Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Латынға көшу - ұлттық сана жаңғыруы хақында

2267
Латынға көшу  - ұлттық сана жаңғыруы хақында - e-history.kz

«Кешегі жақсы істің бәрі – бүгінгі жарқын тарих». Жақында ел тарихында тағы бір сілкініс орын алды. Бүкіл қоғам болып жұмыла талдауға түскен латын қарпіне көшу мәселесі әлі де қызу талқыға түсіп жатыр. Сәуір айында «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың болашақтағы рухани өркендеудің бағытын айқындаған «Болашаққа бағдар – рухани жаңғыру » атты бағдарламалық мақаласы шындығында, рухани жаңғырудың жаһандық дәуірдегі маңызын ашып, жүйелі ой талдауларымен аталған жайтқа түсінік беріп өтті.

ХХІ ғасырдағы ұлттық сана туралы қаузалғанда Елбасының «Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арыл­масақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек» деген ұтымды пікірі ой тастайды. Ғарыш жылдамдығымен қарыштап дамып келе жатқан жаһанда бәсекеге қабілеттілікті жоғалтпай, тұғырлы саясаттың бағытын нық ұстап, өркениеттің тізгінін босатпауда, соған қоса ұлттық болмысты бәз қалпында сақтап қалуда руханият пен мәдениетті дамыту қажеттіліктен туып отыр. Елбасының «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай» деуі сөзімізге дәлел. Осы орайда руханияттың ажырамас бөлігі – жазу екені айтылады. Жазу – ортақ мәдениетердің жалғасы, құндылық. Таяу жылдардағы міндеттерде айтылғандай Елбасы Н. Әбішұлы алдағы жылдарда нақты қолға алынатын басты жобалардың бірі қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру екендігін нықтап айтады және бұл үрдіске тәуелсіз Қазақстанның ұзақ жылдар бойы дайындалғанын да тілге тиек етеді. Шындығында 2006 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІІ сессиясында «Қазақ әліпбиін латынға көшіру жөніндегі мәселеге қайта оралу керек» деген Елбасының сөзі «Қазақстан – 2050 » стратегиясында латынға 2025 жылы толық көшеміз деген кесіммен түйінделген болатын. Бүгінде қоғам арасында қолдау тапқан бұл бастама бірінші кезекте болашаққа батыл қадам жасаудың негізі екені айқын.

