Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

#Түрік әлемі: Киелі ағаш ұғымы ІІ

2892
#Түрік әлемі: Киелі ағаш ұғымы ІІ - e-history.kz
Белгілі мифтанушы С. Қондыбай былай деп жазады: Бәйтерек ғаламның орталығы болып табылатын киелі жерде, киелі бұлақ қасында орналасады

Ол үш дүниені жалғастырушы, төбесі – аспанда, тамыры – жерасты дүниесінде орналасқан. Екіншіден, бәйтеректің екі полюсінде алып қарақұс пен жылан-айдаһар бар, олар дуалистік қарама-қарсылықтың тұлғалануы болып табылады. Үшіншіден, бәйтеректің түбінде белгілі бір мифтік – киелі процесс өтеді, бұл шамандыққа байланысты. Осы жерге батыр келіп жыланды өлтіріп, қарақұс балапандарын құтқарады, сол еңбегі үшін қарақұс батырды басқа дүниеге өткізеді. Бұл тұрғыда бәйтерек – ғаламдардың есігі болып табылады. «Бәйтерек тек үш қабатты байланыстырып тұрған дәнекер ғана емес, адамға ізгілік жолын көрсетуші, жақсылық жасаушы. Бәйтерек жай ағаш емес, ол өте үлкен, «үйдің жуандығындай», алты қанат киіз үйді көз алдыңызға елестеді [4].

Соңы. Басы: https://e-history.kz/kz/publications/view/5343

Осындай пайымдар арқылы қазақ ұғымындағы Мықан ағашының аса жоғары культтік деңгейге көтерілгенін яғни халқымыздың Жаратылыс, Жаратушы, Жаратылушы деген киелі құдіреттердің барлығын да осы Бәйтеректің – Мықан ағашының бойынан табуға тырысқанын байқауға болады. Тұрсын Жұртбайдың «қазақ ұғымындағы Мықан ағашы Жаратылыстың өзі, кейде Жаратқан иемнің баламасы, кейде жай киелі ағаш күйінде әфсаналана береді. Бәйтеректің Мықан ағашының бойында осы үш құдіретте бар. Оның қай қасиеті күшті, оған күмән жүрмейді. Ондағы Мықан ағашы – кешенінің, бүгіннің, ертеңнің өлшемі [7]» деуі осы сөзімізге дәлел бола алады.

Мысалы Мықан ағашының ғаламдық уақыт пен кеңістіктің түйісер тұсы, уақыттар өлшемі өлшемі екендігі «Жарты Төстік» ертегісінен байқауға болады. Ертегі желісі бойынша, Төстік әкесінің есік алдындағы  ұшар басы екіге жарылып тұратын алып ағашқа көтеріліп жүретін әдетін байқайды.  Таңертең көтерілсе талтүске бірақ түседі, талтүсте көтерілсе қас қарая бірақ түседі. Ал ұлының бұлай саяхаттауына рұқсат етпейді. Бір күні ұлы әкесінің айтқанын тыңдамай, ағашқа өрмелеп, ұшар басына шығады. Бәйтеректің басына шыққан Төстік думандатып бара жатқан сағым көшті көреді. Көштің алдында өңкей жігіт-желең, жастар, бұрымы желбіреген бойжеткендер мен тұлымды бозбалалар думандатып, ойын-сауық құрып барады. Олардың артын ала егде тартқан, орта жастағы әйелдер мен ерлер келеді. Ал көштің соңында қаусаған қарт адамдар, шал-кемпірлер бара жатады. Кешке ұлы осы көрген-білгенін әкесінен сұрайды. Әй, ұлым-ай, сенің көргенің – біздің судай ағып өте шығатын өміріміз, уақыт ырыққа көнбейді. Ол өтіп бара жатқан дүниенің гүлі сағымы, оған тірі түгілі өлі де қосылмайды»,  – дейді әкесі [7].

