Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Түркістан халықтарының азаттық қозғалыстағы өзара байланыстары (ХІХ ғасырдың 60-90 жылдары)

2079
Түркістан өлкесі халықтарының азаттық жолындағы күресі ХІХ ғасырдың 60-90 жылдары өзіндік ерекше сипат алды.

Түркістан өлкесі халықтарының азаттық жолындағы күресі ХІХ ғасырдың 60–90 жылдары өзіндік ерекше сипат алды. Сол тарихи кезеңде патшалық Ресейдің отарына айналған Орталық Азиядағы Батыс Түркістанды қоныстанған түркі-мұсылман халықтары өзінің Шығыс Түркістандағы бауырлас халықтарымен тығыз байланыс орнатуға талпынды және олар бұл бағыттағы іс-әрекеттерінде бірлесе қимыл көрсетуге талпынды.

1864 жылы күзде Қашғарда дұңғандар мен қырғыздар бірлесе бүлік шығарады. 3000-дай атты әскері бар қырғыз қолбасшысы Сыдықбек Қашғарды алуға ұйғырларға да жәрдем беріп, елге танылып, ақыры Қашғардың хәкімі болып тағайындалады. Куропаткиннің көрсетуінше, Сыдықбек өте ықпалды адам болған [1].

1864 жылы желтоқсанда Шығыс Түркістандағы саяси жағдайдың шиеленісіп кетуіне байланысты Сыдықбектің Қоқанға, Әлімқұлға елшілік аттандырады. Б.Солтоноевтің көрсетуінше, Сыдықбек «Қашғарды Ферғанаға қаратамын деп, Қоқан ханынан қожа сұрап» өтініш жасаған [2, 2-китеп, 75-б.]. Расында, Сыдықбек Әлімқұлдан Жәңгірқожаның ұлы Бұзырықты (Бузурук) хан сайлау үшін Қоқаннан Қашқарға жіберуді сұраған еді. Әлімқұл оның өтінішін орындап, Бұзырықты және туысы Алдашты қызметшілерімен, сондай-ақ Жақыпбек бастаған 60 жігіттен тұратын әскерді 1864 жылы желтоқсанда Қашғарға аттандырады. Олармен әскери өнердің білгірі, Қоқан хандығындағы аса беделді, әрі жетісулық қазақ, қырғызға танымал тұлға, ташкенттің бұрынғы хәкімі, Мырзахмет күшбегі-де қоса жіберіледі [3]. Қоқандық тарихшы Мухаммад Юнус Тоибтың мәліметіне қарағанда, Әлімқұл Бұзырық қожаны Шығыс Түркістанның ханы деп жариялап, ал Жақыпбекті әскербасы етіп бекітіп жіберген [4, 219 б.].

Бұзырық қожа мен Жақыпбек қолы осылайша 1865 жылы қаңтарда Қашғарға келіп жетеді. Арада көп уақыт өтпей, Сыдықбекті-де, Бұзырықты да ығыстырып, Қашғардағы билікті Жақыпбек өз қолына алады. Бұл кезде жетісулық қазақтар мен қырғыздар Шығыс Түркістандағы саяси оқиғаларға белсене араласып жатқан болатын. Мысалы, 1865 жылы Текестегі қалмақтар қытайлықтарға көмектескендіктері үшін қазақ, қырғыздардың араласуымен көтерілісшілер тарапынан талқандалып, әрі тоналып, 2000-ға жуық түтін орыс үкіметінен жәрдем сұрап, пана іздейді. Қалмақтардан бос қалған жерлерге 1864–1865 жылдары орыс билігіне мойынсынудан қашып, көтерілісшілер жағына өткен жетісулық Ұлы жүз қазақтары мен қырғыздар иеленеді [5].

1864–1865 жылдары шекараға жақын орналасқан қазақ, қырғыздар түгіл Шу бойындағы қазақтың ботбай, жаныс руларының қазақтары және қырғыздың сарыбағыштары көп қол жинап, көтерілісшілерге қарай Текес және Іле арқылы өте бастайды. Олар қалмақтарды аяусыз қырғынға ұшыратады [6, 171 б.].

1865 жылы дұңған көтерілісшілеріне қырғыздардың бұғы руы мен албан, қызай және байжігіт руларының қазақтары қосылды. Дұңған көтерілісшілері Шәуешекті алуда қызайлар мен байжігіттердің көмегіне сүйенді.

1865–1866 жылдары, орыс әкімшігінің 1866 жылғы ресми мәліметіне қарағанда, Алатау округынан 841 түтін Қытайға өткен. Олардың арасында албанның Саурық, Малабай, Жетен (500 түтінмен өткен) сияқты батырлары, Есбер (Испир), Қасаболат, Әліке биі, суанның Өстемір биі, Тезек төренің бауыры Дүрәлі сұлтан, қырғыздың бұғы руының Сабатар молдасы болған. Құлжаға қарай өткендердің жалпы саны 5500-дей түтінді, 22 340 адамды құраған [5, 208 б.].

Жетісудағы қазақтар мен қырғыздардың дұңған көтерілісшілерін қолдауына діни фактор үлкен әсерін тигізді. Ал қалмақтар қазақтар мен қырғыздардың мұсылман көтерілісін жақтағанын байқаған соң, қытайлықтар жағына шығады [7, 20-п.].

Ш. Уәлиханов та қазақтар мен қырғыздардың дұңғандарға ат және жігіт беріп көмектесіп жатқанын айта келіп, Жетен батыр, Дүрәлі сұлтан, Кезеңқара және қырғыздардың бұғылары көтерілісшілерді қолдап жатқанын көрсеткен болатын [8, 172 б.].

«1865 жылдың өне бойы қазақтар мен қырғыздардың қалмақтармен атыс-шабысымен және барымтасымен өтті. 1865 жылдың қазанның 23-нен24-не қараған түні қалмақтың Кеген деген батыры манчжур әскерімен бірге байжігіттер ауылына кенеттен шабуылдап, 1 мың 300 жылқысын, 100 000 бас қойын, 6000 ірі қара малын айдап әкетіп, 26 қазанға дейін қырғынға ұшыратты, 3000 адамды өлтіріп, 200 қой мен 1,5 мың итін бауыздап кетті. Орыстар жақтағы қазақтардан осы қырғында 300-ден аса адам өлді», [7, 21-п.] — деп көрсетті орыс шенуніктерінің бірі.

«Батыс Қытайдағы 1,5 ғасырлық төңкерістерге белсене қатысқан қырғыздар да дұңғандардың манчжурлармен күресінде-де шет қалмады, — деп көрсетеді орыс әскери шенеуніктері, — Біздің отрядтар қырғыздарды Қытаймен және ортаазиялық түркістандықтармен Тянь-Шань арқылы өтетін жолдарды кесіп тастағанмен, Іле провинциясы жақтағыңғайлы шекаралық жерлер оларға, яғни қырғыздарға шығыстағы жақын көршілері — қалмақтармен ілінісуге мүмкіндік берді. Қырғыздар мен Ұлы жүздің албандарының қалмақтарды тонап, талағаны соншалық, олар біздің иелікке келіп, бас сауғалап өтіп кетті. 1000 қалмақ Верный төңірегіне орналасты. Барлық қазақтар өздерінің діндестері — дұңғандарға бар ниетімен қатты жанашырлық танытуда, манчжур үкіметімен бұрынғы байланыстарын үзе алмауынан ба, тек бір ғана албанның Тезек сұлтаны дұңғандар көтерілісіне ниеттестік білдірмей тұр», [7, 27 п.] — деп көрсетіледі тағы бір мұрағатттық құжатта.

Тезек төре 1865 жылы Алатау округінің бастығына бірнеше рет қайрылып, қазақтардың Қытайға өтіп кетуін тоқтату үшін Алтынемелге отряд жіберуді өтінген болатын. Ол Дүрәлі сұлтан мен Жетен батыр бастаған албанның 3000 түтіні Қытайға көшіп кеткенін және мұнда қалған ауылдарды да өздеріне қосылуға шақырып жатқанын айтқан.

Жетісудағы қырғыздың бұғы руының манаптары да 1865 жылы 1500 адамнан тұратын жасақпен көтерілісшілер жағына шығуға уәде бергенмен, бұған жол бермеу үшін Текеске подпоручик Никольский бастаған отряд келіп, бұғылардың билеушілерін райынан қайтарады және қалмақтарды тонауға тиым салады. Шекаралық отрядтарға қырғыз, қазақ ауылдарының Шығыс Түркістанға көшуіне жол бермеуге бұйрық берілді. Бұған қарамастан Албан Саурық батыр және Дүрәлі сұлтан, бұғының Балбай манабы бастаған қазақ, қырғыз қолы дұңғандардың көтерілісіне қатысуды жалғастыра береді [9, 271 б.].

Батыс Түркістан өңіріндегі қырғыздардың атақты Балбай батыры Тезек төре сияқты Ресейге қызметі үшін бірнеше сый-сияпаттар алғанмен, Ыстық көлге орыс отрядының тұрақтанып қалуына қарсы болып, 30 шақты түтінмен Албан Саурық батыр ауылы қонған Алтынсу тауларына келіп қонады. Балбай бастаған қырғыз, Саурық, Дүрелі бастаған қазақ ауылдары шекараға іргелес қоныстанған басқа да қазақ, қырғызға үлгі-өнеге болмасын деп орыс әкімшілігі оларды қалайда ұстап алып, жазалауды көздеді. Алайда патша өкіметінің тосқауылдарына қарамастан, Саурық, Дүрәлі және Балбайдың қарамағындағы халық та қашқындар есебінен күннен-күнге көбейе түсті.

