Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Тарихтағы Телелер ізі-2

2194
Тарихтағы Телелер ізі-2 - e-history.kz
Аңғарарымыз бұл кездері төлестер бұрынғы құдіретінен айырылып түпкі төлестер ғана төлес атын ұстап қалғанда, қатардағы тайпаның біріне айналған

Түрік қағанаты кезіндегі телес (телек), оғыз тайпалары

Эрамыздың 552 жылы Алтай тауын мекендеген түріктер бас көтере бастайды, олар нөнелермен (жужандар) үзеңгі қағысып тұрған. Теле тайпаларының 50 мың жасағы нөнелерге аттанып бара жатқан жолында тұтқиылдан тиісіп, оларды талқандап, 50 мың үйлік теле тайпаларын өзіне бағындырады да мықтап күшейіп, нөнелерді ойсырата жеңеді. Нөне қағанатын құлатып, Түрік қағанатын құрады. Осылайша олар Моңғолия жеріне ие болады. Емсеми қағанның тұсында батыста Каспий теңізіне дейін бағындырады, шығыста орталық Моңғолиядан Каспийге дейінгі теле тайпалары Түрік қағанатына бағынады, кейін Түрік қағанаты екіге бөлінген кезде олар Батыс Түрік пен Шығыс Түрікке бөлініп бағынды.

«Телектердің арғы аталары Ғұндардың ұрпағы. Олардың түрі орасан көп, батыс теңіздің шығыс жағалауынан бергі тау мен сай саланың бәрінен оларды кезіктіруге болады. Тоғыла өзенінің солтүстігінде бүкіт, тоңыра, құйғыр, байырқы, бұғыра рулары; бұлар тула өзенінің солтүстігінде тұрған; Мөнден, танағыр, сегет, ғұн, қоқсыр, деген арыстарының соғысқа жарамды адамы 20 мыңдай. Үбірдің батысы мен Әнгенің терістігіндегі ақ тауды қапталдай қыбыт, бұлақшық, едер, сұба, нағар, оғыз, қырғұт, ядыр, иүрегірлер отырады. Бұлардың да соғысқа жарайтын адамы 20 мыңдай. Алтайдың батыс күнгейінде сыр-енда, тайнақ, зыбан, дарқыттар мекендейді. Бұларда жорыққа 10 мыңдай адам аттандыра алады. Қаңлының теріскейіндегі Еділ өзенінің бойын едіз, ғажар, барғұт, биған, қоқы, қабыш, ажасу, баяуыт, кердерілер мекендейді, бұларда жорыққа 30 мың адам аттандыра алады. Теңіз көлінің шығыс және батыс жағалауларында салар, қият, үш сақсын, марсұқ, сақыралар отырады. Бұларда 8 мыңдай жасақ бар. Пұрұмның батысында ұңғұт, алан, печенек, құлас, барғұндар мекендейді, бұларда 20 мыңдай жан бар. Солтүстік теңіздің күнгейінде тыбалар отырады. Ұлыс аты әр түрлі болғанымен бұлардың бәрі жалпы телек аталады. Бәрінің үстінен қарап отырған билеушісі жоқ. Шығыс Түрік пен батыс Түрікке бөлініп қарайды» (15).

Бұл деректе айтылған тайпаларды жинақтасақ: бүкіт, тоңыра, құйғыр, байырқы, бұғыра,мөнден, танағыр, сегет, ғұн, қоқсыр,қыбыт, бұлақшық, едер, сұба, нағар, оғыз, қырғұт, ядыр, иүрегір, сыр-енда, тайнақ, зыбан, дарқыт, едіз, ғажар, барғұт, биған, қоқы, қабыш, ажасу, баяуыт, кердері, салар, қият, үш сақсын, марсұқ, сақыра, ұңғұт, алан, печенек, құлас, барғұн болып жиыны 42 тайпа, әскер саны 108 мыңнан асады, географиялық жақтан Қазақстанның батыс аумақтарынан шығыста орталық Моңғолия, Байқал көлі атырабы, Саян, Алтай, Тәңіртау аралығы, оңтүстік Сіберия. Бұл тайпалардың телектер атанғаны кейінгі кезеңдерде, тайпалар одағында Теле тайпасы, яғни телеу, телес (төлес) тайпасының жетекші орынға шығуымен байланысты екені даусы. Олардың құрамында деңлеңдер, ғұндар, аландар қамтылған.

