Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
12784
Түрік қағанаты кезеңі  - e-history.kz

Екінші Түрік қағанаты кезеңі және оның атақты билеушілері (683—745). 

Бірақ Батыс Түрік қағанаты құлағанымен, Шығыс түріктері Қытай билігін мойындамай тәуелсіздік үшін күрестерін жалғастыра берді. 679—689 жылдары Шығыс түріктері Қытаймен күресте өздерінің тәуелсіздігіне қол жеткізді. Шығыс түріктері қағаны Елтеріс—Құтлық қаған, көмекшісі, кеңесшісі Тоныкөк кезінде Екінші Түрік қағанатын қайта құрды. Екінші Түрік қағанатын құрушыларды «түркі-қыпшақ» деп атады. Сол кездегі ескерткіштегі жазуда «түркі-қыпшақ елу жыл биледі» дейді. Екінші Шығыс Түрік қағанаты және оның негізін салған Тоныкөк жайындағы деректі Тақ әулеті шежіресінен, Тоныкөк құрметіне қойылған ескерткіштегі тас жазудан оқуға болады. Онда 646 жылы дүниеге келген, шыққан тегі теле бірлестігіне қарайды делінеді. Тоныкөк жас кезінде Қытайда оқыған көрінеді, ол Шығыс Түрік қағанатының үш бірдей ханына уәзір болды.

Күлтегін (686—731) — Екінші Түрік қағанатын құрушы Елтеріс-Құтлық қағанның ұлы. Екінші Түрік қағанатын құруға атсалысқан қолбасшылардың бірі. Ол 16 жасында, демек, 702 жылы Тақ империясының 50 мың қолын талқандап, әскербасын тұтқынға алады. 706 ж. ағасы Білге қағанмен түріктердің қолын бастап, Хуанхэден өтіп, астана аймағына қауіп төндіреді. Жазудың көркемдік нақышына қарап, оның өз заманының атақты шебер хатшысы болғандығын көруге болады. Көк түріктер тарихы Қытайдың Тақ династиялары тарихымен саяси, мәдени тығыз байланысты. Түрік қағандарының рөліне, тұлғалық қасиеттеріне баға бергенде, олардың Түрік мемлекетін сақтап қалу жолында Қытай басқыншылығына қарсы күресі мен мәмілегерлік дарыны жоғары бағаланады.

Ежелгі түркі билеушілері бұрынғы Батыс Түрік қағанатының жерлерін қайта біріктіру үшін күресті. Мемлекеттің орталығы — Ханғай таулары. Батыс шекарасы Алтай тауларымен шектесті. 691 жылы белді қолбасшы Елтеріс өлгеннен кейін Қапаған қаған кезінде әскери-саяси құдіреті күшейіп, кемеліне жетеді. Солтүстік Қытай, Қидандар, Енисей қырғыздарын бағындыру (709—710), түркештерді жеңу Қапағанды Орталық Азияның қожасы етті. Алдында қидан елін, Енисей қырғыздарын басып алғаннан кейін Шығыс Түрік қағанаты, 711 жылғы Инел қаған мен оның бас қолбасшысы Тоныкөктің тұсында түркештерді өзіне қаратты. Бұдан соң, 716 жылы Білге қағанның тұсында түріктер қытай әскерлеріне үлкен соққы берді. Қапағаннан кейін ел билеген Білге, Күлтегін (686—731) сияқты ағайынды қағандар Қытаймен соғыста тағы да жеңіске жетіп, шекаралық сауда жақсы дамыды. 731 жылы Күлтегін қайтыс болды, 734 жылы Білге де у беріліп өлтіріледі. Білге қаған Күлтегіннің қайтыс болғанын ести салысымен, оған арнап ескерткіш құрылысын салуға Тақ императорынан көмек сұрады. Бұдан Күлтегін мен Білге қағандардың Түрік мемлекетін сақтап қалу үшін Тақ империясымен жақсы қарым-қатынаста болғандығын атқаруға болады. Тақ патшасы да Білге қағанды жерлеу рәсіміне ткөмектеседі.

Көк түріктер құрған Екінші түрік қағанатын 744—745 жылдары Орхон ұйғырлары мен қарлұқтар (тоғыз оғыз конфедерациясы) талқандады.

Қазіргі Моңғолиядағы Орхон өзені бойында ағайынды билеушілерге тас белгі қойылып, оған қағанаттың тарихы қашап жазылды. Күлтегін мен Білге қаған мәңгі тасындағы жазбаларды Иоллығ тегін жазды.

Күлтегін мен Білге қаған ескерткіштеріндегі жазбалар Екінші түрік қағанатының құрылу мен өрлеу кезеңіндегі қағанаттың Тақ империясымен болған қарым-қатынасынан хабардар етеді.

Әлем ғалымдарының 2,5 ғасыр жүргізген зерттеулері байырғы түрік кешендерінің қабір еместігін дәлелдеді. Байырғы түрік кешендерін моңғолдар Ұлылар орны деп атайды екен. Ол барлық түрік халықтары үшін киелі, аруақты орын деген мағына береді. Соңғы зерттеулер байырғы түркі кешендерінің тек қана тілдік тарихи мұра ғана емес, сонымен қатар дүниетанымдық және сәулет өнері ескерткіштері екендігін дәлелдеді.

Біріккен Түрік (Ұйғыр) қағанаты (745—840). Орталық Азия, Моңғол үстіртін мекендеп, саяси үстемдік жүргізген түркі текті екі үлкен тайпалық конфедерация болғаны белгілі. 1. Өздерін «түрік» деп атаған түркі тайпалары. 2. Тоғыз-оғұздар бірлестіктері. Ерте ортағасырда Орталық Азиядағы түркі текті оғұз тайпалары «тоғыз» санын қасиетті деп кие тұтқан. Сондықтан әрбір тайпалық одақ атауларына қосып атайтын дәстүр болған. Сондықтан бұл жерде тоғыз-оғұз этникалық атау емес, саяси атау болып табылады.

.

Қағанат екіге бөлінгенде телелер Шығыс түріктеріне қарады. Алғашқы Шығыс Түрік қағанаты ыдыраған соқ телелер одағын қыпшақтардың байырғы бабалары Сеянто биледі.

Бұл Сеянто ұлысы аса қуатты ел болып, Қытайға қауіп төндірді. Қыпшақтар аталық әулет (ашына) билеуші тайпаға айналды да, тоғыз-оғыздар аналық (ашидэ) әулет атанды. Қытай деректерінде: «Оғыздардың (қыт. Ойху) ата-бабалары Ғұндар Ордасының қызынан тарайды», — деген аңыз қалған. Ал қыпшақтар — байырғы түрік мәтіндерінде көрсетілгендей «Тәңір текті», «тәңірден жаратылған» ұрпақ, әулет. Бұл екі әулет арасында, бір жағынан, билік үшін күрес жүріп тұрды.

Біріккен Түрік қаганаты — тарихымызда айтылмай келе жатқан маңызды мәселелердің бірі. Екінші Түрік қағанатынан кейін өмірге келген, біршама ғалымдар «Ұйғыр қағанаты» деп атап жүрген мемлекеттік құрылым, шындығында, Түрік қағанатының жалғасы болатын. Тоғыз түркітілдес тайпаның бірігуінен құрылған тоғыз-оғыз конфедерациясын түркітанушы-ғалымдар Біріккен Түрік қағанаты (745—840) деп атауды ұсынды.

Жалғасы: Ортағасырлық Қазақстан