1867 жылы мамырда Текеске аттандырылған полковник Полтарацский бұғы манабы Сарпектің баласы Күшіктің (Кучук) жігіттерін-де өз отрядына жол көрсету үшін қосып алады. Полтарацкийдің бұйыруымен есаул Халдеевтің отряды түнде келіп, Саурық пен Балбайдың ауылын қапылыста қоршап алып, Саурық пен Балбайды тұтқындайды. Полтарацкий қазақ, қырғыз ауылдарын қайта бұрынғы қоныстанған жерлеріне күшпен қайтарып, Саурық, Балбай, Сабатыр молда, Молдажан және Дүрәліні Верныйға әкеліп, түрмеге отырғызады. Қазақ, қырғыздың орыс бодандығына мойынсұнбаған өзге билеушілеріне сабақ болуын көздеп, Жетісу облыстық әскери губернаторы Колпаковский оларды қатаң жазалауды ойластырады. Колпаковский Саурық пен Балбайды дала соты бойынша сұраусыз атып тастауды, ал Дүрәліні итжеккенге айдатып жіберуді ұсынады. Осы тұста Жетісу облысы Түркістан өлкесінің құрамына енуіне байланысты Колпаковский қарауындағы қазақ, қырғыз ісі Түркістан генерал-губернаторы Кауфманның құзырына өткізіледі [9, 274 б.]. Кауфман оларды, ақтау жөн деген шешімге келеді. Себебі, орыс әкімшілігі Дүрәлі мен Саурық батырға ойлануға 6 ай уақыт берген болатын. Ал оларды орыс отряды 6 ай толмай жатып тұтқындағанын және орыс басшылығының сөзіне жергілікті халықтың сенуден қалатынын ескеріп, ақыры Кауфман Саурық пен Дүрәліні 1867 жылы қазан айында қамаудан босатып жібереді.

Саурық пен Дүрәлінің Балбай батыр сияқты қырғыз серігі Верный түрмесінде 76 жасында у беріліп өлтіріледі.

Бұл оқиғаны қырғыздың Арыстанбек, ақыны да:
Турадан салды тозақты,
Ұстап алды Құлжадан
Балбай менен Саурықты.
…Асыл туған Балбайды,
Алматыға айдапты.
…У бергізіп жайлапты [ 10, 27, 41 б.), — деп жырына арқау еткен.

Қазақ, қырғыз ауылдарының Шығыс Түркістанға көшіп, көтерілісшілерге қосылып кетуінің негізгі себебі орыс отаршылдығына, әсіресе, 1867 жылғы Уақытша ережеге наразылығымен байланысты еді. Бұл наразылықтың астарын Арыстанбек, ақын былайша көрсетеді:

Сұрағы қиын кәпірің,
Есепке алды басыңды,
Кәрі менен жасыңды
Қарсы тұрар шама жоқ
Қазақ, қырғызды басынды [10, 38-б.].

«Іле провинциясындағы тәртіпсіздік пен жеңіл олжа көп адамды қызықтыруы мүмкін. Онда Тезек сұлтан басқаратын руынан айрылып, біздің жақта қалуы, я Қытайға көшіп, дұңғандарға қосылуы мүмкін. Соңғы шешім сұлтанның материалдық пайдасы үшін тиімдірек және епті-де мінезді Тезекті бізге қарсы дұшпандық қатынаста қойса, аса зиянды болар» [7, 27-п.] — деп қауіптенген орыс әкімшілігіндегілер 1865 жылдың қарашасының аяғында қалмақтарды шекарада қабылдап, Верныйға дейін жеткізу үшін Алтынемелге отряд жібереді. Тезек төреден дұңғандар Құлжаны алған соң, Жетісуға шабуылдамақшы деген хабар алған соң, Семей облысының әскерлерінің қолбасшысы Қоғалы, Алтынемел, Көксу бекеттеріне және Іле бекінісіне отрядтар орналастыруға бұйырады. Осы бұйрыққа орай сауда керуендері мен орыстар жақтағы қазақтарды жиі шабуылдаған байжігіт руының Төлеген батыры бастаған 100 жігітті ұстауға 25 казак және әр рудан құралған 240 қазақтан құралған отряд Базар өзені бойын күзетуге қойылады.

Шығыс Түркістандағы көтерілістерді қазақ, қырғыздардың қолдауын болдырмау мақсатында 1866 жылы 10 мамырда Алатау округы бастығына Семейден Тезек төре мен Ұлы жүздің өзге-де сұлтандарын және бір топ қырғыз манаптарын Верныйға шақыртып, ауылдарына жібермей ұстап тұруға бұйрық беріледі [11, 1-п.]. Өйткені, Семейден Верныйға арнайы келе жатқан орыс әскерлерінің қолбасшысы қазақ, қырғыз билеушілеріне Шығыс Түркістандағы оқиғаларға бейтараптық танытуды қатаң ескертуді көздеген болатын.

Осындай қатаң ескертулерге қарамастан 1867 жылы 4 мамырда ыстықкөлдік бұғылар және Тоқмақ уезінің манабы Төрегелді Жақыпбекке сыйға арғымақтар даярлайды.

Қапал уезнің бастығы Ғазы сұлтан Болатұлы Уәлихановтың қазақтар арасында орыстың күшіне сене бермеңдер деп сөз таратқанын мәлімдеген.

Борохудзир отряды бастығының 1868 жылғы 10 мамырдағы мәлімдемесінде Жақыпбектің де Қапал, Верный уезі қазақтарына, соның ішінде Тезек төреге-де үндеухат жолдап, орыстарға қарсы бас көтеруге және қазақтарды Көксу, Қарабұлақ сияқты орыстар қоныстанған елді мекендерге маусым айында шабуыл жасауға шақырғаны айтылады. Тезек төренің Іленің сол жағалауына өткен қоңырбөрік, суан рулары арасында Жақыпбектің осы үндеухатына орай жүргізген насихаты аталмыш руларға қатты әсер еткен.
Жетісудағы қырғыздар арасында үгіт жұмыстарын Жаңғараштың ұлы Төле манап жүргізген. Ол 1865 жылы орыс бодандығын мойындамай, көшіп кеткен болатын. Төле манап Тоқмақ уезі Талқан болысындағы туыстарын және ықпалды қырғыз, қазақтарды аралап, елді Қашқарға көшіп кетуге, Жақыпбекті қолдауға шақырады. Жақыпбектің үндеухаттарын Тезек төре сияқты Үмбетәлі манап және оның туыстары да алып тұрған. 1868 жылы Жетісу әскери губернаторы: " Жақыпбектің хаттарын алып тұрса, яғни оған жауап та жазады» [12, 248-п.], — деп мәлімдеді.

Жақыпбекпен достық қарым-қатынасы болды деген қазақ, қырғыз билеушілерінің, батырлары мен билерінің көбі тұтқынға алынып, түрмеге жабылды. Орыс әкімшілігі тарапынан Тезек төре мен Ғазы Болатұлы Уәлихановты және қырғыздың Тілекмет, Нұрдәулет, Мұратәлі және Шоңғараш сияқты манаптарын құпия, аңдуға алу басталады [13, 49-п.]. Оның соңы Тезек төре мен Ғазы Уәлихановтың 1868 жылы Қапал түрмесіне жабылуына, ал Тілекмет, Нұрдәулет манаптар бастаған 6 қырғыз билеушісінің Верный түрмесіне қамалуына соқтырды. Тезек төре мен Ғ.Уәлиханов Қапал түрмесінде 6 ай ұсталды. Орыс әкімшілігі халық арасында үлкен беделге ие, әрі жасы келіп қалған, мұсылмандығы да басым адам болғандықтан Мұратәлі манапты қамауға алудың зиянды салдарлары болуы мүмкін деп оны түрмеге отырғызбады. Шоңғараш манап шемен ауруымен ауырғандықтан қамалмай қалған [13, 50-п.].

1868 жылдың басында саяқ руының манабы Оспан Тайлақов жаңа әкімшілік басқару жүйесіне қарсы шығып, қырғыз ауылдарында болыстық басқарма құрмақшы болған майор Загряжскийге шабуыл жасап, тұқынға алуға ұмтылады. Өйткені, оның ұлы Мамырханды Загряжский ұстап алып, кепілдікке Верныйға аттандырған болатын. Осман да, ақыры Жақыпбекке барып паналайды.