Ғұндар батысқа ауғаннан кейін олардың қазіргі қазақ жерінде қалғандары, аландардың қалдықтары қосылып телелерге айналды, осылардың ішінде қырғыз, ұйғырлар, байырқулар (барқы) кейін ірі тайпалар одағына айналды, оғыздарда солай болды. Оғыздар ІХ ғасырда батысқа ауғаннан кейін оларға осы тайпалардың қатарындағы печенег, салар, баяуыт (баят) тар қосылған. Сыр ендаларда Түріктерден кейін бір мезет қағандық құрса, ұйғұрлар түріктерді аударып, Ұйғұр қағанатын құрды. Ал кердері тайпасы қазірдің өзінде қазақ құрамындағы бір тайпа саналады. Теле атауы Қытай деректерінде 680 жылдардағы деректерге дейін телек атымен түсті. Ал 680 жылы Түркі қағанаты қайта жаңғырғанда Түрік мәңгітастарында «телек тайпалары» ендігі жерде «тоғыз оғыздар» атанды, Қытай деректерінеде дәл солай түсті. 630 жылы Түрік қағанаты құлаған кезде сыр-ендалар бір мезгіл күшейді. Оларды кей зерттеушілер қыпшақтармен байланыстырады.

Телектердің салты

«Тұрақты қонысы болмайды, өріс пен суаттың ыңғайына қарай көшіп жүреді. Табиғаттарынан рақымсыз, қатыгез, атқа мықты әрі шеттерінен мерген келеді. Өте дүниеқор, қарақшылықпен күн кешіреді. Батыс жақтағы ұлыстары егіншілікпенде айналысады. Мүйізді ірі қараны көп, жылқыны аз өсіреді. Телектердің салты үлкен жақтан түрікпен бірдей. Тек алғаш некеленгенде күйеу қайын жұртының үйінде тұрады да, бала сүйіп омыраудан шыққанда ғана өз жұртына оралады. Өлген адамды қабірге жерлейді, олардың айырмашылығы міне осы. Дайенің 3 жылы (607 жылы олар сарайға жергілікті бағалы өнімдерімен елші жіберді. Сонан былай тарту таралғыларын үзбей жіберіп тұрды» (16).

Салт-санасына қарасақ, телектердің кей салты сәнбейлерге ұқсайтынын байқауға болады. Өйткені некелену салтында сәнбейлердеде күйеу жігіт балалы болғанша қайынында тұратын болған. Кейінгі моғолдарда да дәл осы салтты ұстанған. Жерлеу салты түріктерден бөлек, түріктер өлген адамды өртеп, бір жыл өткенде сүйек күлін көмеді, ал телектер өртемейді, қабір басына балбал тас қоймайды. Тәрізі түріктер Алтайға басқа жақтан келіп телелермен аралас қоныстанған сыңайлы.

Түрік үстемдігіндегі телелер

«Түрік қағанаты құрылғаннан кейін олар (телектер) жорықтарға қызметке алынып , сол арқылы солтүстіктегі иен жерлер солардың иелігіне өтті. кайхуаңның соңғы жылдарында Жин ханы Яң Гуаң солтүстікке жорық жасап, Қынынмен одақтасып Бұқа қағанды талқандады. Осылайша телектер ыдырады. Даиенің бірінші жылы (605 ) Түрік Шора қаған телектің ұлыстарын шауып, ел ағаларынан неше жүз адамды бүлік шығарар деп қауіптеніп түгел қырып тастады. Сондықтан олар бір мезгілде көтеріліс жасап, Шора қағанның қимылына қарсы әрекет жасады, әрі елтебер Іркін Қыбыт Қалынды Емучін баға қаған етіп  Танған тауында орда тікті. Сыр енда іркіннің ұлы Ядырды кіші қаған етіп көтерді. Шора жеңіліс тапқаннан кейін Баға қағанның ықпалы тіпті күшейді. Баға қаған ержүрек , батыр адам еді. Халқы оны қатты қолдады. Үбір, Гаучаң(Тұрпан) , Агнилер оған қосылды (17).

Телектерге қарата Түріктер оларды бағындырып әскер ретінде пайдаланған, оларды бөліске салып тоздыру саясатын жүргізбеген. Түрік қағанатының бұл саясатының тіиімсіз жағы: Бағынған тайпалар кейде бет бұрып көтеріліс жасап кететін, тіпті Түріктің ең қатерлі дұшпаны Таң империясына өтетін, сол себепті 630 жылы Түрік қағанаты құлады. Ал Моңғол империясінің  Түріктен құдыретті болатын жағы, олар бағынған күшті тайпалық одақтарды түбегейлі талқандап, бөліске салып ыдыратып жіберетін, сосын олар қайта жиылып бас көтере алмайтын.

