Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қосақ арасындағы құрбандық

1762
Қосақ арасындағы құрбандық - e-history.kz
Сол заманның заңы бойынша «бай емеспін» деп ақталмай-ақ, «кедеймін» деп мақтанбай-ақ өз күнін көріп жүрген өзге азаматтар да совет белсенділерінің мына қорлығына шыдай алмады

1928 жылы екі айға жетер-жетпес уақыт ішінде-ақ 250-ге жуық арыз Мәскеу мен Қазақ үкіметіне түседі. 

Бүкілресейлік Орталық атқару комитетінің президиумына

ЦКВ КП (б) мен Политбюроның бас

секретары Сталин жолдасқа

Ақмол өкірігі Асанқайғы ауданы

№5-ауылдың тұрғыны, Жартылай

отырықшы Әділбаев Ахметтен

                                                    ШАҒЫМ

Қазатком мен ократкомның қаулысы бойынша әлеуметтік тұрғыда қауіпті антисовет элемент ретінде бар мүлкім кәмпескеленіп, өзім және өзіммен бірге бесіктегі һәм әлі бұғанасы бекімеген балаларымды қосқанда барлығы 5 жаннан тұратын отбасым Гурьев округіне жер аударылып отыр.

Өз басым бұл шешімді мүлде қате деп түсініп, мына төмендегі негіздерге орай түбегейлі өзгертілуі тиіс деп ойлаймын.

1. Ірі қараға шаққанда 52 бас малым бар еді.

Қазатком мен халкомсовтың 1928 жылғы тамыз айының 27-сі күні шығарған қаулысындағы нормаға малымның саны жетпейтіндіктен кәмпескеге ілігуге де, жер аударылуға да тиісті емеспін.

2. Әрі мен ханның, сұлтанның тұқымына жатпаймын. Патша үкіметі кезінде болыстыққа сайланып, шен-шекпен кимегенім, медаль алмағандығым Ақмола ократкомына да, Қазаткомға да белгілі.

3. Менің рубасы немесе атқамінер еместігім тағы да рас.

Сонда Ократком, Қазатком мені кім деп, не үшін айыптап отыр? Сөйтсем, олар мені мұсылмандық жоғары білім алғаным үшін кінәлайтын тәрізді.

Сталин болса, қойды қасқырға аманаттағандай, арыздардың барлығын Голощекинге жіберіп отырған. Ал, ол мені жамандадың деп, шағым жазғандардың көзін құртуға тырысқан.

Кәмпеске науқаны Сталиннің жеке бақылауында болған соң, оған мысқалдай да қарсы шығу өзіңді саналы түрде өлімге итермелегенмен тең еді. Тіпті, Қазақ АССР-і халық комиссарлары кеңесінің төрағасы  болған Нығмет Нұрмақов та өзінің туған қайын атасы Ыбырай Ақбаевты кәмпескеден қорғап қала алмады. Осылайша мемлекет қайраткері қиын-қыстау заманда өзінің ет жақындарына да көмектесуге мүмкіндігі болмады.

Бай-құлақ табу жарысқа айналып кетті

Бәсекеге түсіп, көрсеткіш қуған шолақбелсенділер айылын жимақ түгілі, арандары ашыла түсті. Азын-аулақ малы бар орташалардың отбасын ойран етті. Тіпті байдың құйыршықтары деп ағайын туысын, рулас батырақтарды да бопсалауға көшеді.  

Шекпенділердің шектен шыққан бассыздықтарына халық комиссарлары кеңесінің төрағасы Нығмет Нұрмақов шыдап отыра алмайды. Аудандарға шұғыл телехабарламалар жіберіп, тұрмыстық заттардың да тәркіленіп жатқанын сынға алады. Заңсыздықты тоқтатуды талап етеді.

 «Аймақтық атқару комитеттеріне

Кей округтер көйлек, ішкиім, тұрмыстық заттарға дейін кәмпескелегені туралы мәліметтер бар.  НР 33/к нұсқаулығын қатаң басшылыққа ала отырып, мұндай жағдайларға жол бермеу керектігін тапсырамын.

Қол қойған:  Советтік Халықтық комитеттің төрағасы Нұрмақов

30./IX.-1928 жыл.

Қызыл-Орда қаласы».

Амал не, Нығмет Нұрмақовтың сөзі өтпеді. Аймақтар  ұрда-жық әрекеттерін жалғастыра береді. Голощекин Нұрмақовтан оңай құтылып, оны 1928 жылы партия мектебіне жібереді. Ұлт қайраткерінің бұдан кейінгі тағдыры тіпті қасіретті болды. Қамауға алынып, соңында ату жазасына бұйырылады. 