Батыс Түркістан халықтарының Жетішар мемлекетіне тартылуының бір себебі, Жақыпбектің Түркияны, түрік сұлтанын қадірлеп, арқа сүйеуі еді. Қашғар теңгелерінде түрік сұлтаны Абдул Азиздің аты жазылып, Жетішарда Түркияның жалауының желбіреуі-де түркі-мұсылман халықтарының Жақыпбек мемлекетіне тілектестігін тудырды. Бұған қырғыз, ақыны Арыстанбектің:

Қазақ, қырғыз жиылып,
Бата қылып алсақ деймін,
Қашқардағы Бадаулетті
Ата қылып алсақ деймін, [10, 29 б.] — деп жырлауы Жақыпбек Бадаулеттің ел арасында беделінің жоғары болғанын, аңғартса керек. Қырғыз фольклорлық деректерінде Жақыпбектің Жетісудағы орыс шенеуніктеріне асыл тастардан және алтыннан жиі тартулар жасап тұрғаны, бұған разы болған олар Бадаулеттен қарымтасына «не сұрайсың ? " дегенде, «орыс төрелері Жетісуды қайтарсын» деп жауап бергені айтылады [14, 102 б.]. Жақыпбек қазақ, қырғыздың жерін өз мемлекетіне қосып алуға талпынғандығын мұрағат деректері-де айғақтай түседі [15, 68-п.] .

Мұрағаттық құжаттарда тыңшылардың орыс шенеуніктеріне Жақыпбектің қазақ, қырғыз билеушілерімен қарым-қатынасы барын және олардың қастандық ойластырып жүруі-де мүмкін екенін жеткізгені туралы деректер бар [13, 49 п.].

Жетісулық қазақ сұлтандары мен қырғыз манаптары Жақыпбектің ұлы, Ақылбекті қонаққа шақырып, оны Алматыда салтанатты түрде қарсы алғаны, қырғыз манаптары Шабдан мен Сауранбай, Ақылбекті бірнеше күн сый-құрмет көрсетіп күткені қырғыз фольклорлық деректерінде баяндалады. Қырғыздың сарыбағыш руының манабы Әділ бұғы манабы Балбаймен және солто манабы Маймылмен келіссөздер жүргізіп, үш руды: солто, сарыбағыш, бұғыны орыс отаршылдарына қарсы көтеруге шақырады, бұл кеңеске Шабдан мен Марал да қосылады. Олар жеңіле қалған күнде Қашғардағы Жақыпбекпен бірігіп кетуге уәделеседі. Алайда Әділдің жігіттерінің бірі — Семетей бұл жөнінде патша өкіметінің шенеуніктеріне айтып қойып, көтеріліс іс жүзіне аспай қалған [14]. Әділ манап 1875 жылы Алматы түрмесіне жабылып, Балбай батыр сияқты у беріліп өлтірілсе, Маймылды киізге орап, Әулиеатадағы, ноғай мешіті алдындағы дар, ағашына байлап, 12 орыс солдаты мылтықтан оқ жаудырып өлтіреді. Сонда бар-жоғы 36 жастағы Маймылдың өкпе-бауыры дар, ағашына жабысып қалған екен [2, 2 к., 63-67-бб.].

1867 жылы Қытайға көшуге әрекеттенді, сөйтіп, мемлекетке сатқындық істемекші болды деген желеумен албанның қызылбөрік руының Байдана, Қашаған, Айдар және Дәркембай сияқты бірнеше биі Семейдегі түрмеге қамалды [16, 369 п.].

Ресейден Жетішар мемлекетін ресми тануды және қару-жарақ сатуын өтінумен бірге Жақыпбек Түркістан өлкесі мен Жетісудан Жетішарға келмекші болған еріктілерді өткізуге рұқсат сұраған [17, c.39].

Куропаткиннің көрсетуінше, Жақыпбектің әскерінің басым бөлігін қазақтар мен қырғыздар құраған [1, 166 б.].

Жақыпбек қазақтарға, Ақмешіт бегі болған кезден-ақ жақын таныс болатын. Ал қырғыздар оны қырғыз-қыпшақтың торайғыр руынан деп те білген [18].

Ұлы жүздің қазағы Алдыраж датқа Жақыпбек, Ақмешітте бек болып тұрғанда онымен бірге қызметтес болып, бірге жүреді. Кейін Жақыпбек Қашғарға келгенде де Алдыраж датқа оның қызметіне кіргенін Қ.Халид: «Алдыраж датқа Жақыпбектің „қуаныш пен қайғысын бірге бөлісіп, хандығында кеңесші-уәзірі қызметін атқарды. Өзі Ұлы жүзден болатын“, [19, 47 б.], — деп әңгімелейді.

Жақыпбек мемлекетінің дипломатиялық жұмыстары бөлімін орыс тілін жақсы білетін семейлік қазақ Мірқасым атқарды [20, 271 п.]. Кавказдан қашып келген оқымысты Заманбек (Заманхан) қашқарлық елшілікті әзірлеу істеріне атсалысқан [21, 1 п.].

Жетішарлық әскерлерді соғыс өнеріне даярлауға татарлар атсалысты. 2000 сарбазды татар әскерилерінің жатттықтырып жатқаны мұрағат деректерінде көрсетіледі [20, 132-п.]. Жақыпбектің артиллеристері-де түрік әскерінің киім үлгісінде киінді. Зеңбірек ату ісіне, оқ-дәрі жасауға жігітттерді Әли Эфенди бастаған түрік әскерлері үйретті. Әскер құрамында әртүрлі ұлттың өкілдері, тіпті, алыс мұсылман елдерінен келгендер-де, діни сенімі бөлек буддистер-де болды [22, 41-п.]. Алайда, Жақыпбек Бадаулеттің қарамағындағылардың көбі бұрын орыс бодандығында болған мұсылмандар екені мұрағат деректерінде көрсетіледі [22, 42-п.].

Шығыс Түркістандағы Жетішар мемлекетінде лауазым, шен атаулары Қоқан хандығындағыдай болды, ал дін істері Бұхар хандығындағы секілді атқарылды [19, 48-б.]. „Халықтың санасында әлі күнге бұрындары Қоқан хандығына қарағандығы ұмытылар емес“ [15, 69-п.]., — деп жазды сол тұста орыс отарлық билік орындары қызметкерлерінің бірі. А. П. Хорошхиннің көрсетуінше, Жақыпбектің қоластына Қоқанның ең бір тамаша адамдары кеткен [23, c.51].

Бадаулет Жақыпбек халықтың мұсылмандық парызын уақтылы өтеуін қатты қадағалап, қатаң тәртіпте ұстады. Оның билігі тұсында ескі мешіттер қайта жөндеуден өткізіліп, бірқатар жаңа мешіттер салынды [24, 112 б.]. Қашқар маңындағы Хәзіретлі Аппақ қожа, Бибі Мәриям, сондай-ақ мұсылмандықты қабылдап, Әбдікерім (Абд-ал-керим) деген ат алған, ортағасырлық Қарахан мемлекетінің негізін қалаған алғашқы қашқарлық хан — Сатұқ Бограхан кесенелері қайта тұрғызылды. Сатұқ Бограханның немере қызының басына да мазар тұрғызды. Жақыпбектің кезінде бір ғана Қашқар қаласында 108 мешіт болды [22, 40-п.]. Мұның өзі патшалық Ресейдің отарлық бұғауына түскен қазақтар мен қырғыздар секілді Түркістан өлкесіндегі түркі-мұсылман жұртының Жетішар мемлекетіне деген сенімін арттырды.

Жақыпбекті Ресейдің отарлау саясатына наразы қазақ, қырғыз рулары, елбасшылары қолдады. Әсіресе, Қашғарға шекаралас аудандардағы қазақ, қырғыздар Жақыпбек мемлекетінің көмегіне сүйеніп, орыс бодандығынан арылуға ұмтылды. Ел басқаруға қабілетті-де жігерлі қызметкерлерге зәру Жетішар мемлекетінің басшысы — Жақыпбек Қашқарға пана іздеп келген беделді-де танымал жандарды қуана қарсы алды [25, c. 56]. Жақыпбек 1868 жылы Ресей бодандығындағы қырғыз, қазақтар қоныс тепкен Қашқармен шекаралас Атбасы, Нарын, Тоғызторау, аңғары және, Ақсай, Арпа, Қарақұжыр, Сонкөл, Шатыркөл сияқты жайылымдарды және Жетісуды т.б. жерлерді қосып алуға ұмтылды. Жақыпбек қолының Нарынға келуі қырғыз, қазақтың толқуын тудырды [12, 336-п.]. Мұндай толқуды басып тастау үшін Зауке, Барскаун өткелдеріне бақылау орнатылып, орыс әскерлері әкелінді.
1869 жылы қыркүйекте Тезек төренің ауылында Алтынемел болысының барлық кісілері жиналып, олардың бәрі Қытайға бүкіл болыс болып көшіп кетуге келіседі. Жиынға қатысқандардың арасында Тезек төренің ұлы және старшина Байжан Мекебаев, Сатыбалды Қалқанбаев, Шәріп Саурықов пен Исмаил Медетмолдаев, Байназар, Ноғаев, Түлен Сырноев сияқты билер болады [26, 1-п.]. 1869 жылы 3 қазанда аталған кісілердің барлығы тұтқындалып, тергеуге алынады. Қапал уездік бастығы старшиналарды, пятидесятниктер мен десятниктерді-де шақырып, Уақытша ережеге сәйкес әкімшілік басқаруға бағынуды талап етті.

1869 жылы 20 қазанда, Алтынемел болысының басқарушысы Бейсенбінің айтуынша, Тезек төренің ауылында ас болып, сонда Тезек төре әр болыстан жиналғандарды Қытайға өтіп кетуге үгіттеген [26, 3-п.].