Мұндағы есіктің алдындағы түбі бір, басы екеу алып Бәйтерек Жаратушының өзі. Таңертең шықса – түсте түсіп, түсте шықса – кешке түсіп өтпелі өмірге алыстан көз салып сағына қарап жүрген Төстіктің әкесі Жаратылыс. Төстікке шығуға тыйым салынғанмен уақыт өз дегенін жасатады. Ертөстік те есейіп, өмірдің заңына ілесіп,  пешенесіне жазғанын көреді. Яғни алдыңғы буынның ізімен тіршілік заңына араласады. Ет пен сүйектен жаралған адам баласы тәрізді өзі куә болған «сағым дүниенің» сырын ұққысы келеді.  Бірақ сағым өмір жеткізбейді. Оған тек алып Бәйтерек – Мықан ағашының көмегімен ғана сапар шеге алады.

Биікке көтеріліп болашақты бажайлау құбылысын «Тазша бала» ертігісі мен «Қырық өтірік» хикаясынан байқауға болады. Биікке көтерілген тазша бала зеңгір көкті жауып тұрған бұлттың бір шетін ысырып жіберіп, жеті қат аспанның ар жағындағы құлындаған бие мен сонау ықылым замандағы оқиғаны да, ықылымнан кейінгі келешекті де көріп жерге түседі. Мұндағы жалғыз ерекшелік тазша бала Бәйтерек емес басына ине шаншылған құрыққа мінеді. Бұл арада Мықан ағашының аты аталмағанымен жерге шаншылған құрықтың өзі көркем түйсік бойынша Бәйтеректің рөлін атқарып тұр. Ертегі, миф, аңыздарда жасыл ағаш, жас тал, жас қайың, үйеңкі, ырғай, емен, жалғыз ағаш, қурай немесе шоқ терек тіптен ине түріндегі алуан түрлі нышандармен берілгенімен негізгі түйінінде Мықан ағашының культі жатыр.

Бұл ағаштардың барлығының да өз өлшемі мен кеңістігі, уақыты, өз тылсымы бар. Барлығының түбінде де түрлі әрекеттер жасалынады. Ол жай әрекет емес. Жаратушылық сипатқа ие әрекет. Тіптен қазақтың киіз үйінің бақаны мен шаңырағының түп астары Бәйтерек ұғымымымен ұласып жатыр деуге болады. Мәселен, жоғарыда сөз етілген Ертөстік те осы шаңырақтың күлдіреушіне керулі тұрған кербиенің төстігінен жаралады. Сол секілді ұядай ұйып отырған тоғыз ұлынан бір мезетте айырылып жанарларын жас жуған Төстіктің кәрі ата-анасы да Ақ шеңгелдің түбіне барып қонып, құдайдан бала сұрауы да тегін болмаса керек.

Сағым дүниені қуып жер астына өтіп кетіп ақ боз атқа мінген ақсақалды қария түрінде оралған Төстікті де осы киелі Бәйтерек қалпына келтіреді. Әрі сол Бәйтеректің құдіретімен жер үстіне шығады. Сонымен бірге Кенжекейдің құба інгені боталап, Төстік оралмай шешілмесін деп таққан беліндегі торғын белбеу орамалы тарқатылып, жазылып сала беретіні де жайдан-жай болмаса керек. «Ертөстік жас жігіт, Кенжекей – жаңа түскен келіншек, Шалқұйрық аты да бесті қалпына келеді» [7]. 

Cол секілді бір дүниеден екіншісіне  өту кезінде қаһарманның ғайыптан тайып тазшаға, оның мінген атының қотыр тайға айналуы секілді эпизодтар кездесетін ертегілердің барлығы да осындай ағаш түбінде өрбиді. Сол сияқты Мәшһүр Жүсіптің Шөже ақынның нұсқасы деп келтірген Қозы Көрпеш – Баян сұлу жырында жауырынан оқ тиіп өлген Қозы да осы Шоқтеректің түбінде қайта тіріледі [8]. Қозын-Еркеш (Қозы Көрпеш жырының алтайлық үлгісі) жырында да Қозы шоқтерек түбінде дұшпанының қапыда атқан жебесінен қаза табады. Оның жары Байым-сур мен Қозының жақын туысы Бачикай-Қара шоқтерек түбінде ем-дом жасап жүріп оның жанын қайтарады. Яғни мұндағы шоқтерек жан беруші. Алтай халықтарының ұғымында өлген адамның жаны ағаштың бойымен яғни шоқтеректің бойымен көкке кетеді деген ұғым бар.

