ибуган) тайжуыт руларымен бірге болды. Ол сәтті жағдайды күтіп олардың ханзадалары мен басшыларының қатарынан Хакучу мен Таркыпта қырылдақты ұстап, Шыңғысханның қызметіне алып келді. Ол өзімен бірге ұлдары Haя мен Алакты да алып келді және ол екеуімен бірге әркез Шыңғысханның мүлазимі, яғни жақын кызметкері болды.

Алак ноянның Кукучу (Кокеші) атты ұлы болды. Оны ... соның себебінен - елімге кесті. Оның Баян есімді ұлы бар болатын. Ол Құбылай қағанның үлесіне тиіп, қызметінде болды. Хулагу хан Иран жеріне келген кезінде ол оған қызмет етуге келді.

Құбылай қаған Судын ноян ұлы Сартак пен Әбдірахманды Хұлағу ханға елші етіп жіберген кезде, ол Баянды шақыртты.

Сартак қайтып оралды, онымен бірге Баян да келді. Әбдірахман болса осында (Иранда) есепті ретке келтіру үшін қалды. Баян қағанға келген кезінде қол оны мейіріміне алып, оған әскерді басқаруын тапсырып, Сүбедей баһадүрдің немересі Ужуды оған нөкер етіп берді. Сөйтіп, (оларды) отыз түмен мұғул әскерімен және сексен түмен Қытай (әскерімен) Haнгиясқа соғысқа жібереді. Олар ол жаққа аттанып, жеті жыл ішінде бүкіл Нангиас уәлаятын қолға алды. Баянның бұл мемлекеттегі ұлының есімі Нукай (Ноғай) болатын.

Шыңғысханның дәуірінде барын руынан оң қанаттың мыңдық әмірлерінен Мұңқұл Таркан (Мыңкұл тархан) атты әмірі болды. Оның оң қанатына мындық әмірлерінен курчи нуйан (Қоршы ноян) атты туысқаны болды.

Олардан (барын руынан) бөлініп шыққан сукайыт руының жағдайы келесідей: Барынның кіші інісі (жоғарыда айтылғандай) үш ағайындының қатарынан болатын. (Оның үйінде бір күңі бар еді, ол оған ұнайтын. (Сондықтан, ол ыңғайлы сәтте оған қолына ерік берді (зорлады), содан ол жүкті болды. Оның әйелі (бұдан хабардар болып оның нәрестесі түсік болуы үшін қызды кинап, (оны) көп ұратын, (алайда) түсік болған жоқ. Босанудың уакыты келгенде ол бір оқшаулау жерде ұл босанды. Сөйтіп қожайынының әйелінен қорқып, ол күйеуінің тонынан бұлыңғырдың үлкендігіндей бөлігін кесіп, оған нәрестені орады да, жыңғыл қопасының ішіне тастап кетті. Бақытты кездейсоқтықтан оның (баланың әкесі сол қопаның ішінде жүрген еді. Баланың (жылаған) дауысын есітіп, ол оны көтерді. Содан оз тонын танып, оның күнінің босанатын кезі келгендіктен, (бұл) бала өзіне тиесілі екенін пайымдады. Оны алып келіп, тәрбиелеп өсіруі үшін анасына табыстады. (Оның) әйелі болса (оған) ешқандай назар аудармады және ешқандай мән бермеді.

Содан кейін бұл ұлдан тараған ұрпақтарды, олар барын болғанына қарамай оларды суқайыт руы деп атайды. Себебі мұғул тілінде жыңғылдың атау «суқай» еді.

Қазіргі таңда олар бөлек руды құрайды. Көп әмірлер олардың нәсілінен шыққан және (қазір де) бар.

