Абайдың 180 жылдығы: Түркістан тартуы мен Семей ықыласы
Бөлісу
02.08.2025888
Абайдың 180 жылдығына арналған онкүндік мерейтойлық бағдарламаның бүгінгі күні Семей мен Түркістан өңірлерінің арасындағы рухани әрі әлеуметтік байланысқа толы мазмұнмен ерекшеленді. Онкүндіктің екінші күнінде Семейдегі «Арена» мәдени-спорттық кешенінің аумағында Түркістан облысының мәдени күндері басталды. Екі күнге жалғасатын бұл шара Түркістан жұртының Абай тойына арнаған тартуы ретінде ұйымдастырылды.
Мәдени күндердің алғашқы сәтінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің кең ауқымды жәрмеңкесі ашылды. Түркістаннан 540 тоннадан астам, 40-қа жуық өнім түрі жеткізіліп, семейліктерге ұсынылды. Оның ішінде 194 тонна картоп, 81 тонна көкөніс, 71 тонна жеміс-жидек, 167 тонна сүт өнімдері мен бал, шырын, шұжық, жұмыртқа сынды жергілікті қайта өңделген табиғи өнімдер бар. Әсіресе Мырзашөлдің қауыны мен Шардараның қарбызына сұраныс жоғары болды. Халық бұл жәрмеңкені жылы қабылдады. Қала тұрғыны Сағдат Сыздықбаева: «Қалада тұратын көп адамның саяжайы жоқ, өз өнімін өсірмейді. Мұндай жәрмеңкелер тұрғындарға аса қажет. Бағалар да қолжетімді, базардағыдан әлдеқайда арзан. Осындай шаралар жиі өтіп тұрса деген тілегім бар», – деп өз ризашылығын білдірді.
Жәрмеңкемен қатар қолөнер шеберлерінің көрмесі де өтті. Киізден, ағаштан, қыштан жасалған бұйымдар, тоқыма кілемдер мен зергерлік әшекейлер, түрлі кәдесыйлар жұрт назарына ұсынылып, Түркістан шеберлерінің өнерін паш етті. Сондай-ақ мәдени күндер аясында «Тұмар» этно-фольклорлық ансамблі, «Фараб» би тобы, «Сарын» тобы мен Шәмші Қалдаяқов атындағы филармония әншілері сахнаға шығып, көрерменге ерекше көңіл-күй сыйлады.
Мерекелік күннің маңызды бір бөлігі–Қазақстанның халық әртісі Майра Ильясованың «Айналдым елім» атты ән кеші болды. Абай атындағы театрда өткен концерт аншлагпен өтіп, семейліктердің сүйікті әншісіне деген ыстық ықыласын көрсетті. Кеш барысында Майра Ильясова: «Шаршап келген халыққа бір сағат болса да жақсы көңіл-күй сыйласақ екен деймін. Абай тойының мәні зор. Елге келіп қызмет ету – біз үшін үлкен мәртебе», – деді. Кеш еркін әрі көрерменмен етене байланыста өтті. Халықпен сырласқан әнші Абайға қатысты сұрақтар қойып, көрермен орындаған Абай әндеріне арнайы сыйлықтар тарту етті. «Айтумен шектелмей, Абайша ойлауға тырысайық. Халық аманаты болған мұраны әрқайсымыз түсініп, бойымызға сіңіріп, дәріптесек – мақсатымыз сол», – деді өнер иесі.
Кеште сондай-ақ Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бисара Макенова, «Жас Қанат – 2016» байқауының жеңімпазы Парасат Отан және халықаралық байқаулардың лауреаттары «Әдемі-ай» дуэті өнер көрсетті. «Айналдым елім» гастрольдік концерті 3-6 тамыз аралығында Үржар, Аягөз, Жарма, Жаңасемей аудандарында жалғасады.
Іс-шараға арнайы келген Абай облысының әкімі Берік Уәли жәрмеңке мен көрмені аралап, өнерпаздардың өнерін тамашалады. Аймақ басшысы: «Түркістан – түркі дүниесінің рухани астанасы. Семей – Алаштың алғашқы астанасы. Екі рухани өңірдің бауырластығы қуантады. Бұл шара Шығыс пен Оңтүстіктің арасын жалғаған алтын көпір болды», – деді. Облыс әкімінің айтуынша, жәрмеңке мен мәдени шаралар ел ішіндегі ынтымақтастықты, халықтың әлеуметтік қажеттіліктерін ескерудің нақты үлгісі.
Осылайша, Абай тойының бүгінгі күні өнер мен руханият, сауда мен береке, мәдениет пен бірлік үндескен ауқымды оқиға ретінде өтті. Семей мен Түркістан арасындағы ынтымақтастық қадамы халық жүрегіне жол тауып, ел ішінде бірлік пен берекенің нышанына айналды.
Суреттер облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен алынды