Ал бұл не құдырет еді дейсіз ғой, Мықан ағашының құдыреті.  Яғни халық түсінігіндегі Мықан ағашы пешенесіне адам болу бақыты жазылған тіршілік атаулының сая табатын соңғы жері, өмір мен өлімнің шекарасы. Осы фәнилік уақыттың түпкі өлшемі. Яғни, тірі адамның жолы Мықан ағашына жетумен аяқталады. Мәңгілік жасыл өмірден артық тіршіліктің рахатын іздеу мүмкін емес. Жол сонымен тұйықталады. Тіпті, мәңгілік өмірді өмір бақи іздеген Асан қайғы мен Қорқыт та аспан мен жердің үш қабатын кезген Ертөстік те осы Мықан ағашына тап болғаннан кейін сапарын тоқтатады.

Мықан ағашы - уақыт пен кеңістіктің шекарасы. Барлық оқиғалар мен өмірдің бастауы. Дүниедегі барлық дүниенің барлығы осы Мықан ағашының түбінде шешімін табады. «Түсін іздеген бала» ертегісіндегі Бәйтерек те осындай оқиғалардың бастаушысы міндетін атқаратынын байқауға болады. Ата-анасыз қалған жетім бала айдалада өсіп тұрған бәйтерекке тап болып аман қалады. Бәйтеректің саясындағы алтын және күміс суы бар қос құдыққа батырылып алынған асыл тақты патшаға сыйлап мол дәулетке ие болады. Мұндай ерекшелік «Жылан қабықты жігіт» ертегісінде де кездеседі. «Онда сүйген жігітін іздеп, темір қалпағы теңгедей, темір таяғы тебендей» болған Нұрсұлу жапан түзде үлкен бәйтеректің түбіндегі ақ отауға тап болып өмірін бастайды. Мақсат мұратына жетеді.

Мықан ағашының, яғни, Шоқтеректің уақыт пен кеңістіктің арасындағы өмір тылсымы екені туралы жүйелі пікір айтқан ғұлама ғалым Әлкей Марғұлан. Ол «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырының тарихи уақытын саралай келе: «Жырда үзілмей айтылатын киелі сарын «Шоқтерек». Ол - Қозы Көрпеш – Баян сұлудың қызық көріп, ғашықтық өмірін қосқан, екеуінің махаббат туын тігіп, екі жүректің біріккен жері. «Қозы Көрпеш» әфсанасында қазақтар бұл Шоқтеректі сондай сәулетті етіп, шалқыта айтып берген» дейтіні бар.

Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы былай басталады: «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «Кеңістік – барлық нәрсенің, ал уақыт – бүкіл оқиғаның өлшемі. Уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде ұлт тарихы басталады. Қазақстан тарихы да жеке жұрнақтарымен емес, тұтастай қалпында қазіргі заманауи ғылым тұрғысынан қарағанда түсінікті болуға тиіс. Оған қажетті дәйектеріміз де жеткілікті. Біріншіден, қосқан үлестері кейінірек сөз болатын протомемлекеттік бірлестіктердің дені қазіргі Қазақстан аумағында құрылып, қазақ ұлты этногенезінің негізгі элементтерін құрап отыр. Екіншіден, біз айтқалы отырған зор мәдени жетістіктер шоғыры даламызға сырттан келген жоқ, керісінше, көпшілігі осы кең байтақ өлкеде пайда болып, содан кейін Батыс пен Шығысқа, Күнгей мен Теріскейге таралды [9].

Яғни кез келген оқиғаның бастауы осы Мықан ағашынан басталады. Астананың пайда болуы да осындай ұлы оқиғадан басталды деуге болады. Басында айтып өткеніміздей, Қозы Баянмен осы Шоқтеректің түбінде кездеседі. Қозы Шоқтеректің түбінде жау қолынан қаза табады. Шоқтеректің түбінде қайта тіріледі. Өлімнен қашқан Қорқыт та осы қара ағаштың түбірінен қобыз жасап әрең байыз табады. 