Айтуларынша, Шыңғысхан дәл жылқылар мен өзге де жануарларды ункун (унғун) қылатындай, барын руынан бір адамды да ункун (уңгун) етті, яғни оған ешкім тиісе алмайды және ол азат әрі тархан болады. Ол кісінің аты Бики (Бекі) еді, сөйтіп ол ханның ордасында барлығынан жоғары отыратын және ханзадалар сияқты ол (ханның) оң жағынан кіретін. Сондай-ақ оның атын Шыңғысханның атының жанына байлайтын. Ол өте қартайып қалды, содан Шыңғыз хан: «Суқайыт руынан әлдекім еңбектеп тұрып, Бекі оның арқасына аяғын қойып, атқа отыратын болсын», – деп бұйырды. Сондықтан сукайыт руын актачи Бики (атқосшы Бекі) және Дуранчи ақтачи (Дораншы ақташы) деп атайды. Олар болса бұл сөзден қатты ашуланып, долданады, (ол сөзді) жоққа шығарып, өздеріне (қатысты) деп қабылдамайды, оны әзіл мен мазақ қатарына жатқызады.

Шыңғысханның дәуірінде бұл рудан екі ағайынды болды: екеуі де сол қанаттың мыңдық әмірлері (еді). Бірінің аты - Укaр қaлжау (Окар қалжау), екіншісінікі — Қутус қалжау (Құтыс қалжау). Және суқайыт руының әмірлерінің қатарынан ағайынды Тамуқа ноян мен Қара ноян болды.

Тамуқаның үш ұлы болатын: бірі – Жиңкун. Ол Xұлағу ханның заманында тұтқауылдар әмірі болды.

Және  (екіншісі) – Туту буқа (Тоты бұка) ноян, ол ұлы әрі ықпалды әмір болды.

Және (үшіншісі) – Тигна тұтқауыл. Және  (төртіншісі) - Чарақатай (Шарақатай). Аты аталған Жиңкун ноянның ұлы — Буралғи (Бұралғы). Тоты бұка ноянның ұлдары - Тайчу (Тайжу) мен Тачар (Ташар) ноян еді. Тайжу бала кезінде дүниеден өтті. Ташардың ұлы Мубарак дүниеден өтті, ал Чарук (Шарык) әлі тірі». (24)

Барындар кейін тұтас алып империяға таралды, қазақтағы барындар кіші жүздегі бір тайпа, оларды Алтын орда барындарымен қатыстыра ойлаған дұрыс. Сонымен бірге моғолстандада барындар белді рулардың бірі болғандығы да мына деректен көрінеді:

«Чорас пен барин тайпаларының әмірлері Исан тәйшінің баласы  Амасанжы тәйші қалмаққа кетті».(25)

 Уәйіс ханның барын тайпасынан шыққан Жақыр атты қызметшісі бар болатын, ол бұрын әмір Мұхаммед шаһтың қызметшісі болған, ол құралайды көздеп ататын мерген еді, бүкіл ұлыста оған теңдес мерген табылмайтын.

Жүніс хан кезінде әмірлер ара алуыздық кесірінен әмір Құдайдаттың сыйлы адамдары Иразан барын және Мирак түрікпен екеуі Уәйіс хан қайтыс болған соң қару жарақтарын алып әмір Мұхаммед шаһтан бөлініп Жүніс ханға қосылады, отыз мың отбасын басқарып Самарханға бет алды. Есенбұға хан және басқа моғолдар Моғолстан да қалды.

«Шырын, барын, арғын, қыпшақ рулары ата- бабаларынан Тоқтамыс оғыланның елдері еді». (26) Тарихи Рашиди бойынша кездесетін барын тайпасының ұрпақтары моңғолдарға және өзбектерге, қырғыздарға  қосылған, қазақтағы барындар Алтын орда барындары саналады.

 

10. Ысты

«Байсұңқар мен Шаужын өртегей Қайдудың ұрпағы болатын, Оның кейбір ұрпақтарының бірінің аты Исыт (исут) еді және бірінің аты Орнар еді». (27)

«Моңғолдың құпия шежіресі» бойынша былай таралады: Баташы→ Тамашы → Құрышар мерген →Аужан боруынлы → Салы қашау → Екенидұн → Шоң соушы → Қаршу → Бөржігетай мерген → Тұрғылжын баян → Дұбұн мерген →  Боданшар хан → Қабышы → Мәнен тұдын → Қашы күлік → Қайду хан → Байсұңқар.