Нұрмақов атылар алдында кәмпескеленгендерге жер аударылғанда бірнеше округтың бірін таңдауға құқық беретін қаулы қабылдап кетеді. Алайда, байларға жеңілдік жасауға үзілді-кесілді қарсы болған Голощекин Мәскеуге хат жазып, қаулысының күшін жою жөнінде өтініш жасайды.

БКП (б) орталық комитетіне 

Бұл қаулыны жою және бай-жартылай феодалдарды өз округтерінен тыс жерде өз таңдауы бойынша орналасуға жер аударуқұқығын берукәмпеске мен жер аударудың мақсатты нұсқамасын көмескілейді, өйткені бұл оларға өз туған округына жақын орналасып, қалыптасқан туыстық байланыста болып, өзінің зиянды қоғамдық-экономикалық әсерін одан әріжалғастыруғамүмкіндік береді. Сол себепті Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитетінің Қаулысын жою туралы Өлкелік комитеттің өтінішіне қосыламын.

БКП (б) Өлкелік комитетінің хатшысы Голощекин.

Малдан айыру – жаннан айыру

Ұжымдастыру мен кәмпескелеу арқылы елді дамыту идеясы қоғамда дүрбелең тудырып, арыз-шағым, дау-дамай көбейген соң Сталин әйгілі «Жетістіктерден бас айналу» атты мақаласын жариялады. Онда «халық көсемі» партия тапсырмасын орындауда асыра сілтеушілікке барған жергілікті басшыларды сынға алады. Осы мақаладан кейін халық бір серпіліп қалғандай болды. Кейбір шолақбелсенділер сотталады.

Бірақ, бұл алапат құйынның алдындағы тыныштық еді. Осыған дейін бай-кулактардың малы тәркіленіп, өздері жер аударылса, енді бұларды тап ретінде жою туралы ұран тасталады. Сталин 1929 жылы сәуірдегі БК(б)П ОК мен Орталық бақылау комиссиясының пленумында «кедейлер – Кеңес Одағының тірегі, орташа шаруа – Үкіметтің одақтасы, ал бай-кулактар –жау» деген тұжырымды ұсынды. Дәл осы жылы арнайы қаулы қабылданып, онда кулактардың сипаттары келтіріледі.

– Ауылшаруашылығы және өзге де салалардағы жұмысқа адам жалдау

– Шаруаның жеке меншігінде диірмен, май шайқау қондырғысы, көкөніспен жеміс-жидек кептіргіші, қозғалтқышы бар кез келген механикалық қондырғының болуы;

– Осы қондырғыларды жалға беруші

– Сауда ісімен айналысу, делдалдық, еңбексіз алынған кіріс.

Енді ірі байлар ғана емес, осы санатқа кіретіндердің кез келгенін кәмпескелеуге құқық берілді. Осылайша жекеменшік деген ұғымды мүлдем жою шарасы қолға алынды. Сауытсыз шолақбелсенділер бұл іске құлшына кірісіп, кедейлерді байлар түгілі, азын-аулақ малы барларға да қарсы қойды.

Байлар дүние мүлкі тәркілеуге түсіп, тақыр кедейге айналса да тыныштық таппады. Комунистік партия қаудалауды жалғастыра берді. Голощекин оларды тіпті колхоздарға алуға тиыйым салады.   

Бай ешқашан «адам болмайды»

«...Біздің советтік және партиялық жергілікті органдар «кулактың біртіндеп социализмге кірігу» жағдайын мақұлдап, оларды жалпы колхоз шаруашылықтарына қосылуына жол бермек. Бұл ұстаным ешқандай жағдайда марксистік көзқарасқа сай деп танылуы мүмкін емес.

...Колхозға қосылған кулак бірден «колхоз адамы» болып кететінін  ойлаудың өзі күлкілі».  

БК(б)П Қазөлкеком хатшысы Ф.И. Голощекиннің жалпықалалық партия жиналысында кулак, оларды тап ретінде жоюдың алғы шарттары туралы, тәркілеу қорытындысы туралы баяндамасы. 25.11.1929.

Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің қорынан.

Бай малынан айырылып, жер аударылып, түрме көрсе де, жазасы —кулактарды үш топқа бөліп жазалауды көздеген совет үкіметі аса құпия түрде жергілікті жерлерге түсіндірме хаттар жібереді.