Дерекке қарағанда Түріктер нөнелерді жеңіп оларды қырып тастағаннан кейін сахарада бостық пайда болған, ал осы бос жерлерге телелерді көшіріп орналастырған. Осы ұлыстардың ішінде сыр тайпасымен енда тайпасынан біріккен сыр-ендалар күшейе бастаған. 605 жылы Шора қаған сыр-енданы шауып олардың елбасыларын қырғаннан кейін, теле ұлыстары түріктерге қарсы көтеріліс жасап елтебер іркін Қыбыт Қалынды емучін баға қаған сайлайды, бұл шығыс Түрік қағанатының іштен бөлшектенуі еді, арада ширек ғасыр өтпей осы теле тайпаларының көтерілісі, жаратылыстық апат, Таң династинасының шабуылы салдарынан Шығыс Түрік қағанаты құлады.
 

«Ашына шене Түрі чори қағанның ұлы. Ол 11 жасында ақ алғыр да жүректілігімен елге танымал болды да, тағ шад деген лауазыммен маңғар шөлдің теріскейіне өз ордасын тікті. Үкек шадпен бірге телек, қырғұр (қырғыз) , тоңыраларды басқарды... Жынгуанның 1 жылы (627 жыл) Барқынтаудың теріскейіндегі сір енда, ұйғұр, байырқы сияқты ұлыстар бүлік шығардада, Үкек шадқа шабуыл жасап оны қуып салды. Елік оларды жазалауға Төлені аттандырды, жеңілген Төле аз қолмен қашып келді. Ызаға булыққан Елік оны он неше күн қамап қойды. Төле осыдан барып оған өшікті де опасыздық жасамаққа бекінді. Сол кезде бұлардың елін неше кез қалыңдықта қар басып қалды, қой мен жылқылар қатты қырылды, адамдары ашаршылыққа ұшырады.

607 жылы телелер шегараға шапқыншылық жасады, патша оларға Дахатадан тойтарыс беруге саңғұн Фың шияу и ді жіберді, бірақ ол жеңіске жете алмады» (18).

Кезінде Түріктер күшейгенде теле ұлыстары тарыдай шашылып кеткен еді. Олар сыр-енда, ұйғұр, тыба, құрықан, төленгіт, тоңыра, бұқыт, байырқы, сегет, ғұн, қоқсыр, гет, едіз, қыбыт, ақ сеп деген онбеы ұлысқа бөлініп шөлдің терістігін мекендеді, олардың салты негізінен Түрікпен ұқсас еді, осы ұлыстардың ішінде сыр иенда ең қуатты болды... Ұйғұр сияқты алты ұлыс Өтукен тауын мекен етіп шығыста Шібара қағанға қарады. Тоң Ябғұ қағанның күші әлсіз болғандықтан, Шібараның немересі Анан өз ұлысынан жетпіс мың түтінді бастап Елік қағанның қоластына өтіп кетті. Елік қағанның билігі шайқалған кезде сыр-енда, ұйғұр, байырқы ұлыстары бірінен соң бірі көтерілді. Елік қаған оларды жазалауға өзінің ағасының ұлыҮкек шадты аттандырды. Ұйғұрдың ұлыс басы Будсат бес мың жасақпен Атжал тауында олармен шәйқасып оларды ойсырата жеңді. Үкек чад қашты, оны Тәңіртауға дейін қуалаған Будсат халқының көбін тұтқынға алды. Былайғы жерде ұйғұрлар дәуірлей бастады. Сыр ендаларда олардың (Түріктердің) төріт чадын талқандады. Елік қаған оларды бағындыра алмады» (19).

Түрік қағанатының құдыреттенуінің бір себебі де оларға бағынған саны көп, жауынгер телелердің арқасы еді. Тәрізі Түріктер оларды түбегейлі талқандамай бұрынғы теле хандарымен билеушілерін өз орынында қалдырғаны байқалады. сыр енда, ұйғұр, тыба, құрықан, төленгіт, тоңыра, бұқыт, байырқы, сегет, ғұн, қоқсыр, гет, едіз, қыбыт, ақ сеп қатарлы он бес ұлысты бұрын Қытай деректері «тоғыз арыс теле» деп атаса кейін «тоғыз оғыз» атанған. Ұлыс саны он бес болсада не үшін тоғыз арыс аталады? Қырғыздар не үшін осы арыстар қатарына кірмейді? Деректерде Енесей қырғыздары аққұба, сары шашты болған екен. Бірақ тілі түрік тілі. Бізше сол дәуірдегі көшпенділердің ұғымында тоғыз саны қасиетті сан болса керек. Кейінгі сол телелердің жалғасы болған қазақ наймандары да өздерін «тоғыз таңбалы найман» атаған.

