Астана қаласындағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Тарихшылардың ұлттық конгресі аясында «Тәуелсіздік бәрінен қымбат», «Адамзаттың Абайы», «Абай ғибраты» және «Ұлт тарихындағы тұлғалар» атты төрт кітаптың тұсаукесері өтті. Іс-шара университеттің оқу-әкімшілік ғимаратындағы «Күлтегін» атриумында ұйымдастырылды.
Жиынға мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері, тарихшы-ғалымдар, профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер қатысты. Тұсаукесер барысында отандық тарих ғылымының өзекті мәселелері, ұлттық тарихты зерттеу мен насихаттау бағытындағы жаңа еңбектердің маңызы туралы пікірлер айтылды.
Еске сала кетсек, Тарихшылардың ұлттық конгресі – Қазақстан тарихын кешенді зерттеу, тарихи сананы жаңғырту және отандық тарих ғылымының өзекті мәселелерін талқылау мақсатында құрылған ғылыми қауымдастық. Конгресс тарихшыларды, гуманитарлық ғылым өкілдерін, зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының ғалымдарын біріктіріп, ұлттық тарихқа қатысты зерттеулерді жүйелеуге, жаңа ғылыми еңбектерді жариялауға және тарихи мұраны кеңінен насихаттауға бағытталған жобаларды жүзеге асырып келеді.
Осы конгресс аясында жүзеге асырылып жатқан жобалардың бірі – «Тарихшылардың ұлттық конгресі кітапханасы» сериясы. Тұсаукесері өткен төрт кітап та осы серия шеңберінде жарық көрген.
Жиында таныстырылған алғашқы кітап – «Тәуелсіздік бәрінен қымбат». Бұл ғылыми-танымдық жинақ Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы аттас бағдарламалық мақаласында көтерілген идеялар негізінде дайындалған. Кітапқа соңғы жылдары мерзімді басылымдарда жарияланған мақалалар енгізіліп, тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуы, оның құндылықтары мен болашағы туралы ғылыми-публицистикалық ой-толғамдар топтастырылған.
Екінші кітап – «Ұлт тарихындағы тұлғалар». Бұл жинақта қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуы мен дамуына үлес қосқан тарихи тұлғалар туралы зерттеу мақалалары қамтылған. Онда қоғамдық-саяси қызметі мен ғылыми еңбектері арқылы ұлт тарихында елеулі із қалдырған қайраткерлердің өмірі мен қызметі туралы материалдар топтастырылған.
Сондай-ақ тұсаукесерде Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасына арналған екі кітап – «Адамзаттың Абайы» және «Абай ғибраты» таныстырылды. Бұл еңбектер ұлы ақынның 175 және 180 жылдық мерейтойлары аясында жарық көрген ғылыми және публицистикалық мақалаларды біріктіреді. Жинақтарға абайтанушы ғалымдардың зерттеулері, ақын-жазушылардың мақалалары, тарихи-деректі материалдар енгізілген.
Іс-шара барысында қатысушылар жаңа басылымдардың ұлттық тарихты зерделеу мен рухани мұраны танытудағы маңызына тоқталып, мұндай ғылыми еңбектердің жас зерттеушілер мен студенттер үшін де маңызды дереккөз болатынын атап өтті. Тұсаукесер соңында кітаптардың салтанатты таныстырылымы өтіп, естелік фотосуретке түсумен аяқталды.