Бұл деректе айтылған Исыт Ұлы жүздің Ысты руының арғы аталары саналады. Сондай ақ кіші жүз ысық руы да осы рудың жұрағаты. Олардың арғы аталары Байсұңқар Шыңғысханның  5- атасы саналады.

11. Шанышқылы

Жамиғ ат  Тауарихта мынадай дерек бар:

« Олар қият деп аталады, оларда екі тармаққа бөлінеді: Қият мұлтақ яғни күмән, шүбәсіз шын мәнісіндегі толық түсінікті қияттар, олардың құрамы жұрқын, шәншіғұт, қият ясар мен қият бөржігін... Сегізінші күрен. Мұңату мен Қиянның ұлдары шәншығұт және оның бауырлары».(28)

Баташы→ Тамашы → Құрышар мерген →Аужан боруынлы → Салы қашау → Екенидұн → Шоң соушы → Қаршу → Бөржігетай мерген → Тұрғылжын баян → Дұбұн мерген →  Боданшар хан → Қабышы → Мәнен тұдын → Қашы күлік → Қайду хан → Байсұңқар → Түмбине хан → Қабыл хан →Бартан батыр . Оның ұлдыры Меңгіту қиян, Некүн тәйші, Есукей батыр, Дарытай отшігін. Меңгіту қиянның ұлдары шәншығұттар еді.

«Мөңгіту қиянның ұлдары  шәншіғұт пен баяуытты бастап келген екен».(29)

Шәншығұттар осы беті Шыңғысханның төңірегінен алыстамаса керек. Өйіткені кейінгі оған қарсы моғол тайпаларының қатарында айтылмайды.

Шәншіғұттың қарлық, оғыз түрікшесіндегі айтылуы шәнішқылы.  Моғолша көптік жалғау, шәнішқылы Көк ордадағы қатағандар құрамында болған сияқты, кейінгі кезде Қазақ ордасында қатаған басымдылығы жойылған соң қатағандар ыдырағанда, шанышқылы бөлініп шықса керек. Мекені сол Ташкент маңы болған, қатаған, маңғыт, қият сияқты моғол рулары шанышқылы құрамына кірген, Мұхаметжан Тынышбаиев санағында шанышқылы қаңлымен қоса есептегенде 190 мың болған екен.

12. Жұрқы

«Олар қият деп аталады, олар да екі тармаққа бөлінеді: Қият мұлтақ яғни күмән, шүбәсіз шын мәнісіндегі толық түсінікті қияттар, олардың құрамы жұрқын, шәншіғұт, қият ясар мен қият бөржігін. Төртінші Сурқадурдың ұлдары жұрқы мен оның бауыры қурыйдай. Оларда нирун қият руынан еді». (30)

Баташы→ Тамашы → Құрышар мерген →Аужан боруынлы → Салы қашау → Екенидұн → Шоң соушы → аршу → Бөржігетай мерген → Тұрғылжын баян → Дұбұн мерген →  Боданшар хан → Қабышы → Мәнен тұдын → Қашы күлік → Қайду хан → Байсұңқар → Түмбине хан → Қабыл хан → Өкін барақ → Құтұқты жұрық. Оның ұлдары Сача бек, Тайчу еді, бұлар жұрқы руы болған.

Жұрқы тайпасы қияттардан болып олар да моғолдың билігіне қақылы ретінде таққа таласқан, татар жорығына Сача бек пен Тайчу көмекке келмейді, соңынан Шыңғысхан оларды жаныштап Сача мен Тайчуды өлтіреді. Кейін жұрқылар Әбілқайыр ханның қоластындағы тайпалардың бірі ретінде деректерден бой көрсетеді.