Байларды тап ретінде жоюдың 1930 жылға декретінде көрсетілген жаза түрлері:

  • Бірінші санатқа террористік актілер мен көтерілістерді ұйымдастырушы байлар кіреді. Оларлы бірден  тұтқындап, отбасыларымен қоса, концлагерлерге жіберу. Болмаса тап ұстаған жерде атып тастау.
  • Екінші категорияға да контрреволюциялық  активтің қалған бөлігі  ірі кулактар кіреді. Олар отбасыларымен бірге ССРО-ның алыс шет аймақтарына жер аударылуы тиіс.  
  • Үшінші категорияға кіретін қалған кулактар  аудан аумағында колхоздардан қашық жерлерге қоныстындырылады.

Кімнің қай санатқа жататынын жергілікті жерлерде партия комитеті жанындарынан құрылған «үштіктер» шешіп отырды. Оларға «кулактарға қарсы күресте барлық қажетті шараларды қолдануға» рұқсат етілген еді. Не керек, 1928 тамызынан басталып қараша айына дейін жалған террордың арқасында қазақ ауылдарында беткеұстар адам қалған жоқ.

Тәркілеу барысында өрескел заңсыздықтарға жол берілді. Тіпті агрономдарды, дәрігерлерді, мұғалімдерді де кулак деп айыптап, қуғын-сүргінге ұшырату оқиғалары аз болмаған. Айтқанына көніп, айдағанына жүрмегені үшін кез келген жанды жер аударып жіберу қалыпты дүниеге айналады.

«Мен Сырдария округы, Қараспан ауданының азаматымын. Төрт балам бар. Оралға жер аударылып жатырмын. Заңсыз. Біздің жер аударылуымызды тоқтатуыңызды өтінемін. Балаларым кішкентай. Күйеуім де батырақ. Жер аудару өш алу мақсатында жасалып жатыр. Мен комиссарға күң болуға көнбегенім үшін жеке есеп айырысуы бұл.  Балаларымды, мені құтқаруыңызды өтінемін».

Гүлбаршын Сайдуллақызы

25.10.1929.

Байды қорғауға кедей шықты

Күн өткен сайын қыспағын күшейтіп, бопсалауын үдеткен совет үкіметіне наразы топ қатары да арта түсті. Жергілікті жерлерде атқарушы билікке ашық қарсылық көрсету фактілері жиілейді. Соңы стихиялы көтерілістерге ұласты. Бопсалаудың соңы бас көтеруге жалғасатынын большевиктер де біліп отырған. Аудан, ауылдарға алдын-ала құпия нұсқаулар жіберіп, қамдануды тапсырады.

БКП Қазақ өлкелік комитетінің Бюросының кәмпескеге қарсы белсенді қарсылық танытып жүрген байлармен күрес шаралары мәселелері бойынша:

Кәмпескені ұйымдастыру үшін барлық партиялық ұйымдардың назарын, әсіресе, бірінші кезекте барша қазақ қауымын осы шараға  жұмылдыру. Бүкіл ауылды байға қарсы қоюға қол жеткізу үшін ауыл арасында үгіт-насихат жұмыстарын барынша кең көлемде жүргізу. Округтік орталықтарда коммунист-қазақтардан қарулы жасақ құру, оларды байлар жаппай қарсы шыққан жағдайда пайдалану.

Бюро хатшысы Раднин. 12 октябрь 1928 жыл.

Айтса айтқандай, арада бір жыл өтпей жер-жерлерде қарулы қақтығыстар бұрқ ете қалады. Алғашқы көтеріліс 1929 жылы қыркүйекте  қазіргі Қостанай облысына қарасты Батпаққара деген жерде болады. Оған 1916 жылғы Амангелді Имановтың көтерілісіне қатысқан сарбаздар қатысқан. Аңшы мылтықпен қаруланған көтерілісшілер Батқаққара ауданының орталығын басып алып, билікті қуып жіберіп, өздері қоғамдық кеңес құрған. Омар Бармақов деген ақсақалды сол кеңестің басшысы етіп сайлаған. Жұрттан тартып алу арқылы жиналған малды астықты қайта таратып берген.

Бірақ қоғамдық кеңестің ғұмыр келте болды. Бір апта өтпей мұздай қаруланған  әскер келіп,  көтерілісшілерді талқандайды. Кейбірі атылып, кейбірі ұзақ мерзімге сотталады. Жалпы тарихи деректер бойынша үш-төрт жылдың ішінде қазақ жерінде Абыралы Шұбартау, Созақ, Адай өлкелерінде советтің кәмпескелеу, ұжымдастыру және салық саясатына қарсы 400-ге жуық қарулы қақтығыс тіркелген. Оның 15-нде аудан орталықтарындағы совет үкіметі құлатылады.