Сол секілді бір шикі өкпеге зар болып жапан түзді кезген ана (Аналық, Гүлқаныс) мен қолындағы бар байлығы мен қора-қора малын тәрк етіп тастап жапан кезіп кеткен Нәрік би мен Гүлқаныс бәйбіше де сұрағанын осы Мықан ағашының түбінен таппайтын ба еді? Небір қиындыққа тап болса да қажымай, талмай-тынбай жүріп, қолдарындағы таяқтары тебендей, темір етіктері теңгедей болған кезде Қаратауға тап болады. Сол жерге келіп бауырындағы жалғыз ағаш пен бұлақтың ырыздығын көреді. Жауына есесі кетіп кегін алу мақсатында сапарлап шығатын (Ер Қосай, Ер Көкше, Шора т.б.) батырлар да  жоқ іздеген бала (Ертөстік, керқұла атты Кендебай) да көлеңкесі пана боларлық осындай ағаш түбінен сая табады.

Айтпақшы, тал бесік пен жер бесік деген ұғымдар да осы ағаш ұғымымен тікелей астасып жатыр. Осындағы тал бесік – Мықан ағашынан жасалған өмір бесігінің бейнелі белгісі. Халық жырлары мен аңыз әңгімелерінде тал бесік жасалатын дүние атаулының барлығы да  жас тал, жас қайың, үйеңкі, ырғай секілді мифтік маңызы зор ағаш түрлері болып келеді. Қазақың киіз үйі де ғаламның шағын моделі. Бақаны мен шаңырағы кіші Мықан ағашы іспеттес. Көне діни аңыздардың барлығында айтылатын Нұқ кемесі де осындай аспанмен тілдескен алып ағаштан жасалады.

Мықан ағашы немесе әлем ағашы культін көшпелі халықтардың ауыз әдебиеті жырлары, аңыз әңгіме, көне мифтерінен ғана емес күнделікті өмір сүру дағдысы мен қолданған заттары, қолөнері бұйымдары, әшекей заттарынан да  байқауға болады. Тіптен қазба жұмыстары барысында табылған көне жәдігерлерден де ағаш бейнелері табылып жатады. Мәселен, Есік қорғанынан табылған сақ дәуіріне тиесілі жәдігерлерінің арасынан ұшар басына құс қонақтаған Әлем Ағашы бейнеленген алтын жапсырмалар кездесіп отыр. VІІ-Х ғасырды қамтитын Пазырық қорғанынан табылған «мәңгілік ағашы» бейнеленген сырмақ пен тұскиіз, Эрмитаж залында тұрған Шоқтеректің түбінде ат жетектеп кездескен ғашықтар бейнеленген алтын пәйзілер туралы да осыны айтуға болады. Белгілі ғалым  Әлкей Марғұлан бұл пәйзіде «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырының оқиғасы баяндалуы мүмкін деген пікір айтқаны бар.

Сол секілді Алтайдағы қазба жұмыстары барысында алтын заттардың арасында ұшар басы екеу, әрі бастары жер астынан шығып келе жатқан екі айдаһар бейнеленген Әлем Ағашы бейнеленген сәндік бұйымдар табылғанын білеміз. Әлем Ағашының бейнесін сырмақ пен текемет, түскиізге, құрақ көрпелерге бейнеленген қазақы ою-өрнек айшықтарынан да байқауға болады.

Үстірт пен Маңғыстаудағы Қарағаш пен Қамыспай қорымдарындағы, Ұлытаудағы таңбалы тас қорымынан да Мықан ағышының бейнелерін кездестіруге болады  Қарағаш пен Қамыспай қорымдарындағы «Бәйтерек» [10], «Ғарыш символымен сомдалған өмір бәйтерек» [10], «Кісі бейнесіндегі ғарыштық құлпытас» [10], «Мәңгілік ағашы» [10], «Гүл қауашақты сандықтас» [10], «Мәңгілік жасыл өмір иесі» [10], «Тас емендер» [10], «Үйеңкі тастар» [10], секілді белгілердің барлығы да сол «мәңгілік өмір» нышандары.