Патша өкіметінің отарлау саясатына наразы болған полковник Тезек төре, ақыры Іле өлкесіне 200 түтін қазақты алып, көшіп кетті (Петров В.И. С. 183). Қазақстандық зертеуші В. З. Галиев Тезек төренің Құлжаға көшіп кетуі 1870 жылдың басында еді деп нақтылай түседі [27, 73 б.].

„Орыс өкіметіне қызметі сіңген Тезек төре секілді адамдардың Қытайға өтіп кетуі отарлық билік орындарын қатты алаңдатты“ (Петров), — деп жазады тарихшы В. И. Петров. Жергілікті орыс отаршыл әкімшілігі бас көтерер қырғыз, қазақ билеушілеріне түрлі жала жауып, олардың ел алдында беделін түсіру үшін түрлі сорақы әрекеттерге барды. Мысалы, жергілікті халықты сүліктей сорған Қапал уездік бастығының аға көмекшісі Здоренко 1870 жылы тамызда қарулы қазақтардың тарапынан шабуылға ұшырап, 18 жерінен жарақат алып, 15 жылқысы мен қомақты, ақшасынан айрылып қалды [6, c. 180]. Здоренконы тонауға қатысты іске Тезек төре бастаған 60 қазақ кінәлі деп табылды [28, 328 б.]. Тергеу жұмысының барысында 1 орыс казак уездік судьяның бұйыруымен және ұйымдастыруымен айғақ болар заттарды Тезек төренің үйінің жанына апарып тастағанын мойындайды. Осылайша, Қапал уездік басшылары Тезек төрені қалайда қылмыскер етіп, қамауға алуға талпынды, бірақ бұл жолы дегендеріне жете алмады. Өмірінің соңына қарай орыс әкімшілігінің қатты қысымына ұшыраған Тезек төре 1879 жылы көз жұмды. Тезек төре сияқты қырғыздың да бас адамдары қудалауға ұшырап, қарсылық көрсетіп жатты. „Уезд бастығының бір үлкен тілмәші және мұсылманша хат танитын екі татар тілмәші бар, — деп әңгімелейді сол заманның билік басындағылары туралы қырғыздың Талып деген молдасы. — Бір қазынашы төресі бар. Бұғыдан Зарыпбекті сұлтан (аға манап) қылды… Орыс өкіметі орныққан соң, Зарыпбекті сұлтандықтан түсіріп, бұғыдан Тоқсоба деген кісіні кіші көмекші қойды. Көп кешікпей оны да түсіріп, Тілекметті кіші көмекші қылып қойды. Оны Қашқар ханы Жақыпбекке хат бердің деп ұстап, түрмеге салып, одан Алматы түрмесіне апарып жатқызып, одан Ыстықкөлге алып келіп, түрмеде көп ұстап, ақыры түрмеде көп ауырып жатып өлді“ [29, T 3, 97-б.].

1871 жылы сәуірде қазақ, қырғызға танымал Тазабек Пұсырманов та 1000 түтіннен тұратын ауылымен Қытай асып кетті.

Тазабек Пұсырманов Ұлы жүздің албан руының ықпалды да беделді билерінің бірі болған [30, 1 п.]. Патша өкіметі қазақ қана емес, қырғыздар арасында да беделді, әрі танымал Тазабекті өз жағына тарту үшін және Үмбетәлі манап пен Тезек төре сияқты қазақ, қырғыз билеушілеріне қарсы пайдалануды көздеп әскери шен-де берді, сый-сияпаттар да көрсетті. Бірақ Тазабек батыр оңайлықпен илікпеді, сондықтан орыс отаршыл билік орындарының қуғын-сүргініне ұшырады.

1871 жылы болыстыққа сайлауға түсіп, орыс әкімшілігі Құлжаға көшіп барғаны үшін оның кандидатурасын өткізбей тастайды. Оның үстіне қалмақтарды өлтіргендерді ұстап бермей, құтқарып қалды деп айыпталып, қуғынға ұшырайды.

1871 жылы 18 сәуірде есаул Герасимов 32 казак және 1 урядниктен, 100 қазақтан тұратын отрядты бастап, Ақтоғай өзені маңында, Құлықтаудың (Кулуктау) етегіндегі Мойнақ деген жерде орналасқан Тазабек ауылына жақындап келіп, Тазабектің отрядқа өз еркімен келуін талап етеді. Тазабек батыр жігіттерімен атқа қонып, орыс отрядына қарсы шабуылға шығады. Алғашқы кездесуде Тазабек батырдың жігіттері басым түседі. „Тазабек батырдың жасағы көріне сала отряд құрамындағы әр болыстан жиналған 300 албан жігіті аттарына міне сала әр жаққа бытырай қашып кетті. Ауылынай Жақыпты қуып жеткендер оған қылышпен және найзамен 13 жерден жарақат салды… Тазабектің жаяулы-атты 140 жігіті таңға дейін жасаған 3 шабуылына тойтарыс берілді“ [31, 219 б.].

Таң атқаннан кейін Тазабек ауылы теңдері мен малдарын тастап, Құлжаға қарай қашады. Орыс әскерлері қолына Тазабек батырдың 1 туысы және ауылдасы тұтқынға түсіп қалады. Тазабекпен бірге Шонжа және Темір-Құтылық болыстарының 1000-нан аса түтіні кетеді. Тазабек бастаған қазақтардың жолын тосып, жібермеу үшін солтүстік жақтан хорунжий Копцов отряды жіберіледі. Тазабекке Құлжа сұлтанының 200 адамдық қолы көмекке келеді. Құлжа сұлтаны Әлихан Тазабекті Тоғызторауға, қырғыздар арасына орналастырған болатын. „Тазабектің 1000 түтінмен Құлжаға өтуі Колпаковскийдің жорыққа шығуына себеп болды“ [32, 286 б.], — деп жазды А. И. Макшееев.

Жетісу әскери губернаторы Құлжа сұлтанынан 7 күннің ішінде, яғни 7 мамырға дейін Тазабекті ұстап қайтаруды талап етеді, қайтармаса соғыс ашатынын мәлімдейді. Құлжа сұлтаны оны бермей қойды [29, 96 б.]. Патшалық Ресейдің Тазабекті қайтар деп талап етуі жәй ғана сылтау еді. Шын негізінде, патша өкіметі Тазабекті Жақыпбектің қолына өтіп кетуінен қауіптенді. Жақыпбектің әскерлерін Англия жаңа үлгідегі қару-жарақтармен қамтамасыз еткені-де орыс жағының бәсекелестігін тудырды.

Тезек төре мен Тазабектің қазақтарын қайтар деген талабына теріс жауап алған Г. А. Колпаковский подполковник Ждан-Пушкинге 140 казактан тұратын отрядымен шекарадан өтіп, қашқындарды қайтарып кел деп бұйрық бергенімен ұйғырлар орыс отрядын жібермей қояды. Құлжа сұлтаны қырғыздың бұғы руының 1868 жылы уезд бастығына шабуыл жасап, қашып кеткен 30 түтінін-де орыстар қолына беруден, шариғатта мұндайға жол берілмейді деп, бас тартады [6, 179 б.]. Бұған ыза болған Г. А. Колпаковский зеңбіректерімен 3 отрядты алып, Құлжаға аттанады.

1871 жылы 22 маусымда Г. А. Колпаковский Әлиханның қолынан Құлжа қақпасының кілтін алады.

Іле өлкесінің орыстар қолына өткенін естіген қазақ, қырғыздар Қашқардағы Жақыпбекке кету мақсатымен оңтүстікке қарай қашты. Орыс офицері оларды әрең қуып жетіп, тоқтатып, бұрынғы жерлеріне қайтарып әкеледі. Олардың қарсылығын басу үшін, тіпті, бұрынғы болыс басқарушыларын да өзгертпеуге уәде етеді [33, c.186].

Әлихан Тазабек пен оның серіктерін орыстар қолына беруге мәжбүр болады [30, 1–2 пп.].

Дала сотына кесілген Тазабек Пұсырманұлы түрмеде 1872 жылы наурызда тергеу ісі бітпей жатып, қаза табады [30, 1 п.]. Тазабек ұрпақтарының айтуынша, батырды түрмеде у беріп өлтіргенімен қоймай, билік орындары оның сүйегін алу үшін туыстарынан 2000 жылқы беруді талап еткен екен [34, 10 б.]. Ал Тазабек батырмен бірге Қытайға кетіп, бірге қолға түскен Шалтабай Алпарұлы 10 жылға Сібірге айдалды.

Қолына түсіп орыстың
Көрдім дүние жалғанын,
Тазабек, Саурық күш қоспай,
Тараншыға сенем деп,
Тістеулі кетті-ау бармағым,
Ішімде кетті-ау арманым, [35, 52 б.], — деп тебіренген Шалтабай Алпарұлы айдаудан қайтқан соң, қырғыз жеріне өтіп кетіп, сонда көз жұмады.

Қазақ, қырғыз ауылдарын бастап, Құлжаға өтіп кеткен Шалтабай батырдың ағасы Саурық Алпарұлын орыстар 1871 жылы Қытайдың Суасу деген жерінде қырғыз батырымен бірге қолға түсіріп, өлтіреді.

Қытай тарихшысы Чи Чиңшүң Тазабек Пұсырманұлын қазақтың Ресейге қарсы көтерілісінің қолбасшысы деп бағалады [36, 320-б.]. Қазақ тарихшысы Н.Мұқаметқанұлы: „Тазабектің Қытай шекарасын асып, Іле аймағына ауып баруы… Ресей отаршылдарына қарсылық көрсету тұрғысынан жасалған қадам болып табылады“ [36, 133 б.], — деп оң бағасын берді.

