Ол – атақты қолбасшы, Кубаны 1959 жылдан 2006 жылға дейін басқарған әйгілі революционер Фидель Кастроның қазақтың ұлттық шапанын киіп түскен суреті.
Естеріңізге сала кетсек, бұл Фидель Кастроның қазақ елімен алғашқы байланысы емес еді. Қазақ елінің батыры, Екінші Дүниежүзілік соғыста ерлік көрсеткен Бауыржан Момышұлы кубалық әскер қызметкерлері үшін пір тұтатындай тұлға болғаны тарихтан белгілі.
1963 жылы 55 жасында ел үкіметінің шақыртуымен Б. Момышұлы Куба еліне барған. Куба үкіметі Бауыржанға «құрметті дивизия командирі» деген атақ береді. Б. Момышұлы Куба әскерлеріне сағаттап лекциялар оқып, сол кезде ССРО құрамында болған туған жері Қазақстан жайлы біраз әңгімелеп береді. БАҚ өкілдері Батыр Бауыржанның келуін ұлы той ретінде қабылдап, «Қош келдің, батыр» деген мақалалар жариялап тұрды.
Кейіннен бұл сапары жайлы Б. Момышұлы «Менің отбасым» атты кітабында толықтырып жазады.
Рауль Кастро: – Біз сіздің майдан жолында жасаған ерліктеріңіз үшін алғыс айтамыз. Сіздің айтқандарыңыз біз үшін қымбат, бағалы полковник мырза! Мәскеу қаласында сіз туралы елшіден сұрағанда, сіздің денсаулығыңыз жақсы екенін және кітап жазатыныңыз туралы айтты. Содан кейін сізді Куба еліне шақыру керек екендігін ұйғардық. Сіз біздің шақыртуымызды алдыңыз ба?
Бауыржан Момышұлы: – Иә, алдым. Мен біреуді сапарға шығарғым келмеді. Сондықтан ешқандай ресми араласусыз келдім. Мен сізге жауынгерлік одақтас ретінде келдім.
Рауль Кастро: – Иә, өкінішке қарай, Фидель аяқ астынан Ориентаға кетіп қалды. Ол сізге ыстық сәлемін және кешірімін жолдады. Бізге Қазақстан туралы көбірек айтып берсеңіз.
Бауыржан Момышұлы: – Бұл менің кеудесінде ешқаншай медалы жоқ және қопаңдаған қарынсыз министрді алғаш рет көруім.
Рауль Кастро: Менде қарын жоқ, ал марапаттарға мен әлі лайық емеспін.
Бауыржан Момышұлы: – Менің жасыма келгенде сізде қарын да шығады, марапаттар да болады.
Рауль Кастро күліп: Иә, сіз өнер адамы болғандықтан мені шашсыз, толып кеткен, кеудемдегі көптеген марапаттарымен көре аласыз.
Бауыржан Момышұлы: – Уақыт көрсетеді, команданте!
Енді Куба елінің, дәлірек айтсақ Фидель Кастроның қазақ елімен екінші қауышуы туралы айтсақ. Бұл туралы Қазақ мемлекеттік циркінің алғашқы кірпішінің қалануынан бастап қызмет атқарып келе жатқан Өмірбек Исабеков қазақтың ұлттық киімін киген Кастроның суретінің тарихын былай деп баяндайды:
– Қазақ циркінің тарихында бұл бір ғажайып гастроль болды! Сонау 1978 жылы 60 адамнан тұратын өнер ұжымы Кубаға бақандай төрт жарым айға бардық. Біз Алматыдан шыққанда қоңыр күз болса, қайтып Ленинградқа оралғанымызда тізеден қар жатты. Қазан мен ақпан айының арасына созылған гастроль барысында Кубаның 14 провинциясын аралап, барлық қалаларында концерт қойдық. Ол кезде біз де Одақтық Мемлекеттік циркке қарайтын едік. Алдымен Кубаға ұйымдастырушылық топ ұшып барды. Одан кейін Қазақстан әртістерін ИЛ-18 ұшағы алып ұшса, аттар мен түйелер, аюлар мен аңдар Ленинградтан Гаванаға кеме арқылы 21 күн ішінде жеткізілді.
Айға жуық кемеде шайқатылып, дұрыс азықтана алмаған цирк жануарлары Кубаға қатты жүдеп жетті. Олар теңіз ауруына шалдығып, бір аптадан кейін ғана әлдене бастады. Әртістер де ұзақ жолдан кейін бір аптадай ауырыңқырап жүрді.
Өз-өзімізге келіп алғаннан кейін жергілікті климатқа бейімделіп, өнер көрсетуді бастап кеттік. Барлық қалалардағы концерттеріміз аншлагпен өтті. Қай аренада болсын көрермендерге толы болды. Әсіресе, кубалықтарға үйретілген түйелер, аюлар нөмірі, яғни Шолпан Қожамбердиеваның жануарлары ұнады.
Әрине, Қазақстаннан барған цирк әртістері Куба басшысымен көзбе-көз жүздесе алмаған. Есесіне сол кездегі ССРО-ның Кубадағы елшісі Никита Толубеев Қазақ циркі алып келген сәлемдемені Фидель Кастроға өз қолымен табыстап қана қоймай, иығына шапанды жабады.
Шындығында сол кезде әлемдік деңгейдегі саяси қайраткер Фидель Кастроның жанында елші Никита Павлович Толубеев те болған. Қандай да бір себептермен оның суреті фотодан кейін қиылып қалады.
Ал Фидель Кастро ұлттық шапанымызды ықыластана киіп, өз кезегінде сол кездегі Қазақстанның бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевқа сәлемдеме ретінде қолтырауынның терісін беріп жібереді.