Түрік қағандарының ауыр алман салығы мен Елік қағанның жосын өзгерту саясатына және теле елбасыларын қырғындауларына наразы болған теле тайпалары жаппай көтеріледі, байырқу, сыр-енда, ұйғұрлар ең мықты болады. Осы тайпалардың көтерілісі Түрік қағанатын күйретеді.

Батыс түрік қағанатындағы телелер

«Батыс Түрік әсілі шығыс Түрікпен аталас еді, Мұқан қаған мен Шібара қаған араздасты да елі екіге бөлініп кетті. Шығысы Түрікке, батысы Лейжу теңізіне (Каспий) тіреледі, оңтүстігі Шәлік еліне, солтүстігі Қаңғайға тұтасады... Телек, күша, батыс өңірдегі баолық елдер соған қарайды... Шағыр қаған Дарту қағанның немересі. Тахқа отыра сала елінің іргесін кеңейте бастады. Шығыста Алтай тауына, батыста теңізге (қара теңіз) дейін жетті. Иүйміннің батысындағы елдерді де өзіне қаратып, шығыс Түрікпен үзеңгі қағыстырды... Тоң ябғұ қаған ержүрек те айлакер, соғысқа ысылған адам еді. Ол солтүстікке шеру тартып барып телектерді бағындырды, батыста Парсылармен тіресті, оңтүстікте Көпенге дейін қол сөзды, осы аралықтағы өңірлерді түгел өзіне қаратты. Оқшыларын неше жүз мыңға жеткізіп, батыс өңірге үстемдік орнатып, ежелгі Усүндердің жеріне иелік етті, ордасын Шаштың ( Ташкент) солтүстігіндегі Мыңбұлаққа тікті... Ісіл ябғұ қаған (627 жылдар) бұрынғы ханның ұлы болғандықтан, бұқара оны қолдады. Батыс жақтағы Түрік қаған мен Бағатұр қағанның қол астындағы ұлыстардың ағамандарының бәрі оған қосылды. Бұлар Бағатұрға күш біріктіре жорық жасап оны ойсырата жеңеді. Алтайға қашып кеткен Бағатұрды көп ұзамай Түрік қаған өлтірді. Елі Ісіл ябғұ қағанеды тай қаған етіп көтерді. Ол билік басына келгеннен кейін телектердің үстінен аттанды. Сонан сыр енданың соққысына төтеп бере алмай шегінді» (20).

Жоғарыдағы Батыс түркі қағанатының жері Қара теңізге дейін жеткендігі айтылып отыр, ал оған қарасты сахара хылықтарының ішінде ең көбі тағыда теле тайпалары болған. Телелер Батысқа ауған деңлеңдер және оларға қосылған Ғұндармен қаңлылардан құралған ірі тайпалар одағы болатын.

Ісіл ябғұ қаған үстінен аттанған телелер шығыс Қазақстанмен Ресей федрациясының Алтай, алтайски край маңындағы тайпалар екені байқалады. Ісіл ябғұ қаған тұсында Батыс түрік қағанаты ішіндеде ішкі саяси тартыстар күшейгендіктен ол шығыстағы теле тайпаларына төтеп бере алмады.659 жылы Батыс түрік қағанатыда ішкі саяси алеуметтік тартыстар, теле, қаңлы сияқты ірі тайпалық одақтардың қарсылығы, сырқы жақта Шығыс түрікті жойып оларды әскер ретінде жұмсаған Таң империясының шабуылынан құлады. Солтүстіктегі теле тайпалары қаңлылар құрған «қаңғар одағы» на бірікті.

Таң империясымен байланыс

630 жылы теле тайпалары мен Таң империясы Түрік қағанатын құлатқаннан кейін сахараға сыр ендалар қожа болады,Түріктің жүз мыңнан аса адамын Таңдықтар Ордосқа апарып орналастырады. Айта кетерлік бір түйін: Түркі қағанаты құрған Түрік әсілі саны 100-150 мыңнан аспайтын тайпалар одағы болатын, Таңның « бағын дуандар» кестесінде Түріктердің ашына, сонон, беріш, шомекен, түркеш, шаныш, қара, себек, шек сияқты ондаған рулары айтылған. Түріктер мен телелер тілі бір, салтыда парқы аз жақын елдер болған. Кейін сыр ендаларда Таңға сырттай боданбыз деп іс жүзінде өз қағаны бар ел болып тұра берген.