Оспадар да озбыр саясатқа қарсы шыққандарды совет билігі террористке теңеді. Сол кездерді басылымдарда бұл термин жиі қолданылады: «Таптық жау шектен шықты. Қорқытудан ашық террорға көшті. Кулак террористерге аяусыз шешуші тойтарыс беру керек». Осылаша билік мәселенің себеп-салдарына үңілмек түгілі, тәркілеуді үдете түседі. Жалпы, кәмпескелеу кезінде 60 мың шаруа бай деп танылып, 40 мыңының дүниесі тартып алынса, қалғаны мүлкін тастап, бас сауғалап қашып кетеді. Сол зұлмат заманда, 1 миллион қазақ шекара асып кетті. Айтпақшы, тәуелсіздік ала салысымен 37-дегі саяси сүргін құрбандарын ақтадық. Ал осы көтеріліс басшылары əлі күнге «банда», «қарақшы» деген жаладан құтылған жоқ.

Совет тозағынан қашқандардарды шекарада қырды

Қазақтардың жаппай үдіре көшіп, шекара аса бастауы совет үкіметінің беделіне үлкен соққы болды.  Өйткені сырттан сауға сұрап кетіп жатқандардың ішінде байлар мен қатар кедейлер де көп еді. Оның 1931 жылы Молотов пен Сталинге жазған хатында Голощекин еріксіз мойындайды.

 «Қытайға жаппай жер ауып жатқандың басым бөлігі орташалармен кедейлер және тіпті колхозшылар. Тұтас ауылдар мен колхоздардың көшіп кету оқиғалары да бар».

Голощекин осы хатта қазақтардың жаппай шетел асып жатқанына байларды кінәлайды. Рушылдық қарым қатынасын үзбеген кедейлер кулактардың айтқанынан шыға алмады деп ақталады. Оларға Шыңжаң  үкіметі де шекараны ашып тастап  қолдау көрсетіп отыр деп айыптайды.  Арандатушы қарулы топ жіберіп жіберіп, қазақтарды көшуге үгіттеген деген күдігін жазады:

«Қытаймен арадағы сауда тәртіпсіздігін дереу жою керек. Алматыда ШығысМемСауда бөлімшесін ашып, оған Шыңжаң провинциясымен арадағы барлық сауда жүйесін бағыдыру керек. Өзге аудандардан қызыл әскер казактарды қажетті дайындық шараларынан өткізіп, Батыс Қытаймен арадағы мемлекеттік шекара әкеліп орнатастыру керек».

Голощекиннің ұсынысы аяқсыз қалмайды. Қытаймен арадағы шекараға әскери жасақтар тартылып, қазақтардың көшуіне тосқауыл болады. Қарулы қақтығыстар жиілейді. Бірақ, әрі кетсе бірді-екілі аңшы мылтығы бар қарапайым жұрт басынан бақайшағына дейін қауланған топқа қарсы тұра алмасы анық. Көптеген қазақ шекара аса алмай, шейіт болады. Бір ғана мысал, Сарқан асуында орыс-казак әскері шекара аспақ болған 500 адамды қырып салған.

Қорытынды орнына. Қазақстанда 22 мың адам қамауға алынды. 4 мыңдайы жер аударылды. Бұл ресми тіркелгені ғана. Сотсыз, тергеусіз қаншама бай-дәулеттінің атылып, тоналғанын білмейміз?! Кәмпескелеу шарасы ресми түрде 1932 жылы аяқталғанымен іс жүзінде 1941 жылға дейін созылды. Көшпелі қоғамның іскер бөлігін күшпен жою, шаруаларды зорлықпен ұжымдастыру мал санының күрт азаюына әкелді. Мұның соңы бұрын-соңды әлем тарихында болмаған зұлматты тудырды. Иә, адамзаттың шежіресінде 1 ғана жылдың 3-4 айында, бір ұлттың 80 пайызының қырылып қалу фактісі тіркелмеген. Ал, қазақтың басынан ондай зобалаң өтті! Совет үкіметі қазақтың әуелі байының қолындағы малды талады. Ол аздық қылды. Енді бұқараның қорасындағы 41 миллион қойды тартып алуды ойластырды. Сөйтіп, колхоз деген резервацияны дүниеге әкеп, малдың бәрін үкіметтікі деп, тонады. Сөйтіп, құрылғаннан құрығанға дейін етке жарымаған қызыл империяның сұранысын қазақ малымен де, жанымен де өтеді. Кедейді байға теңестірем деп емес, байды кедейге теңестірем деген ақылға сыймайтын идея талай адамның тағдырын тәлкекке салды.

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?