
2006 жылы Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдігінің қолдауымен БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде Семей аймағының құрбандарына арналған Еуропарламент депутаты Струан Стивенсонның «Мәңгілік қасірет» кітабы мен белгілі актриса Кимберли Джозеф фотокөрмесінің таныстырылымы өтті.
Бас Ассамблеяның 60-шы сессиясында қабылданған «Халықаралық ынтымақтастық және Қазақстанның Семей аймағы халқын, экологиясы және экономикасын сауықтыру масатындағы қызметтерді үйлестіру» қарарын бірауыздан қолдағандары үшін БҰҰ-ға мүше елдерге алғыс білдірген Қазақстан өкілдігін басшысы Ержан Қазыханов, шетелдік және халықаралық ұйымдардың, атап айтқанда, БҰҰ Даму бағдарламасының, USAID агенттігінің, Еурокомиссияның және Жапония, Ұлыбритания, Канада, Италия, Швейцария үкіметтерінің тікелей қатысуымен Семей аймағында жүзеге асырылып жатқан бірқатар жобаларға тоқталып өтті.
Еуропарламенттің шотландтық депутаты Струан Стивенсон Кеңес Одағы кезінде ядролық қаруды сынаудан зардап шеккендер туралы кітап жазып, сол үшін әлем қауымдастығының ілтипатына және 50 мың доллар сыйлыққа ие болған. Еуропарламент депутаты осы сыйақысын Семейдің онкологиялық емханасына аударғанын ҚазАқпарат бұдан бұрын хабарлаған болатын. Қазақстанда, оның ішінде Семей аймағында бірнеше рет болған С.Стивенсон мырзаға полигон проблемасына деген тұрақты қамқорлығы үшін «Семейдің құрметті азаматы» атағы берілген.