 629 жылы тамыздың сегізінші күні сыр-енданың білге қағаны  өзінің інісі Тоң тегінді тарту таралғымен сарайға жіберді. Патша оған сиға наркескенмен дырау қамшы беріп: «Егер ұлысыңызда үлкен күнә өткізгендер болса , онда оны осы қылышпен шауып өлтіріңіз, кіші кірім күнә өткізгендер болса , мына қамшымен шықпыртыңыз» деді... 21 күні байырқы, бұқыт, тоңыра, қай сияқты ұлыстар халқымен келіп бағынды.

Бұл дерекке қарасақ сыр ендада қаған сайланған, олар Таң елімен жақын қарым қатынас орнатқаны көрігіп тұр. Деседе сыр ендалар жаппай құдыреттеніп түріктер сияқты империя құрған жоқ, тіпті Шығыс түрік жерінде толық қарата алмады, талайлаған ұлыстар Таңға бағынып жатты. Таңдықтар осының алдындағы Түріктердің басқа ұлыстарға болған қатыгез саясатына деген осы тайпалар наразылығынан пайдаланып өздерін оларды құтқарушы ретінде көрсетіп, сонымен қатар мол тарту таралғы арқылы шырғалаған. Таңның патшасы Ли шы минды сахаралықтар «Тәңір қаған» деп атаған. Таңның билік элитасы тегі Тоба Сәнбейлерден шыққандықтан оларда көшпенділерге дұрыс көзбен қараған сияқты. Ли шымин: «Ежелден  зор саналды кіндіктегілер ақ, көзге ілмей тиектерді осал санап. Мен оларды өзіммен еш бөлмеймін, бірдей көрем бәрінде бауыр санап» деп өлең жазған екен.

«636 жылы көктемнің басқы 10 күні Түріктің Тағ Шады Ашына Шене оң қол аду тоқсауыл санғұн болып тағайындалды... Үкек шад екеуі телек ұлыстарын бөліп басқарды. 642 жылы сыр-енданың інжу қағаны көкесі Шібара низек еркінді құдалық сөйлесу үшін сарайға жіберді әрі 3000 жылқы, 38000 сусар ұлпаны, бір ақық айна тарту етті» (21).

Бұл деректе телектің сыр енда тайпасының Таң елімен одақтас елге айналғандығын дәлелдейді. Сырттай бодандық, алман салық төлеу төлемеуі туралы айтылмаған.

«660 жылы тамызда сол қол қаһарлы тоқсауыл тай санғұн Жың Рінтай қол бастап барып Түріктердің сегет, байырқы, бұқыт, тоңыра ұлыстарын жазалады, іркес тіркес үш рет жеңісті жорық жасап оларды 300 шақырым жерге дейін өкшелей қуып, ұлыс басыларын өлтіріпқайта оралды... Наурызда Жың Рінтай телелерді Тәңіртауда жеңді... Тоғыз теле Таң әскері келе жатыпты деген хабарды естіп жүзнеше мың жасақпен қарсы аттанды, ондаған батырын жекпе жекке шығарды. Шиуе Рінгүй үш оқпен олардың үшеуін атып құлатқаннан кейін қалғандары аттарынан түсіп тізе бүкті. Шиуе Рінгүй олардың бәрін тірідей көмді әрі шөлдің солтүстігінен көктей өтіп теленің қалған ұлыстарына шабуыл жасап, үш ябғұны тұтқындап еліне қайытты... Сегет, төленгіт ұлыстары Тәңір тауға бекінген еді. Бұлар Жың Рінтай келе жатыр деп естіпалдарынан қарсы ала шығып бағынды. Жың Рінтайлар бұған қарамай жаппай шабуыл жасап , олардың мал мүліктерін талан таражылап, силық ретінде әскерлеріне үлестірді. лулар қаша жөнелді, оларды қууға қосын аттандырды, бірақ олар лулардан жеңіліс тапты... Жың Рінтай салт атты он төріт мың сарбазбеншығып дешті құмнан өтіп, Селенгі бойына жетседе телелердің қарасы көрінбеді, ақырында азықтары тақа таусылыпкері қайытқанда қалың қарға тап болды. Аяз бен аштық салдарынан қару жарақтарын тастады, тіпті бірінің етін бірі жеді, қорғанға не бары 800 черігі ғана оралды.