Қазақтың иен даладағы өсіп тұрған жалғыз ағашты кие тұтып, ақтық байлауында да тура осындай тотемдік нышан жатыр. Үш ғаламды жалғастырушы деген мәнге ие бәйтерекке байланысты мұндай наным сенімдер ұзақ ғасырла өтсе де әлі де ел санасынан өше қойған жоқ. Иен дала жапан түздегі өсіп тұрған жалғыз ағашты кие санау, оны кесуге немесе сындыруға болмайды деген тыйымдар, басына түнеп, пана тілеу, дұға оқып, ақтық байлау секілді іс-әрекеттер әлі де баршылық. Белгілі ғалым Б.Ақбердиева мұндай іс-әрекеттің астарында «жақсылық пен жамандық, ақ пен қара, космос пен хаос қарама-қарсылықтарының шет-шегін белгілеп, ажыратудың, ақиқат шындықты танудың сыры жатыр. Сондықтан да әлемдік ағашты ғалымдар таным ағашы деп те атайды», – деген тұжырым жасайды. Профессор С. Қасқабасов та «бәйтеректің басына ұя салған самұрық (не алып құс) кейіпкерді аспан әлеміне алып ұшады, иә болмаса жер бетіне шығарады. Зәулім бәйтерек бейнесі – қазақ жағдайына сәйкес космостық ағаштың өзгерген түрі. Мұны қазақтардың айдалада өсіп тұрған жалғыз ағашты қадір тұту салтынан да көруге болады» деген пікір айтады. Бұл ойымызды Шоқан Уалихановтың мына пікірі қуаттай түседі: «Жапанда өсіп тұратын жалғыз ағаш немесе бұта қадірленіп, адамдар оның басына түнейді. Қасынан өтіп бара жатып, адамдар ағаштың бұтақтарына шүберек байлайды. Ыдыс тастайды. Тіпті, құрбандық шалады. Я болмаса аттың жалын түйіп тастайды», «орман тәңірінің киесі атады» деп жалғыз ағашты кестірмейтін, жас талды сындырмайтын әдетіміз күні бүгінге дейін жалғасып келе жатуы да сол кездегі түсінік-түйсіктерден қалған болса керек».

Әдебиеттер:

  1. Т. Жұртбай Әлемдік мәдениеттану ой-санасы. Он томдық. Т.2. Мифология құрылымы мен рәміздері. Алматы: Жазушы 2005. – 568 б.
  2. Штернберг Л.Я Первобитная религия. Ленинград:Издательство Института Народов Севера ЦИК им П.Г.Смидовича, 1938,-574 с.
  3. Ямаева Е. Священное дерева и его атрибуты/Национальное наследие и современность. Горно-Алтайск. 1984,-184 с.
  4. Қондыбай, Серікбол Толық шығармалар жинағы; Гиперборея: түс көрген заман шежіресі- Алматы : Арыс, 2008
  5. Келімбетов  Н.  Оғызнама. Алматы  
  6. Тойшанұлы А. Түрік-моңғол мифологиясы. Монография. – Алматы: Баспалар үйі, 2009
  7. Мықан ағашы [Текст] / Т. Жұрбай // Қазақ әдебиеті. - 2006. - 17 наурыз (№11). - С. 12
  8. Мәшһүр – Жүсіп, шығармалары, 5-том
  9. http://www.akorda.kz/kz/events/memleket-basshysynyn-uly-dalanyn zheti-kyry-atty-makalasy
  10. Тасмағамбетов И. Құлпытас. Астана. Берел. 2002. 392 б
  11. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу, Астана, Фолиант, 2002. 56-бет).
  12. Человек и мир. Казахская национальная идея.  – Алматы, 1994. – 150 с
  13. Андрей Курган «Феномен дежа вю»
  14. Сатершинов Б.М. Тарихи сана – тәуелсіздіктің рухани тұғыры». – Алматы: ҚР БҒМ ҒК ФжСИ КБО, 2011.
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?