Қазақ, қырғыздың Қытайға қашуының басты себебінің бірі жер тапшылығы болды [37, 319 п.].

Қытаймен шекаралас көшпелі халықтардың „санасында бодандықтан азат болсақ деген егемендік, тәуелсіздік туралы ойлар шарықтап жүр“, — деп жазды орыс шенеуніктерінің бірі. — Қашғарияда қытайларға қарсы бүлік кезінде көшпелілер таудан түсіп, қашқарлықтарға тезірек берілуге асығады… Қырғыз, қазақтың орыс иелігінен Қытай шекарасына қарай өтіп кетуінің экономикалық себебі — екі жақтың салық жүйесінің әртүрлілігінде. Орыстар иелігіндегі көшпелі халықтар қазынаға, түземдік қызмет иелерінің жалақысына әр түтіннен 6 сомнан төлейді, қытайлық қазақ-қырғыздар болса, қазынаға ештеңе төлемейді, ал өнімнен салықты олар өте аз төлейді. Рулық құрамы, өмір салты бірдей және бірдей экономикалық жағдайда өмір сүріп отырған халықтың бірі қытайлық, бірі орыстық болғанына бола осыншама айырмашылықтың болуы Шығыс Түркістанмен шекарамыздың тыныштығын қамтамасыз ете алмайды» [38, 8 п.].

Қырғыздар мен Ұлы жүз қазақтарынан түтін салығын жинап алу орыс әкімшілігіне оңайға түспеді. Әр болыстың жері дұрыс бөлінбеді. Арлы-берлі көшудің салдарынан болыс басқарушылары қарамағында қанша түтін бар екенін дәл айта алмады, әкімшілік те тексере алмады. «Бұл, әсіресе, албан руында аса қиындық туғызып тұр, — деп көрсетті 1870 жылы орыс әкімшілігінің қызметкері. — Айлакер Тезектің пендешілік есебінің үстіне кейбір рулардың дұңғандарға көшіп кетуінен тексеру мүмкін емес, 1865 жылы осы себептерден жасақ салығын тексеру мүмкін болмады» [38, 1 п.].

Шығыс Түркістанда Жетішар мемлекетінің пайда болуы Орталық Азияда жаңа әкімшілік құрылыс жүйесін құруға әрекеттеніп жатқан патшалық Ресейді қатты мазасыздандырды. Ұйғыр-дұңған көтерілісінің азаттық жолындағы қозғалысы және Жетішар мемлекетінің нығая түсуі Шығыс Түркістандағы өндіріс тауарларын өткізетін кең нарықты жоғалтып алудан қауіптенді. Екінші шеті, тәуелсіздікке ұмтылған Түркістандағы түркі-мұсылман жұртының азаттық күресінің бір арнаға тоғысып, күш алып кету қаупі-де алаңдатпай қоймады. «Ағылшындар Орта Азия мен Түркияның байланысын барынша нығайта түсу „панисламизм“ ұғымы айналымға енгеннен бері шебер қолданып келеді. Мен осы насихатты бақылауды өзімнің борышым деп есептеймін, — деп жазды генерал-адьютант патшаға. — Ағылшын Г. Форсит және оның серіктерінен тұратын елшілігі қашғарлықтардың бізге қарсы қарулануға және біздің жаулап алу саясатымызға қарсы тұруға әзірленуге кеңес берді» [39, 1 п.].

1875 жылы Жақыпбек өзін түрік сұлтанының боданымын деп жариялап, Ресеймен арадағы мәселелерді-де, тіпті, өзі өлген соң мұрагер болатын мемлекеттің билеушісін-де таңдауды түрік сұлтаны шешеді деп мәлімдеді [20, 132 п.]. Cөйтіп, Жақыпбек өзін Түркия сұлтанына ғана бағыныштымын деп санаған. 1875 жылы орыстарға қарсы көмек сұрап келген Қоқан елшісі Киікбайға Жақыпбек өзінің түрік сұлтанының рұқсатынсыз ешқандай саяси іске араласпайтындығын айтқан [22, 44 п.].

Жақыпбек, орыс шенеуніктерінің байқауынша, қоқандық қырғыз-қыпшақтарға жанашырлық танытпай, Қоқан хандығындағы төңкерістерге-де көзқарасын білдірмей, өзін сабырлы ұстаған. Қоқан ханы Құдияр хан Жақыпбектен гөрі Кауфманмен ымыраласып, Қашқардан келген хаттарды Кауфманға табыс етіп отырған.

Қоқан хандығындағы көтерілістерге Тоқмақ, Әулиеата уездерінің қазақ, қырғыздарының қатысы туралы Түркістан генерал-губернаторы 1874 жылы: «Хандықтағы жиі болып тұратын толқулар біздің қазақтар мен қырғыздарға да әсер етеді. …Олардың көбінің Қоқанда туыстары, таныстары бар, жиі араласып тұрады, хандықта 2 жыл бойы тәртіпсіздік тоқтар емес, ал біздің қазақтар мен қырғыздар болса, ылғи да бір әбігерлік көңіл-күйде жүр. Көрші хандықтағы туыстарының табысы мен сәтсіздіктерін олар назар сала қадағалап қана қоймай, өздері-де көтерілістерге араласып кетеді [40, 154–155 пп.] — деп көрсетті.

Қоқан хандығындағы 1873 жылы Әндіжан қырғызы Мамыр Мергенұлы бастаған көтерілісшілер Тоқмақ уезінің Тоғызтарау деген шатқалына келіп, алыс-жақындағы қазақ, қырғызды өздеріне қосылуға үндейді. М.Мергенұлы, ақыры Қашқарға өтіп, сол жақта Әндіжанды басып алуға даярлық жасауды ойластырады. Бірақ бұл ойларын жүзеге асыра алмай, қайтадан Тоқмақ уезінің жеріне өткенде, осы уездің Қапқа деген жерінде ұсталып, қазақ жеріне — Лепсіге жер аударылып, мұндағы қазақтарды да көтеріп жібермеу үшін қатаң бақылауға алынады [40, 155 п.]. Мамырды Шабдан Жантаев та қолдап, ақыл-кеңесін аямаған.

Ал Құрама уезінің қырғызы Момын Шамурзакұлы Шатқалға 1867 жылы көшіп келеді. 1874 жылы оған Мұсылманқұл және хан тағынан үміткер Сейітболат жолығып, Құдиярға қарсы көтеріліске қосылуға шақырады. Шатқалға 10 мың адам жиналады. Алабұқа шатқалына, қырғыздың қытай руы қонған жерге жиналып, осы жерден шабуылдар ұйымдастырады. Төреқорған түбінде Құдияр хан әскері қолынан Мұсылманқұл қаза тауып, Сейітболат қашып құтылып, ал Момын қайта Шатқалға келеді [40, 156-п.]. Шатқалдағы Момынға қазақ, қырғыздар орыс өкіметінен жасырын қолдарынан келгенше көмек берді [15, 100-п.].

Әулиеата уездік бастығы Момынды ұстап алу үшін, Ақмолда Байзақұлы бастаған бірнеше қазақ, қырғыз болыс басшыларын, атап айтқанда, Бүркітбай Биназарұлын, Айтымбет Тұтұлын, болыстыққа кандидат Райымбек Сарымсақұлын және тағы басқаларды Момынды көндіріп қайту үшін елшілікке жібереді. Олар Момынның қасында халықтың көптігін және Момынды ұрыссыз ұстап алу мүмкін еместігін жеткізеді.

Бұдан соң, Момынға тағы да қазақ, қырғыз ықпалды кісілерімен бірге орыс әскерлері қоса жіберіліп, ақыры 1874 жылы 24 тамызда Момын ұсталып, Әулиеата түрмесіне отырғызылады. Болатсейіт хан Қоқан шекарасына өтіп кетеді [40, 158–159 пп.]. 1873–1874 жылдардағы Қоқан хандығындағы көтерілістер тек ханға қарсы әлеуметтік-экономикалық сипат алған жоқ, сонымен бірге орыс жаулап алушылығына да қарсы бағытталды. Құдияр ханның орыс билік орындарына сүйеніп, халықтан шариғатта көрсетілмеген алым-салықтан жинап алған 140000 күміс, ақшасын мемлекеттік банкке салдыртқан Кауфман 1875 жылы 12 тамызда Құдиярды үй-іші, жақындарымен Орынборға жөнелтуге бұйрық береді. Оны тұтқыннан қазақтың Әзберген биі құтқарып жібереді. Қазақ, қырғыздың саяси өмірінде өзіндік орны бар Құдияр хан 50 жасында Ауғанстан жерінде көз жұмып, сүйегі сонда қалады.