662 жылы оң қол тоқсауыл санғұн Қыбыт қалық теле бағытына жебеуіл, сол қол тоқсауыл санғұн , Жияң Гі оның көмекешісі болып ендігі қалған жұртты орнықтырды. Қыбыт халық  500 сарбазды таңдап алып тоғыз телектің қақ ортасында аспаннан түскендей жетіп барды. Телелер қатты абыржып тұрғанда Қыбыт халық айтты: «Сендердің зорлаумен қарсы шыққандарыңды сарай (Таң ордасы) біледі, сондықтан күнәларіңді кешіреді. Барлық күна басшыларыңда, егер басшыларыңды ұстап берсеңдер, өткен іске салауат» деді.  Ел жұрыт қуана қуана өздерінің ябғұ, чад, тегіндерінен екі жүз адамды ұстап берді. Қалық  олардың қылмыстарын бірден айытты да бәрін қырып тастады. Тоғыз теле содан кейін тынышталды» (22).

Бұл деректе айтылған теле тайпаларының көтерілісі 660-662 жылдары болған, Таңдықтардың тарту-таралғысымен тәтті сөзіне алданған көшпенділер, Табғачтықтардың әр ру арасына салған іріткісі , салған салығы, Таң ұлықтарының астамдығы телелердің зығырданын қайнатқан. Таңның жаніштаушы жасақтарынан соңында Қытай қорғанына 800-дей адам ғана оралған.  Қыбыт халық қыбыт тайпасынан шыққан, аты қыбыт. Ол Таң тарихында мадаққа ие болған көшпенділер көсемі, ондағысы өз жұртына аяусыз жәніштау жүргізетін сатқындығы болса керек. Оның 500 әскермен барып тұтас елді тыныштандырды дегені мүлде ақылға симайды, ол сондағы қосынның тек бір бөлімі, яғни жазалау мүрәсіміне қатысқан әскерлер деуге болады. Біздің пайымымызша осы кезде тайпалар одағындағы жетекші билік теле(телес, немесе төлес, төлеу, телеу) тайпасының қолынан оғыз тайпасының қолына өткені байқалады, үйіткені осыдан кейінгі деректерде олар «тоғыз оғыздар» деп аталады. Арада 15-16 жыл өткен соң Түріктер Таңға қарсы көтеріліске шығып Түрік қағанатын қайта орнатады.

Түрік оғыз соғыстары

679 жылы Таң боданындағы Түріктер жаппай көтеріліске шығып Түрік қағанатын қайта орнатады. Құтылық, Бүг чорлар бастап көк түріктің бөрі бас байрағын қайта көтеріп, бұрын қағанатқа қарасты тайпаларға жорық жасайды. Алдымен осы кезде телек аты оғызға өзгерген еді, енді тоғыз оғыз, байырқу, қырғыз, түркеш қатарлы ұлыстарға қарата соғыс ашады. Тайпа одағының бұрынғы мықты тайпасының аты төлес аталып жалғасты қолданылған, бірақ қатардағы тайпаның бірі ретінде ғана еді.

«Құтылығ Еліктің туысы, Ашына әулетінен.  Оның ұлы әкесі тәңірқұт басқақтығының батысындағы Иүнжұң тұтығы Шал батырдың қол астындағы ұлыс басы еді. Ол мұрагерлік жолмен тұдын чор болды. Бүгінем талқандалған соң, Құтылық бытырап кеткен елінен  бес мыңнан астам адам топтап Шұғай тауына шығып қарақшылық істеді. Тоғыз арыс телектің (тоғыз оғыз) қой,сиырларын тонап біртіндеп күшейген соң, өзін қаған, інілері Бүг чорды чад, түсебекті ябғұ көтерді.

716 жылы Бүг чор теріскейдегі тоғыз арыстың бірі саналатын байырқыларға жаза жорығын жасады. Соғыс Тула өзенінің бойында болды, байырқылар ойсырай жеңілді. Жеңісіне масаттанған Бүг чор қаннен қаннен-қаперсіз қайтып келе жатқанда тал арасына жасырынған байырқының қалдық күшімен қышылақтың түбінде ұшырасты. Олар тұтқиыл шабуыл жасап Бүг чорды өлтірдіде басын кесіп алып сарайдың елшісі Лиңшы Юаннан астанаға беріп жіберді» (23).