«Сол уақытта шайқасқандардан Дүрмен Яқұп бектің ұлы Сәйқал бек. Мұхаммед Шәйбани ханмен бірге Бұқарадан шығып Түркістанға келгендердің ішінде: Дүрмен Яқұп бектің ұлы Ақырзаман бек, Жұрқындардан Узра баһадүр, қоңыраттардан Мисыр Әли баһадүр, наймандардан Қажы уәли».(31)

Жұрқындар Әбілқайыр қол астында болған. Наймандар да солай болатын. Кейін 1612 жылы наймандар қазақ хандығына қосылғанда олар да наймандарға қосылған болуы мүмкін. Қазір жұрық руы Ұлытау наймандарының құрамындағы бір ру ретінде саналады.

Пайдаланылған иәдебиеттер:

1.Рашид-Ад-Дин. Жамиғ-ат-тауарих. 1-кітап. 253-бет

2. «Жұңго жылнамаларындағы Қазаққа қатысты деректер». 2- том. 11- бет

3. Жиннама. 104 бума. Шылы баяны

4. Жұңго тарихынамаларындағы қазаққа қатысты деректер. 3-том
5. Жұңого тарихнамаларындағы Қазаққа қатысты деректер. 3- том

6. Мұңғұлдың құпия шежіресі 1-үзік

7. Әбілғазы баһадүр хан. Түрік шежіресі

8. Моңғолдың құпия шежіресі. 1- тарау

9. Рашид-Ад-Дин. Жамиғ-ат-тауарих.1-кітап

10. Моңғолдың құпия шежіресі. 1- тарау

11. Жуайни. Жаһанды жаулап алушының тарихы

12. Өтеміс қажы. Шыңғыснама

13. Рашид-Ад-Дин. Жамиғ-ат-тауарих.1-кітап

13. Тарих и Гузнаи и. Нүсіратнама

14. Рашид-Ад-Дин. Жамиғ-ат-тауарих.1-кітап

15. Тарихи рашиди. Мұхаммед Хайдар дулати

16. Рашид-Ад-Дин. Жамиғ-ат-тауарих.1-кітап

17. Рашид-Ад-Дин. Жамиғ-ат-тауарих.1-кітап

18. Рашид-Ад-Дин. Жамиғ-ат-тауарих.1-кітап

19. Тарихи рашиди. Мұхаммед Хайдар дулати

20. Рашид-Ад-Дин. Жамиғ-ат-тауарих.1-кітап

21. Тарихи Гузида ии. Нүсыратнаме

22. Тарихи Гузида ии. Нүсыратнаме

23. Рашид-Ад-Дин. Жамиғ-ат-тауарих.1-кітап

24. Рашид-Ад-Дин. Жамиғ-ат-тауарих.1-кітап

25. Тарихи рашиди. Мұхаммед Хайдар дулати

26. Өтеміс қажы. Шыңғыснама

27. Рашид-Ад-Дин. Жамиғ-ат-тауарих.1-кітап

28. Рашид-Ад-Дин. Жамиғ-ат-тауарих.1-кітап

29. Моңғолдың құпия шежіресі.

30. Рашид-Ад-Дин. Жамиғ-ат-тауарих.1-кітап

31. Тарихи Гузида ии. Нүсыратнаме

32. Өтеміс қажы. Шыңғыснама

33. Рашид-Ад-Дин. Жамиғ-ат-тауарих.1-кітап

34. Рашид-Ад-Дин. Жамиғ-ат-тауарих.1-кітап

35. Тарихи Гузида ии. Нүсыратнаме

36. Рашид-Ад-Дин. Жамиғ-ат-тауарих.1-кітап

37. Рашид-Ад-Дин. Жамиғ-ат-тауарих.1-кітап

38. Рашид-Ад-Дин. Жамиғ-ат-тауарих.1-кітап

39. Рашид-Ад-Дин. Жамиғ-ат-тауарих.1-кітап

40. Рашид-Ад-Дин. Жамиғ-ат-тауарих.1-кітап

41. Рашид-Ад-Дин. Жамиғ-ат-тауарих.1-кітап

42. Шаибанинама. Камал Ад-Дин бина ии

43. Мұхаммед хайдар дулати. Тарихи рашиди

44. Рашид-Ад-Дин. Жамиғ-ат-тауарих.1-кітап

жалғасы бар...

 

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?