Орыс билік орындары қызметкерлерінің өз мақсаттарына жеткенше екі жүзділікпен әрекет етуі, айтқан уәделерінде тұрмауы халықтың оларға деген сенімін жоғалтып, қарсыласуына мәжбүр етті. Қырғыздың Абдылдабек батырының М. Д. Скоблевке жазған хатындағы мына бір сөздері көп жайдан хабардар етеді: " Құдайға және оның пайғамбарына сенген біз осы мезгілге дейін сіздерге қарсылық көрсетіп келеміз. Бұл іс сіз тарабыңыздан шартты бұзғандық үшін жасалып отыр. Мысалы, Насириддинге Қоқан хандығын беріп қойғандарыңызбен, оны алдап, қайтадан Сібірге жөнелтіп жібердіңіздер. Ал енді, Сіз, генерал Скоблев, Әбдірахман автабашыны және бірнеше біздің билерді Қоқанға отырғызамын деп құр уәделермен қолға түсіріп алғаннан кейін тура осындай жолменен Сібірге жөнелттіңіз. Міне, осылардың бәрі біз үшін қорқынышты және сенімсіздікті тудырды. Сондықтан исламды тұтқан бірнеше адам сіздерге қатты қарсылық көрсетуге бел байладық.

Сіз өзіңіздің үлкен жеңілмес әскеріңізбен мақтанасыз. Ал енді біз кішкене адамдармыз, сондықтан құдайға сиынып, шүкіршілік қана қыламыз. Мүмкін көктегі жаратқан бізге-де райым қылар. Егер берген уәдеңізді нақты атқарсаңыз, біз-де сіздің ұсыныстарыңызға мақұл дер едік. Бірақ жоғарғы себептермен біз енді қасық қанымыз қалғанынша сіздерге қарсы күресе береміз. Біз көшпендіміз, сондықтан бізге ешқандай мүліктің керегі жоқ, құдайдың берген дәм-тұзына разымыз» [41, 154 п.].

Міне, осындай себептермен Қоқанның билеушісі Құдиярдың ұлы Насириддин хан да «ғазауат» жариялауға мәжбүр болады. Насириддиннің үндеухатының бірінде Әндіжанда, Бұқара, Құрама, Шымкент, Әулиеатадан өкілдер келіп, қоқандықтарға жәрдем беруге уәде бергені, тіпті, Шу өңірінің қазақтары мен қырғыздың солто, сарыбағыш рулары өздерінің атынан Қожа датқаның басқаруымен орыстарға қарсы қарулы қол аттандырғаны айтылады.

Ғазауат ұранының соңы азаттық іздеген елдердің көтерілісіне ұласып кетуінен қауіптенген орыс билік орындары Жетісу, Сырдария, Ферғана, Самарқан облыстарынының уезд басшыларына жергілікті халықтың бас көтеруіне қалайда жол бермеуге нұсқаулар беріп жатты. Алайда Түркістан-генерал-губернаторыК. П. Кауфман мұсылмандардың толқулары Қоқан хандығын ғана емес, Түркістанның бір қатар аймақтарында белең алғандығын көрсетті [42, 139 п.].

«Қырғыз, қазақтың орыс иелігінен Қытай шекарасына қарай өтіп кетуінің экономикалық себебі — екі жақтың салық жүйесінің әртүрлілігінде. Орыстар иелігіндегі көшпелі халықтар қазынаға, түземдік қызмет иелерінің жалақысына әр түтіннен 6 сомнан төлейді, қытайлық қазақ-қырғыздар болса, қазынаға ештеңе төлемейді, ал өнімнен салықты олар өте аз төлейді. Рулық құрамы, өмір салты бірдей және бірдей экономикалық жағдайда өмір сүріп отырған халықтың бірі қытайлық, бірі орыстық болғанына бола осыншама айырмашылықтың болуы Шығыс Түркістанмен шекарамыздың тыныштығын қамтамасыз ете алмайды» [38, 8 п.], — деп жазды орыс шенеуніктерінің бірі.

Расында қазақ, қырғыздың азаттық жолындағы күресі тоқтамады. 1875 жылы Қашқардағы Жақыпбек әскерінің қатарына Сыздық төре Кенесарыұлы келіп қосылады [22, 21 п.]. Тарихшы В. И. Петровтің Сыздық төрені «Пайғамбардың сенімді әскерінен гөрі ландскнехтке (орта ғасырдағы жалдамалы әскерге) ұқсайды» деуі сын көтермейді. Бұл қазақ, қырғыз батырлары мен билерінің, төрелері мен манаптарының қоғамдық-саяси қызметін бұрмалау болып табылады.

Сыздық төре Кенесарыұлы Қоқан, Хиуа, Бұхара әскерлерімен бірге орыс жаулаушылығына қарсы күресті. Өзбек тарихшысы Х.Зиевтің Сыздық Кенесарыұлы кейінгі азаттық күрестерге түркі-мұсылман жұртымен бірге түгел қатысты деп баға беруі [43, 140 б.] бүгінгі тарих ғылымы тұрғысынан алғанда, орынды айтылған пікір болып табылады.

Сыздық төре Кенесарыұлының Жақыпбек Бадаулет мемлекетіндегі қызметі-де ұлт-азаттық күрес тұрғысынан бағасын алуы тиіс. Сыздық төреге Жақыпбектің жергілікті әкімшілік қызметінде Ташкенттің бұрынғы хәкімі Мырзахмет паруанашыдан кейін екінші орын беріледі [22, 43 п.]. Сыздық төре 1877 жылы маусымда Жақыпбек өлгеннен кейін оның үлкен ұлы Бекқұлибек жағында Қытай әскерлерімен соғысып, қолына оқ тиіп, жарақат та алады. Алдыраж датқа болса, 1877 жылы Хакімхан төремен бірге қол жиып, Сарықол деген жерде Қытай әскерлерімен соғыс барысында шейіт болады [19, 47 б.].

«Мен орыс патшасына қарсы қаншама жыл соғыстым, орыстардан қашып, талай елге бардым. … Маған тыныш отыратын қауіпсіз жер табылатын түрі жоқ. Сондықтан амалсыз орыс қоластына баруым ғана қалды. Ұсынған мойынды қылыш шаппайды» деп, Сыздық төре Бекқұлибекпен бірге қырғыздың жеріне, Ошқа өтіп, сол жерден орыстардың қоластына өтетінін мәлімдейді. Бекқұлибек әкесі Жақыпбектің туылған жері Пскентте тұруды, ал Сыздық төре Шымкент жақтағы өзінің бауыры — Ахмет төренің қасына баруды қалайды.

Қазақ, қырғыздың шынайы пейіліне бөленіп, қолдауына ие болған дұңған көтерілісшілерінің басшысы Биянху да 1878 жылы қырғыз жеріне өтіп, 1880 жылға дейін Пішпекте тұрып, сонда көз жұмды.

Жақыпбек мемлекеті құлағаннан кейін орыс бодандығына көнбей, талай жыл тағдырдың тауқыметін тартқан Осман манап сияқты қырғыздар да туған жеріне оралды.

Түркістандықтардың Жақыпбек мемлекеті арқылы отарлық күйден арылуға қол жеткізсек деген үміті, ақталмады. Бірақ түркістандықтардың әлі-де тәуелсіздікті қалпына келтірсек деген үміттерін жоғалтпады және бір-біріне қиын-қыстау күндерде қол үшін беруді-де ұмытпады. Мысалы, 1993 жылы сарыбағыш руының қырғыздары Қытайдан қашқан қазақтың қызай руының 103 түтініне өз болыстары жерлерінен жер беріп, пана бола білген. Бұл жайды біліп қойған орыс әкімшілік орындары 1898 жылы қызайларды ұстап алып, Қапал уезіне көшіріп, олардан қалған жерді орыс қоныстанушыларына беруді ұйғарады. Қырғыздардың өздері жер тапшылығын көріп, қиналып жатса да қазақтарға қиын кезде қиып берген жерін орыс қоныстанушыларына бергілері келмей, қарсылық көрсетуіне орай Пішпек уезінің бастығы Талызин: «Сарыбағыштардың орыстардың қоныстануына қарсылық жасайтындай заңды негізі жоқ" [44, 2 п.], — деп жазды.

Отарлық билік орындары қырғыз бен қазақтың бірге қоныстануы түгіл қазақтардың өз туыстарын паналатуына қарсы болды [37, 303 п.]. Мұның астарында қазақтар мен қырғыздардың бірлесе отаршылдыққа қарсы күресуін болдырмау саясаты жатты. 1898 жылы қазақ, қырғыздардың басқа мемлекеттен келген қандастарын өз ауылдарында паналатуына патша өкіметі тарапынан қатаң тиым салынды [37, 304 п.].

Патша өкіметінің отарлау саясатының нәтижесінде 80–90 жылдардағы стихиялы халықтық толқулардың соңы Ферғанадағы 1898 жылғы көтеріліске ұласты. Ол тарихи әдебиетте «Әндіжан көтерілісі» деп те аталады [45, 207 б.]. Көтеріліс басында танымал суфилік шейх Дукчи Ишан тұрды. Қоқанның соңғы жылдарындағы тарихы мемлекеттің саяси істеріне суфилік ишандардың белсенді түрде араласқандығымен сипатталады.

Әндіжан көтерілісі патша өкіметінің отаршыл саясатына қарсы бағытталды. Көтеріліс жалыны тек Әндіжанды ғана емес, бүкіл Ферғана облысын шарпыды. Көтерілісшілердің саны аз уақыттың ішінде 2000-нан асты. Олардың батыл қимыл-әрекеттері туралы, ақпараттар тез тарап, көтерілістің дүмпуі Жетісу, Сырдария облыстарындағы қазақ, қырғыздарға да жетіп, жергілікті халықтың толқуын тудырмай қоймады.

