Семейде зағип жандарға арналған кітапхана ашылды

Бөлісу

07.08.2025 997

Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған онкүндік өз деңгейінде өтіп жатыр. 


Онкүндіктің алтыншы күнінде Семей қаласында бірнеше ауқымды мәдени іс-шара өтіп, көру қабілеті шектеулі азаматтарға арналған арнайы кітапхананың жаңа ғимараты пайдалануға берілді.

Абай облысының орталығы – Семей қаласында ашылып отырған бұл кітапхана - ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған. Салтанатты ашылу рәсіміне Абай облысының әкімі Берік Уәли және зиялы қауым, сондай-ақ кітапхананың оқырмандары қатысты. Іс-шара барысында облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кітап оқуды насихаттау, ерекше қажеттілігі бар азаматтарды қолдау және инклюзивті қоғам қалыптастыру жөніндегі тапсырмаларын атап өтті.

«Мемлекет басшысы «Кітап пен кітапханасыз адамның жан-жақты дамуы мүмкін емес» деп айтқан болатын. Бұл – елімізде зағип және көру қабілеті нашар азаматтарға арналған алғашқы арнайы кітапхана. Осы жобаны жүзеге асырған «Самұрық-Қазына» компаниялар тобы мен «Кемелдік Қадам» қоғамдық қорына шынайы ризашылығымды білдіремін», – деді облыс әкімі Берік Уәли. 

Жаңа нысан жылына шамамен 15 мың адамға қызмет көрсете алады. Кітап қоры – 40 мың дана. Кітапханада 6 үйірме жұмыс істейді. Мұнда Брайль қарпіндегі және дыбыстық форматтағы кітаптар, цифрлық ресурстар, сондай-ақ көру мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған арнайы техникалық жабдықтар бар.

Кітапхана сонымен қатар, тифлотехнологиялар кабинетімен, цифрлық оқу залымен, библиография, әдебиеттерді толықтыру және өңдеу бөлімдерімен қамтамасыз етілген.

«Бұл – елімізде баламасы жоқ инклюзивті мәдени кеңістік. Жаңа кітапхана Сеченов көшесі, 1Е мекенжайында орналасқан және көру қабілеті шектеулі жандар үшін ақпарат алу, білім жетілдіру және шығармашылықпен айналысу мүмкіндіктерін ұсынатын маңызды орталық болмақ. Мекеме ұжымы алдағы уақытта ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін әдеби клубтар, шығармашылық кездесулер мен арнайы курстар өткізуді жоспарлап отыр», - делінген Абай облысы әкімінің баспасөз қызметі таратқан мәлімдемеде. 

Сонымен қатар «Өлең – сөздің патшасы» халықаралық мүшәйрасы өткенін атап өту керек. Мүшәйраға Қазақстанның әр өңірінен және Түркия, Моңғолия, Қырғызстан сияқты шет елдерден келген 80-ге жуық ақын қатысып, оның 8-і іріктеліп Абайға арналған жырларын ұсынды. 
на 80 ақын қатысты.

Жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен қомақты қаржылай сыйлықтары табысталды. Мүшәйраның бас жүлдесі жас ақын Ұмтыл Зарыққханға бұйырды. 

«Абай тойына арналған халықаралық жыр бәйгесінде бас жүлде бұйырып отыр. Бұл мүшәйраға қатысқан барлық ақынның туындылары Абай рухына тағзым, жүректен шыққан жыр-мінажаттар.Менің өлеңім де сол қатардан Абайға деген ілтипат пен құрметтің жырмен өрілген бір көрінісі. Бұл бәйге – Абай аруағына арналған жыр шашу деп қабылдаған жөн.Абайды жырлау – үлкен жауапкершілік. Бірақ ең маңыздысы оның рухына жақындауға ұмтылу. Абайдың өлең өлшемі мен адами биігі бүгінгі қалам иелері үшін асқақ , зор мәртебе. Абайдың тойы – ақындар үшін шабыт мерекесі. Баршаңызға құтты болсын!»,- деп атап өтті «Өлең – сөздің патшасы» мүшәйрасының бас жүлде иегері Ұмтыл Зарықхан.

Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған мәдени шаралар аясында «Абай рухы» атты халықаралық сән көрсетілімі болып өткенін айта кету керек. 

Семейде Абай туралы 80 монологтан тұратын моноопера сахналанды.

Семей қаласында ұлы ойшыл, ағартушы, ақын және композитор Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Толық адам. Ой толғау. Хакім Абай» атты моноопераның тұсаукесері өтті. Қойылым Абай атындағы театр сахнасында көрерменге ұсынылды.

Моноопераның авторы әрі орындаушысы — Қазақстанның халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Шахимардан Әбілов. Туынды Абайдың 11 өлеңі мен 80 шумақ монологынан құралған. Қойылымда ақынның рухани ізденісі, адамзатқа деген көзқарасы мен философиялық ой-толғамдары көркем жеткізілді.

Кеш барысында көрермен қауым «Көзімнің қарасы», «Сегіз аяқ», «Бойы бұлғаң» сынды Абай әндерін тыңдап тамсанды.

“Бұл моноопераны бұған дейін бірнеше қалада сахналадым. Алайда Абайдың туған топырағында, оның рухы мен ізі қалған Семейде өнер көрсету — мен үшін үлкен мәртебе әрі жауапкершілік. Осындай мүмкіндік үшін Абай облысының әкімі Берік Уәли мырзаға алғысымды білдіремін”, — деді қойылым авторы

Бөлісу