1929 жылы енгізілген «Біртұтас түркі алфавиті» 11 жылдай жазу үлгісінде қызмет етті. 1940 жылдан енгізілген кирилл әліпбиі бір жағынан саясаттың сойылын соқса, екінші жағынан ұлттың санасы, жазу дағдысы да соған бірте-бірте еріксіз бейімделіп кетті. Ал қазіргі латын әліпбиіне көшудегі бастамада филология ғылымдарының кандидаты Н. Сәдуақастың «Шынында да, әліпби ауыстырудың саясатқа да, басқаға да қатысы жоқ, ең басты қажеттілігін тілдің өзі талап етіп отыр. Тілдің ішкі-сыртқы жағдайы қазіргі жазудың (орфография) айтылымға (орфоэпияға) кері әсер етіп, өзге тілден кірген сөздердің салмағы арта түсіп, кірме дыбыстардың төл сөздеріміздің фонетика-грамматикалық талаптарын бұза бастауы секілді түрлі жағдайлар әліпби өзгерту мәселесін алға тартты» деген пікірі жанды. Байқасаңыз, қазақтың төл әріптері әуезді болып келеді. Тіл әуезділігінің ақырындап саябырсуына орыс тілінен енген әлдеқайда қатқылдау дыбыстардың бек әсер еткендігі жалған емес. Бұл айтылымда де  йік. Ал жазылымда әрине бұл әліпбиге реформа жасауға алып келетін бірден бір төте жол. Осы орайда Н. Сәдуақастың «Әліпби жасау  үшін алдымен графикалық лингвистика  теориясын терең танып,  тілдің дыбыс жүйесіндегі фонемалардың өзіндік фонологиялық ерекшеліктеріне жете назар  аударып, бөгде  тілдерден енген сөздерге қатысты фонемаларды қалай  таңбалау  керек  деген  мәселелерді шешіп алу керек,  одан кейін тілдің  болмысын танытатын негізгі заңдылықтарын біліп, тілдің  табиғатына сай келетін, өзіндік дыбысталу  ерекшеліктеріне кері әсер етпейтіндей мәселелерді ескеру керек. Жазу барысында әр әріптің өзара кездесу жиілігі де  назарға алынуы тиіс» деген ғылыми тұжырымдамасы қуатталады. Қаріптерді таңбалау демекші, қазірдің өзінде ғалымдардың тарапынан да, қоғам тарапынан да түрліше құрылған әліпби нұсқалары ұсынылуда. Әрине бұлардың барлығы бір қалыпқа келіп, нақты әліпби ертерек жүйеленсе, нұр үстіне нұр болар еді. Осы орайда түрік әліпбиінде негізге алып жатқандар жоқ емес. 29 әріптен тұратын түркі әліпбиі де қалыптасу жолында талай реформалаудан өтті. Сөйлеу тілінде, тілдік баламаларда ұқсастық болғанымен, түрік тілі қазақ тілінің бар болмысын толық ашып бере алмайтыны хақ. Қарапайым «ğ» дыбысы түрік тілінде анық оқылмай, алдында тұрған дауысты дыбысты ұзартып, оған дыбыстық ықпал жасайды. Мысалы, ağaç [аач], dağıl [даыл]. Кейбір ғалымдардың әліпбилік нұсқаларында бұл дыбыс  төл тіліміздегі «ғ» дыбысы ретінде қолданысқа енсе деген идеяларда жоқ емес. Дегенмен, бұл әлі нақтыланбады. Мұнда бір ескеретін жайт әліпбилік жүйені құрған уақытта жасақталып жатқан дыбыстар барша әлем жұртына түсінікті негізде жасалса. Латын қарпіне көшуде тағы бір жүйелі мақсаты барша түбі бір түркі қауымымен ортақ түсінікті әліпбидің болуы,  бұл ой қуатталады. Сол себептен әліпбиді жасақтауда шым-шытырықтықтың кебін кимей, ортақ бір жүйелі таңбалардың болуы, олардың төл дыбыстарымызға негізделуі қажет-ақ. Филология ғылымдарының кандидаты Н. Сәдуақастың  «Латын әліпбиіндегі британдық ағылшындар өз тілдерінің америка, европа құрлықтарында әр жерде әртүрлі айтылып кетпеуіне, немістер мен еврейлер жер-жерден келген өз қандастарының тілді бұзбай дұрыс меңгеруіне, француздар өз тіліне ағылшын кірме сөздерінің көп еніп кетпеуіне басқа елдер де алаңдаушылық білдіріп, үнемі назарда ұстап, тілін дамыту шараларын жүргізіп, тіпті «тіл полициясын» да осы іске қосып отыр» деген пікірінің астарында үлкен мән жатыр. Әліпбиіміз жасақталғаннан кейін ондағы төл әріптеріміз өзге шетелдіктердің тілінде басқаша дыбысталып, көркемдік ерекшеліктерінен құр қалмау үшін ана тіліміздің бәсекеге қабілетті әлемдік тілдердің қатарында биік тұғырда тұруы үшін де айтулы жұмыстың жүгі ауыр болып отыр. Дегенмен, бұл жарқын болашаққа жасалған нық қадамның қуатталатынына еш шүбә келтірмейді.

Қорыта келе айтпағымыз, латын қарпіне көшу өркениетті қоғам құрып, дамыған отыз елдің құрамына енуде ең бастысы ұлттық сананың жаңғырып, ұрпақ бойына ұлттық құндылықтардың сіңуіне тікелей әсер ететін прогресс болмақ. Ел ертеңі үшін жасалып жатқан бастама тәуелсіз Қазақстанның жасампаздыққа ұмтылған жарқын сипатын танытатындай.   

 

Сабина САЙЛАУБАЙ

       ӘДЕБИЕТТЕР:

  1. «Ақтөбе» облыстық қоғамдық-саяси газет
  2. «Егемен Қазақстан» газеті

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?