Семейде сән мен сахна тоғысты

Бөлісу

06.08.2025 981

Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған онкүндік аясында 5 тамыз күні Семей қаласында екі ауқымды мәдени іс-шара өтті. Бұл күн ұлттық рух пен заманауи өнердің тоғысқан сәтіне айналды.


Абай рухына арналған халықаралық сән көрсетілімі – мерейтойдың жарқын сәттерінің бірі болды. Шара қазақтың дәстүрлі киім үлгілерін қазіргі заман талабына сай жаңғыртуға бағытталды. Сән көрсетіліміне Қарағанды, Астана, Алматы және Өскемен қалаларынан келген жас дизайнерлер қатысты. Олар Абай мұрасын мата, ою-өрнек және жаңаша стиль арқылы бейнелеуге тырысты.

Көрсетілім «Абай – шабыт көзі», «Қазақи стиль – заманауи үлгіде», «Мұра – болашаққа жол» атты үш бөлімнен тұрды. Әр бөлімде ұлттық нақыштар мен заманауи сән элементтері үйлесім тапты. Қырғызстаннан келген дизайнерлер де жастарға арналған жаңа топтамаларын ұсынды.

«Қазіргі таңда жастар ұлттық киімге ерекше ықылас танытып келеді. Бұл тек сән үрдісі емес, ұрпақ санасындағы рухани серпіліс. «Абай рухы» жобасы – осы бетбұрыстың көрінісі», – деді жобаның ұйымдастырушысы Ботагөз Нұржанқызы.

Сол күні кешкісін Абай атындағы театрда Қазақстанның халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Шахимардан Әбіловтің «Толық адам. Ой толғау. Хакім Абай» атты монооперасы сахналанды.

Қойылым Абайдың 11 өлеңі мен 80 шумақтан тұратын монологтарынан құралған. Шығармада ақынның рухани ізденістері, адамзатқа деген көзқарасы, дүниетанымы мен терең философиялық толғамдары көркем сахналық тілмен өрілді.

Көрермендер кеш барысында «Көзімнің қарасы», «Сегіз аяқ», «Бойы бұлғаң» сияқты Абай әндерін тыңдап, терең әсер алды.

«Бұл моноопераны бұған дейін бірнеше қалада сахналадым. Алайда Абайдың туған топырағында, оның рухы мен ізі қалған Семейде өнер көрсету – мен үшін үлкен мәртебе әрі жауапкершілік. Осындай мүмкіндік үшін Абай облысының әкімі Берік Уәли мырзаға алғысымды білдіремін», – деді автор әрі орындаушы Шахимардан Әбілов.

Абайдың 180 жылдық мерейтойына арналған онкүндік – тек естелік емес, ұлттың рухани жаңғыруына бағытталған үлкен мәдени серпіліс. Бұл шаралар арқылы жастар бойына ұлттық болмысты сіңіру, Абай мұрасын жаңаша ұғындыру және өнер тілімен жеткізу сынды маңызды мақсаттар жүзеге асып жатыр. Семей төрінде өткен әрбір іс-шара – хакім Абайдың мұрасын ұлықтаудың, рухани бірлікті бекемдеудің тағы бір жарқын қадамы.

Суреттер ашық дереккөзден алынды

Бөлісу