Осы деректерге сәйкес Орхон – Енисей бітіктастарындағы текістердеде ұқсас деректер бар:

«Бұ табғачта ярия , ат тег оғыз ара иеті ерін яғы болмыш. Ақаңым Баға теңіркен Ейен анта иормыш. ісіг, күшүг берміш. Теңіркенке ісік бертім тейін ярылқамыш, чад атығ анта берміш болтығда, тоқұз оғұз ат ег яғ ерніш, бедкү ерніш... Сүледім тер ерміш, емті беглеріме тер ермеш: " Біз аз быз тейін, алқұныр ертіміз. Ақаңым чад анша өтүнмүш... Қамұқ балыққа тегдім, қоңладым, алтым. Сұсұ келті, арқасын алтым, бегі қашты. Табғач бөдүн атықлан, яғдым, башдым» (24).

«Төлес, тардұш бөдүн анта иетміш, жиырия Бәз қаған тоқұз оғұз бөдүні яғ ерміш,қырқыз, құрықан, отұз татар, қитан, татап қоп яғ ерміш .Ақаңым қаған бұнша қырық артұқы иеті иол сүлеміш, иігірмі сүңүш сүңүшміш. Теңірі ярұлқадық үчүн еллік елсіретміз, қағанлық қағансырадмыз, яғы бәз қылмыш...Иырағұры  оғұз бөдүн тапа ілгерү қитан, татаб бөдүні тапа бергүрү Табғач бапа ұлұғ су, екі иігірмі сүледім, сүңүшдім... Тоқұз оғұз бөдүнім кенті бөдүнім ерті. Теңірі иер бұлғақын ұчүн яғ болты. Бір иылқа беш иолы сүңүшдіміз, Ен іліқы Тоғу балығта сүңүшдіміз... Оғұз бірле сүңүштімізКүлтегін азман атығ бініп тегді, шәншәдә, ұшұш башында сүңүшдіміз... Бесінші Езгенті қадызда оғұз бірле сүңүшдіміз, Кұлтегін аз язызін бініп тегді, ікі еріг шәншіді.Балыққа бармады, ол сұ анта өлті. Мағы қорған қышлап, язұңа оғұз ярұ сұ ташқадымыз» (25).

Бұл деректерде тоғыз оғыздардың Түріктермен жау болғандығы, оларды Таңдықтардың қолдағаны айтылған, Түрік қағанаты қалпына келіп күшейетін болса Таң империясы үшін аса үлкен қатерге айналатынын білген Таңдықтар Түріктермен өзге тайпалар арасына от жағып оларды бір- біріне айдап салады, бірақ соған қарамастан Түріктер бәрін жеңіп шығып тоғыз оғыздар қайтадан Түркілерге бағынады, сол тұста түркі жасағының саны 400 мыңнан асады.

Төлестер туралы орхон-енисей бітіктәсінда өте көп айтылған. Бұнда тек бірнешеуін ғана көрсеттік. Күлтегін бітіктәсінда: «Тәңірі күш берген үшін әкем Қағанның әскері бөрі сияқты еді. Жаулары қой сияқты еді. Ілгері, кейін шапқылап [қол] жинады, [халықты] көтерді. Барлығы жеті жүз ер болды. Жеті жүз ер жиналып елсіреген, қағансыраған халықты, Түрік Төрінен айырылған 12. Халықты ата-бабам төрінше орнатты, үйретті. Төлес, тардуш халқын сонда құрды, Ябғу, шад [атағын] сонда берді. Алдағы табғач халқы жау еді. Сыртта бәз-қағанның Тоғыз-оғыз халқы жау еді. Қырғыз, құрықан, отыз-татар, қытай (кидан), татабы Бәрі жау еді. Әкем-қаған мұнша... [... ] ...Халықты. ...Қырық 13. Жеті жолы жорыққа аттанды. Жиырма рет соғысты. Тәңірі жарылқағаны үшін елді Елсіретпеді, қағандықты қағансыратпады. Жауын бәз қылды. Тізеліні бүктірді, Бастыны жүгіндірді» (26).

Төлестер туралы мойынчор бітіктасінда: «Теңірде болмыш ел етміш білге қаған, б төлес өтукен елі өгірес елі екін ара олұрмыш сұсы селеңе ерміш, ... анта ел ...ерміш ...бармыш»

«Тәңіріде болған ел едік, білге қаған... Төлес өтүкен төңірегі елі тау арасында отырған, суы селенгі еді, онда елі өсті, өмір сұрды... Көшті... Екі ұлыма Ябғұ және шад деген ат бердім. Тардұш, төлес халқын бердім. Онан соң барыс жылы (750 жылы) чыкке қарсы аттандым» (27) деген жолдары бар. 