«Әндіжан көтерілісіне тек өзбектер ғана емес, қырғыздар, тәжіктер және тағы басқа ұлттар қатысты» [46, 43 б.], — деп көрсетті қырғыз тарихшысы К. У. Усенбаев.

Ферғана облысындағы Ош уезіне қарасты қырғыз ауылдарының көтерілісшілерін Омарбек Әлімұлы (Алымуулу, Алимов) басқарып, Кетментөбедегі қырғыз көтерілісшілерінің басында 70 жастағы Шадыбек Шерғазыұлы тұрды. Бірақ көтеріліс күшпен басылып, жетекшілері Намангандағы түрмелерге отырғызылды.

Алайда көтеріліске шақырушылар Жетісу, Сырдария облыстарына да жетіп үлгерді. Пішпек уезінің қырғыз, қазақтарына Әндіжан оқиғасын, мыңтөбелік имамның орыс солдаттарына шабуылы жөнінде осында келген имамның көмекшісі, халфе Марқұл сопы айтқан. Оны халық жылы қарсы алған. Сусамыр болысының биі Шолақ Құрманқожаұлының ауылы оған, ақбоз атты тартулап, құрметтеп шығарып салған. Бұл хабарды естіген патша жандаралдары Шолақ Құрманқожаұлы Әндіжанмен тұрақты байланыста болды, онымен бірге Тоқболат Алыбаев, Райымбек Қалчин және басқалар ғазауатқа қатысты деген жалаға жабылды [47, 1–19 пп.].

Пржевальск уезінің Күнгей — Ақсу болысының бір топ қырғыздары 1898 жылы болыс жиынына келіп, өздерінің уезд бастығы түгіл, патшаның өзін-де мойындағылары келмейтінін және Сазоновка селосындағыларды қырып, Әндіжандағыдай көтеріліс жасайтындықтарын мәлімдейді [48, 2 п.]. Орыс шаруалары мұны естіп, қатты қобалжиды, дереу 15 адамдық түнгі күзет қояды.

Пішпек уезінің Георгиевка селосының шаруалары да Қалғұты болысының қазақтары бүлік шығаруды ойластырып жатыр деп шағымданған [49, 2 п.]. Ал Бошық деген қазақ орыс шаруаларына бүлік шығару туралы келісім имамның қатысуымен болған жиында жасалғанын айтқан.

Верный қаласындағы Каменск мешітінің молдасы Абдулла Абдығапаров та 19 маусымда мешітке жиналғандарға отаршыл басқару жүйесіне қарсы тұруға, балаларды орысша мектепке бермеуге, орыс үкіметіне қызмет етпеуге, ондай қызметтегілерді өзін мұсылманмын деп есептейтіндер жек көріп, олармен алыс-беріс жасамауға үгіттейді [50, 1 п.]. Тура осындай үгіт-насихатты Әулиеата уезі қазақ, қырғыздарының арасында самарқандық молда Тұрат Даубаев, черкестік молда Малдиханов, ишан Әбдіжалил Тұрдықұлов жүргізген [51, 1–6 пп.].

Сырдария облыстық әскери губернаторы 1899 жылы 6 сәуірде Әндіжан көтерілісінен кейін ишан, молда және басқа діни адамдардың қазақ, қырғыз арасында беделінің аса жоғары өскенін, намазға жығылып, ораза тұтушылар да көбейіп кеткенін, мұның бәрі Әндіжан, Наманган уезінен келетін мұсылман діні өкілдерінің орыс қоныстанушыларына деген қызғаныш пен өшпенділікті тудырып, тағы да көтеріліс болатыны және оның Әндіжандағыдан да ауқымды, әрі табысты болатыны жөнінде сөз таратуынан болып отырғандығын көрсетеді [51, 11 п.].

1898 жылы Жетісу облысының Верный уезінің қазақтары өздерінің жалданып істеген жұмыстары үшін төлемақылырын бермейтін болса, казак орыстарды астық оратын кез келгенде, ақысыз кетсе-де, бүлік шығарып, кектерін қайтаратындықтарын айтса, қоныс аударушылармен суға таласып қалған Пішпек уезінің қырғыздары да өздерінің егін орағы басталар кезде бүлік шығарып, олармен есеп айрылысатындықтарын мәлімдеген [52, 2–3 п.].

Үлкен бір көтерілістің болатындығы туралы мәлімет басқа да жерлерде тіркелген.

Пржевальск уезіне іргелес Қарқара қазақтары да ғазауатқа қатысуға ниет танытқан. Жаркент уезінің бүкіл болыс билеушілері және құрметті азаматтары 1898 жылы маусымда бас қосып, астық піскен уақытта көтеріліске шығып, поселкелерге шабуылдауға келісім жасағанын естіген уезд басшылары Қарқараға дереу 1 казак жүздігін әкелуді және күдіктілерді ұстап, жазалауды ұсынады [53, 1 п.].

Орыс поселкелеріне күзде шабуыл жасау туралы келісімге Жаркент уезінің барлық болыс билеушілері қол қойған. Олардың арасында Текес болысының басқарушысы Жаманке Мамбетов те болған. Кейін тергеуге алынған Ж.Мамбетовтің айтуына қарағанда, маусым айында Айт болысының басқарушысы Тұрқожа Жансеркеұлы, Қоңырбөрік болысының басқарушысы Жаңғұт Tөлегенов, тұзкөлдік Мүлкібай Әбдірашев, кегендік Байымбет Бұржин, баянкөлдік Жаңғаш Есенғұлов, құрамалдық Базылбай Беков және құлынтайлық Жарқымбек Байбутин және т.б. албан руы болыстарының, беделді азаматтарының тапсыруымен Кеген болысының қазақтары Таубалды Нұрайымов және Үмбетжан Өстеміров Ж.Мамбетовке келіп, Қарқарада болатын жиынға шақырып, сонда қабылданатын үндеуге мөрін қоюды өтінеді. Елді қасиетті соғысқа шақыратын үндеуге қол қоюдан Ж.Мамбетов өзінің алғашында бас тартқанын, келесі күні, ақмолалық қазақтар Ахмет Байчурин мен Жауғаш Есенғұлов келіп, қол қоюын тағы өтінеді. Бұл жолы Ж.Мамбетов келісіп, мөрін басып береді. Тергеу барысында Ж.Мамбетов мөр қойылған қағаздың кімде екенін және өзінен басқа кімдер қол қойғанын білмейтінін айтады [53, 3–9 пп.].

1998 жылы бірлесіп көтеріліс жасау мақсатында Маляншин бастаған дұңғандар Шабдан Жантаев қарамағындағы қырғыздармен жиі қарым-қатынас жасайды. Дұңғандар 800 сом, ақша жинап, Маляншинге берген, ал Маляншин Қарақоңыздан шығып, қырғыз болыстарына кеткен. Маляншин қайтып оралған соң, Лю-ши-дан деген дұңғанға қанжарларды көптеп жасауға тапсырыс береді [54, 1–3 пп.].

Шымкент және Әулиеата уездерінің қазақ, қырғыздары арасында да ғазауатқа шақырған үндеухаттар таралған. Сондай ғазауатқа шақырған үндеухаттың бірі шымкенттік және әулиеаталық тұрғындар — Арыстанбек Тілеуге, Жанұзақ суфи Бажановқа және Әлиқожа ишанға Ауғанстанның билеушісінің ұлы Хабибулла сұлтан Әбдірахманхановтың атынан келген. Хат мазмұнына қарағанда, аталған кісілер Ахмет Илгунов деген жас жігіттен Хабибуллаға сәлемдеме айтқан. Оған жауап ретінде Хабибулла сұлтан Молда Тұран бастаған 4 кісіден мылтық, қылыш беріп жіберіп, ғазауат үшін елге таратып беруін өтінген. Ескі Шақпақ елді мекенінің тұрғындарына біреулер 1000-дай мылтық әкелгені, оның ел арасында таратылғаны жөнінде М.Қалқабаев деген кісі хабарлаған [55, 9–10 пп.].

«Казак орыстарға енді қарулы дала бұзақыларымен ұстасуға тура келді» [56, 15 п.], — деп жазды 1898 жылы орыс шенеунігі Плахов. Қос ауыз мылтық (берданка)сол тұста Жаркент, Зайсан дүкендерінде еркін саудада болған және өте арзан бағаға сатылған.

1898 жылы жергілікті түркі-мұсылман халықтарының өкілдеріне қару алып жүруге тиым салынды. Отарлық билік орындары жергілікті халық қаруды Шығыс Түркістаннан алуы мүмкін деп қауіптенді [56, 15 п.].

Түркістан генерал-губернаторы мәліметіне қарағанда, 1898 жылы Жетісу облысының қазақ, қырғыздарының көбінің қолында мылтық болған. Осыған байланысты Ферғана облысының әскери губернаторы Жетісудың қарулы қазақ, қырғызын Ферғана облысы аумағына өтуге тиым салды, тек қару алып жүруге әкімшіліктен арнайы рұқсат қағазы бар сенімді адамдар ғана шекарадан өтеді деп мәлімдеді [56, 1 п.].