«Ұлұқ өз инанчұ ұрұңұ иүз башы ұлұқ ұрұңұ төлес беглер оғұлы , бың башы төлес күлүг ерін» ( Ел етміш білге қаған бітіктасы) «Ұйғұр ханым тұтұлмыш, тақаұ иыл... Ақаным яшы тегді ұчды, оғұл ябғұм қаған болты, олұрты,  оғұлы тардұш ябғұ , төлес чад олұрты...» (28)

Абақан (48-E) бітіктасінда: «Ердемлік елінте бөкімеді, төлес алып тұтық ішіңе бөкімеді» (29) делінген, осы VIII-Х ғасырдың куәсі болған Енесей бітіктәстәрінің дерегі төлестердің сол замандағы қарағастардың бір ұлысына айналғанын дәлелдейді. 

Аңғарарымыз бұл кездері төлестер бұрынғы құдіретінен айырылып түпкі төлестер ғана төлес атын ұстап қалғанда, қатардағы тайпаның біріне айналған. Осы беті кейінгі Ұйғұр қағанатының одан кейінгі қарағас қағанатының құрамына кірген. 840 жылы Ұйғұр қағанаты құлаған кезде осы 15 ұлыс «тоғыз оғыздардың көбі Жоңғария, Жетісу, Сыр бойы, Тұрпан, Гансуға ауады. Бір бөлімі сахарада қалады. Сахарада қалған топтарымен шығыстан және Сібериядан келген Сәнбей ұрпақтары араласып кейінгі қамағ моңғол,  керейт, меркіт, найман бірлестіктері пайда болады. Кейін төленгіт, төлес, телеуіт (телеу) тайпалары саны да кеми бере Шыңғыс хан заманында шағын тайпаға айналады. 1209 жылы Жошы Саян-Алтаймен Сібер ормандарындағы тайпаларды бағындырғанда осы деңлең, теле ұрпақтары саналатын төленгіт, таз, төлес, тұма, байжігіт, тоқас, құрықан сияқты тайпаларды бағындырады. Жоңғар заманының алды-артында бір тобы батысқа кеткен сыңайлы, өйтетіні қазақтың кіші жүзіндеде төлес, тілес атты рулар бар. Қазір де төлестер қазақтың Кіші жүз алшынның ішінде бірқанша тайпалардың құрамында  сақталған. Төлестен өзге ежелгі теле, деңлең тайпасы барқылар керей арасында, телеулер кіші жүзде сақталған. Ал төлеңгіт өз алдына бір тайпа.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Шань хай цзин. Жыжияң көне кітаптар баспасы. 2002 жыл
  2. Ханнама . 94- бума. Ғұн баяны
  3. Ханнама. Уаң Маңның өмір баяны
  4. Ханнама 70- бума. Ган Яншу, Чін Таңның өмірбаяны
  5. «Ханнама 54- бума. Ли гуаң мен Су Жияннің өмірбаяны»:
  6. Уейнама(Сау уй). Батыс нұмдар баяны. Деңлең
  7. Сүйнама. Қаңға баяны
  8. Сүйнама. Қаңға баяны
  9. Солтүстік әулеттер тарихы. Нөне баяны
  10. Сүйнама. Қаңға баяны
  11. Сүйнама. Қаңға баяны
  12. Сүйнама. Қаңға баяны
  13. Сүйнама. Қаңға баяны
  14. Сүйнама. Қаңға баяны
  15. Көне Таңнама . Теле баяны
  16. Көне Таңнама . Теле баяны
  17. Көне Таңнама . Теле баяны
  18. Көне Таңнама . Түрік баяны
  19. Сы Магуаң. Билік гибратнамасы
  20. Көне Таңнама . Батыс Түрік баяны
  21. Сы Магуаң. Билік гибратнамасы
  22. Сы Магуаң. Билік гибратнамасы
  23. Қазақстан тарихы Түркі деректерінде . Көне Таңнама . Түрік баяны
  24. Қазақстан тарихы Түркі деректерінде .Ел етміш білге қаған бітіктасы. Дайык баспасы. 2006
  25. Қазақстан тарихы Түркі деректерінде . Күлтегін бітіктасы. Дайык баспасы. 2006
  26. Қазақстан тарихы Түркі деректерінде . Күлтегін бітіктасы. Дайык баспасы. 2006
  27. Қазақстан тарихы Түркі деректерінде . Мойончор бітіктасы. Дайык баспасы. 2006
  28. Қазақстан тарихы Түркі деректерінде . Тэсин бітіктасы. Дайык баспасы. 2006
  29. Қазақстан тарихы Түркі деректерінде. II кітап. Абақан (48-E) бітіктасы. Дайык баспасы. 2006
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?