1898 жылы наурызда саяси сенімсіз деп табылған бір топ қырғыздар Лепсі уезінің Сергиополь станицасына, Қапал уезіне 5 жылға жер аударылды. Жер аударылған қырғыздарға Қытай аумағына яғни Шығыс Түркістанға өтуге әрекет қылды деген кінә тағылды [57, 20–21 пп.].

1899 жылы 6 сәуірде Сырдария облысының әскери губернаторы Әулиеата уезінің тұрғындары 1898 жылы көтеріліске байланысты қоныс аударушылармен жер, су, үшін жиі дауласқаны жөнінде орталық билік орындарына арнайы мәлімдеме түсірді. Сондай-ақ ол мәлімдемеде Сырдария және Жетісу облыстарындағы жергілікті тұрғындардың Шығыс Түркістандағы бауырлас халықтармен байланыс орнатуға талпынып отырғандығы хабарланды [58, 1- 14 пп.].

Әндіжан көтерілісіне қатысқан 500-ден аса адам Сібірге айдалды, олардың 257-сі қырғыздар еді [59, 98 б.]. Олардың арасында қырғыздың жалынды, ақыны Тоқтағұл да болды. Патша өкіметінің әкімшілік қызметкерлері Әндіжаннан шеткері жатқан қазақ, қырғыз, өзбек халықтарының бас көтерер азаматтарын саяси сенімсіз деп қуғын-сүргінге салды. Жетісу облысының Пржевальск уезінің 90-нан аса тұрғыны көтеріліске тілектес болды деген желеумен ұсталып, Әндіжанның түрмелеріне жабылды [60, 58 п.].

Әндіжан көтерілісінен кейін де Түркістан халықтары азаттық жолындағы күресін тоқтатпады. Жаңа ғасырдың — ХХ ғасырдың табалдырығын қатарласа аттаған бауырлас халықтардың алдында азаттықтың ұзақ та азапты жолдары тұрды.

Пайдаланған әдебиеттер:
1. Куропаткин А.Н., Кашгария. Историко-географический очерк страны ее военные силы, промышленность и торговля. Санкт-Петербург, 1879, сс. 132–156.
2. Солтоноев Б. Кызыл кыргыз тарыхы: 2 к. Бишкек: Учкун, 1993, 1 к., 208 б.; 2 к., 224 б.
3. О кульджинских делах // Туркестанские ведомости. № 48. 27 декабря 1871 г.
4. Мухаммад Юнус Тоиб. Тарихи Алимкули Амирлашкар // Шарқ юлдузи. № 1. 1996, 224 б.
5. Аристов Н. О Кульдже // Туркестанские ведомости. 15 мая 1871 г.
6. Аристов Н. Отношения наши к дунганам, Кашгару и Кульдже // Материалы для статистики Туркестанского края: в ІҮ ч. Ч. ІІІ. сс. 170–181
7. Орталық мемлекеттік мұрағаты (ОММ). 44-қор, 1-тіз., 38257-іс, 511-п.
8.Колпаковский Г. А. Воспоминания Валиханова Ч.Ч. // Собр. соч.: Т. 5. Алма-Ата, 1985, сс.171–173
9. Джамгерчинов Б. Очерк политической истории Киргизии ХІХ века. Фрунзе: Илим, 1966, 189 с.
10. Арыстанбек. Ырлар / Түз. Б.Кебекова. Бишкек: КЭ Башкы ред., 1994, 180 б.
11. ОММ. 825-қор, 1-тіз., 8-іс, 25-п.
12. Өзбекстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағаты (ӨРОММ). 715-қор, 1-тіз., 36-іс, 437-п.
13. ӨРОММ. 715-қор, 1-тіз., 37-іс, 356-п.
14. Қырғыз Республикасы Ұлттық ғылым академиясының қолжазбалар қоры (ҚырР ҰҒАҚҚ). № Инв.116 (319). 112 б.
15.Қырғыз Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағаты (ҚырРОММ). И-75-қор, 1-тіз., 53-іс, 111-п.
16.ӨРОММ. 715-қор, 1-тіз., 34-іс, 340-п.
17.Исиев Д. А. Уйгурское государство Йеттишар (1864 — 1877). Москва: Наука, 1981, 91 с.
18.Мифтоков К. Жакыпбек (Бадаулет) // ҚырРҰҒАҚҚ. Инв. № 20 (213). 48 б.
19.Халид Қ. Тауарих хамса. Қазан: Өрнек, 1910, 798 б.; Қайта басылымы: Алматы: Қазақстан, 1992, 304 б.
20.ӨРОММ. 715-қор, 1-тіз., 62-іс, 124-п.
21.ОММ. 825-қор, 1-тіз., 37-іс, 3-п.
22.ОММ. 21-қор, 1-тіз., 162-іс, 22-п.
23.Сборник статьей, касающихся Туркестанского края А. П. Хорошхина. ¬¬-СПб., Тип. А. Траншеля, 1876, 531 с.
24.Кузнецов В. С. Цинская империя на рубежах Центральной Азии. Новосибирск: Издательство «Наука» Сибирское отделение, 1983, 124 с.
25.Путешествие в Туркестан А. П. Федченко, совершенной от имп. Общества, любителей естествознания. Т.І, Ч. ІІ. Санкт-Петербург, 1875, 160 с.
26. ОММ, 44-қор, 1-тіз., 29185-іс, 39-п.
27.Галиев В. З. Караванные тропы (Из истории общественной жизни Казахстана ХҮІІ — ХІХ веков). Алматы: Атамұра, 1994, 123 с.
28.Терентьев М. А. История завоевания Средней Азии: Т. ІІІ. Санкт-Петербург, Типо-литографияВ. В. Комарова, 1912, 312 с.
29.Кыргыздар: Т.1–5. Бишкек: Кыргызстан-Сорос фондусу, 1993
30. ОММ. 825-қор, 1-тіз., 32-іс, 11-п.
31.Перечень событий на Сыр-Дарьинской линии, со времени ея учреждения по 1860 г. // Русский Туркестан / под ред. В. Н. Троцкого. Санкт-Петербург, 1877, Вып.3. 246 с.
32.Макшеев А. И. Исторический обзор Туркестана и наступательного движения в него русских. Санкт-Петербург, 1890, 380 с.
33.Петров В. И. Мятежное «сердце» Азии: Синьцзянь: краткая история народных движений и воспоминания. Москва: Крофт, 2003, 528 с.
34.Қауғабаев Т. Тазабек батыр // Парасат. № 6. 1995, 10 б.
35.Жансүгіров І. Жетісу. 1730 — 1916. Алматы: Ценные бумаги, 2001, 180 б.
36.Мұхаметқанұлы Н. Қытайдағы қазақтардың қоғамдық тарихы (1860–1920). Алматы: Қазақпарат, 2000, 336 б.
37.ОММ. 64-қор, 5091-іс, 462-п.
38.ОММ. 825-қор, 1-тіз., 57-іс, 42-п.
39.ОММ. 825-қор, 1-тіз., 36-іс, 3-л.
40.ӨРОММ. 715-қор, 1-тіз., 61-іс, 348-п.
41.Ресей мемлекеттік әскери тарих мұрағаты. 1396-қор, 2-тіз., 97-іс, 5-п.
42. ӨРОММ, 1-қор, 34-тіз., 346-іс, 216-п.
43.Зиеев Х. Туркистонда Россия тажовузи ва хукмронлигига қарши кураш (ХҮІІІ — ХХ аср бошлари). Ташкент: Шарқ, 1998, 478 б.
44. ОММ, 44-қор, 1-тіз., 21538-іс, 141-п.
45.Северцов Н. Путешествие по Туркестанскому краю и исследования горной страны Тянь-Шаня. Санкт-Петербург, 1873, 416 с.
46.Усенбаев К. Об участии киргизов в Андижанском восстании 1898 г. // История и историография национально-освободительных дижений второй половины ХІХ ¬- начала ХХ в. в Средней Азии и Казахстане: итоги, поиски, перспективы изучения. Ташкент: Фан, 1989, 134 с.
47.ОММ. 64-қор, 1- тіз., 5553-іс, 47-п.
48.ОММ. 64-қор, 1-тіз., 5550-іс, 27-п.
49.ОММ. 64-қор, 1-тіз., 3556-іс, 85-п.
50. ОММ. 64-қор, 1-тіз., 5558-іс, 23 п.
51. РФММ. 124-қор, 8-тіз., 252-іс, 98-п.
52. РФММ. 124-қор, 8-тіз., 251-іс, 186-п.
53. ОММ. 64-қор, 1-тіз., 5552-іс, 40-п.
54.ОММ. 64-қор, 9-тіз., 5151-іс, 3-п.
55.РФММ. 124-қор, 9-тіз., 273-іс, 621-п.
56. ОММ. 64-қор, 1-тіз., 5149-іс, 25-п.
57. ОММ. 64-қор, 1-тіз., 2081-іс, 152-п.
58. ӨРОММ. И-1-қор, 31-тіз., 100-іс, 82-п.
59.Чоротегин Т. К., Молдакасымов К. Кыргыздардын жана Кыргызстандын кыскача тарыхы. Байыргы замандан тартып бүгүнкү күнгө чейин. Бишкек: Мектеп, 2000, 160 б.
60. ОММ. 44-қор, 1-тіз., 7318-іс, 112-п.

Айткүл Махаева, Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің доценті, тарих ғылымдарының докторы
Сәулебек Рүстемов, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бөлім меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?